Парвиз Бейги Хабибабади. Селт еткен

Парвиз Бейги Хабибабади. Селт еткен

Автор: Парвиз Бейги Хабибабади, парсы ақыны, жазушы, әдеби зерттеуші
Парсы тілінен аударған: Омарханова Гаухар

1 Селт еткен бұта – жалт қараған бұғы
2 Бəріміз өлеміз
Жансыз суреттен басқа

3
Айна алдындағы сағат –
Өткенге сапар
4 Теңіз – толқын бесігі
5 Күйсандықтың үні ме,
Әлде жаңбырдың күмбірлеген күйі ме?
6 Біз көп өрмек өреміз бе,
Әлде өрмекші ме?
7 Шамшырақ – түнектегі жан дауысы
8 Тасбақа – жанды тас
9 Мен ғашық бола алмаймын,
Сен де.
Махаббаттың өзі таңдайды.
10 Айнаға атқан оғың өзіңе тиеді.
11 Самал жел сенің хош иісіңді іздейді.
12 Маңдайға жазылғанды
Қайта жазу мүмкін емес
13 Кәрі ағаш өз саясына сүйенеді
14 Маңдайдағы сызықтар –
Барса келмес жолдары
15 Қазір тақта ақ
Бор қара.
16 Бидайдың екі жартысы бар:
Адам мен Хауа
17 Жел сенің орамалыңды шешуге асығады.
18 Әрбір көшенің атауы – жағылған шырақ.
(Иранда әрбір көше соғыста қаза тапқан шәһидтің атымен аталған)
19 Қолшатыр қорған болмас,
Жауынды сезіне біл.
20 Кемелердің ақыры қараң:
Не тереңге батады,
Не қайраңға отырады.
21 Көбелек пен инелік
Сенің бұрымыңа ғашық
22 Соңғы рейске орын болмады,
Тірі қалдым.
23 Егер бейбіт ойласаң,
Төбең – сол аспан.
24 Қамыстан естілетін еміс еміс дыбыстар –
қайтпай қалған шәһидтердің дауысы.
25 Ауада сенен хабар әкелген
Көгершіннің иісі бар.

26 Айнаға қарап тұрған қайсысы:
Теңіз бе, әлде аспан ба?

27 Кез келген жаяу
Уәзір бола алады.
Әрбір салтты – жаяу.

28 Өзен – жаңбырдың жаяу жүрісі.

29 Жүйткіген пойыздағы жолаушыларды санағым келеді.
Бәрі де сен секілді.
30 Хауа күндей шыққанда
Адам қардай еріп кетті.
31 Теңіз толқындары – шашын тараған перілер.

32 Ей, бұралқы иттер,
Бұл сабырлы мысық
жолбарыс тұқымдастардан.

(Иранның картасы мысыққа ұқсайды)
33 Ала құлан – табиғаттың тұтқыны.
34 Мың рет отырған орындығың бір күні аяғынан таяды.
35 Толқындар да меңіреу,
Жартастар да саңырау…
36 Сағат тілдері – уақыт қайшысы.
37 Сенің көздерің
Теңізді тебірентіп,
Мені ақынға айналдырды.
38 Кілем – шешілмеген түйіндер
39 Қой көзді жанарыңнан құмалағым жаңылар
40 Қытай қорғаны – тастай қатқан тарих
41 Күз
Жел
Жаназа
42 Таң
Тоғай
Торғайлар симфониясы
43 Асаң туралы ойлап отырсың ба, əлде аққұмырсқалар тізбегі туралы ма?
(Аққұмырсқалар ағаш жейді. Асаға сүйенген Сүлеймен пайғамбардың өлгенін халық аққұмырсқалар ағаш асасын жеп біткенде байқаған)
44 Жел
Соңғы жапырақ
Қыс

45 Самал жел шашыммен ойнап, сені есіме түсірді.
46 Екті
Шықты
Жинамады
47 Қорықпа,
Бұл киім тек тұлып қана
48 Оған өлім
Саған бос оқсауыт
Кім жеңді?
49 Саған жеткенде
Компас бағыттан жаңылды.
50 Шындығында
Түн де толық қараңғы емес,
Күн де толық жарық емес.
51 Наурыз.
Өрмекшілер панасыз қалды.
52 Шымшық – құйқылжыған дауысының тұтқыны.
53 Кеткеніңе жылдар болды,
Ғасырлар бойы ғашықпын.
54 Ұзақ түнде
Айға арқа сүйеймін.
55 Бейнесің бе, айнасың ба?

56 Терезенің қай жағында тұрсың?
57 Ақындар
Түйіп айтады.
Басқалар
Бұрып айтады.
58 Біз гүлдерді иіскейміз,
Гүлдер сені.

59 Аспан өте жақын,
Біз алыспыз.
60 Екі параллель сызық
Шексіздікте қосылуы мүмкін.
61 M1 мылтық
J3 пулемет
F4 ұшақ
RPG 7 – зымыранатқыш
Сандардың жазығы не?
62 Көкжиек
Ұсақ ноқаттар
Құстар
63 Қанша көктем көргенің маңызды емес,
Қанша рет көктемдей құлпырдың?
64 Сен адамсың.
Тозақты да отқа орай аласың.
65 Əтеш таң пердесін көріп əндетеді.
Мен – сенің терезеңді.
66 Өзен кейде теңізге
Кейде батпаққа құяды.
Теңіз, мені тосып ал.
67 Майшам оттың қапасы ма, қорғаны ма?

68 Қайсысының тартылысы көбірек:
алма ма, жер ме?
69 Көлеңкеңнен де, өлімнен де құтыла алмайсың.
Екеуі де көршің.
70 Күл – оттың болашағы,
Топырақ – менің келешегім.
71 Қолшамымды мың Күнге де айырбастамаймын.
72 Терезелер сенің атыңмен сән бастады,
Көмейлер – ән.
73 Сен мені ояуыңда көресің,
Мен сені қиялымда.
74 Мина жарылған жер
Не деген қайғылы шер?!
75 Пойыз рельстің жетегінде.
76 Сен айнада жасырынасың ба, әлде айна сенде ме?
77 Ай Жерді айнала ма, әлде Жердің басы айнала ма?
78 Күннің қаны
Батыстың мойнында.
79 Кеше – алдыңгүннің ертеңі
Бүгін – кешенің ертеңі
Ертең – бүрсігүннің кешесі
Сонда ертеңнің өзі қайда?

80 Сенің қабағың түйткілдерді шешеді.
81 Зілзала шекараларды бұзса ғой, шіркін!
82 Өмір вертикалды.
Өлім горизонталды.
Біз тек 90 градусын көреміз.
83 От «Қандай жел тұрса да, тұрсын» деді.
84 Құс жолы
Ақындардың іздері
85 Сен келгенде көңіл сағаты шырылдайды,
Кеткенде – жүрегім.
86 Бірге бірді қосқанда
Шексіз махаббат болады.
Сен және мен!
87 Отыршы.
Айналып қана кетейін
Күн жүйесі естен танарлықтай.
88 Қолдарым – саған бастар көпір.
Саусағымнан ұшқан көңіл құсы бұрымыңа ұя салады.
89 Біз уақыт қуып жүргенде,
ол бізді өлімге жетелейді.
90 Алманың екі жартысы
Екі ақ жүрек.
Жаңа махаббат дастаны.
91 Қорқамын
көз жасым таусылып қала ма деп…
Сен келмей.

92 Жол бұрушы қателесіп,
Пойыз рельстен шығып кетті.
Темірлердің қақтығысында
Мен сені көрдім.
Махаббат әрдайым оқыс оқиғадан басталады.
93 Өлеңдерім саған арналады,
Көңілімнің мұңын кешір.
94 Ақын – құс
Поэзия – аспан
95 Сен жағадан теңізге қарайсың,
Мен теңізден саған.
96 Әрдайым менің аққан жұлдызым бол.
97 Акулалардікі дұрыс,
Біз өз шегіміз бен шекарамызды білмейміз.
98 От жалыны өз-өзін жеп, күлге айналады.
99 Айна шытынап еді, бетім бытырап кетті.
100 Дауыл – жынданған жел
101 Әкем есейіп,
Ата атанды.
102 Сағат тілдері – улы шаян
Сен менің емім бол.
103 Иіссулар
Сені қанша иіскесе де,
Түп-тамырыңды таппайды.
104 Тарих – жүзіқаралардың қара дәптері.
105 Ізің ешқашан жоғалмайды
Зілзалада, дауылда, селде,
Тіпті галактикалардың қақтығысында.

106 Құм сағат – уақыттың кері айналымы.
107 Айна жалған айта ма?
Мен қателесіп тұрмын ба?
Әлде жыл ауысты ма?
108 Тарих – кісенделгендерді толассыз жоқтау.
109 Айна артында
Жасырынған бейнелер
110 Сағат кері жүрмейді,
Сен қайтып кел.
Сағат алға жылжыса да,
Сен қасымда қал.
111 Ізіңді танимын
Тіпті теңіз бетінен де.
112 Жағалау теңізге шығып, арал болды.
113 Жолайрықта тұрмын.
Қайсысы саған апармайды?
114 Бас сүйектер
Жартылай ашық ауыздар
Аяқсыз қалған сөздер
115 Теңіздегі ақындар
Не торға түседі,
Не қармаққа.
116 Қанша қанат қақсаң да,
Қапастан шыға алмайсың.
117 Сор дала – мәңгі жат мекен.
118 Субұрқақтың үмітсіз талпынысы…
119 Қорқынышты түс жастығымды таптап, басымды теуіп өтті.
120 Аяқталмаған рейс
Кінәсіз ұшқыш
Әу бастан хабардар қара жәшік.
121 Шыршаның да торғайға берер сыйы бар.
122 Шар жарылды,
Көлем жоғалды.
123 Ерітілген айна – су.
124 Менің жеңіме кептер ұя салған,
Сенің жеңіңе – жылан.
125 Ешбір қабырғаға сүйенбе,
Мылтыққа мұрсат береді.
126 Ақындар өлең шығармайды
Тұқым себеді,
Көшет отырғызады,
Ұя жасайды
Құстар кеп….. Пайдалансын деп.
127
Ақын не істейді?
Басына төнген мына бұлт,
Ана қағаздармен…
128 Маңдайындағы сенің атыңмен көкжиекке дейінгі әрбір көше – даңғыл.
129 Көшелер терезелердің жіті бақылауында.
130 Кейбір бейнеттің зейнеті жоқ.
131 Чемоданыңды ал да, кет.
Бұл бекеттен пойыз жүрмейді.
Мұны маған жол бұрушы айтты,
Оны тіпті өлім де зейнетке шығармаған.
132 Мен – қасқыр,
Сен де қой емес ең.
Алаң-елең.
133 Қолғабыңды ұмыттың,
Қолдарым тоңып қалды.
134 Пердені ашсам, қабырға.
Қабырғаға сурет салсам, перде болады.
135 Құстар аспанда қадам басып барады.
136 Жаным қиналып, тер төккенде
Бір сөзден екіншіге ұмтыламын.
Сөйтіп, өлең туады.
137 Бұл пазл бұзылуы мүмкін.
Бірақ Отаным – ешқашан.
138 Нүкте таңданып,
Шеңбер сергелдеңде.
Біз қайда тұрмыз?
139 Өлімнің қанша белгісіздіктен тұратынын ешбір математик білмейді.
140 Саусағыңнан көңіл құсы құйылғанда
Саусағымнан өмір сазы төгілді.
Құс әні
Өмір сазы
Махаббат дастаны.
141 Неондар жалған сөйлейді,
Қалада еш жаңалық жоқ.
142 Мылтықпен дәлдеп атқанда
Анау қара меңді аямадың ба, сарбаз?
143 Бұл әлгі кесілген ағаштың саясы.
144 Теңіз көрген балықтар
Алтын қармаққа түспейді.
145 Судың бар кінәсі – қанды қолды жуғаны.
146 Батпақтар – сен күлімсіремеген су көздері.
147 Бұл көлеңкем бе, әлде көршім бе?
148 Иілмеймін
Кемімеймін
150 Құлағыңды жерге түр,
Өткен керуендердің дыбысы естіледі.

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа