Әли Бекмұханбетов. Жеткізе алмас сезімді сөз ұдайы…

Әли Бекмұханбетов. Жеткізе алмас сезімді сөз ұдайы…

Елес Өмірдің самал желі өпкенменен, Бір мұңға батырады өткен деген. Көзді арбар дүниенің ғажабының Өзіңе ұқсап бәрі кеткен неге?! Өзіңе кеткен неге ұқсап бәрі?! Ұқсап бәрі, шығармас ұшпаққа анық… Өмір сүріп жатыр ғой елес-бейнең, Кең байтақ көңіліме қыстап қалып. Гүлге ұқсатам бейнеңді ара-тұра, Көремін көбелектің қанатынан. Үздігіп маған қарап тұрғандайсың Ай болып мақпал түнде жаңа

Елес

Өмірдің самал желі өпкенменен,
Бір мұңға батырады өткен деген.
Көзді арбар дүниенің ғажабының
Өзіңе ұқсап бәрі кеткен неге?!

Өзіңе кеткен неге ұқсап бәрі?!
Ұқсап бәрі, шығармас ұшпаққа анық…
Өмір сүріп жатыр ғой елес-бейнең,
Кең байтақ көңіліме қыстап қалып.

Гүлге ұқсатам бейнеңді ара-тұра,
Көремін көбелектің қанатынан.
Үздігіп маған қарап тұрғандайсың
Ай болып мақпал түнде жаңа туған.

Жаныңмен, жүрегіңмен үңілші деп,
Дәл сендей, жұлдызды аспан күлімсіреп.
…Өткенде, жаңбыр жауған. Терезеден көріндің тамшы болып, бірінші рет.

Қанатты Періште ме, Ұлы Құс па,
Айналдың беймәлім бір құбылысқа.
Байқатпай жүрегіме жасырынып,
Ойнағың келіп жүр ме тығылыспақ?!

Ғажайыпсың, сан түрлі жерге көшер.
Толқын болып, шақырдың көлге неше?
Үмітімнің шөлінде көретінім
сағым екен, алдамшы. Сен бе десем.

Көрсем де елесіңді, көзім күлер.
Өшпейді сондықтан да сезім, білем.
Көбелек те, гүл де емес… көре алсам ғой
Бір-ақ рет болса да өзіңді мен.

Шіркін!

Күздегі жауқазын

Білерімнен көп екен білмейтінім,
(Мінім де бар бойымда мін дейтұғын).
Білмеппін, сол күзде өзің жолыққанша,
Жауқазынның күзде де гүлдейтінін.

Бір көргеннен ұнаттым сені білем,
Жауқазындай жайқалдың көңіліме.
Сенің қоңыр мінезің күзге ұқсайтын,
Алтын күздей бек әсем көрініп ең.

Сол бір күзім, айрықша аңсап тұрар,
Сонда көрдім айды да ән сап туар.
Сол бір күзде ерекше бақытты едім,
Мұңға бүгін батырған сол шақ шығар.

Азап пенен жүрсем де қайғыңды ішіп,
Қанатыңды қиялда жайдың құсым.
Түнгі аспанда екеуміз тыңдаушы едік,
Жұлдыз жырын және де ай күлкісін.

Таппай жүрек шерменде жандай тыным,
Тағдыр берген «сыйының» қандай түрін?..
Сол бір күзден мен енді, анық білем,
Сол жауқазын ешқашан солмайтынын.

Бақ ауылы сәл менен алыс тұрсың,
Уақыт, шіркін, төзімді тауыстың, шын.
Құдай сенен жұмақты сұрамаймын,
Сол бір күзбен қайтадан табыстыршы…

Cен жайлы
Сен жайлы ойымда жүр көп әңгіме,
Жыр толқыды жүректе содан, міне.
Сенсіз өткен күндерім — көзсіз батыр,
Сенсіз өткен күндерім — қараң, білем.

Қателігі, мені елдің есті дейтін,
Ақылым кеп санаға, кеш түнейтін,
Сені ұнатқан күндерден саңыраумын,
Сендік үннен басқаны естімейтін.

Бақ шырағы алаулап жанбас ыңғай,
Үнемі өмір тартпайды жанға сырнай.
Тынысымды тарылтты-ау күндер мына,
Сенсіз жұтқан ауам да қорғасындай.

Шын махаббат білдірмес жай ұғымды,
Шын махаббат — мейірлі, қайырымды.
Өзімді өзім жоғалтып алмасам да,
Сенсіз өмір мәнінен айырылды.

Мазаңды алсам әбестік, бірақ алаң
боп жүремін.
Болса да жырақ ара.
Арқалауға жетеді жүрекке мұң,
Өміріңнен көшсе егер бір-ақ адам…

Сенсіз өткен өмірге шыдап әр күн,
Бақытыңды тәңірден сұрағанмын.
Бар екенін, өзіңді, біліп жүрші,
Дұғасына қосатын бір адамның.

***

Талай сыр көкейдегі жазға мәлім,
Орға көп құлап түсе жаздағаным.
Төрт болса да екі көз, көрермісің
Құдайдың тар маңдайға жазбағанын…

Болсадағы өмірде мың кінәңіз,
Іздемейді әрнеден кім жұбаныш?!
Біреулердің өсегі боп жүргенмен,
Боларыңыз анық қой бір күн аңыз.

Жүрегіңмен өмірдің сезін дәмін,
Бақыт ұшып барады көзіңде, әні.
Құдай бәрін кешетін құдіретті,
Кешіре алсаң болғаны өзің бәрін.

Өзін өзі жоғалтқан маскүнемдей,
Татсаңдағы тағдырдан ащы нендей,
Ешкім сені түсініп, жақсы көрмес,
Өзіңді өзің түсініп, жақсы көрмей.

Ұят пенен намысты қайрап ішкі,
Өзіңді өзің сыйласаң, қайда күшті.
Өміріңде болғанның барлығы да,
Өз өзіңе тікелей байланысты.

Ұмыт дейсің

Естеліктер кешегі қол бұлғайтын.
Бастан кешкен сезімдер, ол кімге айқын?
Шынымен де махаббат болмайды екен,
Күйдірмейтін адамды, тоңдырмайтын.

Ұмыт дейсің…

Ұмытуға оп-оңай себеп, қәні?..
Өшпепті есімің де терек те, әні.
Таңдайыңда бәрібір қалады ғой,
Бал-күндердің тәп-тәтті, бөлек дәмі.

(Жолдар, жолдар… көпсің-ау адам басқан,
Ақ-қарасы кезекпен сан алмасқан.)
«Ұмытылды өткенім» дедім саған
Жалғаншыдан бір шындық таба алмастан.

Өткен күндер айналып көшеді еске,
Мен де өзіммен түсемін бос егеске.
«Уақыт емші бәріне» дедің неге,
Жара қылған бәрін де осы емес пе?!

Жолымыз бөлек, дедің, шамасы анық.
Содан аспан кеткендей аласарып…
Барам енді жол салып, қиқалаңдап,
Қу тағдырға барлығын жаба салып.
Мұңнан сарай тұрғызып, қала салып.

Ұлы далам

О, далам, мен өзіңе сұқтанамын.
Күн күлсін, мейлі түйсін бұлт қабағын.
Жұмақта отырғандай мас боламын,
Ауаңды тойғанымша ұрттап алып.

Өзіңнен еркіндіктің әнін естіп,
Төсіңді жорға атыммен тағы кештім.
Тәңірдің кітабын да сенен оқып,
Аузына құм құямын жарыместің.

Қашық жүрсем сағыныш дерті өнетін.
Жақын келсем, қарсы алдың еркелетіп.
Алыстарға жүземін болашақта
Арманымды желіңе желкен етіп.

Қалай ғана өзіңнен осал туам,
Шабыт берер өзіңсің, басалқы да,
Бақытымды іздеген жолықтырам
Жұпарынан гүліңнің қош аңқыған.

Енді ашылды әлемнің сыры маған,
Сенде екен ғой кие де, құбыла да.
Құдайыма саған кеп тәу етемін,
Тәңірдің жердегі үйі — Ұлы далам!

***
Көк көгершін,
Менің мұңды хәлімді көп көрерсің.
Сынық айна бір жанды көрсетеді
Ғашығына қолы оның жетпеген, шын…

Шын айтамын, сен маған сенесің бе?
Мәңгі қалды байланып ол есімде.
Мен оны жақсы көрем жан-тәніммен
Жанарын,
Нұрлы жүзін,
Елесін де.

Құсым-ау, көздерімнен көрер сырың:
Алдаумен өз-өзімді, өлер — шыным.
Бір нәрсе жетіспейді бақытыма,
Сенде де солай ма, әлде, көгершінім?!

Бұл күнде оны ойлаумен өтеді әр сәт.
Өкінішпен өткенді кетем аңсап.
Сағынышымды екеулеп жеткізейік,
Зілмауыр бұлттан да ауыр. Көтере алсақ…

Бұл бейбақ мұңын маған шағатын деп,
О, құсым өткен шаққа баратын ба ең?
Шимай-шатпақ жазуын тағдырымның,
Өшіріп, қайта жазшы қанатыңмен…

Көгершінім…

Элегия

Жеткізе алмас сезімді сөз ұдайы,
Хәлде жүрмін біртүрлі өзім, айым.
Қыркүйекте екеуміз танысып ек,
Бәлкім, бұл ай — таныстық, сезім айы.

Сол күндердей енді алда өтер ме әр күн?
Сол бір күзді еске алсам, кетем балқып.
Аттанарда біздерге жыл құстары
Махаббатын табыстап кетер, бәлкім?!

Сол күзден сағыныш пен қайғы ап кеткем.
Бір шындыққа кезіктім, ойлап көптен:
Ағаштағы қураған жапырақтар
Жүрегі екен талайдың байлап кеткен…

Жабырқаңқы күз неге, біздей ғарып?
Біздей, білем, жүрегі сыздайды анық.
Табиғатым үндесіп мен де осы
Бара жатқан жоқпын ба күзге айналып?!

Жан жақтан естеліктер аңдыздаған
Сағыныш боп келеді әр күз маған.
Күзді сендей сүйейін, рұхсат бер,
Өтінішім сол болсын жалғыз ғана.

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа