Еламан ТӨЛЕУТАЙ. «Сүйгенім жоқ, Жек көргем жоқ ешкімді…»

Еламан ТӨЛЕУТАЙ.  «Сүйгенім жоқ, Жек көргем жоқ ешкімді…»

Еламан Төлеутай Талғатұлы — 1998 жылы 20 шілдеде Қарағанды облысы, Ақжал кентінде дүниеге келген. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенті.

МАХАББАТ МАНИЯСЫ…

Әлем-
Мөлдір.
Тамшыдай сырғыған жүзіңнен кілкіп.
Өлең —
Көзіңнен үзілген кірпік.
Маңдайыңдағы неткен кереметті иіс!
Жайқалып көңіліңнен көктем,
Ерініңнен ұшырасын көбелек сүйіс.
Бұрын сүйген ең.
Қазір,
Көбелек қонар бойымда шырын сиреген.
Өмір өгейлеп,
Ғұмыр сүймеген ақынмын,-
Өлеңі – шері,
Музасы — мұңы боп кеткен.
Сағынғым келеді сені,
Сағындырмайсың, әттең.
Қаламыма айналды үзілген кірпік,
Алақаныма құлап.
Бір тамшы жас тұр жүзіңде кілкіп,
Құрғата алмайтын алақанымдағы қуат…

ҚҰДАЙ ЖАЙЛЫ ОЙЛАНАТЫН ҚАЛА

Түркістанда мәңгі батпас бір кеш бар.
Менің хәлім сол кешпенен үндес хәл.
Тозақ жайлы түстерімде неге жоқ,
Күмбез аспан астындағы күмбез шәр?

Жалғыз күмбез.
Жалғыз қанат бір сәуле.
Жалғыз ақын, жалғыз өлең.
Мың сәлде.
Молама да сыймайтұғын пері едім,
Қалай сыйғам молласы көп бұл шәрге!

Шаңқай түнде шалқай кезіп көшеңді,
Әулиеңмен сұраспадым есендік.
О, онсыз да қасіретті қалаға
Еркелеген менікі не есерлік!

Шерлі шаһар, іше-іше сораңды
Біреу кетті, біреу қайта оралды.
Бір тірі ақын өлгендердің ішінен
Өзін-өзі іздеп кетті,
жоғалды.

Шайқап-шайқап шайтан судан ішіп ек,
Найқап-найқап пері қызын құшып ек,
Шарабы да,
Жанары да мөп-мөлдір, —
Түркістанның түсі көк.

Кесененің мұнарасы.
Мұнар ай.
Мұнар айда мұнар ойлар, бұ қалай?
Құдай жайлы ойланатын қала бұл,
Ал, мен нені ойлап жүрмін?
Құдай-ай!..

МӘШҺҮР ЖҮСІП ДАҢҒЫЛЫ

Екібастұз.
Мәшһүрдің даңғылында,
Жылап алғам мамырдың жаңбырында.
Қызықпайтын қала бұл қара өлеңге,
Қызық емес өмірің,
Тағдырың да.

Қызық емес өлең де,
Ақының да,
Бұл қаланың түк те жоқ ақылында.
Мені есейте-есейте ессіз шаһар,
Есерсоқ қып жіберді ақырында.

Қанатымен сабалап көкбет құсы,
Не істеткісі келеді-ей,
Не істеткісі!
Мені жалғыз түсінер бұл қалада
Жүрегі жоқ Мәшһүрдің ескерткіші…

Көздің жасы-ай сондағы ащы келген
Сонда да бұл қаланы жақсы көргем.
Дуылатып дулу-дулы көшелерді
Жалғыз ақын жүреді маскүнеммен.

Көшенің шамы жанар, күн де сөнер.
Дос та жоқ, албырт көңіл кімге сенер?..
Сұр тротуар қайғының ізі жатқан,
сұр үйлер,
сұр бағандар,
сұр көшелер.

Мәшһүр Жүсіп даңғылы.
Жаңа даңғыл.
Мені талай жылатқан ана даңғыл.
Бір-ақ сілтеп қолымды кетем деймін,
Тағдыр айдап әкелген қаладан бұл.

Ұшам деймін,
Таусылып тағатым да,
Бір қауырсын жетпейді қанатымда.
Менің өлер сәтім тұр,
Тоқтап қалған
Орталық көшеңдегі сағатыңда.

ЖАҢБЫР ШАЛШЫҒЫНДАҒЫ АЙ ДІРІЛІ

Түнімен,
Күннен шошынған шықтар қыңсылап,
Дір-дір етеді көктемнің қағы.
Тамырын тіледі аспанда бұлт жалғызсырап,
Жерге тамады жаңбыр боп мөп-мөлдір қаны.

Сәуір нөсері.
сәулесі, табы бар айдың
шалшығындаймын жаңбырдың мансұқта қалған.
Мағынасыздық ішінде жарылардаймын,
Көпіршігіндей тамшының шалшыққа тамған.

Жалғызсырайды ішімде бір бұлт.
Айдың сынығы шашылған көктемнің қағы.
Көзімді ашсам —
бейнелер… мүсіндер… бұлдыр…
Көзімді жұмсам – мөп-мөлдір бәрі.

Мүсіндерге еріп, бұлдырап бара ма сүлдем?
Сәуір нөсері.
Көктемгі жаңбырдың иісі.
Бұрқырап жатыр санама сіңген
Жаңбырдан соңғы жалғыздық иісі…

ЖАРҒАНАТ КӨЗІНДЕГІ СӘУЛЕ

Сұлудай,
жазбаған шынайы хатын,
Салқын мына түн.
Бұлттар ішіне тұр айы батып.
Болдым-ау, мастығымнан бір айығатын.
Басқа құдайлар діндар шығар,
Менің құдайым ақын.

Аспанды айнала ұшқан түн қаршыға
қонады бір иығыма.
Қайтадан осы өмірге келіппіз ғой біз қара басып!
Қатігез дүниеге мына,
Қасымдағы аңғалақ қыз ғана ғашық.
Ол да бір жас бала сынды,
Жүрегінде мейірімді басқа ғасыр жүр.
Өмір біте салмай ма бір қысқа әнімен?
Қарғам-а-ау, басқа ғасыр бұл!..

Ұшып кеткім келеді түн құстарымен.
Жарғанаттың жанары ерікті алады,
Қанатының ізінде дұғам қалып.
Бір сәуленің соңынан еріп барамын,
Маңдайым тұманданып…

ЖАЛҒЫЗДЫҚҚА ОРАЛУ

Әуеде,
Ай толқынына құс тербеліп,
Сайрайды ақ әлемді әнге көміп.
Ай түстес түстер көріп,
Ояндым,
Маңдай тұсым сәулеленіп.

Ояну,
айға ұмтылу, алып ұшу,
ғарыштағы аяулы әнге үздігу.
Айдың бергі бетіндей сағынышым,
Айдың арғы бетіндей жалғыздығым.

Шулы өмір.
Шулы дүние.
Тыншымап ем,
Өңім де,
түстерім де көрген ғаріп.
Айдың арғы бетінде тылсым әлем,
Жерден пәк,
Жерден тыныш,
Жерден жарық.

Тіршілік.
Қара тырбың.
Тойғанмын сорын ішіп.
Орайында отырмын қара түннің,
Маңдайыма жұлдыздар соғылысып.

Арғы әлем.
Кең дүние.
Асығып жеттім ақыр аңсарыма.
Енді міне,
Шошына қарап тұрмын жер шарына.

Түсініксіз күбір

Ақындық па таңға дейін көз ілмеу?
Өлең жазу – күбірлесу өзіңмен.
Ақ парағы секілдімін кітаптың,
Ақ жаңбырдың тамшысына езілген.

Көне кітап секілденіп жүдеп тым,
Көне аспаннан тағы көне түн өтті.
Сені ойласам маздай кетер
көк,
қызыл,
күлгін, жасыл жұлдыздары жүректің.

Оқылмаған назымхаттай наз, аңсар
ішімде өлді, сыртқа шығар сөз аңсап.
Ақын болмай кетер ме едім кім білсін,
Егер, өлең жаза алсам.

Күрең ай да,
күрең бұлт та, түн күрең,
Күрең ойлар күңгірт есте дүрлігер.
Неге сонша сүйесің сен құдайды,
Неге сонша жеккөремін дінді мен?

Күрең-күрең бір күбірлер естілді,
Ал, сен оны түсінбейсің кеш, құрбым.
Мен жай ғана ұйықтамадым түнімен,
Сүйгенім жоқ,
Жеккөргем жоқ ешкімді.

Назымхаттай назды қызға жетпеген,
Құдайды іздеп оралмастан кетті өлең.
Сен түсінбей сүйіп жүрсің құдайды,
Ал мен дінді түсінген соң жеккөрем.

БҮКТЕЛМЕГЕН ХАТ

Түсімде,
Тәңір маған умаждалған хат берді.
Ішінде — …
Есте жоқ не бары.
Екі сөзден ғана тұрады екен деймін небәрі:

«… …»…

Ауыр хат еді, бұлттай.
«Түсің емес» деген екі сөзді әрең түсірдім есіме.
Енді, ойланып отырмын,
Қашан оянып алғанымды ұқпай

ТҮСІНБЕЙМІН…

Саған тылсым көзбен қараймын.
Түсінбеймін.
Түсінсем,
Күмәнім де көбейеді, арайлым.

Қайда қонды сен үрлеген гүл бақбақ?
Білмеймін.
Білсем,
Жария болады ең аяулы жұмбақтар.

Шынайылық көремін көз жасыңнан,
Жылашы сен,
Сұрамайын себебін.
Сұрасам,
Құпияға айналасың ашылған.

Былдыр-былдыр сөйлеп жүрген сәбисің.
Түсінбеймін,
Неге мені түсінбеймін деп налисың?

***
Бір-бір сиқырлы әлем сендегі әр арман.
Әдемі әдетіме айналды әсем күлкіңнен ән аулау!..
Өзің де көбелектей ғана қызсың ғой,
Содан ба,
Көркем күлкіңнің бояулары да әр алуан.

Күліп тұрып жылай салатының да бір сиқыр.
Сиқырыңа сенген түр ғой бұл сиқым…
Күндей қуатпен күйдіріп барады жүректі,
Көздеріңдегі бір сүйкім!..

Еркелегенің де ертегі,
Бала қылықтардың құсын ұшыра!
Сен еркелесең өзімнің есейіп кеткендігімнен қысылам.
Сен жайлы өлең жаза қалсам,
Періштелер қонақтайды қаламымның ұшына..

Сен пері қызындайсың,
Суреттелген пері тіліндегі өлеңде,
Оқылмаған әлі елге…
Тозақтанған тірліктен шошынғанда, еніп кеткім келеді,
Қарашығыңдағы ұжмақтай әлемге…

***
Қалқам, бізде жол да жоқ қой керіге.
Жаным балқып сенің ыстық лебіңе,
Сіңіп барам, сүйіктім,
Көлеңкеңнің түрлі түсті реңіне…

Сондай жылы саған титтей жанасу.
Жанастырма, жақындатпа, аласұр.
Көлеңкең де алуан түсті ғой,
Ал менің
Өне бойым да қара-сұр…

Көлеңкем жоқ,
Жүрегімде түн бар бір…
Мен отына күйіп жүрем күнде ардың…
Маған қатты жақындама, жарығым,
Көлеңкеңді былғармын…

ТҮРКІСТАН ҒАЗАЛДАРЫ
(Цикл)

І

Бағындай Хорасанның,
Таңындай Тегеранның зиба нұрлы,

Сұлтанның сойурғалындай,
Түркіге Тәңірі тартқан сый қадірлі,

Даналықтай кітапта жазылмаған ,
Жаңалықтай ең алғаш ғаламда ашқан,

Жырындай Шираздағы шайырлардың,
Сырындай Шаһризаданың Һаронға ашқан,

Сүгіреті –
Хафиздік меңдей қадірлі өлең ,
Құдіреті –
Құдайлық демдей жан үрлеген,

Аяулы –
Ең алғашқы ақ жауындай,
Шәһбаз шайыр Һәйямның маржанындай,

Самалынан естілер азан үні,
Жұмақтағы өзендей тазалығы,

Көк күмбезі –
Ғажайып ақық мүсін,
Қонақтаған басына уақыт құсы,

Пайғамбар сүннетіндей өсиеті,
Құранның сүресіндей қасиеті,

Иісі жұпар аңқыр қош гүлінің,
Ең алғашқы кітаптай ескілігі,

Сызылтатын Шығыстың күйлерін көп,
Түркілердің бесігі, құт ұясы,

Тәңірдің жазуындай ирек-ирек,
Көшелері — ғасырдың құпиясы,

Мәңгінің бейнесіндей тұрар сәні,
Қасиеті дұғадай Тұран Шәрі!

ІІ

Шәр Түркістан.
Айнала шұға тұман…
Іңір күйер мендегі мұң отынан.
Аруақтармен отырам кесенеде,
Үнін тыңдап құдайдың дұға оқыған…

Сылқия уын ішіп сақиымның,
Таспиғын тағдырымның қате үйірдім.
Бұл шаһар –
Қиылысар ақ нүктесі
Сызығы фәниім мен бақыйымның…

Қайда көмем арманды кеудеде өлген?
Дерт – дермене,
Көзжасым — кермек ермен…
Тазалығы Тәңірдей көне шәрді,
Қызғанамын құдайсыз пенделерден.

Маңайы Түркістанның кілең қорым,
Кілең қорым бетінде жүрер жолым.
Белгісіз бір қабірді аршып алып,
Талақ қып дүниені түнер ме едім?..

Жынды да қашыратын бұлты «Алас!» деп,
Көне шәрде сайтан да ән шырқамас көп.
Жыннан бетер үркітіп аруақтарды,
Мола үстімен қанша өттім шылқа мас боп…

Содан соң түстер көрем түнде суық,
Тұла бойым бір суып, бірде ысынып.
Қашып жүрем түсімде өз ізімнен,
Табаным тиген жерден мүрде шығып…

Шарабынан Шығыстың біреуін құй,
Айтсын аза, толғатсын жүрегім күй!
…Кебіні сүйретілген елестермен
Ақшамдарда адасып жүрем ылғи.

Аруақтар шыңғырып мық түбінде,
Жерге түсер көз жасы шық түрінде…
…Ұжмақ нұры төгіліп қанатынан,
Кесенеде құс сайрар рух тілінде.

Намазшам.
Көне шаһар.
Дүр молалар.
Арылмай-ақ қойдық қой мұң-наладан.
…Кебінін сүйретісіп елестердің,

Кетермін рухтарға еріп бұл қаладан…

ІІІ

Сенсіз маған өмір бос,
Ғұмыр ада…
Шағылысып жүрегің шұғылаға —
Бейсапардан қайтарда, Шығыс қызы,
Қарсы жақтан жолықтың құбылаға…

Күрең іңір сейіліп, қошқыл ымырт,
Ескегімен өмірдің естік үміт.
…Екі жүрек айқастық – екі құшақ,
Қиырында ғарыштың қос тігіліп…

Иісің сезіп бойыңнан гүлдің ғажап,
Жұпарына жұмақтың жүрдім балап.
Аймаласа кеткенде ерініміз,
Қалықтайтын сүйістер күлгін қанат.

…Бүгін тағы қылығың қылды масаң,
Қайтем енді құлпырып күнде ұнасаң?!
Шырағындай дұғамның тұтанушы ең,
Тұманындай Тұранның тұнжырасам.

Ниязындай* ғажайып пешененің,
Құсни сәулем,
Бағымды еселедің!
…Тегеранның жүргендей бақтарында
Түркістанның көп кездік көшелерін.

Ақша жүзің Шираздың ақ гүлі ме?
Бердім саған, сүйіктім, сертті міне:
Тұран Шәрін қияйын Хафиз құсап,
Ай бетіндей аяулы секпіліңе!..

Көне шаһар сыймайтын ғазалға да,
Тек сенімен тұр, қалқам, ажарлана.
Сен кетсең, ғажайыбы ғайыпқа ұшып,

Бұл шаһарда қалады мазар ғана….

ІV

Ғайып бола көрмеші сен, іңкәрім!..
Маған Сен де, Тәңірі де — бір таным…
Сен Сүресің! —
Көктен түскен мен үшін,
Сен жоғалсаң мен өзімді құртамын…

Маған сенсіз қызық емес шәр Тұран.
Қызығыңның Қызыр суына* малтығам…
Сені ешқашан жылатпайын, жарығым,
Көз жасыңда махаббаттымның анты бар…

Аямай-ақ берген екен құдай сән,
Келбетіңе сүйсінеді Күн Айса…
Қарашығым – сезімімнің айнасы,
Соған қарап бір жымишы мұңайсаң..

Ерінің – көзе, іші шарап алқызыл,
Сам түскенде қайтушы едім сан қызу.
Махаббаттың лала гүлі ұшына,
Өрмелейтін сүйістердің қанқызы*…

Түркістанда қайта өңделіп пешенем,
Көктемемен бір көгерді көсегем…
Сезімдерге масаң күйде біз барсақ,
Қанқыздарға толушы еді кесене…

Тұран бақта өзіңменен жинап гүл,
Мұңдарымның мұнарасын қираттым.
Кесенеде қызыл-қызыл сүйісіп,
Саябаққа айналдырдық зиратты.

Өлең болып, өзің болып ой-санам,
Шәр Тұранның көшелерін шайқағам.
…Тәңір болсам,
Түркістан мен Өзіңді,

Дәл осылай жаратар ем қайтадан.
V

Бұлдырайды көкжиекте шәр көне,
Бұлдыраған елеспін бе әлде мен? —
Кетем деймін,
Кете алмаймын —
Күмбезге
Байлаулы тұр өзектегі әлденем…

Түркістанды Тәңірі өзі сый еткен,
Күмбір-күмбір керуен күннің күйі өткен.
Шаһар үсті – бұрқыраған рухтар…
Шаһар асты — сырқыраған сүйектер…

Ескі зират…
Ескі сүйек…
Бәрі ескі…
Сүйек баспай жүре алатын емеспін…
…Қара басып, қабірінен айырылып
Қара түнде қаңғып қалған елеспін!..

Аулаққа кет, алас, алас, аулақ, мұң!
Бақыйыма боздап бүгін бармақпын…
Таптап кетіп замананың сайтаны,
Мен — зиратын таппай жүрген аруақпын!..

Қасіретіңнің қара сеңін қозға, Шәр!
Шын қайғырсаң жас та осал, сөз де осал…
…Әулиенің кесенесін күңірентіп,
Бейуақытта аруақтар боздасар…

Сүйек жатыр іргесінде әр үйдің…
Көкірегіме содан қанша зар үйдім.
Қанша рухтар қалықтап жүр қалшылдап,
Арасында бақый менен фәнидің…

Жаңылысып тіл мен жағым тобамнан,
Шын өмірді сүруді де доғарғам…
Мен – Елеспін, қабір-көрі тоналған,
Мен – Аруақпын, құлпытасы жоғалған.

Ақ кебінім – аруақтығымнан бір белгі,
Кебін сүйреп кезгем аппақ түндерді…
…Қабірімді жоғалтып ап,
Бақыйға
Кетіп барам қолыма ұстап мүрдемді…

Кетіп барам…
Бұлдырайды шәр көне,
Елеспін бе, Өзіммін бе әлде мен?…
Кетем деймін,
Кете алмаймын,
күмбезге
Байлаулы тұр өзектегі әлденем…

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа