Назерке БҰРХАН. «Тылсымынан табиғаттың сыр ұғып…»

Назерке БҰРХАН. «Тылсымынан табиғаттың сыр ұғып…»

Назерке Бұрхан Қызылорда облысының тумасы. Журналист, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының тілшісі.

НАЗ

Бір сырдың сандығында мың сан құлып,
Әркімнің ұқпауы үшін.
Шын келбет, ерке мінез, қиқар қылық,
Шегінен шықпауы — үкім.

Қағаздың әр шетінде үзік өлең,
Құраса — сезім тұнық.
Жазғанын қайта-қайта сызып әлек,
Жалындап көзінде үміт.

Сүрінсе сағымынан бұла белдің,
Шағымсыз, шыдап келіп.
Көзге ілмес қыз жүрегін бұл әлемнің,
Заңдары бір-ақ теуіп.

Адамның өзі табар бір амалын
Айтылған армандардың.
Түбінде жаратқаннан сұралады.
Айтылмай қалғандары.

ҰЛЫЛЫҚ ПЕН ҰСАҚТЫҚ

Боялғанда жүрегіміз нұрлы әнге,
Шырқалғанда көңлімізде бір арман,
Өткеніміз ізсіз болсын, ізді әлде,
Ертеңіміз құралмас-ау құмардан.

Әрлі үміттің нәрі итеріп ілгері,
Жарлы үгіттің буы көкке көтерер.
Табан тартып бірде тура, бір кері,
Шердің жүгі ұғымыңды еселер.

Мінсіз жандай тек жақсыға лайықты,
Таудан биік, қардан аппақ дәмеміз:
Дер кезінде бола алмаймыз айыпты,
Уақытында іске аспайды уәдеміз.

Өшігетін, ешіретін сәттердің
Саны басым кешіретін кездерден.
Әр айтылған «шіркін-ай» мен «әттеңнің»
Бар салмағы санаға сай өзгерген.

Тылсымынан табиғаттың сыр ұғып,
Сынайтындай ешкім де емес екенбіз.
Адам деген — ұғындырмас ұлылық,
Ұсақтыққа мән беріппіз бекер біз…

СӘБИ-ӨМІР

Жасырынған жамауына жанымның,
Сезім қайтіп қараңғыға төзе алар.
Сынбауына себеп болған сағымның,
Көзім қайтіп күлкісінен безе алар.

Еркелікпен ес жимастан, жүріп кең,
Ертегі-өмір сүруді арман санадым.
Өмірдің де назданарын біліп пе ем,
Бір бұртиса, баласы екен баланың.

Жуытпайды, жұбатуға қамдансам,
Еркелігім естен шығып, ер жеттім.
Бұрынғыдай балалықпен шамдансам,
Маған тәтті бермей қойды енді ешкім.

Сәби-өмір санасында әркімнің,
Сұрағанын беруге жүр тырысып.
Өмір күлсе, сызығындай сәнтімнің,
Өздері де алады бір күлісіп…

Бесік-өмір тербетеді пендесін,
Жылатады, құлатады, өбектеп.
Бесін-өмір өрлігіңді жеңгесін,
Жағалауға жеткізеді жетектеп.

АРМАН МЕН БАҚЫТ

Арманыңның алыстығы тым қиын,
Жақындығы сәл оңайлау демедім.
Қол жеткізген арманың да бір түйір,
Сен алған соң, сенен алар керегін.

Өмір сенің жігеріңді сүйеді,
Сүйгендіктен, сан соқпағы тұр дайын.
Табылса да арманыңның тиегі,
Бақыт күйі шертілмейді әрдайым.

«Сен тимесең, мен тименің» кері ғой,
Құр жатқанды сынай беріп қайтеді?
Ойлан, ойла, күн кешудің серігі — ой,
Құн кешудің арты оңалмас қай теңі?!

Тамырыңнан тулап аққан қаныңды
Тұралатпай, суға да сал, отқа да.
Бақыт деген — тірідегі табыңды
Өшірмеу ғой, сенің өзің жоқта да.

БӘЛКІМ…

Мейлі, жек көр, Өмір, мені жек көрме,
Мен де аянбан, жеткенім жоқ текке өрлеп.
Байыз таппай, тапсам бақыт өзіңнен,
Һәм жоғалтып, еншілетсем өткенге,
Сенің арқаң, кесірің де емес ол,
Бәрі өзімнен. Мен емес, сен өс менде!
Мендегі өмір, бәлкім, мәңгі тасырсың,
Сендегі мен өшкенмен.

ҚИЫН ЕКЕН…

Шала…
Шикі…
Жетіспейді бірдеңе.
Өміріме.
Өлеңіме.
Іргеме.
Жетемізге жеткізер көп жетпесті,
Жетістіру берер дейсің кімге не?!

Сынға
Мінге
Мейірімдім,
Мың алғыс.
Туып қалар тағы біреу, тағы екі.
Мейіріңнен бұйырмас па бір қарыс,
Сынның, міннің дәл қазір жоқ қажеті.

Көрдік.
Білдік.
Көпті түйдік, түйіндік.
Оған қамал қоя алған жоқ
Ештеңе.
Бәлкім, маған…
Жетіспейді қиындық,
Қиын екен бәрі саған жетсе де.

Төртім — түгел.
Достың дұшпан — қас жауы.
Сәті түсіп жатады да
Кей істің.
Мүмкін, оңай —
Қиындықтың бастауы, —
Қиын өмір қақпасы емес пейіштің.

Күмән.
Күдік.
Кетер емес келте ойдан.
Емес шығар бар жақсысын қалдырған.
Қорқамын мен қиындықтан
Ел тойған, —
Күтіп тұрған алдымнан.

ЖҰПЫНЫ СЦЕНАРИЙ

(Ұстазды еске алу)

Ұғымыңды үрлеп қойса сыймайтын,
Ғұмырыңда болады бір ұлылық.
Қаламыңның күші жетпей қинайтын,
Көзден аққан тамшыларға сүрініп.

Сол ұлылық жердің бетін азсынып,
Бір-ақ сəтте шексіздікке аттанды.
Өзекке мұң байлайтұғын ащы ғып,
Сұм тағдыр-ай, сценарийің жаттанды!

Лайықтыны «еркексің» деп қайрайтын
Бір жанашыр шəкірттерге керек шын.
Ер артынан оқ-қаруын сайлайтын,
Жауыз ажал, нақ сен еркек емессің!

Бір ұстаз бар, шəкіртке жол нұсқаудан
Өмір-қарттың өзі сабақ алатын.
Бір періште бəлкім көктен тыс қалған,
Тағып алып адамдықтың қанатын…

Талай жырға тақырыпсың, сөз қылсам,
Өмір достым, өзің дастан өзіңе.
Қаламыңды ұштар едің, жаздырсаң,
Өз тағдырын ақындардың өзіне.

МЕН СҮЙГЕН ӨМІР — АРМАН ЕТКЕНІМНЕН ТЫМ БАСҚА

Есейдім тағы елемей жүріп бір жасқа,
Алыстап кеткен бала шақ мойнын бұрмас та!
Ормансыз құстың қорғансыздығын сезгенмен,
Мен сүйген өмір — арман еткенімнен тым басқа.

Бір пенде кіріп, шығады тағы бір пенде,
Бәріне пана болсын ба қайран бұл кеуде?!
Сүріліп жатыр бүгінгі өмір білінбей,
Ертеңіме арнап мен жоспар құрып жүргенде.

Жиреніп бір сәт өзім аңсаған шаттықтан,
Керексіз қиял жетегіне еріп, аптыққам.
Армандар, мейлі, алдасын мені кей-кейде,
Себебі тоқтық қорқыныштырақ аштықтан.

Осылай дұрыс, дәл қажетінше осы мұң,
Мұндай сәттерде өз жүрегімнің досымын.
Қай қырын өмір көрсетсе, соған ғашықпын,
«Бақытты ғұмыр» — санаға сыймас бос ұғым.

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа