Ақберен ЕЛГЕЗЕК. «Бәріне де көнер ем, тек сәбидің, Жаутаңдаса жанары — ауыр маған…»

Ақберен ЕЛГЕЗЕК. «Бәріне де көнер ем, тек сәбидің, Жаутаңдаса жанары — ауыр маған…»

Мінәжат Тұра берсін жерім аман, тауым да аман; Аман жүрсін досым да, жауым да аман; Адам түгіл, шөптер мен жәндіктердің, Қиналғанын сезіну — ауыр маған… Көңілім бар ешкімге тарылмаған, Аман болсын жат адам, бауыр да аман, Адам түгіл, тұп-тұнық мына аспаннан, жұлдыз ағып құласа — ауыр маған… Шаршасам да қуатты дауылдардан, Жауындардан беймезгіл сауылдаған. Бәріне

Мінәжат

Тұра берсін жерім аман, тауым да аман;
Аман жүрсін досым да, жауым да аман;
Адам түгіл, шөптер мен жәндіктердің,
Қиналғанын сезіну — ауыр маған…

Көңілім бар ешкімге тарылмаған,
Аман болсын жат адам,
бауыр да аман,
Адам түгіл, тұп-тұнық мына аспаннан,
жұлдыз ағып құласа — ауыр маған…

Шаршасам да қуатты дауылдардан,
Жауындардан беймезгіл сауылдаған.
Бәріне де көнер ем, тек сәбидің,
Жаутаңдаса жанары — ауыр маған…

Далам да аман тұрса екен, бауым да аман,
Қалам да аман тұрса екен,
ауыл да аман.
Бір адамның өлгенін естіп қалу —
Өзім өліп қалғаннан ауыр маған.

Өткереді не зұлмат, құйынды адам,
Елім аман болсыншы, үйім де аман.
Мына сұлу ғаламды сақта, Құдай,
Сол болсыншы беретін сыйың маған!

Телефон

Менің телефонымда — болашақ аруақтардың аты-жөндері,
нөмірлері жазулы,
Олардың ішінде ағаларым да бар,
інілерім де бар азулы,
Олардың ішінде
қатал апаларым да бар,
боталарым да бар мақтаулы,
дос-қастарымның да,
қарындастарымның да нөмірлері сақтаулы.
Олар бір бірімен xабарласып жатады,
Дабырласып жатады күні-түн,
Олармен сөйлессем деген менің де бар үмітім.
Ешқайсысына қоңырау шалмаймын,
сүйкей салмаймын нөмірін,
Сүйкей салсамшы, сұрай салсамшы көңілін.
Олар да маған xабарласпайды,
қоңырау шалмайды, кеңесіп,
Өздері ғана сөйлесе беретіндері,
сөйлесе беретіндері не осы?!
Ешкім маған xабарласпайды,
Мен де ешкімге xабарласпаймын, о, несі?!
…Өліп қалған жоқпын ба, албасты басып, мен осы?!..

***
Дала бейне теңіздей…
Ал ол алыс шаһардан келе жатыр мені іздеп…

Тәрк еткен соң қызық-­думан – барлығын.
Көкірегіндегі шам тіліндей нұрлы үміт,
Сөнер­-сөнбес кейіпте шыңғырады қарлығып.

Әр елестен бейнемді қалқып жүрген көшкіндеп,
Көшіреді кеудеге суретімді кескіндеп.

Сағыныштан жүрегі бір уыс боп жиналып,
Тәңіріме жалынып, иман оқыр ибалы.

Мекендеген қалтасын көмескі бір суретім,
О, бұл неткен іздеушім, тыным таппай жүретін.

О, несіне мен саған қажет болып қалды екем,
Қайран менің қарт бабам, қайран менің шал көкем?!

Қарсы алушы ем алдыңнан, білмеймін-­ау, қай жерде,
Келе жатыр ақсақал, селеу саусақ, ай кеуде…

Бір астау ет жылқының, торсық­торсық қымызды,
Алып шығып күтуші ем қонағымды ең ізгі.

Саясына еменнің көрпе тастап, жантайып,
Ол маған бір әңгіме айтар еді марқайып:

«Сені, балам, іздедім ғасырлардың көшінен,
Сені, балам, іздедім ақындардың ішінен.

Іздедім ғой бірақ та, таппадым ғой аспаннан,
Құтылмас ең бәрібір, мәңгілікке қашқаннан.

Алыстағы шаһардың шайырынан көнерген,
Саған кітап әкелдім, іші толған өлеңге.

Алыстағы шаһарда түсінбеген оны ешкім,
Сол шайырмен жер үсті өзім ғана тілдестім.

Жаһандағы ол шайыр алғашқысы болатын,
Кемеңгерге аспаннан өлең­құстар қонатын.

Сол құстардың ішінде Жазылмаған жалғыз­-ақ ала қанат кептер жүр.
Кеудесінде кептердің екі-­ақ шумақ өлең тұр,
Өлеңдегі мағына ой жетпейтін терең бір.

Саған айтсам деп едім, түсінер деп жұмбақты,
Уақыт, шіркін, тоқтамай мыңжылдыққа зыр қақты.

Іздей, іздей шаршадым, енді таптым мен сені,
Ұлы рухы шайырдың түсірмеді еңсемді!»

«Ал, тыңдай ғой!» – дегенде оянамын, селк етіп,
Елес болып сақалы терезеден желк етіп,

Жоғалады әлгі шал, оралады қайтадан,
Басталатын сапардың соқпағына лай табан.

Мен қалғанда күтумен мыңжылдыққа дос болып,
Бір шаһардан шығады жалғыз соқпақ басталып…

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа