Мақпал МЫСА. Ағарар деген Аналар, Ақ ішіп жүрші, жарығым…

Мақпал МЫСА. Ағарар деген Аналар, Ақ ішіп жүрші, жарығым…

Ақын, Қазақстанның жүз жаңа есімі

ОРАЛУ

Ерте келген көктемнің елесіндей,
Жүріп өткен жолдардың белесіндей.
Ертеңімен есейіп қалған қыздың
Ақ көбелек,
Артынан ересің бе, ей?..

Сол көктемнің көзінен күн күледі,
Самалымен сыр шертіп түнгі лебі.
Таудай болғым келеді дегенімде
Жаңғыратын жақпар тас сұңғыла еді.

Сол шақтардың оралып жазына ердім,
Ақ самала сағыныш сазын өрдім.
Санамда алуан жаңғырса балауса кез
Мен білетін өмірдің жазы ма едің?!

Сол жайлауым орнында өзгермеген,
Ғажайыптай көркейіп көз көрмеген.
Байтағымның көгіне самғап ұштым,
Атам айтқан баталы сөздерменен.

Көрігіне айналып көшкенде елдің,
Қадіріне қанықтым өскен белдің.
Еркелігі қалмапты есейсем де,
Бұрымымнан тартқылап ескен желдің.

Жастығым тұр алдыңда жанып-ысып,
Жүрегім тұр аспанға алып ұшып.
Тынып аққан тұнығым Ұзынбұлақ,
Зәм-зәміңнен кетейін қанып ішіп.

Туған жердің тұнығын кереметтей
Қалай ғана кетермін өлең етпей?
Құлдыраңдап жүгірсе құлын жастық
Қусаң ғұмыр жеткізбес көбелектей.

МАЗАСЫЗ ТҮН
Кермек жастарын аршыдым,
Түннің көзінен тамған тамшының.
Жүректі осады қамшы мұң,
Жан сырым…

Мың тұрам, мың құлап,
Тұнжырап жатқанда түнгі бақ.
Жанымды тербейді бір бұлақ,
Сылдырап…

Тереңге тартқалы тамырын,
Ақ сәуле ішінде арыдым.
Кәрін төгеді кәрі мұң,
Жарығым…

Көңілде жоқ тыным,
Тірліктің болған соң арты мұң.
Дүниенің қайтейін артығын,
Жарқыным…

Адасып жүр деп пе ең,
Дүбірлі дүние дүрмекпен?
Жанымда жайқалған гүлді еккен,
Бір көктем…

Бұл мекен баталы,
Таңдары тамылжып атады.
Жаңғырды даңғаза жат әні,
Алматы шаһары…

***
О Алматы!
Біздер қайта мұң кештік,
Жанымыздың ауырғанда жарасы,
Тербетеді мұңымызды түн бесік,
Өмір осы – ақ пен қара арасы…

Күндеріңнің мағынасын іздеумен
Бір қуанып, бір мұңайдың таң сайын.
Үлкен күнге үмітіңді үзбеумен
Жер – Аананың тыныштығын аңсадың.

Беу Алматым!
Сенің үлкен жүрегің,
Сүрінгенді сүйеп әркез демедің.
Жаратқаннан медет бер деп тіледім,
Жаны бір ғой құшағында кеменің.

О Алматым!
Жүрегі жыр, жаны мұң,
Шуылынан шаршадың — ау адамның.
Бір деміңді алып оян, жарығым,
Ертеңіңе алаңмын…

АҚ ІШІП ЖҮР, ЖАРЫҒЫМ!

Күндерден іздеп мағына,
Жаз жайлау тарттық қыр асып.
Ағылды ел ауыл жағына
Ағайын- туыс сұрасып.

Жолдарда өңкей үйінді із,
Сүрінер жылқы қауіпті.
Салқындау болар биыл күз
Суырлар көп ін салыпты.

Өкпек жел өтпес өре там
Жаюлы ақ құрт өреде.
Желіде құлын момақан,
Жайлауда қымыз – береке.

Кеудеде бірақ өксік тұр,
Заманның ойлап қайғысын.
Індеті құрғыр өршіп тұр,
Аямай кедей, байлысын.

Түсім де жүдеу,
өңім күз,
Басылар қашан жаңбырың?
Жаз жайлау жүрмін көңілсіз,
Таразы басы – тағдырың.

Саулығын тірі бағалар,
Сейілер бір күн дауылың.
Ағарар деген Аналар
Ақ ішіп жүрші, жарығым!

АБАЙ АТАМЫЗҒА АРНАУ
Ол жайлы сыр айтады
Сол кездің самала айы.
Жанымды мұңайтады
Жидебай қарағайы.

Тағдырдың кесімі бар
Уақыттың кермегінде.
Ұлы Абай есімі бар
Өлеңнің өрнегінде.

Түсінбес талай оңбас
Әлемі арай ғажап.
Қазақсыз Абай болмас,
Абайсыз қалай қазақ?

Кейіпкер жырға қымбат
Бозтаңда боздасын ән.
Ұққаным шын махаббат
Тұрады көз жасынан.

Елі үшін тебіренген
Солқылдап жұмыр еті.
Осы еді еміренген
Жырының құдіреті.

Алаштан арлылық бар
Қанында,
жан нұрында.
Ой салар жаңғырықтар
Абайдың әр жырында.

Көктемдей көңіл кестең,
Нұр көрем реңіңнен.
Ақын боп өмір кешкен
Айналдым жүрегіңнен.

ҚАРАОЙ. МАХАМБЕТ

Сары белдердің сауыры
Күн күйдірген соң шерлі ме?
Көз ұшы —
Баба, жарығым,
Сүйегің жатқан жер міне.

Шаңдатып келем шалғайын,
Шемен де жүрек… шер далам…
Қатпарға толы маңдайың,
Аңызыңды айтып бер маған.

Ойларым көкке ұмтылып,
Жоқ іздеп жатыр таласып.
Меңіреу дала…
Күн тымық…
Ақ сағымдардың арасы.

Алдаспан арлы атың да
Сорыңнан әлде бағыңнан…
Ақ күмбез ақиқатың да
Ағарып шықты алдымнан.

Өткенмен заман зырылдап,
Басыңда бағын жорып жүр.
Шындығың үшін шырылдап
Қызғыш құс әлі қорып жүр.

Қанатың талды қарғам-ай,
Заманның мұңын арқалап.
Қасіретің қамап алғаны –ай,
Қарашығым кетті қанталап.

Бағыңды, елім, бағамда,
Арғысын енді қозғама.
Жеріңнің құты – бабамда,
Бозінген шөккен боздала.

ҚҰЛАГЕР ЖЫР
(Фархат Молдағалидың «ҚҰЛАГЕР» пьесасын көргеннен кейін туған жыр)

ҚҰЛАГЕР,
Нұр саулайды қанатыңнан,
Адымың алапаттай әр атылған.
Бақ едің – Ақиқаттың алдаспаны,
Алаштың арманынан жаратылған.

Жолдарың ағып өткен бәрі нұрдай,
Тектілік ұғымының тамырындай.
Ақанның шемен қатқан шерлі жыры,
Молықбай қобызының сарынындай.

ҚҰЛАГЕР,
Асыл туған жануарым,
Сен едің Рухым,
Жаным,
Бағым – Арым!
Опасыз оба болған аңбағырдың
Мойнында қасиеттің қаны барын.

Біледі өзен-көлім, тау-тасым да,
Жаңғырып жатыр әне, жартасың да.
Қызғаныштан қызыл ит абалатқан,
Қиянат тұр Батыраш балтасында.

Өлеңі тартып туған иесіне,
Түседі дүлдүл ағам жиі есіме.
«Балтасы Батыраштың басын шапқан»
Құлагер Ілиястың киесі ме?

Арыстың аманаты ашыл, мұңым,
Сүртеді екен егілсем жасымды кім?
Өзегімде өрт болып лаулаған жыр
Өксік болып тығылған ғасыр бұрын.

Өтсе де күншілдердің ісі мейлі,
Ер қанатын қасиет құсы дейді.
Құлымдыққа лағінет айтқан сайын,
Құлагер жыр кеудемде кісінейді!..

***
Бұл жылдың тағы бір таңы атты,
Жарығын сыйлады қыс айы.
Тәңірім біз үшін жаратты,
Ақ мамық қарыңды құшайын.

Үн қаттым, үнім де тұп-тұнық,
Сезімім үлпілдек қар сынды.
Өмірдің тәп-тәтті екенін ұқтырып,
Көздерім мұңдардан аршылды.

Өткен күн бүгінге сыбаға,
Бақ деген жолға ұзақ қарадым.
Тылсымын тыңдадым түн ауа,
Ұшқан қар жұлдыздай жанады.

Махаббат – анаңның түскі асы,
Құрбыңның ақ жарқын күлкісі.
Тапталып жатпасын қысқасы,
Жап-жарық жанымның бұл қысы.

АҒАТАЙ, ЕСЕНСІЗ БЕ АЙДАН АМАН…
Амандық БАТАЛОВҚА
(Елдегі ахуал мен Бейсен ағамның өмірден озғаны көңілімде мұң болып өрілді)
… Ағатай,
есенсіз бе, айдан аман,
Сізге сәлем арудан ай қараған.
Шынарының шуағы сөнбесін деп,
Бақытының бағы үшін байтақ алаң.

Айдан арай сімірдім сыр баласы,
Болғаннан соң іші мұң, жырда басы.
Ертеңіне сенеді еңселі елім
Өзіңіздей болған соң бір баласы.

Өмір осы біте ме өткелменен,
Гүл кеше алмай қалдым ғой бөктерменен.
Аңқылдаған ақжайлау ағам кетті
Мәңгілікке қоштасып көктемдермен.

Жолдарыңның жалт берсе өрі қайқаң,
Жарығына жалғанның көніп айтам.
Ардақтымның еліне ақдәриға
Ағатай,
сізге және көңіл айтам…

… Ағарар аман көрсем ақ самала ай,
Жаңарар көңіліміз атса арай.
Ағатай,
айналайын, аман жүрші
Байтағыңнан өзгені бақ санамай.

Айдан арай сімірдім сыр баласы,
Болғаннан соң іші мұң, жырда басы.
Ертеңімен еңселі ЕЛІМ Сіздей
Болғаннан соң қазақтың бір баласы.

ЕМДЕЛ, АНА!
Емханада —
Емдел, Ана!
Анасыз бұл өмірде мен ғана ма?
Анамды елестетті палатада
Ауырып ауыл жақтан келген ана.

Жасқа толған жанарым үркек неге,
Жүрегім, өткенді ойлап дірдектеме!
Сырқатқа ұйқы да жоқ төсекте отыр
Мелшиіп қарап қалған бір нүктеге.

Ұшқанда көз алдымнан көбелек күн,
Ананың осы күйін өлең еттім.
Қызы отыр дәрмені жоқ аяғында,
Анасы сұлқ жатқан кереуеттің.

Ауырып үш жыл бұрын ана туған,
Боп қалғам қайырылғандай қанатымнан.
Орнында
ана әйелдің анам жатқан,
Орнында
ана қыздың мен отырғам.

Уақыттың ауырын-ай безбенінің,
Мен ұққам ұқпаса да өзге мұңын.
… Күні бата бастаған кезін көргем,
Нұры сөне бастаған көздерінің…

Өтсе-дағы талай жаз,
күз арада,
Батар күннің шапағы қызара ма?
… Тіршілікте жүрегін жүдетпесе,
Аналардың ғұмыры ұзара ма?

Көзінің ағы менен қарасын-ай,
Сол түнде көкте маңды адасып ай.
… Айналайын, сіңлім, аялап қал,
Менің анам жатқан-ды тап осылай.

Қайран Ана,
ауылға,
қауымға — Ана,
Төтеп берген жауынға,
дауылға да.
Сенде өкпе жоқ,
Сендегі – бауыр ғана.
Ауырма, Ана!

… Анасыз бұл өмірде мен ғана ма?
Емханада…
Емдел, Ана!

БАЛА ҚАСЫМҒА
(Батыр Қасым Қайсенов жайлы жыр толғау)
Ерлігі мен даналығы жарасып,
Тарпаң мінез тағдырымен таласып.
Қасым,
Саған жыр толғайын ер жайлы
Даңқы өрлеген асқар көктен әрі асып.

Кең даласы дарытты ойды көреген,
Анасы оны бал жырымен бөлеген.
Атасының ақ батасы алып қып,
Батыр болды періштесі жебеген.

Шоқты көзін күнге қадап тұрғасын,
Адуынды Алпамсадай тұлғасын.
Біздің елде аңыз қылып айтады
Қасымдардың жолбарысы – бұл Қасым.

Адамзатқа ойран салған шырғалаң,
Шырғалаңда батыр бабаң сынбаған.
Білекте емес, күш жүректе демей ме,
Жүрегіне жақындашы бір қадам!

Мұз төсеніп қар жастанған Жолбарыс,
Отқа жанбас оқ өтпейтін қорғаныш.
Аңдып атқан ақылымен айла ойлап,
Жау құлатқан ерлігі оның болған іс.

Тумысыңнан ер боп тұнған затыңды ұқ,
Өнегеге өріс болған батылдық.
Даналығы таудай болған атаңның
Жаңалығы – жауды жеңген батырлық!

Өбектедім өлмеу үшін өлеңді,
Құлыншағым, шыңдау үшін өреңді…
Аты аңыз Атаң батыр болғанда,
Қасым болмай көр енді!..

МЕНІҢ БАҒЫМ
Әкетай, асқар тауым, орманымсың,
Сөзімнің салмағысың, қорғаным шың.
Бақыттың бағында жүр еркелігім,
Өзіңдей қамқор әке болғаны үшін.

Жат жерде жазатайым жарыт дей ме,
Ол жақты мәңгі мекен жарық дей ме?
Мұң кешіп аспан жаққа қарай бердік,
Анамның жоқтығына налып кейде…

Өтпесін өмірлерің өкпеменен,
Түспесін еңселерің деп тілеген.
Тағдырдың дауылына төтеп берер
Кеудеме рухпен өзің еккен емен.

Жаза бассам абайсыз тоңып жаным,
Өзің бар деп, әкетай, қорықпадым.
Сенің бағың – өрісің өркен жайған,
Менің бағым – өзіңсің, сол ұққаным.

Сен барда ағарады таңым анық,
Таласа тағдыр дүлей заңы кәдік?
Жыр жазып жүрмін әке, арманымды
Жаныңның жарығына малып алып.

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа