Ұлмекен ШӘУКЕНОВА. «Мен бәрінен бас тарттым сағыныштан, сүюден…»

Ұлмекен ШӘУКЕНОВА.  «Мен бәрінен бас тарттым сағыныштан, сүюден…»

Шəукенова Ұлмекен Дүйсембайқызы Атырау облысы, Махамбет ауданында 1993 жылы 20 қаңтарда дүниеге келген «Фариза жұлдыздары» жас ақындар клубының мүшесі. Облыстық, республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері.

Ұйқымды сәтің бар ма аз ұрлаған,
Дүние де, дүрмек те бір қазір маған.
Дәл сендей боямасыз өмір сүру,
Ешкімнің маңдайына жазылмаған.

Бағасы арзан базардан қайттым жеріп,
(Бәрі ауыр соңғы уақта жәйттің неғып?)
Жанымды қоярға жер таппай барам,
Сен сондай асқақсың деп айтқым келіп.

Үміт пен үрей жалғап үй арасын,
Төрт қабырғаға қалай сия аласың?
«Ақыл кірмей қалғаннан» үрейленіп,
«Ақыл кірмей қалғаннан» ұяласың.

Дертті арқалап өтерміз жетер күзге,
Мұң да ортақ, қайғы да ортақ екен бізде.
Бір аспан мұңаймасын екеумізде,
Бір аспан жыламасын екеумізде.

**
Жіберді тым есейтіп жылдар мені,
Көзімнен көшкен сезім бұлдар нені?
Дәл қазір бәрін саған айта салсам,
Тыңдар ма едің?

Дәл қазір өтінсем ше жолығуды?
(Дәл қазір естісем ше қоңыр үнді).
О, бәлкім байқаусызда тердім дермін,
Саусағым аялайтын нөміріңді.

Сен сонда сәлем деме, сұрақ қойма,
(Деміңнен сәуле тарар бірақ бойға).
Қып-қызыл өрттен аман қалмаспын-ау,
Бетімнің бұрышында лап қойған.

Мүлгіген тыныштыққа ұйыт мені,
Ей,менің күнге айналған кейіпкерім.
Төменге құлап бара жатқанымда,
Орныңды сездіріп тұр биіктегі…

***
Кеше сенің жүрегің ауырған жоқ,
Сенің жүрегің ауырмайды…
Е.Раушанов

Менің жүрегім ауырды, налыды сосын,
Қашық кеткенім жөн бе екен қаладан осы.
Кездестіргенін білмедім Тәңірі несін,
Табалағаныңды алайын жарама қосып.

Тағдырдан келген сыбаға сыздатты неге?
Сараңдығына мейірімнің үйреніп алғам.
Таң атса күліп, жүрегім, бізге атты деме,
Жарық сәуленің әйнектен сүйгені жалған.

Сүйгені жалған және де ғашық адамның,
Кеудесі толса жақсы еді-ау, үмітке мендік.
Өлеңмен ғана дертімді басып алармын,
Көрікті көздің нұры да күдіктенерлік.

Арманға сенген аңғалдық не етемін сені?
Азаптан неге өртеніп кетпейді денем.
Бақытты қалай қара жер көтеруші еді?
Уақытты ұстап тұра алсам өтпейді деген …..

****
Бәрі өзгереді Жақын, дұшпан.
Жоқ! Мейлі!
Келесі жылдың көктемі беттейді.
Бақытты болуға бәрі де жетеді,
Бақытты болуға бәрі де жетпейді.

Естелік айтуға құмарттық. Неге?
(Биікті аңсап тұрып құладық төмен).
Неге алыстады менен өлең,
Жүзімді тайдырып әкеттім сенен.
Неге?

Үнсіздік
Тұманның ішінде адасып жүрдім,
Жоғалып кеткім келгенін білдің.
Бағыңда ролінде мен бақытсыз гүлдің,
Жанымда бәрібір сен өмір сүрдің.

Сағыныш
Өзгерткім келгенге тағы да бөгет,
Қарадым білмеймін жолыңа не деп.
Бақылайды ғалам бір сәтке жалыға ма деп,
Ойладым мен іштен сағына ма деп…

**

Мен бәрінен бас тарттым сағыныштан, сүюден,
Алып-ұшпа сезімнен, азабыңа күюден.
Жанарымның ұшқыны өзің жақта адасып,
Жалғыздықтың жырымен жаным қалған жарасып.

Жапырақпын күз келіп жағалауда тоналған,
Өткеніме мен енді өлтірсең де оралман.
Сағындым деп хат жазып шырақ жақпа кеудеме,
Ақ өмірдің аңғалын алмастырғам пендеге.

Есі кете сүюдің баяндысы болмаған,
Жалықтырған соншалық неткен ұзақ жолдар ә?..

***

… Бәрі дұрыс, иә, менде дұрыс бәрі,
Көп болды үнсіздікпен ұғысқалы.
Жанның сөзін ақтарып керегі не,
Жүрек өлген. Тіршілік. Жұмыс қамы.

Өлең де өлген ессіздеу күнмен бірге,
Сен де ұмытып ол күнді үлгердің бе?
Суық даусың. Алайда таңсық емес,
Қыркүйектің салқыны сіңген гүлге.

Таңсық емес халімді сұрамауың,
Іштен тынып егіліп, жыламауым.
Аспан жайып тұрғанда от құшағын,
Құламауым керек қой құламауым.

Айналмауым үшін де ақымаққа,
Бөтендігіңмен бағытымды бақылап қал.
Ақ үмітпен жаныңды қоршап берсін,
Сені ұшақтан қарсы алған жапырақтар…
Аман жүр…

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа