Жеңіс ҚАШҚЫНОВ. Темеш — Дәмеш

Жеңіс ҚАШҚЫНОВ. Темеш — Дәмеш

Қазақтың зиялы ұл-қыздары, ерлі-зайыпты Темірбек Жүргенов пен Дәмеш Ермековаға ескерткіш

Қазақтың зиялы ұл-қыздары,

ерлі-зайыпты Темірбек Жүргенов пен

Дәмеш Ермековаға ескерткіш

***

Дәмеш ана қазақтың зиялысы,

Мінезі майда, жұмсақ, ұяң кісі.

Бүгін неге денесі ауырлады,

Шарықтайды аспанда қиял құсы.

 

Бүгінгі күн сыздайды жүрегі де,

Риза өткен қиын бұл өмірге.

Риза ақиқаттың жеткеніне,

Оралды Темірбегі – тірегі де.

 

Темешім, Темкең, абзал Темірбегім,

Ақталып кеңіттің ғой көңіл көгін.

«Халық жауы» жары едім, тұқымы едім,

Үстімнен жүк түскендей жеңілдедім.

 

Өмірден қалсаңдағы ерте кетіп,

Салдырған суретің тұр көркем етіп.

Сен мені «Асыл жарым Дәмеш» десең,

Мен сені «Темеш» дедім еркелетіп.

 

Жарқырап аспанымда тұрса да күн,

Ішінде жүргендеймін күл, шаланың.

Өзіңдей ардақ жанды есіме алып,

Әзиза, Мәриямға мұң шағамын.

 

Мұң шағамын олар да қосылады,

Қос жанардан қос арна жосылады.

Сары уайым салдырмай жігер қосар,

Жау алмайды екен ғой досы барды.

 

Достарым көп өзімдей қайсар жандар.

Мейірім көл-көсір жайсаң жандар.

Оралғанда «Алжирден» құшақ жайып,

Ағайыны келгендей қарсы алғандар,

Қарсы алғандар, айғайлап жар салғандар.

 

Құр сүлдерім, тірі әруақ, кейпіндемін,

Алынады әйтеуір еркін демім.

Сен жоқ кезде көңілді үрей блиеп,

Тозақтың да көрдім ғой өртін небір.

 

 

Әзиза – Тұрар Рысқұловтың жұбайы.

Мәриям – Халық жазушы Мәриям Хакімжанова.

Біздің үйді жалыны өрт шарпығанда,

Май құйды отқа жауыздар тартынар ма.

Қарлығаштай су сепкен қанатымен,

Ризамын бауырмал халқыма да.

 

Қайғылы жыр, қайрайды жігерімді,

Жүзіқаралар үйіме күле кірді.

Кейінгі ұрпақ білсін деп ақ, қарасын,

Біздей бейбақ өмірді сүре білді.

 

***

Әлекем, Әлімханым, жан ағатай,

Шырылдап жетім ұалдым балапандай.

«Алаштың бір көсемі болып едің»,

Үстіңе жағылды ғой қара талай.

 

Бел шешіп орындауға ел тілегін,

Халқыңды самал болып желпіп едің.

Ленинге жолығып қазағымның,

Бүгінгі шекарасын белгіледің.

 

 

 

Әлімхан Ермеков  — тұңғыш қазақтың профессоры, Қазақстанның қазіргі шекарасын белгілеуге В.И. Лениннің арнайы қабылдауында болған. Дәмеш апайдың туған ағасы. Алаш партиясының белді өкілі.

Жікшілдігін  мәңгүрттер ұқтырды ғой,

«Халық жауын» құртуға тік тұрды ғой.

Махамбетті өлімге қиған қазақ,

Абайды да сойылға жықтырды ғой.

 

Есірген бұралқы итке талатты да,

Әлеке, жапты өзіңді абақтыға.

Ешкімде жанашырлық танытпады,

Кездегі түсінбеді қарап мұңға.

 

Өзіңді іздеп көңілім бос жоқтапты,

Сезіндім бірден ұрылған қос тоқпақты.

«Халық жауы қатынын» беттен алып,

«Халық жауы тұқымын» дос тоқтатты.

 

«Халық жауы» деген сөз жабысты да,

Танытпады жақын мен алысты да.

Ағайын мен туыстар жылыстаған,

Көрінбейтін сияқты алыс құда.

 

Мұндай жайға несіне таңданайын,

«Ұрпағы боп ағаның жалғанайын».

Деген мені қамады сегіз жылға,

Ғайып бола жаздады арман-айым.

 

Жасырмады жауыздар жек көргенін,

Бұлбұл ұшты көзімнен көктемдерім.

Қорлық, зорлық көрсетіп мазақ етті,

«Халық жауы осы ғой жеткен жерің».

 

Тірі көру Әлеке, арман еді,

Сенім ғана сүйреді алға мені.

Жалғыз ғана біз емес еңіреді,

Одағымның еркіндік алған елі.

 

Жапа шекті бұлбұл құс, арыстан да,

Сүйем жақын дейді ғой, қарыстан да.

Жұрт қуанды тозақтан аман келіп,

Ағасы мен қарындас табысқанда.

 

Еске алып Құдай барын, Құран барын,

Қайтадан жаңғырықты ұрандарың.

Қара дәуір кебінін көрге тығып,

Желтоқсанда шықты ғой ұландарың.

 

***

Шықты олар ақиқатты жалау етіп,

Жас жалын жүректерін алау етіп.

Ақ сүттей арын таза жоғары ұстап,

Еркін басып алаңнан барады өтіп.

 

Қандай жан, қандай қара жүрекпенен,

Шықты әскер алдан солдат күрекпенен.

Жастардың жоғалды да сенімдері,

Ақталмады үміт пенен тілек деген.

 

Қайсар қайрат қайтпады алған беттен,

Кешіп өтер қаймықпай жанғанда өрттен.

Өрім жастар соққыға жығылса да,

Кейбір қыршын «Аһ!» ұрды арманда өткен.

 

Ақ, қарасын кім аңдап байыптапты,

Тұңғиыққа сенімдей қайық батты.

Сонау жылы «Алашты» әшкере еткен,

«Ұлтшыл» деген, ұл-қызға айып тақты.

 

Осындай ма еркіндік орнағаны,

Ұлтшылдық па өз арын қолдағаны.

Жендет патша тағы да заманындай,

Қорлық көріп ұрпағың сорлағаны.

 

Сенім деген жастарда серік мықты,

Танытты ғой болаттай беріктікті.

«Ұлтшыл» деген жамау сөз өшіріліп,

Тек шындық, әділет жеңіп шықты.

Ұлды әке, қызды айырған анасынан,

Қорқамын жендет сұмның қарасынан.

Жаңа көктеп бүр жарған ұрпағымды,

Нәубет-нала сақтасын жаласынан.

 

Кезін көрсем шіркін-ай шыңға шыққан,

Тартсамда азап мен едім шын ғашық жан.

Айналайын елімнен ұйып тұрған,

Бір Құдайым сақтасын ұр да жықтан.

 

***

Өмірден қалсаңдағы ерте кетіп,

Салдырған суретің тұр көркем етіп.

Сен мені «Асыл жарым Дәмеш» десең,

Мен сені «Темеш» деп ем еркелетіп.

 

Қолын созып жете ала жұлдызға кім,

О сұм жалған бір бала туғызбадың.

Желтоқсанда соққыдан аман қалған,

Бүгін бәрі өзіңнің ұл-қыздарың.

 

Жан жараға шипагер табар да емін,

Үмітімнің жұлдызын жағар көгім.

Әлім келсе тастанды балалардың,

Бірнешеуін әже боп бағар да едім.

Арман құсы алдыңнан тап болатын,

Ары таза жандарға бақ қонатын.

Тағдырымды қу заман тәлкек етсін,

Өшірмедім ерімнің жаққан отын.

 

Шашу дәмге толтырып уыстарын,

Жанарлардан көрдім мен нүр құшқанын.

Сен ақталған күні ертең ақ отауға,

Келін етіп, кіргізді туыстарың.

 

Ризамын халқыма, ағайынға,

Жомарт жанға мен айып тағайын ба?

Сен ақталған сол күнгі қуаныштан,

Қорлығымның ұмыттым талайын да.

 

Қайта жанды үміт-от өшкенім де,

Көтерілді жадырап төске күн де.

Қара ниет құзғындар қараланып,

Әділеттей ілестім көшке бірге.

 

Шаттық келсе үн-түнсіз жата алмаған,

Ағайын көп, жандар жоқ қатал маған.

Туған күнің тойланды, мүшел тойың,

Көзің тірі кезіңде аталмаған.

 

Жас сәби құндақтаулы бесігінде,

Ержетіп ашар білім есігін де.

Өзің құрған өнердің ордасында,

Берілді Темеш сенің есімің де.

 

Кең сарайды бейнең тұр тым көрікті,

Көрген ұлан ерекше түрге еніпті.

Ақтап алып аяулы азаматын,

Ардақ тұтты Темірбек Жүргеновті.

 

Күн кешіп ем әжуа, мазақпенен,

Ұмытылды жан жара, азап деген.

Сан боздағын жарыққа алып шыққан,

Айналайын елімнен қазақ деген.

 

Заман жаңа ілесіп ағымына,

Күрсініп түспейінші тағы мұңға.

Кешегі «халық жауы» ұрпақтары,

Өркен жайды, болмайды тарылуға.

 

Өркен жайды, сермейді құлашын да,

Қайсарлығын еріксіз ұғасың да.

Адал еңбек, маңдай тер арқасында,

Бір асудан асады бір асуға.

 

Осылар ғой ел қамын ойлай білген,

Әр нәрсеге зер салып бойлай білген.

Сәл ұмытып зіл-зала зардаптарын,

Еңбегінің жемісін тойлай білген.

 

Құбылысын дәуірдің бағдарлаған,

Қайғы кешіп, қайғырар қалған заман.

Нұрлы күнді көзімен көрмей кеткен,

Арманы ғой ата-ана жалғанбаған.

 

Қоқан-лоқы қорлықты көрдік кеше,

Жан кеудеде, әлсіреп өлдік неше.

Ақталған «халық жауы» халықты ойлап,

Халқы үшін еңбек етті дем біткенше.

 

Соны бірі бауырым – Мүсілімім,

Бағалаймын ақылын, түсінігін.

Халық қамын әріден ойлай білген,

Тыңғылықты атқарған ісі мығым.

 

Парасатты, кішіпейіл жан болатын,

Алаулатты кеудеде жанған отын.

«Иманжүсіп» әніне слаған кезде,

Жұрт сүйсініп үніне таңданатын.

 

Ұйығандай өаны да жүректегі,

Денесі де бір сәтке дір еткені.

Орнынан көтерілер дәрмені жоқ,

Ауыр тартып барады сүйектері.

 

Оянып кеудедегі сезім нұрлы,

Үзгені тозған жүйке, — төзім қылды.

Шақырып жұмақтағы періштелер,

Дем бітіп Дәмеш ана көзін жұмды.

 

Көзін жұмды, бітті өмір баспалдағы,

Күн күркіреп, жарқ етті аспандағы.

Қозы менен Баяндай арманда өткен,

«Темеш-Дәмеш» деген жыр-дастан қалды.

 

Жыр ырғағын самал жел ала қашқан,

Бұл сейіліп жадырап барады аспан.

«Темеш-Дәмеш» ерлік ән, ақ махаббат,

Айтылады жаңа күй, жаңа дастан.

 

 

 

 

 

Мүсілім Ермеков – Дәмеш апайдың туған інісі. Ғылым докторы, ппрофессор, Қазақстан Ғылым академиясының мүше-корреспонденті.

ТАБЫНУ

 

Тұрсекеңдер шертетін,

Секен жайлы әңгіме.

Жұрт еріксіз елтетін,

Қалды есімде мәңгіге.

 

  • Мәскеу бардым қай жылы,

Іздеп Галя аруды.

Жазушы еді әйгілі,

Серебрякова кәдімгі.

 

Досы болған қазақтың,

Сәкеннің де досы еді.

Жолын кешіп азаптың,

Босанғаны осы еді.

 

Келгенімде үйіне,

Жайлап маған қараған.

Дімкәс тартақан күйі де,

Қабылдауға жараған.

 

  • Қазақпын де арнайы,

Келген қазақ елінен.

Мынау менің жағдайым,

Жұртқа қалай көрінем.

 

Сондықтан да үйдемін,

Сыртқа да аз шығамын.

Сәкеніңді білемін,

Кімсің өзі шырағым?

 

Бүкіл қазақ даласын,

Көшіріп сен келгендей.

Болдым Сәкен данасын,

Бүгін қайта көргендей.

 

Қазақтың кең даласын,

Араладым жиырма жыл.

Түрмеде жан жарасын,

Ушықтырып қиналдым.

 

Кескін, көркің келеді,

Аумайсың ғой Сәкеннен.

Әңгімеңді өр енді,

Нең бар айтар, әкелген.

 

  • Сәкен жайлы тың дерек,

Жинап жүрген ғалыммын.

Сіз айтатын сыр бөлек,

Тыңдауға мен дайынмын.

 

  • А, солай ма, ендеше,

Тыңда Сәкен інісі.

Түрмеде адам өлмесе,

Алға басар бір ісі.

 

Қанша уақыт батпандай,

Ауырлықты көтердім.

Сырды кетсем ақтармай,

Өкінішпен өтермін.

 

***

  • Мәскеуде өтті қазақтың,

Онкүндігі – жыр-әні.

Күләш – бұлбұл ғажап үн,

Құлағымда тұр әлі.

 

Көрген соң «Қыз Жібекті»,

Сәкенді үйге шақырдым.

Қабыл алып тілекті,

  • Барам, — деді ақырын.

 

Сәбит бірге қасында,

Келді үйге нұр шашып.

Жас баланың басындай,

Алмасы бар бір жәшік.

 

Көрген кезде алманы,

Көршілер бас шайқады.

Таң-тамаша қалғаны,

Жылы лебіз айтады.

 

Қалжыңдайды тағы да,

Құрбыс-құрдас жақыным.

  • Сепкенсің бе бағыңа,

Француздың әтірін!

 

Саяжайда Сәкенмен,

Алғаш, соңғы таныстық.

Көрмеді ол да бөтен мен,

Кетерде қол алыстық…

 

Тұла бойы нұр, жалын,

Толықтырған бір-бірін.

Кетер кезде сыйладым,

Қобдишасын үндінің.

 

Көрдім алғаш асылды,

Соңғы және көргенім.

Кейінгі кез басылды,

Су сепкендей өр көңіл.

 

Қалды бір сәт түйіліп,

Бұлт басқандай кеудені.

Күші бойға жиылып,

Сонсоң қатқыл сөйледі:

 

  • Құдая, тәубе, жалбарын,

Сену керек Тәңірге!

Түнек болса жан-жағың,

Тәрк етесің бәрін де.

 

Мен Сәкенді жиырма жыл,

Қарғауменен келдім тек.

Кеттім қаңғып қиыр бір,

Жан азабын көрдім көп.

 

Бұған Сәкен кінәлі,

Кездескен күн қаралы.

Маған артып кінәні,

Үйіп-төккен жаланы.

 

  • Сәкен қандай жақының? –

Тергеушілер төнеді.

  • Шпионы Жапонның,

Сәкен тыңшы адамы.

 

Алдауратып өзіңді,

Түсірген ол торына.

Айт, ақиқат сөзіңді,

Жаз, қалам ап қолыңа!

 

Өкінішпен өтерсің,

Айтпасаң бар сырыңды.

Сен тыңшысы екенсің,

Жапондардың бұрынғы.

 

Ақиқатты осылай,

Сәкен жазып қалдырған.

Қалсаң бұған қосылмай,

Түрме шығар алдыңнан!

 

  • Мен ештеңе білмеймін,

Шпион да болмадым! –

Сәкенді іштей тілдеймін,

Түсірген сол торға бұл.

 

  • Таса ғой жұрт көзінен,

Саяжайда сырластың.

Кездескенің өзімен,

Бұл ұамы емес бір бастың! –

 

Дейді маған тесіле,

Тергеуші жан алатын.

Сәкенді сап есіме,

Жаласы әзір жабатын.

 

Туыс санап өзіңді,

Аяр сені жан қайда!

Тауыстым да төзімді,

Кете бардым айдауда.

 

Жиырма жылым қаралы,

Сәкенді мен қарғадым.

Жарымжанмын жаралы,

Тұмшаланды арманым!

 

Содан, содан бір күні,

Сяасатта жел тұрды.

Қаралы күн түндігі,

Сәл ашылып желпінді.

 

Жаздым хатта бүкпестен,

Өзіммен не болғанын.

Шығармастан түкте естен,

Жоғарыға жолдадым.

 

Жиырма жыл қаңғырдым,

Жала тырнақ батырды.

Содан мені Жамбылдың,

Обкомына шақырды.

 

Әлі есімде хатшысы,

Шолақ Артығалиев.

Көрмей мені жат кісі,

  • Жолдас, — деп сәл жымиып.

 

  • Тұтқыны боп даланың,

Жаны ауырған жаладан.

Серебрякова Галяның,

Келесі іс қаралар. –

 

Деді жылы сезіммен,

Таныс жандай өзіммен.

Жас ытқыды көзімнен,

«Жолдас» деген сөзінен.

 

  • Сәкен куә болды деп,

Айыптаған Галяны.

Дүрліктірмей елді көп,

Ақиқатты жаямын.

 

«Жұмыларда жанарым,

Қайталаймын тағы да.

Мен жазушы Галяның,

Дақ салмаймын арына!»

 

Деген сөзі Сәкеннің,

Ескерілмей қалыпты.

Құжат бірге әкелдім,

Сендіруге халықты.

 

Теңселіп сең соққандай,

Есеңгіреп қалыппын.

Жатыр бір сәт тоқталмай,

Құттықтауы халықтың.

 

Бұл қолынан келеді,

Батыр өжет адамның.

Сәкен ағаң өр еді,

Қыраны ғой даланың!

 

Осыны айтып тоқтады,

Жанарынан нұр ұшты.

Оқиғаны соттағы,

Дәл айтуға тырысты.

 

Қалды шаршап, ентігіп,

Сәл тыныстап алғаны.

Содан кейін желпініп,

Әңгімені жалғады.

 

***

  • Сот деген бұл қылкөпір,

Аман өту қиын-ақ.

Біздер оған жын-топыр,

Басыңды алар қиып ап.

 

Соңғы сөз сот алдында,

Тазаруы арыңның.

Ақталмайсың, ал мұнла,

Күйер жері жаныңның.

 

Лапылдаған отына,

Қақталасың тозақтың.

Соңғы сөзін сотында,

Сәкені айтты қазақтың.

 

«Таусылып тұр амалым,

Жұртты неге алдаймын.

Орыс қызы Галяның,

Арына дақ салмаймын.

 

Ол жазушы нәзік жан,

Жапа шекті қанша жыл.

Шығармасын жазылған,

Білгені жөн баршаның.

 

Илеп құжат жасанды,

Қол қойғызды зорлықпен.

Қапаланам қашанғы,

Өлген артық ерлікпен.

 

Галяға жан жетер ме,

Ол – шуақты арай күн.

Бұл дүниеден өтерде,

Адалдықты қалаймын.

 

Жұмыларда жанарым,

Қайталаймын тағы да.

Сен жазушы Галяның,

Дақ салмаймын арына!»

 

Айттым қанша лағынет,

Қанша төктім көз жасын.

Кешіре гөр жамағат,

Жаның неге тозбасын!

 

Тозды жаным, қиналам,

Жүйке де тым жұқарды.

Қазынамды жинаған,

Қызыл-жауыз жұт алды.

 

Бірақ бәрін жоймады,

Жаны таза ақталды.

Түртпектеуін қоймады,

Халық жауы – жат жанды.

 

Ей, інісі Сәкеннің,

Жүрегіңе жазып ал.

Мен бір қызы жат елдің,

Бұл сыр таппас қазынаң.

 

Жат дейтінім біздерді,

Біріктірді сөзбенен.

Жойып өткен іздерді,

Жетті арманға көздеген.

 

Революция жолында,

Қыршын кетті қанша адам.

Азаттық ап қолына,

Сәкенің де шаршаған.

 

Жазсам Маркс жайлы мен,

Сәкен қызыл сұңқарды.

Өмір өтті қайғымен,

Тек қаралы ән шырқалды.

 

Қайтсем өмір сүремін,

Тұрды естіліп қаралы үн.

Мұқалмады жігерім,

Көрдім тағдыр таланын.

 

Қайта өмірге әкелдің,

Қанша ғұмыр жетер күн.

Рухына Сәкеннің,

Табынумен өтермін.

 

***

Басыңды идің құдайдай,

Қызылдарға дақ салмай.

Болды бәрі құр айқай,

Қалды сенім ақталмай.

 

Шектің жапа азапты,

Жарық күнің тұтылды.

Көрдің қорлық, мазақты,

Қуғыннан кім құтылды?

 

Құтылсаң да жол тауып,

Вагонынан азаптың.

Қызыл жасап қорқаулық,

Қамады ұлын қазақтың.

 

Қамап қана қоймады,

Қиды өлімге ақырын.

Ал, сенімін жоймады,

Революция батыры!

 

Ақталды сол сенімі,

Тәуелсіз ел шат қандай!

Сәкенімдей өр ұлы,

Бірге келе жатқандай!

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

3 Пікір

  • Lian Holden
    Январь 8, 2015, 9:39 дп

    Donec ipsum diam, pretium maecenas mollis dapibus risus. Nullam tindun pulvinar at interdum eget, suscipit eget felis. Pellentesque est faucibus tincidunt risus id interdum primis orci cubilla gravida.

    REPLY
    • Debora Hilton@Lian Holden
      Январь 8, 2015, 9:40 дп

      Maecenas dolor, sot donec ipsum diam, pretium gravida nulla maecenas mollis dapibus risus. Nullam tindun pulvinar at interdum eget, suscipit eget felis. Pellentesque est faucibus tincidunt.cubilla gravida.

      REPLY
  • Anna Shubina
    Январь 8, 2015, 9:40 дп

    Donec ipsum diam, pretium maecenas mollis dapibus risus. Nullam tindun pulvinar at interdum eget, suscipit eget felis. Pellentesque est faucibus tincidunt risus id interdum primis orci cubilla gravida.

    REPLY

Сонғы жазбалар

Мультимедиа