Қуыршақ театрының Құралайы

Қуыршақ театрының Құралайы

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі», «Ерен еңбегі үшін»,«Еңбек ардагері»ордендері мен медалінің иегері, ҚазҰӨУ-нің профессоры, қазақ қуыршақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері Ешмұратова Құралай Халекетқызы 1945 жылдың 4–ші шілде айында Шығыс Қазақстан облысы киелі Семей қаласында дүниеге келген.

1966 жылы КСРО халық артисі, педагог, қазақ драма театрының тұңғыш кәсіби режиссері, профессор Асқар Тоқпановтың шеберханасынан өтіп, Алматы қаласының Құрманғазы атындағы консерваториясын тәмамдады.
1974 жылы Мәскеу қаласы Мемлекеттік орталық қуыршақ театрында КСРО халық артисі, Социалистік Еңбек Ері, кеңес қуыршақ өнерінің негізін қалаушы С. Образцовтың қол астында екі жылдық жоғарғы режиссерлік курсты аяқтап, қазақ қуыршақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері атанды.
1966-1972 жылдары Алматы қаласы Республикалық қуыршақ театрының режиссері қызметін атқарды.
1974-1995 жылдары Алматы қаласы Республикалық қуыршақ театрының бас режиссері болды.
2007 жылы Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театрының» ашылуына себепкер болып, есімі қазақ қуыршақ театр тарихына алтын әріппен жазылды. Осы күні аталмыш театрдың көркемдік жетекшісі.
2008 жылы Астанада ашылған «Джунгли» аниматрониктік театрында бас режиссер қызметін атқарды.
Бүкіл саналы ғұмырын тек қуыршақ театр өнері саласына арнаған белді режиссер, алғыр ұйымдастырушы, сан қырлы суреткер Ә.Табылдиевтің «Жарайсың кірпі»,
Е. Елубаевтың «Балабек», О.Бодықовтың «Сәбираның әлегі», С.Омаровтың «Ақымақ арыстан», О. Әубәкіровтің «Келіңіздер! Көріңіздер!», Н. Гернеттің «Аладинның сиқырлы шамы», К. Чуковскийдің «Айболит», Н. Оразалиннің «Ақ құс туралы аңыз»,С. Жүнісовтің «Атамекен», Л. Симонованың «Құдіретті сөз», Р. Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне»сынды100-ден аса қойылымдарды сахнаға шығарды.
Қ.Ешмұратованың өнер туындылары әлдеқашан жұрт назарына ілініп, мақтау-марапаттарға ие болды. Олар төмендегідей;
1978 жылы Қ.Ешмұратова сахналаған О. Бодықовтың 1000-шы «Орашалақ Ораш» туындысы Қарақалпақ елінде тойланып, халық ілтипатына оранды.
1981 жылы Н. Оразалиннің «Ақ құс туралы аңыз», О. Әубәкіровтің «Спорт және Қожа» спектакльдерін Вьетнам, Кампучия елдеріне көрсетіп, көрермендер алғысына бөленді.
1994 жылы авторы һәм режиссері болған «Қаңбақ шал» қойылымы үшін Иран Мемлекетінде өткен Дүниежүзілік қуыршақ театрлары фестивалінде «Алтын маска» құрмет наградасымен марапатталды.
2000-2015 жылдары дәл осы қойылыммен Алматы қаласы Республикалық қуыршақ театры атынан Франция, Жапония, Чехословакияда өткен Халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, жетістіктерге жетті. Ал, Мәскеу қаласындағы гастрольдік сапарда Н. Оразалиннің «Тарқамайды тойымыз» туындысын көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына ие болды.
Белгілі режиссер шығармашылық жолында О.Бодықов, С.Омаров, О.Әубәкіров, Н. Оразалин, С.Жүнісов, Л.Хамиди, Е.Рахмадиев, Н.Тілендиев, Ш.Қалдаяқов, Ә.Бейсеуов, Е.Хасанғалиев, В.Булгаровский секілді ғасырда бір туылар ақын, жазушы, композиторлармен қызметтес болды.
Осындай озық ойлы толымды тұлға, хас мамандар Қ. Ешмұратованың режиссерлік қызметпен қатар пьеса жазуға да құштарлығын арттыра түсті. Мысалы, «Қыз Жібек» поэмасы бойынша жазған «Махаббат туралы аңыз», «Қаңбақ шал» туындыларын айтуға болады.
2015-2018 жылдары Құралай Ешмұратова атындағы «I-IIші Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестивалі» өтті қазақ қуыршақ театр тарихында тың жаңалығына айналды.
55 жыл қазақ қуыршақ театрының өсіп-өну жолында қызмет атқарып жүрген жанашыр жан,Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, қазақ қуыршақ театрының тұңғыш кәсіби режиссері, елорда қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі, профессор Ешмұратова Құралай Халекетқызын 75 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Саналы ғұмырын қуыршақ театрына арнаған сәруар көңілді, сәби жүректі аяулы жанға зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз!

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа