Фариза Жетпісбаева. Өмір жайлы ойлардан арыла алмай…

Фариза Жетпісбаева. Өмір жайлы ойлардан арыла алмай…

ЖЕТПІСБАЕВА ФАРИЗА АМАНГЕЛДІҚЫЗЫ — 2001 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Атырау қаласы Х.Досмұхамедов атындағы университеттің 3 курс студенті. Айтыскер — ақын. Республикалық, облыстық айтыс, мүшайралардың жеңімпазы.

ФАРИЗАҒА СЫР!

Айналамды ер емес ез мекендеп,
Біреу мені күндейді озды екен деп.
Жабыққанда еске алам жұбанышым,
Апам қалай бәріне төзді екен деп.

Сіз айтқандай бұл күнде бәрі ақылды,
Жарып жүрген кей жандар қара қылды
Қорлағысы келеді сезімімді,
Торлағысы келеді қанатымды.

Таза болсам деп едім мен өлеңдей,
Болмысымды тұрасыз елегендей.
Елесіңіз торықсам көз алдымда,
Маңдайымнан сипалап демегендей.

Етектінің қалмай түк бағалары,
Қынжылтады мені осы одан әрі.
Көп ағам жүр ерлерге сөзі өтпейтін,
Нәзік жанға жеткенмен шамалары.

Бар мұңымды аластап, лақтырып,
Шыдап жеңем, күлемін жылап тұрып.
Өз жарамды жазамын өлеңменен,
Көтерілем қайтадан құлап тұрып.

Бәріне де көнеді адам көнсе,
Мойындатам мен әлі бағамды ерше.
Әттең бірақ жан апа төзімменен,
Сіздегі мықтылықты маған берсе…

Талпынысым бойдағы алмай тыным,
Енді ерлікті белгілі жалғайтыным.
Мойындатам мен апа тек сіз үшін,
Фаризалар мүлде осал болмайтынын!

**
Жан дүнием іштегі — қараңғылық.
Ар алдында тіземді барам бүгіп.
Олар менен жарық пен шуақ іздеп,
сансыз ойлар маздатты санамды үгіп.

Сүйсінердей сірә жоқ қылық менде,
өз мінезім өзімді тіліп күнде
бос саңдалып кетемін меңіреу боп,
сезімім мен ақылым біріккенде.

Мейлі қалсын басымның бағы жанбай,
Жағынардай құлқым жоқ табынардай.
Онсыз маған дүние тар секілді,
болады да тұрады мәні қалмай.

Жандар да аз тұратын мені іздесіп,
достық — бақыт бағытқа негізгі есік.
Иланардай досым жоқ жанымда ылғи,
дала кезіп кететін теңіз кешіп.

Таза болсам мөп мөлдір тәрізді өлең,
Үмітімді жанашыр жан үзбеген.
Жоқ іздеген адаммын бұл қоғамда,
жанды, жансыз нәрседен мән іздеген.

Өмір өзі қалыпсыз, құбылмалы,
оған айтып өтермін сырымды әлі.
Шатақ мінез жоқ әлде тағдыр ма екен?
Көз алдымда боп жатқан мұнын бәрі…

***
Бүгін мұңды тағы да түн,
Сырымды айтып жабығатын
Құдайым жоқ табынатын,
Жақыным жоқ сағынатын.

Жалғыздықтың шері менде,
өзің бәрін келіп өңде.
Қайда барып паналайын
бұл әлемнен жерігенде.

Айтшы маған бәрін бүгін,
Неге жаным жамылды мұң.
Ән салумен тым белгісіз,
бөтен жерден табылды үнім.

Анау көкте тек аңсарым,
Әр бейнеден көрем сағым.
Әлсіз шығар менің жаным,
Әлсіз шығар жеңе алса мұң.

Кінәлаймын енді кімді,
Өзің сезіп көр мұңымды
Тек сен ғана сүйе аласың,
Асқақтық пен өрлігімді.

***

Ойлануға жоқ дәрмен,
Сезінуге жоқ үміт.
Кей үмітсіз жандармен,
Басым тасқа соғылып.

Жүргенім бұл не тірлік?
Сыңары жоқ жанымның.
Жүрегімді жетім ғып,
Құсы ұшса бағымның.

Бәрі бүгін далбаса,
сорлылықта құн биік.
Кеше мұңым жармаса,
Басын маған тұрды иіп.

Әлі күнге сол күйік,
Әлі күнге сол менмін.
ойлар, ойлар тұңғиық,
Ұзақ сапар. Жол мен Мұң.

АСПАН

Сырымды менің көкте күн ұққандай,
Жаным ынтық сол көкте үміт бардай.
Есігін қақпай кірген қаншама мұң,
Жан дүнием тұр әлі құлыпталмай.

Дүрлігеді бұл жерде жаттың бәрі,
Мұнда маған еш бақыт таптырмады.
Қаншама күн, қанша ай мына әлем,
Адам кешер ең жақсы сәтті ұрлады.

Қашан бәрі оңалар, тым белгісіз,
Тағдырлар көп бұ жақта жүрген үнсіз.
Жоқ әлде бір бақытты жан бар ма екен,
Тағдыры көрінетін мүлде мінсіз?!

тірліктің сол аспанда мәні бардай,
кейде қара басымның жаны балдай.
Кетермін бе мен түбі тұңғиыққа,
Өмір жайлы ойлардан арыла алмай.

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа