Жеңіс күні ұлықталады!

Жеңіс күні ұлықталады!

Екінші дүниежүзілік соғыс мәңгілік ел есінде, ер жадында. Біз қан майданда қан кешкен майдангерлерді ұмытпаймыз. Оларды әрқашан ұлықтаймыз! Осындай ұранмен елордалық қуыршақ театрының ұжымы, Жеңіс күнін елдегі төтенше жағдайға байланысты, онлайн режимінде атап өтіп, батырларға ерекше құрмет көрсетпек. 9-мамыр күні кішкентай көрермендер, қуыршақ театрының YouTube арнасынан Л. Жаданов пен З. Сагаловтың қаламынан туған «Сарбаздың бақырашы» (режиссері А. Салаева) атты ертегісін тамашалай алады.

Бұл мерекенің орны бөлек. Өйткені, бұл күнді әрі қуанышпен әрі қасіретпен еске аламыз! Отан соғысы ешкімге оңай соқпады. Сұрапыл соғыс анасын баласынан, баласын анасынан, асқар таудай әкесінен айырды. Сан мыңдаған тағдырларды талқандап кете барды… Солдаттардың көңіліне сағыныш сезімін ұялатты. Аталмыш қойылымның айтары да осы. Жауға қарсы күрескен жауынгерлердің ата-анасына, туған-туыс, жора-жолдас, сүйген жар, балаларына хат жазу сәтінен бастау алатын спектакльде, Ұлы Жеңіс жолында жан қиған жаужүрек солдаттардың ерлігі баяндалады. Сонымен қатар, түрлі оқиғаларға толы туынды да, кешегі батыр аталарымыздың қайсарлығы суреттеледі.
Иә, соғыс жылдарында солдат біткен қолына қару алып майданға аттанса, өнерпаз қауым, композитор, сазгер, ақындарымыз жаумен бетпе-бет келген жауынгерлер мен халықтың рухын көтеру мақсатында, қаншама шығармалар тудырды. Олар солдаттарға ерекше жігер, күш-қуат берді. Аталған спектакльде санамызда мәңгілік сақталып, жадымызда жаңғырып тұрар әндер де орындалады. Ғажайып ертегідегі әрбір кейіпкердің ерлігі балаларға үлгі, өнеге болмақ. Отанды, елді, жерді сүюге шақыратын спектакльде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қуыршақ театрының актерлері кәдуілгі адам кейпінде һәм қуыршақтар арқылы өнер көрсетеді. Қойылымдағы сиқырлы бақырашқа жан бітіреді. Бақыраш болса, темірдей тәртіп пен таусылмас төзімнің арқасында жауды жеңіп шығады.
Бас қаламыздың қуыршақ театры сүйікті де сүйкімді кішкентай көрермендерін, «Сарбаздың бақырашы» атты қойылымын тамашалауға шақырады. Сондай-ақ, 9-мамыр күні қуыршақ театрының Instagram парақшасында, сағат 15.00де тікелей эфирде өтетін, «Біздің есімізде» атты мерекелік концертінде асыға күтеді. Ерлікпенен елдікті, адалдық пен әділдікті, жомарттық пен жақсылықты, қайсарлық пен батырлықты дәріптеп жүрген қуыршақ театры, Жеңіс үшін қан майданда қаза тапқан жауынгерлер рухына тағзым қылып, ардақты ардагерлер мен қадірлі майдангерлерге алғыс білдіреді. Мәртебелі театрдың тікелей эфирінде жүздесейік…

Қуат Ежембек,
Театртанушы,
Әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа