Қуат Қиықбай. ЕРАЛЫ ЖАЗЫҒЫ

Қуат Қиықбай. ЕРАЛЫ  ЖАЗЫҒЫ

Түйе табан, атан тұлғалы автокөлік Күшікбайдың кезеңіне көтерілгенде тізгін тартып, кілт тоқтай қалды. Көлік ішінен секіріп екеу, сүйретіліп біреу түсті. Жүргізуші түсуге асыққан жоқ. Әлгі үшеуі беті–қолдарын шаю үшін бұлақ басына қарай жылжығанда, отырған қалпы шалқайып шылымын тұтатып алып, созалаңдап әрең дегенде табанын жерге тигізді. Бұлар күні бойғы шілденің шіліңгір ыстығын өткеріп, батар күнмен таласа Семейден батысықа қарай жүз шақырым жердегі қыстауға бара жатқан жолаушылар еді.

Бұлақ басына бірінші болып жеткен орта жастағы ер адам алдымен қолы мен білегін, сонан соң бетін апыл–ғұпыл жууға кірісті. Қолын сулап алып шашын тарақтап қойып, тағы бір мәрте бұлақтың мөп–мөлдір тастай суымен қатпар–қатпар майлы мойынын сипалап алып, кезегін келесі екеуіне ұсынды. Түбіт мұрты тебіндеп қалған екеудің жылпостау келгені жан–жағына қарағыштап тұрып қалды да, соңдарынан жеткен момындау жігіт алғашқы еркек секілді сыланып, сипаланып көп жуынбай бірден бұлақтың зәмзәм суына бас қойды.
Орта жастардағы еркек қалалық соттың тергеушісі – Сырым Сәттібекұлы. Танауын тескен тайлақтай соның соңынан салпақтаған екеуінің бастары істі болып, күндері жаңағы тергеушіге қарап қалған. Біреуі қазақы тәрбие көрген ауыл баласы Ақназар. Екіншісі қаланың қу аяқтарынан саналатын Абрам. Әкесінің ұлты белгісіз болған шата неменің тілі қазақшаға бұлбұлша сайрайды. Он бір жыл мектепті қазақша оқып, кез келгеннің табалдырығына табаны тие бермейтін университетті тауысқан бәленің білмейтіні балықтың аузында болса, көрмейтіні көктегі бұлттың арасында. Жүрмейтін жері жоқ жылпос Абрамның пысықтығы ғой Ақназардың басына бәле байлап бергені…
– Солай жігіттер… Дала деген керемет қой, ә – деді тергеуші шопырынан сұрап алған темекісінің тұқылын, аруақты батырдың асуында шашылып жатқан киелі қиыршық тастарға мыжғылап жатып.
– Аға, сонда біз мұнда қанша уақыт боламыз? – деп Ақназар шопырдың алыстау тұрған сәтін құр жібермей, көңілдегісін сездіріп, үшеуіне ортақ, оңаша әңгімеге көшті.
–«Аға», «жаға» деудің қажеті қанша? Мен саған атымды атай бер дегенім қайда? – деп тергеуші Ақназарға алара қарағыштап алып сөзін жалғады – Ары кетсе екі жыл ғана жүресіңдер. Сосын сызып кетсеңдер болды да.
–Өй, екі жыл дегенің тіптен көп қой – деп Абрам ернін шүршитіп ысқырып кеп жіберді.
–Екі жыл көп болса, темір тордың тұзағында он жыл омалып отыра ғой онда – деді Сырым да сызданып.
–Бопты онда. Айтқан екі жылға шыдаймыз. Сөзіңде тұрсаң болғаны – деп Ақназар теріс айналды.
–Оны уағында көрерміз. Ешкім сендермен шарт жасасып, қандай да бір құжатқа қол қойған жоқ қой.
–Сонда қалай? Көп жүруімізде мүмкін бе? – деп Абрам да өтірік шыр–пыр бола қалды.
–Иә. Айтқанға көнбей бұлтақтасаңдар бастарыңды жұлып аламын. Өлсеңдер түрмедегілердің тізімінде кетесіңдер. Солай, жігіттер. Әр қадам санаулы болсын.
Сырымның соңғы сөзін жүре тыңдаған Ақназардың жүрегі алай–түлей бұлқынып барады. Сырымның айтқанындай өлсе құны даусыз екені де шын. Әке–шешесі әнебір жылдары атом бомбасының зардабынан көз жұмған. Әкеден қалған қара шаңырақта кейуана жасына жеткен кәрі әжесі мен жасы кіші қарындасы бар. Оларды «қалада жұмыстамын» деп алдауын алдап қояды ғой. Бірақ мұның ызасын келтірген ол емес. Қаладан шықпай тұрып «әкелеп» әлпештеп, «көкелеп» көпшік қойып көкке көтерген Сырымның қыстаққа жақындаған сайын әкіреңдеуі еді. Осындай былыққа басын тыққан Абрамның қаперіне ештеңе кіріп шықпайды. Әкесінің үйіне қонаққа бара жатқандай қоқаң–қоқаң еткен жүрісі анау. Абрамға ызалана қарап алып, көлікке кектене жайғасты…
…Ақназардың басына түскен іске Абрамның еш кінәсі жоқ. Кінәлі өзі. Өзінің көңіл жықпастығы. Абрам қайбір екі туып бір қалғаны дейсің. Дос дейтін досы да емес. Ақназар ауылдан келген жылы екеуі бір топқа оқуға түскен соң жасы қатар құрдас демесең, сыры бір сырлас емес еді. Оқуын аяқтауға бір жыл қалып, бұл ауылдан төртінші курсты аяқтауға келгенде жатаханадағылар жылдағы әдеті бойынша жоғарғы курстағыларды жалдамалы пәтерге қарай жылжытып жіберген. Сол кезде қырсық болып Абрамның жабыса кеткені. Екі сөмкесін екі қолына ұстап, сең ұрып кеткен балықтай сенделіп қалған бұған, Абрам өзі тұратын шағын ауданнан арзанға жалдамалы пәтер тауып бере қойғаны. Ақназар басқалар секілді қос–қостан қосақталып, төрт–бесеуден топталып, жеті–сегізден сығылысыпай бір өзі ғана жұпыны пәтерде жалғыз тұратын.
Сосын бәрі басталды да кетті. Қыз–қырқын қылмыңдайтынды, жолдас–жоралар жолағыштай беретінді шығарды. Осының момындығын місе тұтып, маңыда жүретін сужұқпас қулар он екіде бір гүлі ашылмаған ашық ауыз қыздардың ақтығын аспанға лақтырып, пәктігінің парша–паршасын шығарып жатқанда, бұл бүріскен қалпы бұйығып, ұйқысын соғып жата беретін. Солардың ең ортасында Абрамның жүргені тағы рас. Ақыр аяғы Ақназарға пәтерін жалға берген кәріс кемпір шу көтермегенде, мұның қызойнаққа айналып кеткен тұрағы талай қыздың гүл өмірін күл өмірге ұластырып, жарық дүниеге жете алмай арманда кеткен талай ұрықтың түбіне жетуін тоқтатпай жалғаса беретін еді. Бәлелі кемпірдің айқайынан соң сауықшыл жастар жөніне қайқайды. Тек арасында келгіштеп жүретін осы Абрам ғана. Оның өзінде жәй келмей тыққыштап сырасын әкеледі. Сосын екеуі арақтың буымен күбір–күбір көңіліндегісін көйітіп, сыбыр–сыбыр сырласуға көшетін. Солай да солай «гөлайттәп» жүргенде төртінші жылдың тұтам құйрығы да түгесіліп, қолдарына арпалыспен өткен айлардың айғағындай болған дипломдарын да алған.
Сол күні жүрегі біртүрлі қоңылтақсып дегбірсізденгені болмаса, бұлардың мейрамханадағы кештері еш қандай төбелессіз тарқаған. «Сендер енді бізге әріптес болдыңдар» деп стақан соғыстырып шәкірттерімен қосыла думандатқан ұстаздардың да мұрындары мыжылмай, беттері бүтін қайтқан. Түні бойы табандарын тоздырып, балтырларын семіртіп жіберген ессіз музыкадан таңға жуық дамыл тауып, үйіне келгеннен кейін енді жатуға оқталғанында есікті Абрам келіп тепкіледі.
–Ей, не болды саған – деді мынау есігін құлықсыздау ашып.
–Мені үйден қуып жіберді – деді Абрам екі аяғына әрең мініп тұрған қалпы жел үрлеген қаңбақтай теңселіп – арақ іштің дейме, темекі тартасың дейме, мына менің істемейтін басымды одан әрмен… – деп шешесі туралы бітіп болмайтын шағымын айта берді. Ақназар оның осындай әңгімесін талай естіген. Сондықтан артық сөзге келместен:
–Кірсеңші енді. Неғып тұрсың? – деп еді.
–Жо, жоқ. Жүр көшеге шығып қайтайықшы – деді анау.
–Көшеге шыққаны несі. Сен өзің сүйретіліп әрең жүрсің ғой.
–Бүгін түнді ұйықтамай өткіземін. Жүр ішейік. Менің көкірегім өртеніп барады… Басыңды несіне шайқайсың. Бармасаң онда өзім кеттім – деді де Абрам жаңағы есікке сүйеніп тұрған мастығы лезде тарқап кеткендей, сыртқа зыта жөнелді.
Абрамның алып–ұшпа мінезін жақсы білетін бұл оның артынан далбақтап жүгірген де жоқ. Тек балконға шығып бір тал шылымын шегіп бітіргенше Абрам қайтып оралды. Қолында оны–мұны затқа толы дорбасы бар. Ас үйге қарай бастап жүрген мұның соңынан әлдебір түсініксіз бірдеңелерді жағы талмай айта берді.
–Осының бәріне шешем кінәлі… Қайдағы біреулермен ойнас жасап, бала кезімнен адамның жынын қоздыратын – деп ежіктеді сөздерін.
–Жалғыз бастылық әйел затына азаппен тең – деді Ақназар.
–Ей, ағасы… бүгін маған сенің ондай пәлсапаң жүрмейді. Енді ол мәңгіге жалғыз қалды. Мен ол үйге қайтып барсам қатын боп кетейін.
–Анаңнан безіп еркек болғаныңды көрейін…
Абрамның көңілін қимай екеуі қатар отырып алып, тағы сілтеді. Анау секілді емес түні бойы ішкенді көтере алмай Ақназардың мойыны былқ–сылқ етіп әбден күйісі кетті. Әңгімесін де шала–пұла тыңдады. Бір есін жиса жағымен жақтауды ұрғылап Абрам әлі қақсап отыр екен. Есінде еміс–еміс бірдеңе қалыпты сол кештен.
–Ол енді мәңгіге жалғыз… Менің еш кінәм жоқ. Шешем қорғаштаған болып арамызға түсе берген соң теуіп–теуіп жіберіп едім. Тіл тартпай кетті… – деп ол Ақназардың миына кіріп шықпайтын бұлдыр да бұлдыр дүниелерді айтып басын кептіріп жіберді.
–Мен адам өлтірдім – деп еңкілдеп жылады ма, әйтеуір түк ұққан жоқ. Одан арғысы мүлдем есінде қалмапты…
Абрам сол келгеннен мол келіп, мұның үйінде тура бір жеті бойы бұта басын сындырмады. Екеуі басында біраз жұмыс іздеп өтірік бас қатырғаны болмаса, күні бойы қорылдап ұйқы соғып, түн баласында арақ ішуден басқаға қолдары тимеді.
Абрамның мастықпен айтқан сөздері рас еді. Таңға жуық сауық кешінен оралғанда оның шешесі ойда жоқта Ресейден іс–сапармен келе қалған ескі танысымен ойнас қылып, оттай ыстық сезімнің отына өртеніп жатқан–тұғын. Елуге тақап қалған ғұмырында, байсыз өмір кешкен қатын еркектердің ықыласы мен мейріміне, жылы–жылы сөздеріне зәру еді. Әрнені айтып, шараптың буына шалқып, қытықшыл нәпсінің құлы болған екеуі төсекте аз–маз алысып алғаннан кейін, қайтадан тұрып алып әңгіме соғып отырған. Осы кезде пәтердің есігін шала есті Абрам келіп соққылады. Есікті шешесі ашып, қайдағы–жайдағымен алдаусыратып барып, «досым еді» деп танысымен таныстырды. Шешесінің танысы да орынынан ұшып тұрып, қолын ала жүгірген. Ол болса ештеңені елемей өте шықты. Бөлмесінде ары аунақшып, бері аунақшып жата алсашы. Әлгі немені де ажал айдады ма көңілдесіне айтқан қалжыңдарына ең алдымен өзі күліп, Абрамның әбден зықысын шығарды.
Болмағасын ақырын басып ас–үйге шықты.
–Ей, малғұн дереу табаныңды жалтырат – деді болды алғашқы айтқан сөзі. Сосын арғы жағы айтып болмас ұзақ әңгімеге ұласып, Абрам мен шешесінің ашынасы екеуі алыса түсті. Жасы елулердегі бейтаныс еркек қарулы еді. Абрамның «сұлатып салып, сабап алсам» деген ойы далаға кетті. Екі еркектің арасында жанын қоярға таппай ойнасқұмар қатын жүрді. Сондай бір әредікті пайдаланып Абрам ас үйдегі үстелдің үстінде тұрған пышақты ала салып әлгінің ең алдымен қарынына кірш еткізе сұғып алды да, содан кейін барып жүрек тұсынан тағы бір мәрте ұрды да жіберді. Қып–қызыл қанға қақалып өлгелі жатқан еркекті көргеннен кейін ес–түсін білмей тұра қашты. Басын ұрғылап, бес тал шашын жұлмалап шешесі қалды. Абрамның көз ашып, ес жиғалы бергі шешесінің жасаған бейбастығына осылай соңғы нүкте қойылды.
Бір жеті бойы табанынан тозып іздеген тәртіп сақшылары арнайы жасақпен бірге кіріп келіп, екеуін бірдей қолға түсірді. Алғашқы тергеу күні–ақ Сырым момақан Ақназарға құрығын тастай салған:
– Қой баға аламысың? – деп сұрады Сырым алғашқыда.
– Иә. Оның бұл іске қандай қатысы бар? – деді бұл.
–Қатысы болғанда қандай. Әлде түрмеге отырғың келе ме?
–Не үшін – деді тағы да бұл бейшара аңтарылып.
–Сенің қылмысты іске қатысың бар. Үйіңде жеті күн бойы қылмыскерді жасырып келгенсің. Ұқтың ба?
–Жасырғам жоқ. Айттым ғой.
–Болды. Жетеді бізге де осы.
Өзінің ешқандай кінәсіз екеніне Ақназар сенетін. Бірақ он–бес күн бойына көзін мөлдіретіп қамап қойған Сырым айтқанына ақыры көндірді. Егерде болған оқиға дәл осылай Сырым тергеушінің долбарымен сотқа жететін болса, онда жағдай да тым ауыр болғалы тұр еді. Адам өлтірмеген Ақназардың жайы былай болғанда, қылмысты Абрамның келешектегі тағдыры тіптен оңай шешілді.
–Жарайды. Келістік. Тек, ағасы, анау текешіктердің мүйізінен құтқара гөр – деп жалынып алып, – Әйтпесе не аналар, не мен өлемін – деп бәлсінді Абрам. Сөз осымен тәмәм болды да, Сырым екі сортының бар құжаттарын екі–үш күнде бір ыңғайға келтіріп алып шыққан беттері осы. Сөз ләміне қарағанда баратын жерлері Ералы жазығындағы иен қыстау…
–Міне, жігіттер қыстауға да келіп жеттік. Күшікбай асуынан Ералы жазығына дейін алыс емес дегенім осы ғой. Әне, қойын қайтарып Жомарт та келе жатыр – деп екіленіп сөйлеген Рүстемнің сөзі Ақназар ойының ту талақайын шығарды.
Екпінімен келіп тұра қалған көліктен барлығы дерлік бірі кісідей түсіп, қап–қара джиптің есігі сарт–сұрт жабылып жатты.
Бұл қыстаққа аудан орталығында тұратын Жомарт егде тартқан шағында қаладан жұмыс таппай осында үй–ішімен бірге қойшы болып келген. Ұлы мен қызы оқу қуып шалғайда жүр. Әйелі Майгүл Сырымның елу бас сиырын сауса, жазғы демалыста балалары келіп көмектесетін. Биылғы жылы ұлы мен қызы да дала безіп әке–шешесіне көмектесуді емес, қаңғырып қала кезуді ұйғарыпты.
Жомарттың үй–іші тұратын қыстаудың солтүстүгіне салынған лашықтан дударбас біреу шығып бұларға тесірейе қарады да:
–Мыналарың кім тағы? – деп айғай салды.
Қой бағып келген Жомартқа амандасып жатқан Сырым ештеңені сездірмей:
–Мынауың қой бағуды мүлде қойған ба? Ана жолы да мен келгенде осылай қиралаңдап жүрген еді ғой…
–Ішпегенде неміз қалды біздің? Қатын–бала қалада. Әкесінің не өлісін, не тірісін білмей бейшара күн кешкендеріне биыл міне аттай алты жыл болды емес пе? – деді де тізесін бүгіп алып темекісін тұтатқан соң, асқан құштарлықпен құшырлана сорып–сорып жіберді. Сырым оның сөзін елеген жоқ. Қайта ана албастының қанын қайнатқысы келгендей Жомартқа бұрылып:
–Өй, Жомарт–ау неғып тұрсың бізге қонақтар келді. Қойыңды соймаймысың – деп еді. Тағы да әлгі жалбыр шашты міскін сөзін іліп әкетті.
– «Қойыңды соймаймысың» дейді ғой тағы. «Менің қойымды сой» деп неге турасын айтпайсың. Мына бейшара Жомарт екеумізде қайдағы қой? Қой тұрмақ басымызда бостандық жоқ. Мен бәрін білем бұлар қонақ емес, бүгіннен бастап сайтан айдап келген сенің құлақкесті құлдарың…
–Ей, неге бүгін сонша ашулысың? Қайтесің елдің көңіл күйін бүлдіріп – деді Рүстем Сырымның тілі байланып сөз таппай тұрғанын ыммен түсініп. Жомартқа ақырын мына келгендерді үйге бастап кіре бер дегендей сыңай танытты. Жомарттың артынан Ақназар мен Абрамның ілескенін көріп, Сырым мен Рүстем тілін безеп отырған маскүнемге қарай адымдады.
–Ей, сорлы сенің осы үйге жаңа қонақтар келсе тілің өсіп кететіні несі а? Әлде менің таяғымды сағынып қалдың ба? Мә, онда. Сағынышыңмен қауыштырайын сені.
Алғашқы соққы жерде жүрелеп отырған бейшараның бүйіріне тиді. Тергеудің кезінде адамдарды аяусыз жазалауды үйренген Сырым жазықтыларды қалай сабау керектігін білетін. Оның қасына Рүстем де қосылып байғұсты аямай тепкілей берді. Бірақ ана сорлының жаны шығып кеткендей «қыңқ» деп дыбыс білдірмеді. Жаны төзіп үйренген секілді, басы мен бетін көлегейлеп жата берді. Көзі шалса Жомарт арашалап алатын әйтпесе итше тепкілеуін өздері шаршағанда қоятын. Қолдары қышыған екеу істерін доғармады. Енді келіп жатқан жігіттерді үркітіп алмау үшін мұндай бассыздыққа бармайтынына сенді ме Жомарт та сыртқа шығуға асыпақды…
Оның аты Арсений, ұлты орыс еді. Қалада көпкөрім қызметі де болған. Анау жылдары қойшысыз қалған күндерде, осы Сырымның өзі көшеде арақ ішіп қызып алған үшеуді әй–шәйға қарамай ұрлап әкеліп осында қой бақтырып қойған. Арсениймен бірге келген екі қазақтың біреуі жер жадысын жақсы білетін неме екен. Осында келген соң Сырымның құлдығынан қашып құтылды. Сырым мен Рүстемнің сөз аңғарына қарағанда қазір қалада аман–есен тек иен далада қаңғырып қалғандықтан аздап есі ауып қалыпты–мыс.
Ал, екінші қазақ әкелген күннің ертесінде құлдықты намыс көріп бағынбай бұлтақтап Сырымның жағасынан ала түскен соң, ертең үйіңе апарамыз деп алдап сулап қоя берді де, Жомарттың өзі мен үй–ішіне, сосын Арсенийге білдіртпей көзін құртып тынған. Бірақ Арсений Сырым мен Рүстемнің оны аяусыз қинап өлтіріп, Шыңғыстаудың жықпыл сайына апарып жасырғанын да білетін–ді. Әлі ешкімге тіс жарған жоқ. Сырым мен Рүстем де сезіктенбейді.
Иен қыстақтағы Арсенийдің күнін итке бермесін. Оны әкелген күннен бастап, жеке лашыққа тұрғызды. Қыста Жомарт тұратын үйдің шыға берсінде жатады. Арсенийді көзі шалса әрнені сылтауратып сабайтын Сырым мен Рүстем. Ал осы қыстақта тірлік кешетін Жомарт пен Майгүл бұған іш тартып, қарайласып–ақ келеді. Әйтпесе, қанына қарайған неме баяғыда–ақ ол байғұстарды жер жастандырар еді. Арсений қашуға талай әрекеттенген, бірде қашып құтыла алмай қолға түсті, бірде адасып–адасып өзі қайтып оралған. Содан бастап қашуды қойды. Тек қаладан Сырым келген күні жыны қозып, бар уын шашып, өшін содан алғысы келетіні бар.
Арсенийдің осындағы малға қыс бойғы шөбін жинау үшін қой бағудан босаған жайы бар. Техника мен трактордың тілінде сөйлейтін «батырекеңнің» жаман әдеті қолы босай қалса, Жомарттан арақ сұрап алып әндетіп отырады.
Ертесі күні Сырым мен Рүстем күн шықпастан қалаға қайтты. Абрам мен Ақназар да ұйқысын қандырып, кеше кешкісін Сырым тапсырғандай Абрам Арсенийге шөп тасуға болысу үшін, Ақназар Жомартқа қой бағысу үшін далаға шықты. Есік алдында оны–мұны шұқылап жүрген Арсенийдің ісік басқан бет–ауызын көріп, Ақназардың денесі тітіркеніп кетті.
–Темекің бар ма – деді Арсений екеуін көрген бетте көзін аларта, тікірейе қарап. Абрам арақты атасы өлгендей сіміргенімен темекі тартпаушы еді. Шынын айтты. Арсенийдің сұраған темекісін Ақназар берді.
–Қазақсың ба? – деді Арсений. Ақназардың ұсынған темекісін алып жатып.
–Иә
–Не тірлік етіп едің? – деді тағы да қоймай.
–Биыл оқу бітірдім.
Ақназардың жауап бергеніне Арсенийдің сұрағы көбейіп кетер деп сезіктенді ме, қарсы сұрақты оған Абрам қойды.
– Сен өзің кімсің?
–Таза орыспын. Қазақшаны да қатырамын. Бұрын боқтауды білетінмін. Қалғаннын Сырымның таяғы үйретті.
– Мен шатамын – деп Абрам әңгімені бірден үзе салуға ыңғай білдірді.
– Солай де. Мұнда сендер қалай келдіңдер? – деді Арсений жөткіріне сұрауын жалғастырып.
– Қалай болушы еді. Көлікпен келдік. Жүз шақырымдық жолды жаяу жүріп есуас деймісің – Абрам кекесінмен кесіп сөйледі.
– Жоға, сендерді де біз секілді қолдарыңды арттарыңа қайырып алып келді ме деп сұрап отырмын – Арсений екеуіне бірдей сұраулы жүзбен қадалды. Ақназар мына екеуі қайтер екен дегендей бір түрлі қобалжып төмен қарағыштай берді.
– «Қолдарыңды арттарыңа қайырып» дейсің бе? Хеһ–хеһ – Абрам біртүрлі ыржалақтай күле салды да – Менің қолымды қайырған адамның сол жерде қанын ішемін. Біліп қой – деп дауысын қатайтып қойды.
–Байқа бала. Қол қайырғанды қойып сенің қаныңды Сырым қасықтап тұрып ішеді әлі. Мына қыстақта тәртіпке бағынбаған талайдың қаны төгілген. Мен жәй әншейін сендерді аяп отырмын да – деп Арсений жуаси жауап қатты.
–Сонда қалай анау Жомарттың үй–іші де қолдарын арттарына қайырып осы қыстаққа құл болып келген бе?
–Жоқ. Жігіт ағасы Жомарттың қолын байлап әкелген Сырым емес, тірліктің темір тұзағы. Жасы елуден асқанда қаладан жұмыс таппай қаңғырғанда Сырымға кез болып осында келген. Қалада білесің, орта жастағы еркектер қолына сыпыртқы алып көше сыпыруға ғана жарайды.
–Жарайды ағасы. Стоп кадр! Артық әңгімені қайтеміз. Жүр екеумізге жүктелген іске кірісейік. Тракторды от алдыр. Шөп тасимыз.
«Жынның тілін жын біледінің» керімен сол күнгі таңның шілтер шымылдығын ерегеспен түріп тастаған Абрам мен Арсений, содан кейін ымы мен жымын білдірмей бірге жүріп, айырылмас достар болып алды.
Ақназар мен Жомарт Сырымның малын бағып күнелтті. Бұл қыстақта жүз қаралы сиыр мен бір отар қой, үш–төрт үйір жылқы бар–ды. Ақназар Жомарттың жанында жүріп талай нәрсеге қанықты. Қой бағып, қара құрық сүйреткен пенде демесең, Жомарт небір жақсы әңгімелерді айтуға шебер еді. Ақназармен алғаш танысқан күндерінде, оның басындағы жайға қанған соң, өздері тұрып жатқан қыстау маңындағы әулиенің мазары жайлы да сонда айтқан:
– Бұл жер киелі мекен. Ералы деген би болған екен бұрындары, сенің мүмкін еш кінәсіз екеніңе сол әулие төрелігін айтар. Еш айыбың болмаса ертең–ақ қайтарсың. Тек шыда. Қиыншылыққа төз. Қайдан білесің мүмкін мұнда сен аздаған күнәңді жуып–шаю үшін келген шығарсың…
…Содан бері Ақназардың Ералы жазығына келіп тірлік кеше бастағанына екі жарым жылдан асты. «Екі–ақ жылға барасың» деген Сырымның сөзі өтірік болып шықты. Сырым қыстаққа көптеп келе бермейді. Келсе Рүстем келеді. Бірде күзге қарай осындағы тоқты–торым мен тана–торпақты қалаға сатуға әкеткелі келген Рүстемнен сәлем айтып жіберген. Бір жұмадан соң Сырым екеуі қатар келіп Абрам мен Арсений үшеуін қосақтап қойып сабап алған. Бұл Ақназардың екі жарым жыл бойында жеген алғашқы таяғы емес еді. Осында келген жылдың қысында арам қатқан қозы–лақтың кесірінен Абрам мен Арсений үшеуі талай теперіш көрді. Сырым айтар сөзін Жомартқа айтып алғанмен бар өшін үшеуінен алатын. Жауап қайтаруға әзір тұратын Абрамды аямайтын. Бәлкім қылмысты екенін білгендіктен болар қаңтардың аязында далада түнеткені де бар. Қаладан келген сайын «әләуләйға» баса бергеннен кейін Сырым қыстаққа арақ алдыруды мүлде қойдырған. «Ішпесем өліп кетемін» дейтін Арсенийдің сөзі бекер екен. Алғашқы аптада төсектен тұра алмай жатқаны болмаса, қазыр қоңданып қалған.
Содан кейін үшеуі ақылдасып алғандай қалаға қайту жағын мүлде доғарған болатын. Ақназар Жомарттың алғашқы жылдары көп айтатын әңгемесінен соң, үміт жетегінде өмір сүріп, бүгінде ию–қию түстер көретінді шығарып алды… Бұл күнге дейін мақсат қумай, бейқам тірлік кешкеніне қатты өкінетін. Айналасындағы дос–жар санап жүрген жандардың сатқындығына, Абрамның артынан еріп ессіз тірлік кешкеніне алғаш рет қапаланды. Түбі осы азаптан құтылса ауылдағы әжесін қолына алып, қарындасына қарайласып жүруді демі таусылғанша өзінің бағыт–бағдары, адаспайтын темір қазығы етіп алар еді.
Қаншама жылдар бойы алдына келген адамдарға жасаған Сырымның қысастығы бекер кеткен жоқ. Оның Ералы жазығына қаладан құлдыққа адам әкелгеннен бөлек, әулие атаның кесенесіне тым жақын жердегі қыстағында, талай қанды оқиғаның ізін жасырмақ болғанына кәрі Шыңғыстау мен керілген керім дала куәгер–ді… Бағзы заманда өткен бидің аруағы күңіренді ме, былтырғы жылы Арсениймен қатар келіп, жер жадысынан жаңылмай қашып құтылған еркек «талай жыл танып қалған есін енді тауыпты» деген қауесет тарады. Туыстары жабылып жүріп қалалық соттағы тергеушінің үстінен іс қозғатқан. Осы іске облыстағы белгілі, беделді шенеуніктердің араласуынан–ақ бір қиын күннің жақындап қалғанын Сырымның іші сезетін.
Қауашағына қонған амал–айласы тез арада қыстақтағы бар малды сатып, пара беріп, қызметінен босап қалса да, темір торға қамалмау еді. Сол ойын жүзеге асыру үшін, қаладағы кәсіпкерлер мен алып–сатар таныстарына хабарласып, барлық жағдайды ақылдасып, шешіп қойды. Олардың сөз аңғарына қарағанда, бұл келісімін бергеннен кейін, екі–үш сағаттың ішінде, он шақты жүк көлігі солай қарай шығатын болады. Ақшасын қолма–қол, сол арада жүк көлігіне тиелген малдың санын есептеп шығарады да, сенімді адамдар мұның қолына ұстатып кете бермек. Сырымға керегі де сол, қолма–қол ақшасын алып алса, қалаға келген бетте шенеуніктерге аузың қайсы, көзің қайсы демей, қолындағысын беріп құтылып, аптығын бір–ақ баспақ. Сандалып әрнені ойлап отырғанында ойда жоқта жұмыс телефоны шарылдап қоя берді:
– Әллөу – деді бұл әдеттегідей бәлсіне тіл қатып.
– Алло! Сәлеметсіз бе, қазір мен сізді Айбас Саматұлына жалғаймын – деді облыстағы хатшының таныс дауысы.
– Жақсы – деді бұл абдырап.
– Алло, Сырым Сәттібекұлы амансыз ба?
– Қалыңыз қалай? Жұмыс орынша ма? От–басыңыз аман ба? – деп Сырым әдетке айналған амандық–саулық сұрасуын жалғастыра жөнелді.
– Жақсы бәрі… Өзіңіз ше – деп қоя салды жаңағы зор дауыс.
– Е, бізде жақсымыз. Қызмет те ойдағыдай.
– Мен олай деп айта алмас едім. Сіздің хәліңіз мүшкіл.
– Не деп тұрсыз Айбас Саматұлы – деп Сырым өп–өтірік күліп жіберді.
– Облысқа сіздің үстіңізден түсіп жатқан арыздарды естіген шығарсыз. Сіздің қызметіңізді асыра пайдаланып не істеп жүргеніңізді білмеймін. Бірақ, менің айтарым сіз ертеңнен бастап қызметіңізден шеттетілетін боласыз. Одан арғы күні тергеу басталады. Минстірліктің жаңа ғана мен танысып шыққан қаулысы осы – деді Айбас Саматұлы.
Аузына қан толғандай сөйлей алсашы, Сырым сасқанынан тұтқаны тастай салды. Құлағында әлгі басшының бастырмалатып айтып жатқан өктем сөздері ғана қалыпты. Үстел үстіндегі графиннен бір стақан су ішіп еді. Болмады. Болмағасын шетелдік вискиден бір жұтым татып көрді. Басын сығымдап ұстаған күйі тағы ойланды. Қалта телефонынан бір кәсіпкерге хабарласты:
– Әллөу, Бәке. Мен ғой. Бағанағы айтқан шаруа бойынша… Бүгін кешке қарай жүк көліктері жолға шықсын. Мен сол жақтан күтіп аламын. Иә, иә. Қаладан шыға сала Ералы жазығына тура тартсын. Бопты онда. Келістік. Жігіттерге айтарсың ақшасы қалтасында болсын.
Аз–маз аптығын басып алғасын дереу қалта телефонын тағы да құлағына тосып:
– Әллөу, әй қайдасың? Жылдам жинал. Қыстаққа барамыз. Білемін жұмыстан сұранғаныңды. Рүстем артық сөздің қажеті шамалы. Ә, Сандуғаш қасыңда ма? Онда тұрған ештеңе жоқ. Келінге айт қырға шығып керім сал ауа жұтып қайтсын. Оны да ала жүргейсің.
Бар шаруасын бір жақты етіп жайғаса да құлағынан әлгінде көңілін күпті еткен сөздер кетер емес. Ештеңе етпейді «қырамын–құртамын» дегендер мұның ақшасын көргенде басқалай көсілетін. Ертең–ақ, Айбасқа ақшасын беріп, басын аман–есен алып шығатынына көңілін нықтаған Сырым, жолға қамданды.
Келіскендей екеуі жандарына Рүстемнің жас шамасы отыздардағы келіншегі Сандуғашты алып, Ералы жазығына жетті. Сырым жол бойында ешкіммен жақ ауыртып сөйлескен жоқ. Барған бетінде Майгүлден оңашалап алып, Жомартқа қысқа–қысқа сөйлеп, әмір бере бастады. «Қаладан қазыр көлік келеді, ең алдымен жылқыларды тиеңдер» деген. «Барлығын бірақ тией береміз бе» деген Жомарт түкке түсінбей. «Иә, арық семізіне қарамай, іске кірісіңдер» деп сөзін аяқтады Сырым.
Алдыңғы жылдары келіп–кетіп жүргенінде «сендердің үйлеріңнен шауаштың исі шығады, қаладан келгенде демалғың–ақ келеді» деп жүріп осында төргі бөлмесінде Жомарт пен Майгүл, ауыз үйінде Ақназарлар тұратын үй–жайдан бөлек, өздері келегенде жататын тамаша бір үй салып алған. Келген бетте сол үлкен үйге кіріп кеткен Рүстем бірде–бір рет басын қылтитып шығармады. Қатыны тамақ әзірлеп, өзінің ұйқы соғып жатқан жайы бар еді ол сабаздың. Бұл сәтте он шақты көліктің алды болып жеткен екі көлікке жылқыларын түгелдей тиеп жіберген Сырым, бар ақшасын санап көңілденіп қалғандай болатын. Бағанағыдай емес, құрыс–тұрысы да жазылып сала берген…
Артын ала жеткен тағы үш көлікке сиырларын сидырып жіберді. Қалған бес көлік ертең ертерек келіп осындағы қойларды түгелдей дерлік тиеп әкетпек. Сырымның бүгін түнде қайтпақ ойы болатын. Қалған көлікті күтіп еріксіз қалуға тура келді. Азан–қазан шуласып жататын сиырлар мен шұрқырасып жүретін жылқылардың жоқтығынан қыстақ маңы бар думанынан айырылғандай болатын. Құлазыған далаға қарау үшінде қатты жүрек керек еді. Сырым ең соңғы көліктің жылжыған сәтінде Рүстемдер отырған үйге қарай аяңдады. Ертең осы жақтағы жұмысын жайғағасын қалаға қайтып, бара сала шаруасын реттемек. Жомарт пен Майгүлді «еңбектеріңді жемеймін» деп өтірік алдарқата салған болды. Көздері жәутеңдеп қарап тұрған әлгі үшеуіне ләм–мим деп аузын да ашпады. Себебі, оның айтарға сөзі жоқ еді. Қайтарып жіберсе тағы басына бәле болып жабыса ма деп тағы қорықты. Көздерін құртып жіберейін десе, шынымен сотталып кетем бе деп сезіктенді.
Сырымның алып–сатарлардан ақша санап алғанын көргеннен кейін–ақ Абрамның көңілі нілдей бұзылды. Сырым мен Жомарттың айтқан шаруасын тындырғаннан кейін Ақназар мен Арсенийді ертіп, шеткі қоралардың біріне барып демдерін басып отырды.
Отырған бетте қойынынан бір жартылық арақты суырып алдарына қойған Абрам жігіттерге көзін қысып, күліп қойды.
– Жайғасып отырып, бір дем алайық та – деді Абрам дауысын зорайта шығарып.
– Мұны қайдан алдың? – деді Ақназар алақтап.
– Бағана жылқыларды тиеп жатқанда, бір шопыр қасыма келіп, «ертең сірне жасауға бір қойды қатырып жіберші» деп қойнына тыққан шөлмегін көрсетіп қарап тұр. Іздегенге сұраған Сырымның әлденеге алданған сәтін пайдаланып, әлгінің көлігіне бір марқаны аттым да жібердім емес пе – деді Абрам екеуінің жүзіне кезек қарап.
– Сырым көріп сорымызды қайнатып жүрмесін – деді Ақназар мазасы кетіп. Абрам ештеңені елеген жоқ. Үш бірдей кішкентай стақанға шүпілдептіп арақ құя бастады.
– Біздің емес. Енді Сырымның соры қайнаған шығар–ау – деді Арсений алғашқы стақан арақты ашырқана жұтып. Сырым қыстау басына арақ әкелуге тиым салғалы бері, алғаш ішкені осы. Көптен ішпегендікі ме біразға дейін жүрегі лоқсыды.
– Жомарттың сөзінен ұққаным енді бұл қыстаққа Сырым келмейтін сияқты – деп Абрам тағы да арақ құя бастады.
– Онда ертең бізде қайтатын шығармыз – деді Ақназар жайбарақат.
– Иә. Атаңның басы қайтасың. Бұл жерден о, дүниеге ғана қайтуға жол бар.
–Бізге де және әнебір иттерге де – деп Арсений Абрамның сөзіне түзету енгізді.
– Сонда не істейміз. Қашып кетеміз бе? – деді Ақназар.
– Қалай қашпақсың. Мынандай қара күзде сүйегің иен далада шашылып қалады ғой байғұсым–ау.
– Жарайды. Сырым осы қыстақтағы бар малды сатып тынды делік. Сосын Жомарт аудан орталығындағы үйіне барады. Ал, бізді ертесі күні Сырым мен қасындағы жендеті екеуі өлтіріп тастайды. Түсінемісің? – деді Абрам бар сөзін Ақназарға арнап.
– Сондықтан да, Өлмей тірі қалып, қорғанудың бір ғана жолы Сырымды өлтіру керек – деп Арсений де Абрамды қостайтынын аңғартты.
– Жо, жоқ олай етуге болмайды – деп Ақназар орынынан ыршып түсті – Бұл жерде қан төгуге болмайды. Жомарт ағаның айтқанына сенсеңдер…
– Иә, иә. Біз бәрінде білеміз. «Аға» дейді ғой. Ағаң сені ақылыңнан адастырып, қайдағы–жайдағы дүниелерді айтып басыңды қатырып тастаған. Тірі қалғың келсе Сырымды өлтіреміз. Ал, оның жаңа ғана шытырлатып қалтасына басқан ақшасын тең бөлеміз.
– Сосын, қалайда қалаға жетіп, Ресейге өтудің жолын іздеп көреміз – деді де Арсений Абрамның төртінші қайтара құйып қойған стақан толы арағын қылқ еткізіп жұта салды.
– Жігіттер адамдарға тиіспейік, көлікке мініп қашып құтылсақ қайтеді – деді Ақназар ақыры амалы құрып. Айтқанына көнбесе мына екеуінің қолынан «мерт болармын» деп топшылаған еді. Сөзге тағы Арсений араласты.
– Көлікке мініп дейсің, ә? Сырымды тірі қалдырсаң жерге кіріп кетсең де тауып алып, қуырып жемей ме үшеумізді. Абрам мына мылжың миымды ауыртты. Не қылсақ екен мынаған? – деп Арсений Абрамға бұрылғаны сол еді. Осы сөзді күткендей–ақ қас қағым сәтте Абрам келді де жаңағы бос қалған арақтың құтысымен Ақназарды көк желкеден періп кеп жіберді. Ақназар қанша қауіп ойласа да, тұтқиылда ештеңеге дәрмені жетпей сілейіп түсті. Екеуі жалма–жан оның қол–аяғы матап, байлауға кірісті.
– Осы немені де өлтіре салсақ қайтеді – деді Арсений.
– Қажеті жоқ. Бұл бізге әлі керек болады – деді Абрам. Оның жүрегінде сол сәтте жастық дәуренін өзімен бірге өткізген адал досына деген кішкентай ғана аяныш сезімі оянғандай болды. – Мына суықта өзі де қатып өлетін шығар – деді тағы да Абрам. Арсенийге бетін бұрмаған қалпы төмен қарап.
Екеуі ең алдымен Жомарттың үйіне кіріп, өздері жататын ауыз үйден пышақ ала шықты да, кері бұрылып Сырым мен Рүстем жатқан үйге беттеді. Бара сала есігін тоқылдатып қаға бастады. Бұл олардың «алдымен осы екеуін жайратып салсақ, қалғаны оңайға түседі» деген байламы болатын. Әжептәуір уақыттан кейін есік ашылып, сыртқа Рүстем шықты.
– Бұл қайсың ей? Не керек?
Абрам ештеңені күтпестен Рүстемге тұра ұмтылды. Екеуі алыса кеткен сәтті пайдаланып, Арсений Рүстемнің алдымен арқа жағынан, сосын бүйіріне пышағын салып үлгерді. Рүстем ауырсынып құлап бара жатқанында Арсений пышағымен үш–төрт мәрте ішіне індете сұғып–сұғып алды. Істеуін мастықпен істеп алса да шегіншектеп кетті де, Рүстемнің денесіндегі пышақты Абрам суырды. Сырым жатқан бөлмеге жетіп бара сала, қамсыз ұйықтап жатқан қалпында тамағынан қорқыратып орып жіберді. Рүстемнің көп кешікенінен секем алды ма, әлде әйел затына тән ішкі түйсікпен болып жатқан бір сұмдықты сезіп, түпкі бөлмеден шыққан Сандуғаш бар дауысымен шыңғырып жіберді. Әлгі дыбыстан соң даладан іле–шала жүгіріп кірген Арсений шашын жұлмалап, дірілдеген қалпын қимылсыз тұрған әйелді кеуде тұсынан бар пәрменімен ұрып, ұшырып түсірді.
Сырымның қанын судай ағызып, жатын бөлмеден жылдамдатып шыққан Абрам екеуі шала есті жатқан байғұсты тырдай жалаңаштап алды да, ойына келгендерін істеді. Құла түзде өмір кешіп, талай жыл бойы ұрғашының исіне шөліркеп, «бір көрсем–ау» деп армандаған екеуі бейшара келіншекті тәуір азаптады. Әйел затына деген құмарлықтың құрсауында ғұмыр кешкен екеу ләззатқа батып, құмары тарқағанша Сандуғашты қорлауын тоқтата алған жоқ. Нәпсінің құлы болған Арсений мен Абрам ес–түстен мүлдем айырылған болатын. Сол мезетте нәзік те әлсіз жаралған әйел баласына істеп жатқан екеуінің айуандығынан кескін–кейпітері адам шошырлықтай үрейлі болатын. Білгендерін істеп жатқанында нәпсісі құрғыр тоқтауға ерік бермеді. Екі азғын бұл кезде бір–бірін тек іспен түсініп, тіл қатып сөйлесуден қалды…
Екеуі бір сәтке аял қылып, Сандуғаштың енді есін жиғызып алып, тағы да зорлады. Осылайша, «бір күнге ғана қырға шығып бой жазып, сейіл құрамын» деген Сандуғаш зардап шегіп біресе Абрамның, енді бірде Арсенийдің ауыр денесінің астында жаны азапқа салынып, ұзақ уақыт жатуға тура келді. Арсений әлгіні аймалап жатқанда үйдің ішін түгел ақтарыстырған Абрам, Сырымының басында жастаулы жатқан оқтаулы тапаншасын алып, ышқырына қыстырып сыртқа беттеді.
Бұл кезде Сырымдар жатқан үйдегі у–шуды естіп Жомарт пен Майгүл де далаға шығып, осылай қарай беттеп келе жатқан. Қанына қарайып алған Абрамды көргенде екеуі де бірдей қалт тұра–тұра қалысты. Жомартты көрген сәтте қолына тапанша ұстаған Абрам ақырып қалды.
– Ей, Жомарт. Иттің баласы қазыр мен сенің қаныңды ішемін.
– Өй, мұның не? – деді Жомарт сасқанынан әрең дегенде тілге келіп. Сырымның былтыр қыста «ит–құсқа сес болсын» деп әкеліп берген мылтығын ала шықпағанына өкініп тұрды.
– Сенде Сырымның сыбайласысың – деді Абрам тапаншаны Жомарттың қақ маңдайына кезеніп. – Қалаға мың барып жүргеніңде мына біздің жайымызды біреу–міреуге айтсаң бұлай болмас еді ғой. Сен айтсаң, Сырымды ұстап берсең, қаншама жыл мына иен далада біз осылай сорламас едік.
– Жо, жоқ. О, не дегенің. Мен мұны талай ойлағам. Сырымнан қорықтым. Оқуда жүрген балаларыма бір кесірі тиер деп қапаландым. Ол мені ешкімге сездірмей өлтірем десе де, әмірі жүретінін білесің ғой – деді Жомарт бар шындығын жайып салып.
– Өлтіремін сені – деді Абрам.
– Өлітіре көрме, кешірші – деді Жомарт жалбарынып. Абрамның сөзін бағып тілі байланып тұрған Майгүл де ақырын сыбырлап сөйлей бастады.
– Өлтіре көрме, жалынамын. Жөніңе кете бер, ешкімге ештеңе демейміз – деді Майгүл.
– Енді бәрі де кеш – деп Абрам шүріппені басуға оқталды.
– Қоя бер бізді, қайтесің? – деді Жомарт қайталап.
– Сенде мына біздей әке–шешеден туған шығарсың – деді Майгүл ботадай боздап. Майгүлдің көз жасы мен аралас сүйгінен өткен сөзді көтере алмай Абрамның иығы селкілдей бастаса да, тапаншасын түсірмеді. Артқа қарай шегіншектеп бара жатқан Жомарт үйге қарай безе жөнелді. Абрам бірінші болып Майгүлді атып салды. Тапанша екінші мәрте атылағанында Жомарт жалманын құлап түсті де, маңдайымен үйдің табалдырығына барып бірақ тірелді.
Сыртта әлденеше рет тапанша атылса да Арсений Сандуғашқа қылып жатқан ісін доғармады. Абрам болса Сырымның сөмке толы ақшасын алып, көлікке мінді де кете барды…
Күздің баяу таңы атып келеді. Алыста Шыңғыстаудың үздік–создық созылған сілемдері қарауытады. Қыстаудан сәл қашықтау жерде Ералы бидің мазары күзгі тұманнан көзге көрінер–көрінбестей болып қылтиып тұр. Керілген жазық дала да үнсіз.
…Мекиен түзде орын алған қанды оқиға талай елдің жағасын ұстатып, төбе құйқасын шымырлатты. Сол күні таңертең Сырымның қойын сатып алуға келгендер, шала жансар күйде жатқан Майгүл мен мал қорада қолы артына көзірленіп, байлаулы жатқан Ақназардың ғана жанын аман алып қалды. Арсений болса Абрам көлікке мініп, бар ақшаны алып қашып кеткеннен кейін Сандуғашты Рүстемнің тапаншасымен атып өлтірді. Қыстаудың үлкен қорасында қамаулы тұрған қойларды шығарып жіберді де, сол қорада өзі де асылып қалған болатын. Еңсені басқан қорғасындай ауыр тұманнан сейілткен күздің суық желіне қарсы жайылған бір отар қой, Шыңғыстаудың жықпыл жыра–жотасы мен сай–саласына сіңіп, ақыр соңында ит–құсқа жем болып, із–тозсыз жоғалып тынды. Абрам мінген автокөлік Күшікбай батыр кезеңіне екі–үш шақырым жетпей, бір асуда аударылып түгелдей дерлік отқа оранған еді. Сау тамтығы қалмаған көлік ішіндегі жалғыз адамның да сүйегі күлдіреп күлге айналып кетіпті.

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа