Сая Оңдасын. «Өмір — өлең бақшасын араладым…»

Сая Оңдасын. «Өмір — өлең бақшасын араладым…»

Сая Оңдасын — Шығыс Қазақстан, Семей қаласының тумасы. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында ұстаздық қызмет атқарады. Өлеңдері басылым беттерінде жарияланып келеді.

Өмір — өлең

Сөз қадірін түсініп, қалап алдым.
Өмір – өлең бақшасын араладым.
Дәптерімнің парағын еппен ашып,
«Сөз — қарумен» сомдадым жыр жолдарын.

Аралап келем жүректін сырлы көрмесін,
Сыйға алдым өрілген сөзбен пердесін.
Әрлеп – нәрлеп түйіп алдым көңілге,
Жыр-сезімнің еліткен нәзік пернесін.

Әрбір әрпін кестелі жырдың өрген едім,
Басайын деп, біртіндеп көңіл желін.
«Жас сәбидей» тұра алмай қолды-аяққа,
Жырлап жатыр қазір-ақ көкірегім…

***

Өлең – досым!

Кімге барып мұң шағамын өзім жайлы,
Бар денемді жайлап алды сезім-қайғы.
Үнсіз ғана сыр бөлісер өлең-досқа,
Еріксіз өзім берілдім басыбайлы.

Өлең – досым, саған ғана бас иемін,
Саған ғана ағыттым сыр тиегін.
Енгеніммен ішкері ой тыншытпай,
Көрінбейді әйтсе де жыр жиегің.

Жыр-жиегің әй, сірә, жоқ-ау деймін,
Болса да жете алам ба соған дейін.
Сөз-сәбиім, өзіңді сезімменен,
Уақытты бос жібермей тербетейін.

Тербетейін, тәп-тәтті арман асқан,
Жолыңды біл, бір сәттік сезім қашқан.
Дүниенің бар асылын маған жыр ғып,
Құйыла бер, шабытым, сарқылмастан!

***

Өзім – мұнда, ойым сенің жаныңда,
«Тәуба!» сенің бұл дүниеде барыңа.
Сезімі жоқ тақырлардан сақтасын,
Сүйе білем, жаным, сенің бағыңа.

Өзім – жалғыз, қиялым сыңар емес тек,
Күн өткен сайын барамын аңсап көбірек.
Ғашық болып көрші, жаным, сенбесең,
Құлпырып, күліп кетеді екен төңірек.

Көңілім ойды барады-ау, деймін, сүйіп тым,
Себебі сені ойлай алам, сүйіктім!
Өзім де сезбей саған деген сезімді,
Шыңына шықтым махабаттай ұлы биіктің!

Келсе де болғым:сырласың, досың, тірегің,
Маған ғана арналмаса қайтем, жүрегің?!
Күреспесе сүйгені үшін ешқашан,
«Бақыт» деген келмейді оңай, білемін!

Жүрегімнің жарық жұлдызы

Бүгін менің туған күнім, Анашым!
Ана қалай құттықтамас, баласын?!
Бірақ… Бірақ, Ана, үніңе сенің зәру боп
Елесіңмен сырласып жүр балашың!
Туған күнім, менің бүгін, Анашым….

Сездің бе екен?!
Сағынышым тырнап жанның жарасын,
Білмей кетем жер мен көктің арасын!
Өзіңді аңсап шырқыраған жаным – ау,
Сабырға кеп, қашан тағат табасың?!
Бұны емдей аласың ба, Анашым….

Білесің бе?
Бір өзіңе тән еді бар жарасым,
Куә жандар беріп отыр бағасын!
Бірақ… Бірақ…Бірақ, әттең, өкініш
Улайды екен, неге адам санасын?!
Ақ батаңмен емдеп алшы, Анашым!

Есіңде ме?
Тұңғышыңды аңсап күткен сағатың?
Сәттерің ше, иіскеп мейірің қанатын?!
Есейсем де сәби болғым келеді
Анашыма бақыт сыйлай алатын!
Құшағыңды аңсап кетем, Анашым!

Сенесің бе?
Өзің — Ауа! Су да! Жарық! Панасың!
Мейірім төгіп тұратын көз – қарасың….
Бағбаны жоқ бақтай болып, байқаймын
Сусап кетті, шөліркеп «өмір ағашым»!
Кім ашады, енді, «тірлік сағасын»?!

Ия, білемін!
Бұйрығына Алламның жоқ таласым,
Қас – қағым сәт- Өмір! Білмей қаласың!
Қасыңда анаң болса қазір құрметте!
Ана – бала! Міне нағыз жарасым!
Құттықташы, мені бүгін, Анашым!

Тілегім бүгін…
Түсіме енші, мауқын бассын балашың,
Майлап берші жанымның қалған жарасын.
Құшағыңа қысып біраз отыршы
Күш -қуат боп бойыма сәулең тарасын.
Білем, қайта, ұшып кетіп қаласың…

Ал, мен сезем!
Аралап жүрсің, білем, пейіш қаласын,
Орның бөлек! Ол жақта да дарасың!
Мен дәл сізден туғаным үшін қуанам!
Ең ғажап жан! Өзің болып қаласың!
Керемет жан болған менің ,Анашым!

Бір білерім…
Бар адамзат бағалай білсе Анасын
Ақ жол шамын сөндірмей сонда жағасың!
Сөзбен айтып мүмкін емес жеткізу
Бала – Ана! Құдіретті сезім арасын!
Бүгін менің туған күнім, Анашым!

20/11/2019

***
Құтты болсын жаңа жылы қазақтың!!!
Тәуелсіз ел, басы бүтін азатсың!
Ғасыр бойы не өтпеді басыңнан,
Бұлда өтер…..Аллам нұрын таратсын!
Бойымызда ҚАЗАҚ ҚАНЫ! Неге бекер жаратсын!?

Құтты болсын жаңа жылы Қазақтың!
Бар от – кеудең! Кең далада азатсың!
«Елім», «жерім» деп тулаған жүрек бар,
Шырмауынан шығамыз бұл азаптың!!!
Қайнап жатқан ҚАЗАҚ ҚАНЫ! Неге бекер жаратсын!?

Құтты болсын жаңа жылы Қазақтың!
Наурыз көжең бойға дәру таратсын….
Сын сағатта жұдырықтай жұмылып,
Жолын тауып жазайық.. «ӘЛЕМ ЖАРАСЫН»!
Тасып тұрған қанымыз бар! Неге бекер жаратсын!?

Құтты болсын жаңа жылы Қазақтың!
Үрей кетіп, қуаныш – жақсылық тыңы атсын!
Бой бермедік қорқынышқа ешқашан,
Жасқанар болса «үрей» бізден жасқансын!
«ҚАЗАҚ ҚАНЫ» жасай берсін ҚАЗАҚТЫҢ!
Аумин!дейік, тусын тыныш, азат күн!!!

***
Ауылда тудым…
Ауылда жаным көктеді.
Ауылда өстім……..
Шашымнан өпкен көктемі.
Қанша жерде болдым,бірақ,ауасы
Ауылдың сол ауасына жетпейді……

Ауылдың,шіркін……
Аңқиды жусан бөктері.
Ауылда нағыз
«Табиғат үні» көктегіү
Жоқ-ау,осы,нөсерден соң гүрілдеп
Таудан аққан тасқын судың еш теңі!!!

Ауылға ерен
Алланың түскен назары.
Жанына сая
Сезінген адам табады.
Басып сіз де көрініз «ауыл пернесі»
Жырлап кетер «табиғаттың шанағы»…..

Ауылға барам….
Қиялым солай бітеді…..
Ауылға сапар…..
Бірінші емес шеккенім…..
Балашаққа демалуға кеттім мен….
Болмас сірә, қиял«үркіп»кеткені…
Жұтқан ауам«тіршіліктін куәсі»
Оятпаңдар,бұл әлемнен тек мені!

***
Еркелейін,
Еркелетші, еркелегім келеді,
Осы менің күткенім.
Осы маған керегі!
Сәл жақындап күлгенің
Дір еткізіп денені,
Еркелетші, еркелегім келеді.

Еркелейін,
Еркелегім келеді бір өзіңе,
Алқындырып жүректі,
Ерік бермей төзімге!
Кәне ырық берейікші
Тулап жатқан сезімге,
Еркелетші, еркелейін бір өзіңе.

Еркелейін,
Еркелет сен тек мені!
Алшы отты құшаққа
Еріп кетейін мен тегі!
Құшағын ашып шақырады,
Махаббат елі – ертегі!
Еркелетші, еркелетші тек мені.

***
Сенсіз жаным жабырқаулы, жаралы,
Сенсіз мүлде демім бітіп барады.
Асыл бейнең жаулап алды сананы
Жүрегімнің сен боп тұрсың бар әні!
Айтшы, бар ма осының бір амалы?!

Сенсіз ай мен күн де нұрын төкпейді,
Сенсіз жел де шашыммен ойнап өппейді.
Сен болмасаң кеудемнен аяз кетпейді,
Сенсіз, енді, жаным қалай көктейді,
Айтшы, саған неге бір жан жетпейді?

Сенсіз кеудем бұлтқа толы түнерген,
Жылап тұр ғой әттең күн боп күлер ем.
Шын ғашық боп көрсең бәрін білер ең
Дәл мендей боп махаббаттан жүдер ең,
Айтшы, сонда менсіз қалай жүрер ең?…

***
Жоқ болса да сенімім, үмітімді үзбей қарайлай,
Жүр едім, жаным, өзіңді әлі де армандай.
Махаббатың өртіне тастап кетіп ең,
Кеп тұрсың, міне, ауламды қайта жағалай,
Жүрегіңде нағыз сезім енді оянғандай ма, қалай?!

Сол кездегі сезімдерімді алмадың ғой бағалай,
Қалып ем менде махаббатыма мін таға алмай.
Іңкәрлікпен мен қалаған кеп тұрсың,
Менің бейкүнә сезімдерімді сағалай.
Жүрегіңде нағыз сезім енді оянғандай ма, қалай?!

Есім кетті, телефоннан көзді алмай,
Ынтықтығым саған деген өрши түсті жоғалмай.
Айқара ашып құшағыңа алып ең,
Жылдар бойғы өкпемді де ұмытып кеттім, бұл қалай?
Махаббаттың құдыреттілігі деген осы екен ғой, ой, Аллай!…

***
Сен менің өмірімнің өзегісің,
Сен арқылы ұғындым сезім күшін.
Жүрек, шіркін, сүймесе өміріме,
Белгілі ғой ешкімді теңгермесім.

Сен менің арманымның көгіндесің,
Жасырамын өзіңнен бұны несін?!
Өзіңмен бір бейне болған арманыма,
Жетермін-ау, тек сезім өзгермесін.

Билеушісі өзіңсің ойларымның,
Мүмкін емес жеңуі оны қайғы-мұңның.
Бұлтты ойымнан шыға келген күндей сенің,
Жылынып жүрмін жылуына дидарыңның.

***
Ойымдасың

Бір минут та тыным жоқ ойымда шын,
Тоқтау бар ма ой легі құйылғасын.
Шектеуі жоқ болсын мейлі күннің, түннің,
Сенсіз мүлде құр сүлдерім әрең жүрмін,
Шыдаймын ғой басым мейлі құйындасын!
Тыйылмасын!
Миымдасың
Қос шекемді жатқандай тіліп жасын,
Демалыс та алмайды шақша басым.
Ессіз сонша сүйіп қалам демеппін-ау,
Бірақ мендік емессің көңіл жадау
Тәтті сезім сонда да қалықтасын!
Жалықпасын!
Жүректесің
Жүрегімнің шөліне гүл еккенсің,
Жанымның сұрғылт бояуын түрленткенсің
Сендік сезім тамырын құрғатпаймын
Сендік сезім – кіршіксіз аппақ қайың,
Бөтен өзге ой келіп кірлетпесін!
Сенім берсін!

Көңілдесің
Алаңдайды іздейді шын сүйгесін,
Амансың ба, көгершінім, не күйдесің
Басқа жанның бағысың, бақытысың
Ал, менің қол жетпейтін жақұтымсың!
Жүрегің, бірақ, мендік білем, көз тимесін!
«Сүйем!!!» десін.

***
Жан әкем!

Құдіретіңнен кеудеме шабыт берген,
Қанатты қиялым да шарлайды әлем.
Қасымда тек, жан әкем, өзің болсаң,
Аңсаған арманыма талмай жетем.

Адалдықты сүйесің бар жаныңмен,
Артық осы қасиетің бәрінен.
Кішкентайдан «сенімді, шыншыл бол», — дедің
Ту етемін сол сөзіңді мәңгі мен.

Ақыл-ойың асқармен таласулы,
Табиғатың білмейді жасқануды.
Майда тілмен пайданың құлы болған,
Ұнатпайсың жағымпоз, әккі қуды.

Өзіңменен, әкешім, жүзім жарқын,
Арқаңда сенің түсіндім өмір парқын.
Осы өлеңім бір ғана түйірі ой,
Балалық саған деген махаббаттың.
.
***

Неге, жаным, жолықтың екен өте кеш?
Аунап кеткен жүрегім қайтіп өкінбес?!
Қанша жылды еңсеріп келген үміттер
Қалғаны әділ болмайды, сезем, тағы елес?!

Неге, өмір, кейде ащщы болады?
Өзегімді өкініш өртеп барады.
Сен жоқ жерде, айналайын, білмеймін,
Қалай жүргем жүрегіммен жаралы?!

Неге, асылым, көз алмай қарай бересің?
Бәлкім, жүзімнен мұңды бір арай көресің?!
Жолым дара, кетсем де қиып өзіңді,
Мазалар ма екен осы бір тәтті елесің.

Неге, арманым, жақсы жансың сен сондай?!
Қарай беремін сүйсінемін бір тоймай.
Жанымды гүлге ораған, қимасым, тек
Жолың ашық, ең бақытты жан болғай!

Неге, сонша, жақын боп кеттің,сен, маған,
Сан тарауға бөлініп кетті ой санам.
Екеуіміздің жолымыз екі бөлек,
Енді сенсіз қалай ғана жол табам?…

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

12 Пікір

  • Аршкенова
    Май 16, 2020, 5:57 дп

    Сая Оңдасынқызы қаламың ұштала берсін! Әрбір қазақты өз өлеңдеріңмен сусындата бер! Жазар шығармаларың көп болсын! 👍🏻👍🏻👍🏻

    REPLY
  • Бекбосынова Гулнур
    Май 16, 2020, 6:11 дп

    Сая тамаша. Мектепте де осындай алғыр жан дүниең өлеңге жақын еді. Сен үшін қуаныштымын. Әр шығармаң маңызды, мағыналы екен. Кітап жазып шығаруыңа тілектеспін.

    REPLY
  • Daniyar Ramazan
    Май 16, 2020, 6:44 дп

    Өлеңдеріңіз күшті, Сая апай! Мол шығармашылық табыс тілеймін. Қаламыңыз мұқалмасын, жазарларыңыз көп болсын!!!

    REPLY
  • Шынар Каримова
    Май 16, 2020, 6:47 дп

    Керемет, Сая! Қаламың мұқалмасын! Шабыт пен бақты қатар берсін Алла тағалла!

    REPLY
  • Зауре Бокеншина
    Май 16, 2020, 8:27 дп

    Сая ,керемет жазыпсын өлеңдерің тамаша өнерің шыңдала берсін!Әрқашан тілектеспін!

    REPLY

Сонғы жазбалар

Мультимедиа