Ұлмекен Лесбек. «Тағы да сүйгім келеді…»

Ұлмекен Лесбек. «Тағы да сүйгім келеді…»

Ұлмекен Лесбек
Бірнеше мүшәйралардың Бас жүлдегері
«Шабыт» Халықаралық жастар фестивальінің Лауреаты
«Арман аралы» жыр жинағының авторы

ЛИЛИЯНЫҢ ҮЗІЛГЕН САБАҒЫ
//Фариза Оңғарсыноваға//

Білгісіз жан бақшасында…
о, жарықтық, обал-ай.
Қара бұлтқа қарсы қарап гүл атыпты сонадай.
Сыздауытқан, күзде ауық таң тәлкектесе, тоң ұрып,
гүлің тұрмақ дірілдейді қара бұтақ сомадай.

Тәлкектейді!
Иә, тәлкек, мейлі.
Бірақ, Лилия тәрк етпейді
арда туған өмірін.
Күн еметін, Гүл егетін біреу болса бұл жерде,
Қала көрмес көңілім.
Көрмегенмін жан баласын,
Жүрек, білем, алдамасын,
Гүл, сосын, ол солмаса.
Жүрек бөлек, ақыл, басым,
Аңсамайды аңсамасын,
Тек Лилия болмаса.

Ол – тәкаппар, өн бойына төзім біткен Лилия,
Ол – арудай көктемінің көзін күткен Лилия.
Жағдайға сай құбылатын құны қымбат құрбымдай,
Тумысынан өзі гүл де, өзі тікен Лилия.

Бірақ қиын тумысынан ерте туып, ерте…
Бек!
Туған екен, таңын көрсін, талайынан ертелеп.
Ұзақ, ойлы қарадым да жүріп кеттім,
жол басқа
Соқпақтарға жетеледі, жетеледі ентелеп.

Сол көктемде…
көргем оны.
Оны көрген қала бұл.
Ақын қызын жоқтағанда су да тұлдыр, ауа тұл.
Замананы заңғар тұтқан ақындарда ол – жалғыз,
Оған ешкім ұқсамайды. Ұқсамайды Лала гүл.

Енді Өлең, ғұмыр қайда, бақыт гүлі қалаған?
Көктеменің көзін аңсап кезем күзгі қаладан.
Бетке бастап жеткенімде
Ауыл.
Үйге.
Бақшаға
сән орнапты, мән орнапты көк төбелі жаңадан.

Ақ көбелек айналшықтап, ақ қанатын қағады,
Кірпік ілбіп, мөлдір тамшы Лилияға тамады.
Сілкінгендей көп дамылдан, гүл жамылған айнала –
Көктем!
Бірақ…
Лилияның…
үзіліпті…
сабағы.

ӨМІР

Кеткенмен кейде көкке ұшып,
Биікке қонғым келеді.
Сүйгенмен әлдекімдерді,
Сүйікті болғым келеді.

Ағысқа қарсы келгенмен
Бәріне көнгім келеді.
Мейірім көпке бергенмен,
Мейірім көргім келеді.

О бастан сені сүйдім мен,
Тағы да сүйгім келеді.
Басымды саған идім мен,
Бір бағыт икемдеп еді….

Өзіме сендім, дегенмен
Бір саған сенгім келеді.
Елеусіз еніп ертеңге,
Тағы да келгім келеді.
Өмір!

***

Жаратқаннан алғандай бір мұң сұрап,
Бір күлем де, жүремін бір тұнжырап.
Мен сені әлі, жаным, сүйіп келем,
Бір күн тұрып орнымнан, бір күн құлап.

Жанарымның алдында сыр тұнғанын,
Байқадың ба, байқасаң, бұл кім жаным?
Өзің ғана сезердей күрсінемін,
Өзің ғана білердей бір мұң барын.

Сүйе тұрып, отына күйе тұрып,
Жазылады көп өлең кие тұнып.
Сезінбейтін мен жақты сезе тұра,
Жүрегіме, қайтейін, ие қылық.

Сен — ғайыпсың, жоғалған жанардан шын,
Әлде, адамдар баспаған аралдансың.
Ғайып мұнар қай жаққа бастайды екен…
Сен маған өлең үшін жаралғансың!

КҮЙ

Жарығым менің, жанарым менің,
Жаныма дәру жазарым едің.
Бұлттармен бірге барады көшіп,
Ауада қалқып ажарың сенің.

Мақпалым менің, мақтаным менің,
Өлеңмен бірге жатталып едің.
Сөзімді сезім сазымен демеп,
Қаламға ғана ақталып едім.

Көңілдің демеп күйік күндерін,
Сенімен ғана биікпін дедім.
Көңілді мұнша көркем сөйлеткен,
Білмеймін, менің сүйіктім бе едің?!

Ғұмырым менің, жуық тағдырым,
Қай жерде сені ұмыт қалдырдым?
Көңілден ғана жауатын бір сәт,
Сен өзі кімсің, суық жаңбырым?

***

Күндер!
Бола жатса келісім,
Бола жатар жаңа Өмір?
Сен келіссең, мен үшін
Көңіл жақта жаңа өңір.

Қорқынышты ал менен,
Мәрт көңілің сол сенің.
Сауға болсын ал сенен,
Сыйлап кетші зор Сенім.

Мен берейін қайғыны,
сен қабыл ал шошынбай.
Мен білмеймін қай күні,
Шаттық орнат досымдай.

Бөленгенде ізгі, ақ таң,
Махаббатқа мерейім.
Жүрегімді сыздатқан
Жалғыздықты берейін.

Дәтке қуат бітіріп,
Сен бергенде қайратты.
Күмән тұрмай кідіріп,
Саған көзін байлапты.

Сағынышты, күтуді,
Тағы сыйса өкініш.
Ақтарып сап берейін,
Алып кетші, өтініш.

Қой, не керек? …сыйлар ма ең,
мәңгі бітер Бақытты.
Ал мен саған сыйлар ем,
мына жалған Уақытты.

ЖАРЫҚ АЙ

Әуеде жүзіп қалықтай,
Қуантқан дейді халықты Ай.
Шалғынға әсем нұр құйған,
Шалқаймай туса жарық Ай.

Қадалған жанар жалықпай,
Жалғанда жалғыз жарықтай.
Дөң басын ала мұнартып,
Дөңгелеп шықса жарық Ай!

Толағай тектес алыптай,
Тау өлең жазам тарықпай.
Нұрыңды сенің сіміріп,
Нөпірлеп өтсем, жарық Ай!

Күндерден күндер жаңылмай,
Күтетін ізгі таңымдай.
Алдымнан ауық сен тудың
Сәулелі жұлдыз – жарық Ай.

Жадымды қайдам, жырым хақ,
Жазатын көңіл жырымдап.
Куә етем оған, Ай, сені,
Жалғанға жақсы ырымдап.

ӨМІРГЕ МАХАББАТ

Жазам деумен өмір, өзім туралы
Тағып алам кіл айып.
Шалғындықтан өз гүлімді табам деп,
Жиі қайттым мұңайып.

Сүрсем деумен, күлсем деумен шаттықта,
Тек бақыттан құралған.
Жаңылумен жазған тілім аптықта,
Болған талай жыларман.

Ақ бұлттардан бір періште қол созса,
Сүңгір едім ауаға.
Қиыр-қиыр аспан жақтан жол созса,
Нағыз әйел – Хауаға.

Тек тағдырға жазылғанмен күнелтер,
Қолымнан да келер емес жиі алдау.
Мүмкін шығар, сірә, мені сүймеуің,
Бірақ мүмкін емес сені сүйе алмау.
Өмір!

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа