Арайлым Әділханқызы. «Ол қазір…жұмақта…»

Арайлым Әділханқызы. «Ол қазір…жұмақта…»

Әдетте көркем шығарма үшін ең зор, ең қатал сыншы уақыт пен халық деген сөз бар. Жазылған кезінде әр алуан себептермен мақталып, кейін еш белгі -бедер қалдырмай, із-түссіз жоғалатын шығармалар да аз емес. Замандасымыз Арайлымның жаңа жырларын оқи отырып тың ізденістерге барғанын байқадым. Алдағы уақытта естіген жылы пікірлермен шектеліп қалмай, өз жүрегінің үнін тыңдап, өрісті де келісті әдеби жолға түссін деген тілек бар. Лайым, солай болсын!

Олжас Қасым

ғасырдан да ұзақ түн
азаптан да ғажап мұң
сүю деген сертімнен
азатпын… (c)

Ілбіген түнмен іңірден келген үзік хат,
жылжыған оймен жоғалған
үркіген сезім үмітсіз желмен үзіліп
жүрегіңе кеп қонар ма?

қою қарашық тамшысын мөлдір жұтынып,
құтылып ессіз ерліктен кебу ерін де.
сүреңсіз сурет ішінен ылғи біздердей
көздерді көрем үңілген.

ұмыт болғанда жоғалып сезім дәйексіз
ұмтылған тән де тірлікке қарғыс жолдаған.
алаң көңілді алдаумен арбап әлекпіз
біздерден бұрын тоналған.

серттестік-дағы айналып пенде дерттіге,
сүртуге бейім болмадық көзден жасты аса.
сезім дегенді ұғынған едік сүю деп —
сүю дегенді түсінген жоқпыз басқаша.

жұтуға құмар жұм-жұмыр жүрек те тылсым
(екеуміз үшін сезімнің өзі жат белгі)
көлеңке кезіп есіңе кейде ап тұршы
сүюге тұрмас сертіме куә сәттерді…

***

себепкер түн сыйлайтын сергелдең
сөзбенен суреттеп көңілді
мен саған
сен маған жүрміз бе
үйретіп мына ессіз өмірді?!
қала. түн. жоғалған мезеттер
ериді қар сынды кеудеде
сол түні жоғалған
сезімге
батылың
жетпейді кел деуге.
сүйсініп тірлікке «бейкүнә»
сурет қып саламын сұлбасын
сені аспан
сыйғызды түніме
жұп-жұмыр жүрекке сыйғасын.
нүктелі ой кешіп түн ұзақ
тірімін себебі жаста мұң
сені емес,
мен, сірә, абайсыз
өзімді жек көре бастадым.
әлдебір аулақтан естіліп бір дауыс
сыңсиды сол ескі сарынша
біз, бәлкім,
жоғалып кетер ек
тәніміз Тәңірге бағынса?!
қара түн — құмарың,
жыласа қарашық жыласын.
тастап-ап төменге
барлығын,
көтердік
әлемнің күнәсін…
ұмытып тозақтың елесін
жоғалып ып-ыстық құшақта
мені егер
іздесе қара түн
айтарсың:
«ол қазір…жұмақта…»

***

жоғалтып алмайыншы деп жолдарға үңілдім,
қураған жапырақтар легімен көшкен әлдебір
ойларым: тым әлсіз, тым баяу.
түңілген төңіректің тереңінде тербелген
әлдебір сезімдер ғана шынайы, тек
олар да өледі…

үмітпен үгітілген жүрегімнің қай бұрышына қонақтаймын
жылағым келмейді, себебі жұбатпайсың
бірақ, құлатпау үшін төменге тастаған,
төменде қалдырған өзімді күтіп ал
тек ол өліп қалмаса…

алдамшы ойларға алданып қала беретін
сезімімді аярсың
салқын сәттерде жылыта алмаған жүзімді терезеден бақыла да,
өзге жан есігіңді қағып, көздеріңе үңілген сәтте,
ақырын ғана пердені жауып
сосын мені ұмыта бер.
оған дейін өлтіре көрме

***

Қара түннің көлеңкесін жұтынып,
Тұман басқан көшесімен келемін.
Кеуде тұсқа көмкерілген мың күдік
… мың үмітке тағы солай еремін.

Тап-тар жолдың тайғанақтап төсіне,
Түймедей сыр төгіледі тентіреп.
Кәрі таудан шыққан тыныс күрсіне
…бара жатыр таныс ойлар сетінеп.

Ең қажетсіз тыныштықты тырмалай,
Үңілемін үнсіздіктің ішіне.
Жанарымның тамшысымен қараймын
…ең аяусыз сәттеріме сүйсіне.

Тұрағым жоқ, белгісіздік — шеңберім,
Қап-қара түн — қарашығым мәңгілік.
Жоғаламын, сосын ессіз ойлармен
… қайта оралып келермін-ау қаңғырып.

***

мен білсем түтінге толы оның өкпесі
өткенін еске алу үшін бе?!
ең ауыр азапты кешеді түнімен
сосын сол азапты ұмыту үшін де.

жанары жатсынып жарықты сезеді
безінген ол емес Тәңірден
тәніне түсірген секемшіл тірліктің іздері
шайылып кетеді жаңбырдың жасымен.

терезе әйнегін сығалап түн сайын
іздейді әлдебір сұмдықты
алдайды бірақ-та өзін де кешіріп
көрмеуге талпынып шындықты.

мен білсем ол кешкен азап та аз әлі
өз-өзін байлайды жүгіне
ол қазір өлең де жазады
сосын сол өлеңді өртейді түнімен…

оның да жүрегі үміттен ада емес
жарасы жазылар, өшеді қаяу, мұң
мен жайлы ол не сезсе бәрібір
мен оның өмірді сүргенін қалаймын!

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа