Симон КАРМИГГЕЛТ әңгімелері

Симон КАРМИГГЕЛТ әңгімелері

СИМОН КАРМИГГЕЛТ
(1913-1987)
Нидерланды елінің әйгілі жазушысы.
Көрнекті көсемсөзші, танымал тілші.

1913 жылы 17 қазанда Гаага қаласында өмірге келіп, 1987 жылы Амстердам қаласында дүниеден өткен.
Әдебиет саласы бойынша П.К.Хофта (1974), Константейна Хёйгенса (1961), Япа ван Прага (1975), «Экстра» (1953) әдеби сыйлықтарының иегері.
«Кептерлермен жарысқанда», «Келешекте көрісеміз», «Қарт адамдар» және тағы басқа әңгімелер жинағының авторы.

Пансиондағы қызметінен бақандай жиырма сегіз жыл бойы тұратын үйіне қарай қайтып келе жатып, күн сайын Гийом мырза бұл үйдің жанын өтіп жүретін. Бұл үй күнәһарлардың мекені еді. Қол өнер кәсібін ұзақ атқарып, кескін-келбетінде аналық мейірімі пайда болғандай терезенің алдында, ала-құла боялған бикеш отырды. Гийом мырза бұл үйдің қасынан қанша мәрте өтсе де, әлгі бикеш басын изеп, есен-саулық сұрасуға шақырған құдайы көршідей жалбақтап қалушы еді. Ал, бұл болса қалпағын көтеріп, жауап қататын. Осы бір қас-қағым сәтте өн бойын күлкілі сезім буатын. Бір қарағанда, ол өзін қысқа уақыттың ішінде жеңіл жүрісті әйелмен әуейі болып, басқасымен де тез арада тіл табысып, бірбеткей мінезінің арқасында ләзатқа белшесінен батып, басындағы қалпағын қайдағы бір жезөкшенің емес, қоғамда өз орыны бар бикештің алдында ғана шешіп, құрмет көрсететін көпті көрген «жырынды жігіттей» сезінуші еді. Ол қолынан келгенінше қайдағы жоқ ырым-жырымдарға сене бермейтін, еркін ойлы азамат болатын.
Қуыс кеуде қызметтестері жайлы ойлану, оны әр кеш сайын өзінің жақсы көретін астрономия жайлы кітаптарын оқуға мәжбүрлейтін. Ақылға сыймайтын жер жүзінен жасырылған талай құпияларды білетін бас бухгалтермен де сөйлесу мүмкін болмайтын. Туарсын айтқанда бәрінен мақұрым болатын.
Сәрсенбі ме, бейсенбі күні ме еді? Оның есінде ештеңе жоқ. Әйтеуір сол күні пансионға барар жолда күнәһарлар үйінің жанынан өтіп бара жатып, қалпағына қолын апара бергені сол еді, терезенің алдында басқа бір бөтен әйелдің тұрғанын байқап қалды. Дұрысын айтқанда әйелді емес, уылжыған қыз баланы. Оның қадалған үлкен қап-қара көздері, бұған біртүрлі мұңға толы болып көрінді. Ол қыздың көзқарасынан Гийом мырзаның жүрегі, баяғыда оқушы кезіндегідей орман ішінде Мицци қолынан ұстаған сәтінде бастан кешкен сезімге толы рақатқа батты. Асып-сасқанынан терезенің алдында сәл кідіріп қалды. Сосын қалпағын болмашы ғана көтеріп, ары қарайкете барды. Ол жаңағы қыздың бұған жауап ретінде сәл-пәл көңілсіз жымия салғанын байқап үлгерді.
Сол күні кеште профессор Кестереннің негізі еңбектерінің бірінен саналатын жұлдыз шоғыры хақындағы зерттеулері де бұны әдеттегідей қызықтырып, терең ойландыра алмады. Сағат тоғыздар шамасында пәтер иесі қолына жайпақ табақ ұстап кіргенінде де, күндегідей ол әйелді көтермелеу үшін айтыла-айтыла мәні кеткен, «О, міне шәй да келді» деген сияқты әр кеш бойы жиырма сегіз жыл бойына үздіксіз қайталанып келет жатқа, жаттанды сөздерін де айтқан жоқ. Ақыл-есінен мойыл көзді сұлу бикеш шықпай, ертесі күні жұмысында да сол жайлы ойлаумен болды. Сағаттың тездетіп бесті соғуын тілегендіктен, шаңқай түстің кезінен бастап ешкімге білдермей, алақ-жұлақ қол сағатына қараумен жүрді.Сосын күні бойы есінен шықпай мазасын алған арманына, бір көруді аңсаған әлгі үйге жақындаған сайын қол-аяғы еркінен тыс дірілдей бастады. Бәрі де алдында орын алған жағдай секілді дәлме-дәл қайталанды. Бұл қалпағын көтерді. Қыз болса көңілсіз жымия салды. Мұның өне бойын шаттық сезімнің ыстық толқындары ұрғылап өте шықты.
Одан кейінгі апта да Гийом мырза осы бір қас-қағым сәтті көру үшін, өмір сүрді десе де болады. Оның өмірі мән-мағынаға ие болағандай еді. Кешкілік әдеттегідей кітап оқуын жалғастырса да, қызды көруге деген құмарлығын тежей алмады. Арманы азда болса кескін-келбетке қол жеткізді. Бәр сәті келген күні қыз тұратын үйдің қоңырауын басамын деп қиялдады. Ол есікті ашқан сәттен кейн, бұл байырғы үлгідегі іс-әрекетімен қалпағын шешеді де: «Сүйкімді бикеш, сіз менімен… Жо-жоқ, тек қорқа көрмеңіз, мен сізді бар болғаны бір шыныаяқ шәй ішуге шақыра келген едім.»
Қуантарлығы сол, өнегелі мырзаның оған жібі түзу жан ретінде жақын тартып, жылы қабылдап, ол екеуі бірге әжептәуір мейрамханаға барады. Оның тәтті тоқашты тәбеті ашыла жегенін, бар қылығын бақылап, бұл аз ғана езу тартып: «Қысылмаңыз, тағы алыңыз» дейтін болады. Екеуі ежелгі жанашыр жолдастардай әңгімелеседі. Содан соң қас қарайған шақта екеуі қол ұстасып мұның үйіне барады. Бұл оған жұлдыздар жайлы қызықты әңгімелеп береді. «Сіз мұның бәрін қайдан білесіз?» деп ол аң-таң қалып, саңқ ете қалады. Тұрмыстың тауқіметі осы күнәлі жолға мәжбүрлеген ол халықтың арасынан шыққан жарқын жүзді қарапайым ғана бейкүнә қыз болып шығады. Өзінің өмір бойы армандаған арманын жолықтырып, бүгінгі арсыз, ұятсыз қылықтарының ешқашан қайталамайтын болады. Жаздың жаймашуақ жылы кештерінің бірінде, жұлдыздардың жарқыраған аясында серуендеп жүріп, бұл оны қолынан ұстай алған сәтте оның саусақтары мұның алақанында торға түскен кішкентай шымшық құс секілді әлсіз қалтырайтын болады.
Сенбі күні бір шешімге келгендей болды. Оның демалыс күні болатын. Өзінің аздаған толқынысын басу үшін, мейрамханаға кірді де екі рөмке портвейн ішіп алды. Шараптың қызуы өзіне деген сенімділігін оятқандықтан, ол жезөкшелер үйіне қарай аяңдай бастады. Әлгі қыз бұл жолы әдеттегідей терезенің алдында отырғанжоқ-ты. Уақыт өте ерте болғандықтан болар деп ойлады. Бұл тербеліп тұрып, есіктің қоңырауын баса қалды да, қолына қалпағын ұстай қойды. Есік айқара ашлығада, арғы жағында тығыршықтай бір бикеш тұрды.
— Сәлем, жарқыным – деді ол. Гийом мырза жансыз денедей мелшиіп, сілейіп қалды.
— Мұнда басқа бір сұлу бикеш бар болатын – деген сөзді ауызынан сығып әрең шығарғды.
— Йә… Басқа-басқа бұл жерде ондай сұлулар жетерлік! – әйел біртүрлі қырқылдаған үнмен қарқылдап күліп жіберді.
— Мен әнебір қараторылау келген сұлуды айтып тұрмын.
— Ә, сен соны айтамысың ол баяғыда табанын жалтыратқан. Оның талғамына тар келіппіз. Біздегі тыныштық оны мезі ететін көрінеді. – Әйел еркектің бетіне бедірейіп қарады да: — Немене бақырайып қарап тұрсың, кинотеатрға келіп пе едің.
Гийом мырза кері бұрылды да, жөніне кете барды. Жаңағы қатын мұның артынан түсініксіз бірдеңелерді айқайлап айтып жатты. Бақытына орай оның не дегенін бұл естіген жоқ. Келесі күні бұның есінде бұлыңғыр елестер ғана сақталып қалыпты. Бар есінде қалғаны бүкіл кеш бойы қаңғырып, қайдағы бір саябаққа барып, ішінен тоқтаусыз: Мен оны қайтсем де табамын, мен оны табамын, табамын оны…» деп қайталаумен болды.
Сол кеште аспан ашық, заңғар көкте жұлдыздар жарқырап тұрған еді.

ХАТ

Клокхоф бүгінгі көкөніс қосылған, майлы тағамды ішіп-жеп, ауқаттанып алып, асханадан шыға бергенінде санитар әйел жетіп келіп:
— Йооп, сенің кіріп-шығуыңды өтінді – деді.
Таң қаларлығы осында жұмыс істейтін қызметкерлер құрамы барлығы дерлік емделушілерге тегін атап сызылып тұрса да, Йоопты келген күнінен бері «Йооп» деп төбеден түскендей тоңқ еткізіп есімін атаушы еді.
— Мен қазір бірден соған барамын – деді бұл.
— Лифтімен көтерілсеңіз болады – деп қосты тазалықшы әйел.
Бірақ Клокхоф бас шайқап, сымбатты дене бітімін тіп-тік ұстап, баспалдақпен көтерілуге бет алды. Ол бұл ісін менменсігендіктен істеді. Бірде директордың осындағы қызметкерлердің біріне : «Клокхофқа қараңдаршы, қартайды деген аты болмаса, қыран бүркіт секілді қанатын қомдайды» дегенін құлағы шалып қалған болатын. Сол сөзі мұны құлғаына тиюі мұң екен, бұл лифтіні өз қажетіне жаратуды мүлдем қойған болатын.
Жатуға арналған палатада, Йооптың төсегі сол жақта екінші тұратын. Оның қағаздай қуарған бет пішінінде терең әжімнің табы бар еді. Өзінің ауру-сырқаудан дін-аман кезінде: «Ығы-жығы көшелерден адасып кетпеу үшін, бет әлпетіме қаланың картасын салып алғанмын» деп қалжыңға жығатын. Қатарластарынан қалып, оның осылай аурухананың тар төсегіне таңылып, тарығып жатқанына жылға жақындады.
— Қалың қалай? – деп сұрады Клокхоф.
— Сұрама. Дәм-тұзым түгесілді менің.
— Біздің де сенің кебіңді киер күніміз жақын – деп қосты Клокхоф –
Жасыңның жетпіс тоғыздан әрі асқанын ескерсек абыройлы ақ өлім тіледім саған.
Ол темекісін тұтатты.
— Маған да берші – деп жалынышты көз тастады Йооп.
— Қалтамда басталмаған бүтін бір қорабы бар. Екі де отыз гулден деген бағасына келіссең ал.
— Әкел бермен.
— Мені дәл бұлай табыс тауып жүр деп ойлап қалма. Мен де солай
төледім.
Клокхоф жан қалтасына қолын жүгіртіп, темекі қорабын алып шықты. Йооп болса әмиянын алмаққа, жан таласа жастықтың астына қолын салды.
— Менің хат жазып бергенімді қалайсың ба?
Сырқат басын шұлғыды.
Олай болса жапсырылатын маркаға он екі цент, қағаз бен конвертке сегізді қос…
— Жақсы, мен саған үш гулден берейін.
— Тәңір жарылқасын. Керек емес. Ауру-сырқаудың тиын-тебенін тыққыштап күнелткім келмейді. – Клокхоф асып қалған ақшаны кішкентай аласа шкафтың үстіне қоя салды. – Кімге хат жазамыз?
— Ұлыма.
— Тағы да ма? Осымен оныншы мәрте шығар. «Доғар» дедім ғой саған. Ол бәрібір мұны істемейді.
— Ұлыма – деп қайталады Йооп.
Клокхоф шарасыздықтан иығын қиқаң еткізді. Палатаның оң жақ
бұрышында төсек тартып жатқан ақ сақалды адам келекелеп айғай салды.
— Біздің аяулы балапандар! Мына менен өнеге алыңдар: Мен олардың
барлығын басымнан өткеріп тастадым.
— Өшір үніңді — деді Клокхоф.
— Жарайды, не жазу керек екенін де мен өзім білемін онда. Сен оған
қарызға берген ақшаға қолхат жіберсін деп жазамын. Ылғи да сен осылай істейсің. Ал ол болса сен бейшараға көңілінде қимайды.
Сырқат адам жастыққа басы жабысып қалғандай, шайқалған басы әрең қозғалды.
— Жоқ. Мен бәрін де ұмыттым және бәрін кештім дегендей қылып тек бірғана нәрсені жазсаң жетіп жатыр. Басқа артық ештеңенің керегі шамалы.
— Жарайды – деді Клокхоф орынынан тұрып жатып.
Йооптың өз-өзіне де сенімсіз, өте сенімсіз айтылған сөз мұның құлағына жеткенде бұл есіктің аузында тұрған еді.
— Мүмкін, ол келетін шығар…
Ақ сақалы кеудесін жапқн қария табалағандай болып, жырқылдап күліп жатты.
Клокхоф ауыр дем алып, баспалдақпен төменге түсіп кетті.
Бұл бейсенбі күнгі өткен оқиға еді. Тура бір жетіден кейін, картоп пен
бір түйір шошқа еті араласқан кешкі асқа тойып алып, тағы да асханадан шыға берісіте тазалықшы әйел Клокхофқа бұрылып:
— Йоопқа көтіріліп қайт. Оған бүгін ұлы келіп қайтты – деді.
Йооптың төсегіне жайғасып отырып алған соң бұл оған:
— Немене, өз дегеніңе ақыры жеттің бе?
Йооп басын изеді. Еңсені езген ауыр үнсіздік басты бөлмені. Сонан
соң, сырқат қария жан қалтасынан алып шыққан әмиянынан кілтін шығарып, аз-маз мүдіріп, өтінішін жеткізді:
— Тәңір тілеуіңді берсін, менің шкафымды ашып қарашы.
— Не алып келейін саған?
— Тек ашып қарасаң болады.
Клокхоф кетіп қалды. Қайтып келіп көргенін айтты:
— Оның ішінде анау-мынау зат тұрмақ, сайтаның елесі де көрінбейді.
Сырқат қария тіл қатқан жоқ.
— Өй, оның ішінде сенің екі пальтоң мен екі кастюмің бар емес пе еді?
— Мына, ақымақ бүгін кілтін ұлына берген болатын. Ал, анабір сорлы болса «тек бас сұғып, нендей зат бар екенін көремін» деген – деп қалың ақ сақалды қария айғай салды.
— Өшірші үніңді – деді Клокхоф тағы да.
Бұл болса Йоопқа тесіле қарап қалыпты. Сырқат қария теріс бұрылды да, сәлден соң:
— Жарайды, бұл әңгіме осымен тәмамдалсын — деп міңгірледі ол.

Аударған:Қуат ҚИЫҚБАЙ
жазушы

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа