Нұржан Байтөс. Айналып кетсем балаға…

Нұржан Байтөс. Айналып кетсем балаға…

Нұржан Байтөс 1989 жылы Шыңғыстауда дүниеге келген. Ақын, журналист. Өлеңдері республикалық басылымдарда жарық көрген. Қазіргі таңда Абайдың музей-үйінің жетекшісі болып қызмет атқарады.

КҮЗГІ ЭЛЕГИЯ

Келдің бе, тағы, сары күзім,
Сары дәліз баққа салды ізін.
Үзілді жалғыз жапырақ,
Үздігіп шықты жалғыз үн.

Сыздаса көңіл түнім боп,
Таң атар нұры күлімдеп.
Асыққан бірақ, құстарға,
Айта алмай қалған сырым көп…

Көшеді сезім қаламнан,
Көшеді үміт ғаламнан.
Жарқ етіп сөнген жұлдыздай,
Жазылмай қалды-ау жаз арман…

Өмірдің осы заңында,
Тағдыр бар, тылсым таным бар.
Өлшеулі жаздың шығы бар,
Өлшеусіз армандарымда.

Арудай қимай қарады,
Қоштасқан жаздың жанары.
Шоқтай тас түсіп кеудемнен,
Суық мұз еніп барады.

Сырласқан қайың бүгін мен,
«Тірісің» дейді «тірілген».
Адасқақ бурыл бұлттарды,
Атсам ба уыз жырыммен?!

Тірліктен қайтпақ тілсіз бұл,
Мұнарға сеуіп мұңсыз нұр.
Үрлейді демін жалғанның,
Үзіліп қалған үнсіз гүл.

***
Асауға мініп, жал құшып жайдақ, сан құлап,
Сан тұрып қайта, сауырға қамшы салғылап.
Маңдайдың тері боршалап ағар сол бір сәт,
Аспаннан жұлдыз түскендей бәрі саудырап.

Асыққа тоймай, асқа да тоймай жарытып,
Алқам да, салқам түйменің бәрін ағытып.
Шабылған шөптің күресуші едік үстінде,
Қырқадан шалып, жамбасқа тастап, қағытып.

Өреде тұрған кеппеген құртты олжалап,
Шайқаған майын әпкемнің қолын ол жалап.
Суырға тұзақ құратын едік, достарым,
Саршұнақ аулап, шақтар-ай, шіркін, сол ғажап.

Тауға да барып, рауғаш теріп шаңбалақ,
Өзенге түсіп, жардағы тасты таңбалап.
Қойбауыр сәттер тынымсыз едік, күнұзақ
Құдықтың суын тасыған біздер қауғалап.

Сауында тұрған ағытып бие құлынын,
Қымызын пісіп, тарысын түйіп күбінің.
Шыға сап үйден жарысып жалаңаяқпен,
Желкілдеп жүрген желменен бірге тұлымым.

Бүлдірген теріп,
Батысын кештің қарсы алып,
Жағалай отты қаумалай жауып, ән салып.
Талықсып барып табушы ек төсек орынды,
Тамаша кездер алыстап кетті қаншалық?

Алыстап кетті, дегенмен бәрі жадымда,
Сап-сары елес сақталып қалған сағымда.
Уақыт мынау кәрі иттің суық көзіндей,
Білте шам қалды сыздықтап бала шағымда…

***
Маусымдық гүлдің мұңындай…
Жанардың мөлдір тұзындай…
Қар басқан көңіл тұғырдай…
Тәкаппар ханның қызындай…

Түс емес, емес өңімдей…
Жақын ба, әлде алыс па…
Өмірдің соңғы деміндей…
Бөтен бе, әлде таныс па…

Бұлттардың бота көзіндей…
Таусылмай қалған шараптай…
Құмалақшының сөзіндей…
Күмәнмен басқан аяқтай…

Тағы да…

***
Көзіме менің қарама,
Сөзіме құлақ сал, қарғам.
Жанары суық ағаңа,
Айтқан сөз ыстық арманнан.

Қабағым қалың әжімде,
Мән берме, тыңда күйімді.
Маңдайым парақ Тәңірге,
Тағдырды жазып сүйінді.

Шашыма салма көзіңді,
Шанағын тыңда әуездің.
Білмеймін мен де өзімді,
Ағарған таңдай әлеммін.

Күбірлеп сөйлей кеткенде,
Күдікпен, қалқам, тыңдама.
Ынтызар жанмын көктемге,
Ұмтылып ұшқан бір ғана.

Өткенді бүгін қозғама,
Ертеңім менің мәндірек.
Күйімді тыңда жай ғана,
Айтады бәрін ән-жүрек.

Дүние бұрып дертесін,
Ұрланып барма сырыма!
Мұңлық пен зарлық шертетін,
Уланып қалма мұңыма…

АУЫЛЫМ

Алыста ауыл,
Сыбызғы,
Сырнайы сиқыр күн ізгі…
Адасқақ бұлттан аумайтын,
Тобылғы майы қымыздың!
Сағындым сені, уыз күн…

Шаһарда құшақ жайды кім?
Тыңдайсың кімнің қайғысын?
Жерошақ жаққан достармен,
Жайлаудың кеші жайлысың!
Сағындым сені, айлы түн…

Самаурын қойып далада,
Масасы талап сары ала.
Жарысып тауға жүгірген,
Айналып кетсем балаға.
Сағындым сені, самала…

Ақсақалдарым бата қып,
Батаңнан ұрпақ от алып.
Қолыңды алу бір бақыт,
Ықылас алу аса құт!
Сағындым сені, ата жұрт…

Таңменен тұрып таласа,
Қойторы мініп балаша.
Қамшыңды басып, құлдилап,
Жарысқан желмен тамаша!
Сағындым сені, қараша…

Сұлудың аңсап наз үнін,
Тербетсе сезім қайығын.
Ағалап шығар алдымнан,
Аман-сау жүрші, бауырым!
Сағындым сені, ауылым…
Сағындым сені, ауылым!

ШЫҢҒЫСТАУ

Шежіре тұнған Шыңғыстау,
Жүз бір жайлау, мың қыстау.
Көшеді бойлап, малшы жұрт,
Түтіні түзу, тұрмыс сау.

Жусаның жұпар ой, неткен!
Сағынышымды шөлдеткен.
Бүлдірген теріп, күлісіп,
Қоштаспай кеткен бойжеткен.

Жарқабақ тастар қанатың,
Құлжаға мекен болатын.
Көкжалың кезіп сайыңды,
Бөлтірік жортып озатын.

Арқырап көшкен ақ бөкен,
Өрісі толған от пе екен.
Шыңғыстау болған қонысы,
Басқа жұрт оған жат мекен.

Суретің сөнбес ойда бұл,
Бостандық сыйлар бойға бір.
Бойлайды Қарашоқыны,
Жамырай көшкен қойлы ауыл.

Жиренше, Борлы, Іңгірбай,
Қара өткел мойнын тұр бұрмай.
Сары көл, Боржық, Ақтұмсық,
Қарақат байлар шынжырдай.

Әулие үңгір киелі,
Жер асты көлі жүрегі.
Жаратқан қабыл қылатын,
Жолаушы айтқан тілегін.

Семсербай, Шақпақ, Ақбұлақ,
Бетқайың, Шотым бақ,қуат.
Құсбазар, Шарбақ, Шатқалаң,
Көлденең, Әбді қос тұрақ.

Қолбасшы Шыңғыс байланған,
Бұл жерде хан боп сайланған.
Қойнауы тылсым құпия,
Таппаспын жұмақ жалғаннан.

Бөктерің қыдыр ырыс-ау,
Қадірлеу сірә, дұрыс-ау.
Ұлылар туған бауырында,
Сен ғана маған Ұлы тау!

ҚАНСОНАР

Әне, кетті,
Міне, кетті,
Ат енді!
Айрыласың!
Шүріппені бас енді!
Қаны қызған аңшы деген қауым бар,
Қасқыр түгіл, қандыауыздан қатерлі.

Дәлдеп тигіз!
Асықпай ат!
Жіберме!
Құлат енді!
Мылтығыңа сүйенбе!
Табиғаттың қолтығында қос дұшпан,
Өмір керек, өмір керек біреуге…

Қуады аңшы тау сайларын тарамдап,
Келе жатыр берен мылтық жалаңдап.
Көк пен жерді дүрліктіріп жан алған,
Көкжалдарға Әзірейіл — адамзат!

Алғашқы оқтың тұтанғанда дәрісі,
Арын алған қатқан сіңір қарысып.
Жай отындай күрк еткенде қандыауыз,
Тітіркеніп қала берді-ау тау іші.

Қошқыл иіс — өлім уы қолқаны ап,
Өне бойды шымырлатып қан тарап.
Өкінген бе түз тағысы тірлікке,
Ар-намысын қаша берді арқалап.

Қалт жіберсең арланның да мысы бар,
Аспанда ай, кеудеңде жан тұтылар.
Атқан оқпен жарысатын жаралы аң,
Қапылыста, қарада тұр, құтылар.

Аранының құлы болған қу тажал,
Келер мезет тулағыңды бір соғар.
Тірісінде құрметі жоқ көк итің,
Өлгеннен соң төрге шығып бусанар.

Аярлық пен айуандығы алмасып,
Қансонарда қашқан ізін қар басып.
Өз үкімін өзі кескен бұл жендет,
Өміріне ол ғашық.

Қасқыр да аңшы, адам да аңшы, қос аңшы,
Қатыгездік ол екеуін матаушы.
Қанша ғасыр арпалысып келеді,
Қателеспей жаратқандай Жасаушы.

Жан беруге келген мына жалғанға,
Таңғаламын бұл тәкаппар аңдарға.
Қайда қашып, құтыларын ойлар ма,
Сол бір аңшы айналса егер арланға.

Мен ойландым ішкі дертім тасқын боп,
Тіршіліктің дүрбісінде қашқын көп.
Адамдардың арасында аңшысы аз,
Адамдардың арасында қасқыр көп.

КӨКТЕМ КЕРЕМЕТТЕРІ

Тіршіліктің шешіп тастап тұсауын,
Уыз ғалам ашты маған құшағын.
Құс қанаты қалықтайды аспанда,
Аппақ бұлттың арқалаған жұпарын.

Аңсар көңіл шөліркесе осы ма?
Қана алмаймын жас бүршіктің хошына.
Белгісіз бір сылбыр биді билеп жүр,
Ақ жауынның әуезіне қосыла.

Жаңбырдан соң жылы ұшырап күн нұры,
Түрілгендей дүниенің түндігі.
Мен тұрған жер ол музаның ортасы,
Мен тұрған жер — ғаламшардың кіндігі.

Табын келіп қосылғанда табынға,
Шұрқырасқан сәуріктердің соңында.
Жылқышылар атой салып қайырған,
Көктем келді, көктем келді ауылға.

Уақыт солай иіргенде ұршығын,
Тылсым күндер, тылсым тірлік, тылсым үн,
Ұйқылы ояу тіршілікті түрткілеп,
Тұмсықтарын шылап жатыр шымшығым.

ҚАЛАМҚАС

Ердің көркі — соңындағы ел тұрған,
Аттың көркі — әбзелі мен ертұрман.
Мен айтатын бұл арғымақ туғанда,
Айлы түні төрт тұяққа тең тұрған.

Енесінен туған кезде сол түні,
Адастырмас жарық бопты жолшыны.
Дара құлын жазық сауыр, құлаш бас,
Қайқы құлақ, кең болыпты қолтығы.

Тайға шығып, тас тұяғы төселіп,
Жалын тіктеп, ол алқымын көтеріп.
Төрт тағаны салтанатты төрт қасқа,
Маңдайында төбелі бар қос елі.

Тайбурылдай тарпаң тұқым, тар мықым,
Шоқтығы да биік тұғын, жалды тым.
Езуіне қос ауыздық сиярдай,
Бармақ тісті, сұлу мүсін, сан бүтін.

Байталында қоң еттері бірігіп,
Бөлектенді мініске де шынығып.
Қызығардай сұлу болды, Қаламқас,
Құйрығынан қыл алмастай суырып.

Көз тиді ме, сөз тиді ме, кім білсін?
Әй, жануар, жығылғаны бір күн шын.
Жығылғаннан тұрмай кетті, жарықтық,
Жүген ұстап қалған кезім бұл құрсын.

Содан бері үйір-үйір жыл өтті,
Қаламқасым, қам көңілді жүдетті.
Қамшы көрсем төрде тұрған ілулі,
Естеліктер ауыртады жүректі.

Сұлулыққа сұқтанатын адам қас,
Өткір көздер — көз емес-ау «арам тас».
Дүбір болып кейде енеді түсіме,
Келмес күннің қарасындай Қаламқас…

АСЫЛ АРМАН

Арнасына сыймастай асып, ауған,
Ақ жауын ақ дүние жасы жауған.
Қай биікке сен мені шығарасың?
Асыл арман…

Саған ғана көңілім алданды бір,
Өмір атты өлкеде қалған дүбір.
Қай биіктен сен мені құлатасың?
Жалған ғұмыр…

Үмітпен қарай бердім мен неліктен?
Керемет мұғжизаңды кеуде күткен.
Пешенесін түсінбей өтті солай,
Пенде біткен.

Ескендір де тоймаған бұл арманға,
Шыңғысхан да ұмтылған шығандарға.
Мен де саған аңсармын, ей, дүние,
Күмән бар ма?

Асан Қайғы Жерұйық іздегенде,
Қорқыт баба тірлікті күндегенде.
Менің де жүрегімде жалғыз қайың,
Бүрлегенде…

Аласұрған көңілдің хошы болған.
Тұрсың ба, сен де мені тосып алдан.
Жұлдыздардай алдымда адастырмас
Асыл арман…

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

2 Пікір

  • Назгүл Шаяхмет
    Август 6, 2020, 9:29 дп

    Нұржанның өлеңдері ауылда туып-өсіп,қаланың күйбең тірлігінде қайнап жүрген мына маған ерекше күш береді.💞
    Өлеңднрінен күш қуат алып,алыстағы балғын шағың бала күнің,жас күнің,ауылың,мейірімге толы ата-анаңның жас күні,ауылыңды сағындырады. Балалығыңның тәтті күндеріне саяхат жасайсың! Керемет!
    Қаламыңның сыйсы таусылмасын,жүрегіңнің ақындық қылы шертіле берсін!💞💞👏💐

    REPLY
  • Маржан
    Август 6, 2020, 10:00 дп

    Ұйқасы үндескен мағыналы шығармалар екен

    REPLY

Сонғы жазбалар

Мультимедиа