«Миллион пілдер елінің» өткені мен бүгіні

«Миллион пілдер елінің» өткені мен бүгіні

Тропикалық орманды мекендеген өзіндік мәдениеті, қаптаған ғибадатханалары бар, бірнеше диалектіде сөйлейтін тайпалардан құралған Лаос халқы соқпалы-соқтықпалы замандардың баршасын бастарынан өткергенімен, әлі де дамудың даңғыл жолына түсе қойған жоқ. Көшелер мен аулаларда шашылып жатқан лас заттардың апталап, айлап тазаланбайтыны, сәулетті сарайлардың іргесіндегі картоннан жасалған баспаналардың көңіл құлазытар сұрықсыздығы, Toyota секілді айнадай жылтыраған соңғы үлгідегі көліктерге қоса кешегі Кеңестер одағынан әкелінген, тат басқан «Москвич», «Волга», «Жигули» маркалы көліктердің жол біткеннің «сәніне» айналатыны, бірқатар елді-мекендерге теледидар атаулының әлі де жеткізіле қоймағанын айтпағанда, қалың орман ішіндегі адамдардың компьютер, интернет дейтінді естімегені осының дәлеліндей.

Жалпы алғанда ХХІ ғасыр мен көне дәуірдің арасына көпір сала алмаған Лаос әлі де кедейшіліктен көз аша алмай келе жатқан елдердің бірі. Мұның себебін лаостықтардың ұлттық сипатын, өткен тарихы мен дүниетанымын, өмірге деген көзқарастарын, салт-дәстүрі мен діни бағытын, көне мәдениеті мен өркендеу, яғни эволюциялық даму кезеңдерін зерттеген ғалымдар былайша түсіндіреді.
«Оқы, оқы және оқы!» дейтін қағидадан арыла қоймаған Лаос халқы Кеңестер одағы қалдырған мұрадан әлі де бас тарта алмай келеді. Будда ілімдеріне сәйкес ашкөздіктен, тойымсыздықтан бойларын аулақ ұстауға дағдыланған олар әлеуметтік әділеттілік, қанағатшылдық, ұстамдылық, байлыққа құнықпау секілді адами қасиеттерді өмірлік мұраты санайды. Оның үстіне КСРО-ның тікелей араласуы, ықпал ету нәтижесінде 1975 жылы Лаос Халықтық-Демократиялық Республикасы болып құрылған бұл мемлекет әлі де коммунистік идеологиядан, жоспарлы басқару жүйесінен бас тарта қойған жоқ. Себебі, министрліктеріндегі, банкілеріндегі, компаниялар мен фирмаларындағы лауазымды қызметтер атқаратын адамдардың 70 пайызы кезінде жоғары білім мен тәрбиені КСРО-ның әрқилы қалаларында алған еді. Сондықтан да мұндағы жастар батыстық әсіреқызыл мәдениетіне көп еліктей бермей, өздерінің өнер туындыларына қоса Юрий Антонов, Мүсілім Магомаев, Людмила Зыкина секілді орыс әншілерінің сазды үнін тыңдап, Ресейде шығарылған өміршең кинофильмдерді тамашалайды.
Кеңестер одағы ыдырап, коммунистік идеологияның тамырына балта шабылғанымен, олар әлеуметтік тепе-теңдік көзқарасынан әлі де айни қоймапты. Әлемдегі аса кедей елдердің бірі саналғанымен, өлместің күнін кешіп жүрген қаптаған тақыр кедейлер «байдың малын байғұс қызғанадының» кейпімен дәулеті асып-тасығандарға көрсеқызарлық, іштарлық мінез танытпайды екен. Мұны да олардың Будда ілімдеріне сай қалыптасқан ерекше менталитетіне, ұстамдылығы мен қанағатшылдығына балағанымыз жөн секілді. Шетелдерден келіп, елдің табиғи байлығы арқылы дәулетін арттырып жатқан алпауыттарға қабақ түйе қарау, қастандық ойластыру, ішмерездік таныту, ғайбаттау мүлде жоқ. Мәселен, көршілес жатқан Тайландты әлем жұртшылығы «Күлкі елі» деп атаса, лаостықтар олардан да асып түседі. Өздерінің аш-жалаңаш, жарымқұрсақ жүргеніне қарамастан сырттан келген қонақтарды күлімдеген күйі қарсы алу дәстүрінен әлі де қол үзбей келеді. Сондықтан да «мынандай бір шаруаға қолғабыс етесіз бе?» дегендерге қашанда «иә» деп жауап беруден жазбайтын лаостықтар «жомарттың қолын жоқтық байлап» тұрса да, көмектесуге әзір екендігін білдіреді.
Осы бір жаны жомарт, пейілі кең, қанағатшылдықты мұрат тұтқан Лаос елінің түп тамыры қайдан тарайды дегенге келсек, «Миллиондаған пілдердің патшалығы» аталатын жұрт жан-жағын Қытай, Тайланд, Вьетнам мен Камбоджа мемлекеттері қоршап жатқан Оңтүстік Шығыс Азияда орналасқан. Жерінің көлемі – 237 мың шаршы километр. Төрт миллионнан астам халқы бар, еуропалықтар «Азиядағы ең үлкен ауыл» санаған астанасы – Вьентьянда 464 мыңға жуық адам тұрады. Ел астанасы Мекконг өзенінің сағасындағы топыраға аса құнарлы жазық далада орналасқан. Егер көне тарихқа көз салсақ, осы өзеннің жағасын бірнеше ұсақ тайпалар мекендеген екен. Солардың ішіндегі аса әулеттісі – қазіргі лаостықтардың арғы әулеттері Вьентьян дейтін ауылдың іргесін қалап, бытырап жүрген руларды өз төңірегіне топтастыра бастайды. Бірнеше рулар бірігіп, Ланг Санг патшалығы пайда болады. Өз дінін, өзіндік салт-дәстүрін қалыптастырып, енді ғана сәулеттене бастаған патшалыққа сиямдықтар күтпеген жерден шабуыл жасап, Вьентьянның тас-талқанын шығарады. Бастары енді бірігіп, біртұтас елге айналған тайпалар жан-жаққа бытырай қашады да, сәулеттене бастаған орталықтары қираған үйіндіге айналады. Арада осылайша бірнеше жүздеген жылдар өтеді. Бұл ХІҮ ғасырдың орта тұсы еді. Ланг Санг Хам Кхао, яғни әуел баста «Миллиондаған пілдер мен ақ қолшатыр елі» аталған патшалық күйретілген соң енді осы маңдағы жұрт көршілес Сиям елінің қол астына өтеді. ХІІІ ғасырдың соңында Сиям патшасы Рама І-ші жергілікті қалашықтардың баршасын жермен-жексен күйретеді де, сол өңірдегі сазгерлерді, суретшілерді, ақындар мен бишілерді, құрылысшылар мен ағаштан түйін түйген шеберлерді құл ретінде өз еліне алып кетеді. Оның үстіне Үндіқытайдың аса қасиетті ескерткіші – Зүбаржат Буддасын да өздерімен бірге ала кетеді. Осылайша енді ғана басы бірігіп гүлдене бастаған Ланг Санг патшалығы, яғни Лаос мемлекеті мүлде жойылып, қаңырап бос қалады. Осы заманғы Банкгоктың атағын шығаруға, сәулетін арттыруға, Будда дінінің орталығына айналуына сол Зүбаржат Буддасының себеп болғаны да рас. Себебі пұтқа табынатын көршілес елдер Лаостан жеткізілген Зүбаржат Буддасының осы жерге орнатылуына байланысты тәу етуге жан-жақтан ағылып келе бастайды.
Кейінірек Лаос француздық Үндіқытай деп аталатын аумақтың құрамына қосылады да, Францияның отарланған мемлекеттерінің біріне айналады. Көшедегі халықтың әлі күнге француз тілінде сөйлейтіні осының айғағы. Бірақ Лаосты отарлағанымен, француздар жергілікті халықтың мойнына құлдық қамытын кигізе қойған жоқ. Олардың діни ұстанымдарына, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына шек қоймастан, өркениет көшіне ілесулеріне барынша көмектесті. Еуропалық үлгіде салынған сәулетті үйлер мен теп-тегіс көшелер, әсем де сәнді бақтар – сол отаршыл француздардың мұраға қалдырған дүниелері.
Екінші дүниежүзілік соғыста Лаосты Жапония милитаристері жаулап алды. Алайда соғыс аяқталып, жапондықтан тізе бүккен соң 1949 жылы Лаос тәуелсіз патшалық деп жарияланды. Өзін-өзі басқаруға енді ғана қолдары жеткен тұста әлемдік алпауыт елдер арасындағы текетірес Лаосты да бей-жай қалдырмады. Солтүстік Вьетнам мен АҚШ арасындағы соғыс зардабы лаостықтарды да шарпып өтті. Оның үстіне социалистік лагерьді кеңейтуді, осы соғысты өз пайдасына жаратып қалуды көздеген Кеңестер одағы да Лаосқа барынша ықпал етті. Сол алапат соғыс жылдары Лаос жеріне соғысушы елдердің бомбалары қарша жауып, бейбіт тұрғындар қынадай қырылды, енді ғана өркендей бастаған халық шаруашылығы орасан зор зардап шекті. Бұл зобалаң да бірнеше ондаған жылдарға созылды. Бірақ бір ғажабы лаостықтар үріккен торғайдай беті ауған жаққа босып, жөңкіле көшкен жоқ. Көршілес Камбоджа, Тайланд елдеріне қоныс аударған бірнеше лаостықтар болса болған да шығар, бірақ елдің негізгі тұрғындары ата-қоныстарын тастап кетпеді. Кеңестер одағының әскери, экономикалық, тіпті рухани деуге де келіңкірейтін жан-жақты қолдауы, қолұшын созуы секілді көмектері арқасында жиырма жылдан астам уақытқа созылған азаматтық соғыстан соң 1975 жылы КСРО-ның ықпалымен Лаос Халықтық-Демократиялық Республикасы орнықты.
Осы жерде мынаны айта кеткен де орынды. КСРО-ны қанша ғайбаттағанымызбен, сол тұста өз идеологиясын, социалистік даму жүйесін сөзге келмей қабыл алған Лаос жұртына Кеңес одағы жан-жақты көмек көрсетті. Көршілес Камбоджа секілді тектен-тек қырылған жоқ. Әрине, жаңа тәртіпке бағынғысы келмеген, бұрынғы патшалық тұсындағы еркіндікті аңсаған бірқатар зиялы қауым өкілдері мен көзі ашық лаостықтар «социализмді жедел орнықтыру» идеясына көнгісі келмей, Батысқа ірге көтерді. Сонау 30-шы жылдарда күштеп артель мойынсеріктерге біріктіріле ұжымдастырылған қандастарымыз секілді Лаостың ақсүйектері де көне патшалық тәртіпті көксегендері үшін қудалауға ұшыратылды, «санасы оянбаған» азаматтар арнайы тәрбиелеу орындарына жөнелтілді, мұның соңы елдің ашығуына әкеліп соқты. Бірақ еңбекқор да төзімді лаостықтар сонда да жүздеріндегі күлкіден арыла қоймады, бірте-бірте әл-ауқаттарын арттырудың жолдарын қарастырды. 1908 жылдардың соңына таман социалистік лагерьдің ықпалы біршама бәсеңдеген тұста бейбіт еңбекке араласқан халықтың әл-ауқаты біршама жақсара бастады. Батыстың ықпалы күшейіп, елде қол еңбегін техника алмастырды, өндіріс орындары ашылып, электроника сыналап ене бастады. Бұрын Кеңестер одағындағы одақтас республикалардың астаналары мен ірі қалаларында оқитын жастар енді Франция, Жапония, Австралия секілді мемлекеттердің жоғары оқу орындарында білім алып, сол елдердің ірі компаниялары мен фирмаларында, ғылыми-зерттеу орталықтарында тәжірибеден өтетін болды.
Елдің көне мәдениетіне келсек, Будда дінінің ықпалымен, пұтқа табынудың әсерімен орныққан әдет-ғұрыптары әлі күнге дейін қаймағы бұзылмай ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келеді. Буддизмнің лаостықтар жүрегінің түкпірінде орын алғандығы соншалық, жаны мен тәні де осы дін ілімімен біте қайнасқандай, олар өздерінің көпшілік уақыттарын ғибадатханаларды өткізеді. Әрбір ер адам ғұмырының белгілі бір бөлігін монастырьде өткізеді де, дінге табыну, құлшылық ету рәсімдерін тұтастай орындайды. Кейде бұл бірнеше айға созылады, кейде тіпті ғибадатханаға тәу етуге келген ер адам ғұмырының соңына дейін сонда қалып қояды. Кімде-кім ғибадатханада өз уақытын ұзағырақ өткізсе, ел ішінде де соның беделі арта түседі, қарапайым халық ондай адамды ерекше сыйлап, құрметтейді.
Осы жерде мынандай бір мысал келтіре кетелік. Лаосқа коммунистік идеяны неғұрлым тезірек және түпкілікті орнықтыруды мақсат тұтқан Кеңестер одағының басшылығы ең алдымен монахтардың күшіне сүйенген екен. Дінге табынушылар мен қарапайым халық арасында «Буддизм мен марксизм-ленинизм ілімдері бір ғана мақсатты және ортақ принципті көздейді» деген ұран таратып, монахтардың байлық атаулыдан бас тартуын коммунистік принциптердің салтанат құруымен байланыстырды да, буддалық мектептерге міндетті түрде оқытылатын саяси сауаттылық пәнін енгізді. Мұны Лаос жұрты басында дұрыс қабылдағанымен, коммунистердің нені көксейтінін түсінген соң өздеріне жат бұл әрекеттен бірқатар дінбасылар бірте-бірте бас тарта бастады. Ақыр соңында билік басындағылардың мұндай қысымына төзбеген сангхьидің, яғни буддалық қауымдастықтың басшылығы амалы таусылған соң еріксіз Тайландқа қоныс аударуға мәжбүр болады. Осылайша ар тазалығына, байлыққа құнықпауға, ашкөздіктен бойды аулақ ұстауға адам баласын уағыздайтын Будда дінін өз мақсатына пайдаланып қалуға тырысқан коммунистер идеясы ұзаққа созылмады. 1989 жылдан бастап буддистерге идеологиялық қысым жасау біршама бәсеңдеді де, кейін бұл әрекет мүлдем тоқтатылды. Қазір Кеңестер одағының тәлім-тәрбиесін алған басшылар да, жоғары лауазым иелері де мезгіл-мезгіл ғибадатханада түнеп, ұстамдылық, қайырымдылық, тәубашылдық, іштей егілу мен пендешіліктен арылу секілді буддалық тазару жолынан өтіп тұрады. Ұсақ елді-мекендерді айтпағанда, ел астанасы Вьентьяндағы ғибадатханалардың барлығы жаңадан тұрғызылғандай қайта өңделіп, сәні мен салтанатын арттыра түскен. Мұнда ешкім де шетқақпайланбайды. Ғибадатханаларды аралап, монахтармен емін-еркін әңгімелесуге болады. Бірақ мына бір қағиданы да естен шығармаған жөн. Буддалық идеологияға сәйкес Лаоста жергілікті адамдардың басына қол тигізуге, шашынан сипауға әсте болмайды. Себебі өздерінің наным-сенімдеріне орай бұл адамның намысына тию деп есептелінеді. Тіпті баланың басынан сипауға да тыйым салынған. Әйелдер монахтарға қарап тұрып өз пікірін білдіре сөз айтпауға тиісті. Ал буддалық монахтар болса әйел адамға жанасып, қол тигізбеуі керек. Егер әлдебір әйел монахқа сый-сияпат ұсынғысы келсе, онда әкелген затын бөгде еркектің қолына тапсыруы тиіс. Міне, сол адам ғана әйелдің сыйлығын монахтың қолына ұстатады. Бірқатар ғибадатханаларға өкшесі мен тобығы жабулы аяқ киіммен ғана кіруге рұқсат етіледі. Оның да өзіндік мәні бар. Ғибадатханаға келгенде өкшені жауып тұратын шалбар немесе ұзын көйлек кию керек. Буддалық монах – лаостық адамдар арасында аса текті пенделердің бірі ретінде саналады.
Вьентьянның аса көз тартатын сәулетті орындары сол жерде салынған монастырьлар екендігін естен шығармағанымыз жөн. Осы жердегі Пха Луанг немесе Тхат Луанг өкшесі саналатын ескерткіш елдің аса мәртебелі рәмізі болып саналады. Сонымен бірге ол буддизмнің бірден-бір салтанат құруының көрінісі ретінде елдің елтаңбасында да ерекше бейнеленген. Осыған қатысты мынандай бір аңыз бар. Біздің жыл санауымыздың ІІІ ғасырында үнділердің императоры Азоки дәл осы жерде Будданың ең алғашқы өкше-табанының бейнесін жасап, оны қуатты Будданың қабырғасына орналастырады. Бұған да әлдебір жағдайдың себеп болғаны анық. 307 жылы бес бірдей монах Индиядан осында Будданың ортан жілігін алып келеді. Міне, осы күннен бастап дін атасы саналған Будданың құрметіне тұрғызылған ғибадатхана аса қасиетті орынға айналады. Бұған Тибетті, Индияны, көршілес Камбоджа, Тайланд елдерін мекендеген мыңдаған адамдар келіп тәу етіп, өздерінің жаратушы алдындағы таза да тәубашыл ар-намысын сақтап қалатындығына бүкіл жандүниелерін иландыра бас иеді. Тек Вьентьянда ғана емес, бүкіл елді-мекендердің баршасында Будда бейнеленген ғибадатханалардың бой көтеруі, көнелерінің қайтадан жаңартылып жөнделуі осы айтқанымыздың дәлеліндей. Лаостықтардың көне наным-сенімдерінің өзі ел мәдениетінің бастау көзі ретінде Будда ілімімен тығыз байланысты дамытыла бастады. Ән-жырларында, ақындардың өлеңдерінде, сәулетшілердің ғимарат салудағы ою-өрнектерінде негізінен алғанда Будда ілімінің алдыңғы кезекке шығарылатындығы, ерекше бейнелетіндігі олардың дінге деген адалдығы мен турашылдығының айғағындай.

Секен ҚҰСАЙЫНҰЛЫ

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа