Нұрдәулет Қабасов. «Тәнім еркін, Жаным әлі қапаста…»

Нұрдәулет Қабасов. «Тәнім еркін, Жаным әлі қапаста…»

Нұрдәулет Қабасов Ақтөбе қаласының тумасы. 1999 жылы 24 желтоқсанда дүниеге келген. Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 4-ші курс студенті. 9 сәуірде Ақтөбе қаласында Нұрдәулеттің «Жас жүрек жайып саусағын..,» атты поэзиялық кеші өтеді. Жас ақынға сәттілік тілейміз!

***
Менің тәнім құжыраның құймасы,
Тәңірімнің рухы бар ішінде.
Менің тәнім лағынеттің сыйласы,
Айналғанмын мүсінге.

Айналғанмын табыттар мен тастарға,
Менің тәнім сағанасы сүлдемнің.
Құдіретін таңып қойған аспанға,
Құдайымнан имендім.

Сүмбіл сәуле сыпырылып лыпамнан,
Менің тәнім нұр жамылған пейіште,
Менің анам жұмақ аңқып жұпардан,
Мені емізген иіскеп.

Өз жанынан жүрегімді тірілтіп,
Менің тәнім топыраққа иленген.
Менің атам қабырғасын суытып,
Хауасына үйленген.

Тәнім еркін,
Жаным әлі қапаста,
О, тәңірім салдақылық етпедім.
Тәубемді де қабыл алып о,баста…
Сайтанға да кет дедің.

Құл басымды құлқыныма билетіп,
Ібіліске әлі-де айып тақпадым.
Исрафил сыбызғысын сүйретіп,
Айса түсіп жатқаны…!
О, тәңірім менің жансыз тәнімді,
Сайтандарға сатпағын.

Кешір мені, кең әлемнің патшасы,
Күнәм үшін жылармын.
Үгітілген асқақ-асқақ таулардың,
соңғы ақыны шығармын.

***
Кейде…
ұшып бара жатқан құстың жүрегінің дүрсілін сезем,
Сезем!
Сезгенімді айталам ба?
Бір адам түсініп, не шешеді
Мың адам байқағанда…
Әлде мына жүректі,
Өз жаратқанына қайтарам ба?!

Кейде…
Бөкеннің мөлдір көзіндегі мұңды көрем,
Көрем!
Көргесін де мұңданамын.
Тұлдыр етім дүрсілдеп құндақ арым.
Білмеймін не көрсетпекші бұл ғаламым,
Білмеймін не дәлелдемекші бұл қаламым.

Кейде…
Алыстағы арланның ащы өзегіндегі айқайды естимін.
Естимін де тұншығамын,
Бұлай тексіз демікпес құрсын әлім.
Маған да өңеш біткен өмір болса,
Ұлы қырыңа бір шығармын.

Кейде, кейде…
Мына әлемнің барлық қиындысы жайлы ойланамын.
Ойлаймын да намыстанам,
Пенделерді қолына шам ұстаған,
Пейілді бірең-сараң ар ұштаған.
Көлеңкесі қысқарған құжырадай,
сосын өз-өзімнен қалыс қалам.

Кейде…
Барлық сұлулықты көрем
Барлық сұлулықты сезем,
Сондықтанда…
Ақындардың жүрегін сүю керек сұлулар,
Сұлулақта суымайтын жылу бар,
Ақындардың ақыретін ұғыңдар.

***
Көрініп Қараң төбе,
Аппақ шыңым,
Құдайын құдіреттің сатпақшы кім.
Мен барлық дүниенің терезесін,
Өзімнің көлеңкеммен жаппақшымын.

Сен мейлі
Сенбе қалқам,
Езіліп көнге жасым, шерге малтам.
Дауылда дамыл іздеп қалғып кеттім,
Тершіп жер, терледі арқам.

Білмессің бұл ғаріптің туыспауын,
Дүние тар болған соң қуыстаумын.
Бұлт ішінде бұйығып сәби отыр,
мен ғой-ол…
Тыңдашы аспан тыныстауын.

Ғайыпты білгісі кеп ғарасат жұрт,
сұрайды құдайыңды аласарт деп.
Тәңір-ау жүрегімді жұлып берем,
Мынау жалғыз мендегі парасат деп.

Қайтейін көзім көрік,
Бөзім бөрік,
Алсам ғой жұмақта бір көз ілдіріп.
Ей, жалғанның жаутерек жалқы үміті,
Көлеңкеме сүйкенші өзің келіп.
***
Алтын шашты ару келген сияқты,
Алтын шашын әлі өрмеген сияқты.
Жапырақтар желігеді мұншалық,
Ару қызға көрмеп едім мұң шағып.

Көрмеп едім ынтықтықтың ызғарын,
Көрмеп едім көңілімде мұз барын.
Бәлкім көктем,-жасанғаны сұлудың,
Ал сары күз, есейткені қыз бағын.

Ғашықтықтың ең керемет үлгісін,
Бұл табиғат жасап жатыр бір мүсін.
Бойжеткенге менде үздігіп отырмын,
Бәлкім ішкі қылмысым.

Иініне күн мұнарлап көп белдің,
Бізді естияр қыларма екен өткен күн.
Солып жатқан қара күздің суығы,
Ал сары күз – бойжеткені көктемнің.

***
Үміт қой ол солай күтіп үйренген,
Құмырсқа бел құтыларма күйбеңнен.
Толағайлап тас басқаның тағдырлап,
Неме керек тауды-тауға үйгеннен.
Сүйіп барсам сүйінішім боларсың,
Кең дүние күй берген.

жар дүние жатар болса
Тұнар талай түбінен тостағаны.
Жаным-ау саған жетіп апармаса,
Керегі не жолдардың қос табаны.
Сиясынан сапырып төгіп берген,
Керегі не ақынның қос қаламы.

Пәруана көбелек пәруана,
Кімге керек ұшып-қонған мекерлік.
Аруана-дүние аруана,
Енді сенің боздағаның бекерлік.
Менің барлық өмірімнің жырына,
Бір қаламның ғұмыры да жетерлік.

***
Құйын алып кетерме едің тәнімді,
Топырақ боп кезер едім жел үрген.
желпіп Өтіп сенің қолсыз жеңіңнен,
Елтіп өтіп сенің өңсіз ерніңнен.
Мен жұбаныш табар едім деміңнен.
Әттең, әттең құйын жаным жел үрген,
Сенде шыққан, менде шыққан жерімнен,
Сенде құйын, менде құйын жеңілген.

Құйын алып кетерме едің тәнімді,
Уысыңа төгілер ем құм болып,
Саған қарай жасар едім кіл жорық.
Дауыл болып таусылар ма дүние,
Өмір сүрем кім болып.

Бірін-бірі сүйіп құшып ұнатқан
Қуылмаған хор қыз іздеп жұмақтан,
Мен ақымақ…
Осыған да құмартқан.

***
Қараңдаған қанаттылар ауада,
Қоналмай жүр қоналқысын қалқалап.
Желдеттің ғой, желсіз бе едің замана,
Жел сыздаған жар қабақ.

Маңып жатты ақша бұлттар ауада,
Ағыта алмай арса-арса бауырын.
Желдеттің ғой желсіз бе едің замана,
Жел сыздаған дауылың.

Өріс талдың өңменінен құлаған,
Ауа сызып бара жатты жапырақ.
Мүйізінен мүкіс көрген бір адам,
Ауа сүзіп бара жатыр ақымақ!

Аш өкпеге ақырғы рет тығылған,
Ащы ғой сол өксігіңнің ауасы.
Бөз жамылған бүтінбе еді құбылаң,
Бүтін кеткен бес күніңнің дауасы.

Аңыздарға ақыр болмас дүние,
Табытты да тас мүсіндер күзеткен.
Саған да жар, маған да жар бір ие,
Тағдырларды түзеткен.

Ақылымды ақ сәлдеге ораған,
Ықылымның заманы.
Сен де жұтқан мен де жұтқан ауаны,
Жерлей алсаң жерлеп көрші даланы.
пұшпағына батарма еді бұғанам,
Ауа сызып жазу жазды бір адам,
Сол ауаны соғып кетті самалы.
Ауа сызып жазу жазды бір адам,
Сол ауаны жұтып қойды қаламы.

***
Қырсау мініп, қыр айдаған,
Бір сәл күліп, жылайды адам.
Құдай жалғыз, құрақ кеудем,
Сөгілмес деп сұрайды адам.
Шыдайды адам.
Жүдеу жота, жабы қарын,
Тамыр үміт, қаным ағын.
Жолы борап жүргізбейді,
Аязы аяр, қары қалың.
Қары қалың, қыр өлкенің,
Сені де аспан, жүдетер мұң.
Шеше үйіңе оралармын,
Жайғанда жер, гүл етегін.
Гүл орамал байлап, таңып,
Топырағыңнан қайраттанып.
Жыр оқимын жаныңда ана,
Таңдайымды қаймақ қарып.
Өңі кіріп, емен бүрдің,
Шеше сенсіз шемен жүрмін.
Жайлауыңа жаға бүркеп,
Қысыр көктем, келем бір күн.
Қысыр көктем бүр атады,
Құламаған құба талы.
Өгейсітіп өткен өмір,
Шеше болып, жұбатады.
Шеше болып, ұнатады.

Түркістанға жеттің бе баба?!
Мысалы топырақ ғашықтың,
Түркістанға жеттің бе баба?!
Дегдарлығыңа асықпын.

Түркістанға келдің бе баба?!
Мөлтек ғаламды жас қылып.
Түркістанға келдің бе баба?!
Бауырыңды тасқа ұрып.

Жеттің бе баба туған жеріңе?!
Киерің жұтап, әл кеміп,
Түркістанға жеттің бе баба?!
Өлместен бұрын жан беріп.

Шаһарға қайта келдің бе баба?!
Кездің ғой ғапыл, ғарыпты.
Шаһарға қайта келдің бе баба?!
Шаһарда сендей қамықты.

Мұстафаға аза тұттың ба?!
Мұсылмандардың тірегі,
Мұстафаға аза тұттың ба?!
Азалылардың жүрегі.

Қалдың бе баба мекенде туған?!
Бұ дүниеде ғазал көп,
Қалдың ба баба мекенде туған?!
Түркістаныңды мазар боп.

Әбу Ханифа: Алла тағала қаламға: «Жаз!» — деп әмір етті… (әл-Уәсия, 10-Ереже)

Ләухул Махфуз

Суырылып сауыты,
Қуырылып өзегі,
Мың жылға қалам кідірді.
Иығы таудың селкілдеп,
Иіні жердің сөгілді.

«жаз»-деді жаппар иесі,
Қаламның ғиззат тілінде,
Мінезім менің шадияр,
Мерезім менің хазірет
Жанымды аларсың түбінде.

«жаз»-дедеі жаппар иесі,
Жазарсың қалам жазарсың,
Жазғанға сертің өтпеген.
Айсаның қаны кеппеген,
Аюптың зарын шекпегем.

«жаз»-деді хақтың үкімі,
Менен бір түсер мейірім.
Құдайы Нұхтың бір еді,
Дәуіттің жыры шын еді…
Сүлеймен тағын тасыған,
Нәсілі оттан жын еді!

Аршының Әзиз патшасы!
Мұстафаға нұр берді,
Мұсылманға ұл берді.
Төленер әлі көп айып.

Желкелеп қалам жазарсың,
Көп ішінде бір жалғыз,
Жетімдігіңді қазарсың.
Сарқылып сенде бітерсің,
Сарқылып өмір өтерсің.

«лаухулға» солай жазылып жатты,
Ғаламның тағдыр тақтасы,
Ғұмырын қалам тамызып жатты.
Құдайыңды ақын

***
Шахарларым.
Ғұмыр емен бойлаған етегіңнен.
Айрылып жетегімнен,
Бал татып шекерімнен.
Ғанибет қой сені аңсам жете білген.

Шахарларым!
Бес хамса
Жеті хафиз.
Шанағын сыңси өріп жетігеннің.
Көліңнен көлбей ұшқан көп шағала,
Шаттығыңды шалқалап жетіп едім.
Хамса өлең,
Хамса тағдыр.
Сенде Хафиз болсам деп бекіп едім.

Шахарларым!
Мұнартқан мұнараңның,
Тас керең тастақ шерін ұға аламын.
Менде бір ғасыр берген ғұламаңмын.
Шетінде құламаның,
Сенің көріп самсаған жарығыңды,
Барлық шерлі түніңді құп аламын.
барлық шерлі күйіңді шығарамын.

Шахарларым!
Рухыңның айналып шамдарына,
Сұлулықта сұрықсыз таңдануға.
жандар жүр
Жортып келген жан бағуға.
Сендегі сақилығың,
Шарап құяр жетеді алдануға.
Шахарларым сендегі тастақ жолды,
Таңым алып кеземін балдағыма.

Шахарым!
Шу көшеңде менің да дауысым бар,
Ғашықтар қауышыңдар.
Тағдырлар табысыңдар.
Шахарым хамса шертіп саған келдім,
Ақындар ауысыңдар,
Хафизбен танысыңдар.
( сенде менің жоғалған танысым бар)

***
Тосады алдан көпір мың,
Ғаламның берші ғазалын.
Түнеріп келген нөпірмін,
Түн қатып өлең жазамын.

Күн еңкейеді көгімде,
Қасіретін бер тоқиын.
Өкінішін бер, өмірге,
Өшігіп өлең оқиын.

Жасымды төгіп жылайын,
Көздерін берші бөкеннің.
Тағдырын берші күн, айдың,
Талықсып таң боп жетермін.

Əлде бір жанға асықпын,
Сезімін берші ұрлайын.
Сағынышын бер ғашықтың,
Сарыла күтіп жырлайын.

Денемді жалын шарпыдың,
Салайын жырға тақымды.
Арғымақтың бер алқымын,
Алайын кеткен ақымды.

Таңымды берші жиі атқан,
Көңілімде күлдір күй атқан.
көзсіздер, көзін боятқан.
Көздерім мені әлдилеп,
Көздерім мені оятқан.
Көздер ғой көздер ұялтқан.

***
Менен озып кетсе дағы жүз ғасыр
Менен қалып қойса дағы мың ғасыр.
Заманды ойлап зарықпашы мұңдасым
Көтерерің бір басың,
Көтерерім бір басым
Бір басыма жетер бәлкім бір ғасыр.

Бір басыма бір мәрмәрі қойылған,
Бір ғасырда суып кетер қойнымнан.
Бәрі шығар ойыңнан,
Бәрі шығар ойыннан.
Бәрі тарар тойыңнан.
Бір басыңның аспай кеткен бойынан,
Бір ғасырға жетер солда тойынған.

бір адамдық келіп-кетер несібем,
Бір басыма неге сонша өшігем.
Бір тал шықса жердің гүлзәр төсінен,
Бір гүлімді менде әлпештеп өсірем.
бір үйімді менде қырға көшірем
Бір тағдырым бұра кетпес көшінен.

Бір басыма бір үмітте бұғалық,
Бұл ғасырға келе алмаспын оралып.
Бұл басымнан кетем менде жоғалып,
Бұл шөлмекке тұнар талай сор ағып.
Бір басыма бір ғасырда құба-құп.

бір басымның менде жазам өткенін
Балы ішіліп уы тарар өкпенің,
Бұл басымның бір ғасырлық шекпенін
Бит арқалар о, жасампаз көктемім.
Бұл басыма опынарым көп менің,
Бір басыма бір ғасырым көппедің.

Бір басымның бебеулеген бесігі,
Бір басмының күліп кірген есігі.

Бір басым ба, бір ғасырға симаған,
Бір сұлуға менде бір ән силағам.
Осы мені не құдірет қинаған,
Бір құдірет, бір құдірет бар іште.
Бір ғасырым менің көк ми би бір басым,
Сол құдірет құлшыныстан қиналам.

Бір ғасырым, менің көк ми бір басым,
Заманды ойлап зарықпашы мұңдасым.
Бір құдірет, бір құдірет бар іште
Бұл басымның бұл ғасырын бұлдаса,
Сол құдірет бұлдасын.

Хауадасайсың,
Бірақ менің дертімді таба-алмайсың.
Ренделердің пейішін аралама,
Арандайсың.

Көктемдейсің,
Сабағыңның ішінде көп гүлдейсің.
Жарып шыққын жап-жасыл әлеміңе,
Кейде өкпелесің.

Ғазалдайсың,
Ғазалымды жаным-ау жазалмайсың.
Тағдыр деген тәуюешіл жүрегім ғой,
Болмаса тазармайсың.

Пешенемсің,
Кешер болса пір пендең кеше берсін.

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа