Жолыңа қидым — өндір көктемім, үмітім болса тарыдай…

Жолыңа қидым — өндір көктемім, үмітім болса тарыдай…

Қазан соңы… Алтай жақ ақ көрпесін жамылғанда Уақыт таппай бір мезет дамылдарға Таудың төсін сызғылап бір топ бала, Із сала бастаушы едік қалың қарға Дүниенің беймәлім мұңы бізге Шаттық нұры ойнайтын жүзімізде Шанамызды сүйретіп, қар омбылап Таңсәріден кетуші ек қызық іздеп Аңсарым ең, алғаусыз бала күннен Сарсаң ойдан ада кез сана мүлдем Өн бойыңнан пейіштің

Қазан соңы…
Алтай жақ ақ көрпесін жамылғанда
Уақыт таппай бір мезет дамылдарға
Таудың төсін сызғылап бір топ бала,
Із сала бастаушы едік қалың қарға

Дүниенің беймәлім мұңы бізге
Шаттық нұры ойнайтын жүзімізде
Шанамызды сүйретіп, қар омбылап
Таңсәріден кетуші ек қызық іздеп

Аңсарым ең, алғаусыз бала күннен
Сарсаң ойдан ада кез сана мүлдем
Өн бойыңнан пейіштің исі аңқыған
Періштедей қыз едің шана мінген

Мен бұзықтау ұл болып, сен ерке қыз
Талай-талай бақытқа бөленгеміз
Ойлап тұрсам періштем, сол кезден-ақ
Құлдилауға құмар ек төменге біз

Кездер сонау, кеудеңде сыр бүгулі
Сезім шіркін етпеді кімді мұңлы
Жанымды елжіретіп, көрген сайын
Көтере алмай тұрушы ең кірпігіңді

Батылым жетпей менің қарауға тік
Қалың қарға алғанмын сан аунатып
Сырттай мұздап, қалтырап, жаурасақ та
Іштей жанып, өртеніп, алауладық

Қазан соңы…
Көңілім қыстығады
Естелікке қаншама іш тұнады
Сол кездегі сен атқан суық қардың
Денемнен кеткен емес ыстығы әлі

Көшінде өтіп өмірім күн-керуеннің
Алдыңа кеп қанша рет күрмелгенмін
«Жақсы көрем» — деп тағы айта алмадым
Сүйемін деу, сөзі еді үлкендердің

Жанарыңмен жанарым арбасқанда
Бақ құсындай көруші ем қонбас қолға
Ажарыңа арбалып ай астында
Ақын болам деп едім, алғаш сонда

Нелер түтіп санамды, нелер кезді
Әйтеуір бәрі, бәрі менен безді
Ұйтқысына айналдың сен бір үйдің
Ақын болып кеттім мен, не өзгерді…

Тағдыр ғой деп, қараймын таңданып құр
Қазан соңы… Алтайға қар жауып тұр…

***
Соңғы шылым кетті әне күресінге…
Рауан Қабидолдин

Ей адамдар!
Күнде ауырып дертінен күнде емделіп
Ортаңда бір шайырың жүр шерленіп
Сырахана, үй, дүкен арасында
Түсінсеңдер, жүрген жоқ құр сенделіп

Дүнияуи жатқан жоқ көңілде еш сыз
Оған бола езіліп, егілмеспіз
Төмендеткен ұлдарың сыртқа теуіп,
Төбесінен қарап тұр тобырға ессіз…

Шарапатсыз дүние-ай! Сәл әттеңім…
Шайырларға болсайшы шарап тегін
Елеусіз тұрғыны еткен бұл көшеге,
Есімім беріледі әлі-ақ менің!

Тұрғынына ілесіп тұл ғаламның
Болмысымды келмейді былғап алғым
Бір бөлшегі болар ем, арланамын
Балағымнан келмейтін бұл қоғамның

Жасқанатын тасжүрек, тасырлардан
Мен емеспін байлыққа бас ұрған жан
Бұл уақыт жоғалтып алды мені,
Табылсын деп келешек ғасырлардан

Тізбек-тізбек көшінде ұлылардың
Мен құримын ұлы өлең құрыған күн
Өзімді өстіп жұбатып, қалтамдағы
Ең соңғы тиыныма шылым алдым…

***

Таң ата қайтып, кеш — желік буып…
Түн қата жүріп қаңғырған
Сонау бір жазға — естелік қылып,
Еркелігімді қалдырғам

Санамның мөлдір, тұнық сәулесін
Сағым ұшына  жалғадым.
Күп-күрең күзді — кіріптар Есім,
Сағынышыма арнадым

Шерімді шайқап. шектен тыс мына
Шексіздігіме сыймадым.
Өкпеме қимай өктем қысты да,
Өкінішіме сыйладым

Уақытқа бәрін жеңдірмек пе едім?!
Адасқан жан ем бағы ұдай
Жолыңа қидым — өндір көктемім
Үмітім болса тарыдай…

***

Күні кеше, асыққан бөлісуге
Сөздер өлді, айтылмай дем ішінде
Көмескі ойлар, естелік санамдағы
Көңілсіздеу әуеннің желісінде…

Ақыл да өлең, мендегі сенім де өлең
Ееех келешек, шылымдай шегілмеген
Сағым күндер — сағыздай сөлі кеткен,
Сағынбаған, сүймеген, егілмеген…

Бағынбаған, білмеген, алданбаған
Сағынышты хаттар ол жолданбаған.
Қоғамның қуысынан бір кісідей
Үй салып, жар құшуды армандаған

Сенім де жоқ, алғаусыз жоқ-ты еркелік
(оған бола тағдырға кектенбелік)
Құшағымнан сусыды құлын уақыт
hәм тұрғызбақ үйім де кетті өртеніп

Жалқы сәтке жан іші тоналарын
Самайлар сағынудан ағарарын
Сезіну де өкініш, армандыға
растау қиын, өткеннің жорамалын…

***

Қазан. Жаңбыр.
(Экспромт)
Желең бұлттардай жел ырқындағы
Жетім күндер шұбап кіл.
Жемір ойларға желінтіп тағы
Терезем алды жылап тұр

Жұмысына жұрт асыққанындай,
Асыққанымдай Құдайға.
Еркіне жанның уақыт бағынбай
Баянсыз өтті бұл ай да

Жылыстап қана, жасырын бізден
Шаттығын дағы тонатпай.
Беймезгіл шақта шақырусыз кеп,
Құрметсіз қайтқан қонақтай

Баянсыз өтті-ау бұл ай да…

***

Өмір…
Там-тұмдаған тірлігін алданыш қып
Сенделгендер серуені, арман үшін
Даурығысқан қоғамның айқайынан
Құмығады қорғансыз Жан дауысым

Төгіп алғыр көз жасын іркіп ұстап
Көше кезген тынымсыз ұмтылыстар
Қамсыздықтың қамыты қажап біткен
Қайран ұтқыр ойлар-ай, тұншығысқан…

Білсең де дүниенің жалғандығын
Арманыңмен өзіңді алдап жүру
Керек шығар… Түндерде көз ілмеуге
Оянуға содан соң таңнан бұрын

Тағы да…
Таң сызданар, кезекті Күн кешкіріп
Сәттер өтер сәттерді мінгестіріп
Әдетіңше асығу, әлде қайда
Әлде қайда жетелеп БІЛМЕСТІГІҢ

Дәулет Телманов

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

1 Comment

  • Ерасыл
    Февраль 12, 2021, 3:42 пп

    Бұл менің бауырым,бір атаданбыз,өлеңдеріңнің ғұмыры ұзақ болсын,жазарың көп болсын,керемет Дәу

    REPLY

Сонғы жазбалар

Мультимедиа