Лаура Палман. «Сағыныш сияқты өз атым»

Лаура Палман. «Сағыныш сияқты өз атым»

Лаура Палман Тельманқызы 1980 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Еңбекші ауылында туылған. Өлеңдері облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланып келеді. Бірнеше рет облыстық, республикалық жыр мүшайраларының жеңімпазы. Бүгінде Ақтөбе қаласындағы «Ақтөбе» телекомпаниясында редактор- журналист болып жұмыс істейді.

Сіз жайлы

Сол сәттерім санама сіңіп әр күн,
Миыма маза бермей тығылар мұң.
Өткенді, Сізді еске түсірдім де,
Күліп алдым.

Сыйқымды алып қаншама бұл сұмдығым,
Тығылдым түнегіне тылсым түннің.
Кешегі күнді, Сізді сағындым да,
Күрсіндім мың.

Күндерімді зарыққан топшылар кім,
Мен, бәлкім, есіңізде жоқ шығармын,
Өткенді, Сізді еске түсірдім де,
Өксіп алдым.

Сол шақтарды ойыма түйіп әр күн,
Жағалауға Біз жүрген жиі бардым.
Сізбен түскен суретке ұзақ қарап,
Сүйіп алдым.

Ұмыттырған түгі жоқ бұ(л) қаланың,
Сүйреткенмен өткенім, құламадым,
Бүгінде Сізбен аттас біреу көрсем,
Қуанамын.

*************************************

Адасады сезімдер, сенделеді,
Енді қалай салармыз жөнге нені.
Ұғысқанмен тағдырлар, табыспадық,
Ұмыта алмай жүрмісің Сен де Мені?

Мен де Сенің жүр ме екем жүрегіңде,
Тұншықты ма сезімің түнегінде.
Түсіністік, бірақ түк ұтпадық біз,
Мен де сенің түсіңе кіремін бе?

Сеземін, Сен де, күнім, жаралысың,
Жан емін тек жырлардан табамысың.
Мұңлы әуен ести қалсаң Сен де ылғи,
Мұңайып Мені есіңе аламысың?

Тағдыр жайлы отырмын ғажап ойда,
Жазықсызды кейде өмір жазалайды, ә.
«Қандай болып кетті екен?»- деген сұрақ,
Сені де жиі- жиі мазалай ма?

Бүгінде Сен біреудің — «тірегісің»,
Көріспейміз, бәрін де біледі ішім.
Кездейсоқ қарсы алдымнан кезіксе деп,
Сен де ылғи мені іздеп жүремісің?

Саған деген сайрайды санамда өлең,
Бақытты шығарсың-ау балаңменен.
Әйеліңе өкпелеп қалған сәтте,
Сағынышың үдей ме Маған деген?

Ойлау қажет өткен күн жайында да,
Кінәлама, бұл менің ойым ғана.
Ешкімге сездірме ішкі сезіміңді,
Мен де ешкімге айтпаймын, уайымдама!

*****************************************
«Еңбекшім»

Жер бетінде,рас,жұмақ екенің,
«Шәулімшенің»бойлап жатқан етегін..
Шапағатын бөлек төккен шахарым,
Махаббатым қалып кеткен мекенім.
Дархан далам дертіме өзің дауасың,
Сен жазушы ең жанымның бар жарасын..
«Еңбекшімді»есім кетіп аңсаймын,
Аңқам кеуіп сағынамын ауасын.
Өкпе артқанбыз Сенен көшкен бауырға,
(Мені қимай,Сендік жүрек ауырды,ә)
Жеткізер ме сағынышты мендегі,
Сары автобус қатынайтын ауылға.
Балалық шақ. Бас ауыртпай басқаға,
Тәтті естелік,тамаша сәт-«таспада».
..Собық жедік,жиде тердік ауладан,
Қауын,қарбыз,жүгері өсті бақшада.
Желін,шөбін,бәрін,бәрін сүйемін,
Сол -бақытты, болса ауылға ие кім..
«Тарақтылар» тұратұғын топырақ,
Талаптыға қанат берген Киелім.
Естелігім еске салды талайды,
Әр бұрышы түрткілейді әр ойды.
..Қайран Мамам,масадан да қорғаштап,
Түтіндетіп қоюшы еді маңайды.
Шаң шығарып,шаршағанға қарамай
Ойнаушы едік арық бойын жағалай.
Көңге піскен табадағы нанның да,
Иісі келіп.. Кемсеңдедім баладай(
Сонда осылай сағынумен өтем бе,
Дәл мендей боп мұңая ма Әкем де..
..Білесіз бе,жер бетінің жәннаты,
Біздің ауыл қоныс тепкен мекенде!
Өткеніме көпір іздеп мен неше,
Адастым ба, неге аңсаймын ендеше..
«Еңбекшімде» ешкім күтіп алмайды,
Мола жақтан «Мамам» шығып келмесе…

*********************************
Еңбекшім-2

Сенен ұзап кеткелі көш,көлігім,
Көбейетін боп алған кешке мұңым..
Дөңбекшітті түнімен тағы мені,
«Еңбекшіде»қап кеткен естелігім.
Өзіңсіз етейін мен нені мақтан,
Адамның бәрі ауылда мен ұнатқан.
..»Шешен көше»бойымен түсімде ылғи,
Шешем келе жатады Шиелі жақтан.
Тәтті естелік. Талайы ойға келіп..
Бақытты едік,алаңсыз ойнап едік..
«Қарасан келгір»қара сиырды да,
Қарғап, таңда өріске айдап едік.
Пәк сезімнің жүрекке орнап әні,
Көшеден көрсем ғой деп «Сол баланы».
Есімінің алғашқы әрпін ойып,
Жазып қойғам терекке ауладағы.
Еңбекшімнің жұтып па ең таңғы ауасын,
Барып көр, қасиетіне таңғаласың.
..Ауылда ауырып қалған адамдардың,
«Алтын апа-ақ» жазатын жан- жарасын.
Сөзбенен жеткізем бе ғажабыңды-ай,
Бірлігіңмен, Туған жер, базарың бай.
..Жаңа күнің жайнатып жіберетін,
«Жаңагүл жеңешемнің» ажарындай.
«Тарақтылар» тұратын жұрты мықты,
Біздің ауыл бүгінде құлпырыпты..
..Ертеректе Біз көшіп кеттік Сенен.
..(Сол терек те түбінен қырқылыпты)
Өлкеме сыртта жүріп,сыйым қосқан,
Сағынышым бір сәтке тыйылмастан
Толқып жүріп өлем ғой мен де бір күн,
«Мортық»жақтан топырақ бұйырмастан((
**************************************
Еңбекшім-3

Ол жақтың ыстық жазы,көктемі де,
Ол жақтың сұлу тауы,бөктері де.
..Күнде енеді түсіме өз Ауылым,
Түнде мені сабылтып өткеніме.
Сағынтып,Еңбекшімнің сәлемі боп..
«Өзім еккен бақшамның дәмі еді»,-деп
Әкем жұлып әкелген әңгелекті,
Анам тіліп береді әдемілеп.
Айналып кеткенменен бәрі «аңызға»,
Сағыныш жаңғыртады санамызда.
Түйнек алма тұз қосып талай жеген,
Кәмек қауын..Оның да дәмі ауызда.
(Сағыну -Сенен қалған сыйым ба еді?)
Түстегі меңзейді екен түйін нені?
..Мектепке бара жатам сөмке асынып,
Үстімде ылғи әпкемнің киімдері)
Думанды ел тамашасы сейілмейтін,
Баласын тек жақсыға бейімдейтін.
Даламның бұлт тұрмайтын ақ аспаны,
Анамның қабағындай түйілмейтін.
Береке көретұғын бөліскенін,
Бай өлкем,Сен не деген келісті едің?
..Ақ Мамам тарататын көршілерге,
Баптаған бақшадағы жемістерін.
Сағынып не жабығып өтем, мейлің,
Өз ойымша мен Сенде мекендеймін.
Еңбекшім енген күні түнде түске,
Мені ешкім оятпаса екен деймін.
Көшеден бір жан көрсе қараңдаған,
Балам келе жатыр деп алаңдаған..
Соқпай кетті дей ме екен зиратыма,
Сөйлемейді түсімде Мамам маған.
Нүктесіз маxаббаттың дастанынан,
Бүкпесіз сыр ғып айтар тастары да ән.
..Түсімді қимай бір күн(і) тұрмай қалам!
..Сонда ізде Мені ауылдың аспанынан.
**************************************
Еңбекшім-4

Алақандай арманымның көлемі,
«Еңбекшіге» Мені тарта береді.
Ауыр ойдан қажып жүрген шақтарда,
Ауыл жаққа қашып кеткім келеді.
Бақыт қалған сонау балғын шағымда,
Жақұт алдан тосатындай таңында.
Бала күйге түсіретін бал дәмі,
Қара жиде піскен шығар ауылда.
Еш бөгетсіз жетсе екен жаңалық,
Еш себепсіз сағынатын сананы ұқ..
.. Жасырынды ауласына мектептің,
Бал шырынды «махаббатым» балалық.
«Топырағыңда кие бар ма,құнар ма,
Атырабыңда ағаш па өскен,шынар ма?»-
Деп жазыппын марқұм ағай -Нұрахан,
Ауыл жайлы жаз дегенде шығарма.
Сізден қандай баға алды екен өлеңдер,
(Күзден қалмай семеді кей «Емендер».)
Артық қой деп топырағы ауылдың,
«Мортық » жаққа ерте кеткен Кемеңгер!

(Қанша ағайын кетіпті ғой,ой,жалған..
Жан сарайы бақ мекенге байланған)
..Сіз кеткелі ауыл талай өзгерген,
Біз кеткелі Сағынышқа айналған.
Ала таңда қанша арманым жөнелді,
Қаратауға жеткізем деп сәлемді.
Далама арнап,Ағай,жазып жүретін,
Анама оқып беріңізші өлеңді?!
************************************
Еңбекшім-5

Өзің жайлы жазайын,қаламды бер,
Беу,Еңбекшім,беймаза балаңды көр!
..Таң атқанда тау жақтан, күн көрініп,
Жаратқанға тәубе айтып Анам жүрер.
Туған үй,Тәңір бар ма түндігіңде,
Бұл күнің де, қызыңа, жыр бүгінде..
Күн қызып кетпесін деп қыбырлайды ел,
Мың қызық басталады тірлігінде.
Мен сенің ауаңа ғой, шөлдегенім,
Еңселім, Сендей болсын Ел дегенің.
Кетпенін ұстап, бақша баптайды Аға,
Еккенін азық қылып Жеңгелерім.
Бір қолда нан,бір қолда шекеріміз,
Белгілі ғой бақытты екеніміз)
.. Қасақана қаптаса шыбын-шіркей,
Масахана -ең жайлы мекеніміз.
Оралмас шақ ойыма неше келді,
(Тәтті елес боп естелік өше ме енді?)
Ес біліп қалған үйдің көп баласы,
Кешкілік «көшіреді» көшелерді.
Дархандығы ұқсайтын даласына,
Бар дәмдіні ұсынып баласына..
..Қарбыз жұлып әкеліп Әкем ылғи,
«Әй,Андрей, жар,»- дейтін Анашыма.
Сағынышты тұтпай-ақ місе мүлде,
Тағы үнсіз көз жасымды ішемін бе?
Сенде өстім,сезесің бе сезімімді,
Еңбекшім,Мен есіңе түсемін бе?
Аңсар жырдың аржағын ақтарма енді,
«Мен» боп сезін «Мен» туған «мақпал белді.
Өтермін өмір бойы сағынумен,
Әкемнің «Андрейі» жатқан жерді..

***********************************
Уақытқа наз
Өмір-өзен,сыр айттым жылғаңа кеп,
Сен куәсің Мендегі сырға бөлек..
«Бақыт» дейтін сыйлықты Сен ұсынған,
«Уақыт» дейтін жүйрігің ұрлап әлек.
Тұрақ болып тірліктің бақ-мекені,
Шырақ беріп жолымды сәтті етеді..
.. Тағат тауып тоқтайтын тамашаңды,
Сағат- «жауым» сырғытып ап кетеді.
Санамдағы қияли құсыма әлі,
Күнім-үміт,ай-арман ұсынады.
Сый ғып берген сезімнің гүлін ылғи,
«Минут» дейтін жел неге ұшырады?
Уақытқа айтшы,қалайды өзі нені,
(Бақыт бәрібір менімен кезігеді)
.. Өкінткенде өмірдің кейбір сәті,
Секунттан да салқындық сезіледі.
Кімді жақтап,О,Жалған, нені ақтайсың,
Сауалыма бересің жауап қайсың?
Айта алмайсың Уақытқа сәл кідір деп,
Өмір-өзен,Сен де енді кері ақпайсың!

Сыртымнан сырды білмей,сөгесіңдер,
Сендерді сендірейін енді немен?
Көктемде гүлдейді әлі,көресіңдер,
«Үміт-Ағаш» өткенде өлді деген.
Сүйіп тұрып,сезімге сүрінгенде,
Күйікті боп шағылды неше кеуде?
Қар астынан бәйшешек білінгенде,
Бал аштырам бағымды еселеуге.
Уақыт өтіп кетерін білмеп пе едім,
Бақыт кеміп,алысқа көшіпті арман.
Шуағыңды төккенде,Гүл-көктемім,
Шырағымды жағамын өшіп қалған.
Арман боп «Өлең»,шіркін,шөлдетіп ең,
Жалған боп,қай жол Сені жерітті екен.
Қыстың сызы кеткенде жер бетінен,
Іштің сырын өткенге көміп кетем.
Тірілтеді Үмітті түбі бір күй,
(Сен де Өлең жүре тұршы өлмей,Көкем..)
Өткеніме өкпелеп жүріп ылғи,
Көктеміме көңіл де бөлмейді екем.
Сезіммен қатар атың аталатын,
Мезгілім, кел жарамды бітеу үшін..
Өткел көп өткеніме апаратын,
«Көктем» деп Сен де мені күтемісің?!
************************************
Сағынышқа айналғалы өлеңім,
Жеткізер деп «Желге»еріп келемін..
..Қағып тұрған есігіңді бұл жолы,
Күз емес ед(і), Мен едім.
Келіп жеткен Күзден іздеп көр Мені,
(Сезім жайлы сездіреді «Жел» нені)..
..Сары жапырақ табаныңда шашылған,
Сағыныш қой Мендегі.
Сездіреді сезімдердің наласын,
(Жапырақтан сұра, жауап аласың.)
Бір шөкім бұлт көре қалсаң аспаннан,
Жүректің сез жарасын.
Менде жатқан ашылады сыр анық,
«Желге» құлақ тосып көрші бір ауық..
.. Дәл сол кезде жаңбыр құйып кетеді..
Мен де, Күз де — жылауық!
Қыз отыр ма қоңыр Күздің орнында,
Сезімімді сезінгендей болдың ба?
Аулаңдағы қалтырайды,ә,қара ағаш,
Сен де Менсіз тоңдың ба?!

***************************
ӘКЕ
Бойымда қаның бар..
Өнегем-өмірде..
Заңғар бір тауым бар,
«Тәңір» бар төрімде.
Дүр -аты,жыр-хаты,
Бәрінен жайлы үні..
Сыйымның қымбаты,
Үйімнің байлығы.
Сендік жүз сабақтан,.
Жамалған кетігім..
Ақ жарын Жаратқан,
Ап кеткен..Жетімім!
Сөзі ес жиғызған,
Дәру боп сені емдер..
Мың кітап сыйғызған,
Ішіне.. Кемеңгер..
Кеңейткен өрісін,
Арқау ол өлеңге.
Ең жарық мен үшін,
«Жұлдызым» төбемде..
Құдайға бағынып,
Бізге бақ сұрайды Ол..
Кемпірін сағынып,
Көрсетпей жылайды Ол.
Жайқалған орманы,
Әулетте ең Ізгім,
Екі ұлдың қорғаны,
Әулиесі «Сегіздің».
Орамды ойыңды,
Сөзіңді сыйлаттың..
..Ғасырлық тойыңды,
Көрсек қой,Ғибраттым..
Құдай бар көгімде..
Оң көзбен қарасын..
Тағдырдың төрінде,
«Тау»болып қаласың..
Ұрпақпен мақтаншы,
Әлі де өрле,Әке..
Лайым шаттаншы,
Уайым көрме,Әке!!!
*************************
Бақытын бағалап басқаның,
Уақытым өте ме қас қағым?
Адасқақ арманым әлі күн,
Аңсайды ауылдың аспанын.
Аспанға ғана қол созатын,
Тастарға ғана жыр жазатын
Жаңылыс қойылған кезінде,
«Сағыныш»сияқты өз атым.
«Сағыныш» дейтұғын өлеңім,
Ұлғайтып алыпты көлемін.
Ауылды,бауырды,тауымды..
..Бәріңді сағына беремін.
Көзіме көрінбес сол сағым,
Өзіме, қайтейін,салса мұң.
Езіліп Анамды аңсаймын,
Төгіліп жанардан моншағым.
Кетпеуге тырысам түңіліп,
Сендегі сезімге жылынып.
«Гүл»сырын ашуға асығам,
Бүршігін жарғанда бір үміт.
Нөсер боп жауғанда жиі мұң,
Шеше алмай тірліктің түйінін.
Сөздерден қашамын сұп суық,
Көздерден іздеймін мейірім.
Жұбатып келгендер емдеуге,
Ұнатып көріңдер Сендер де
Аңсайтын,күтетін сағынып,
Шаршайтын «Жүрек» бар кеудемде.
Жүре де алмаймын жасырып,
Жетектеп келеді осы үміт..
«Жарылыс» болған күн жүректе,
«Сағыныш» қалады шашылып.

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

5 Пікір

  • Жұлдыз Қазихан
    Март 12, 2020, 10:40 дп

    Лаура жаным! Керемет! Қуаныштымын ❤️🌹🌹

    REPLY
  • Аида
    Март 12, 2020, 2:10 пп

    Керемет. Жаным, Лаурам. Тамаша, өзіңе ұқсаған өлеңдерің туыла берсін.

    REPLY
  • Палман Замира
    Март 13, 2020, 2:08 дп

    Жаным арамыздан оза шауып Бәйгені жүлделеген ЖАН БАУЫРЫМ.Қаламың еш мұқалмасын.Жырларың дүйім жұрттың жүрегіне барып паналасын.Ұйқасы да, жырдың мазмұны да ерекше ғой.

    REPLY
    • Ерім Гүлнар@Палман Замира
      Март 13, 2020, 5:08 дп

      Өлеңдерің Лауражан тым ғажап-ақ! Сүйсініп қарайтындай бар ғаламат Қаламың мұқалмасын қарыштай бер
      Жырларыңнан нәр алсын барша адамзат! Көремін өлеңіңнен сағынышты Боламыз бұл күйге біз бағынышты Себебі әр адамның өткені бар. Өткергендей болатын тәтті түсті. Фариза, Мұқағали болмасам да, Жеткіздім ойымды мен өлеңменен. Жүзіңнен тек бақытты көрейінші Аруы Шиелінің өзіңнен мен.

      REPLY
  • Аида Кемалова
    Май 1, 2020, 10:57 пп

    Лаура жаным, керемет." Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек".Керемет сезім ұялаттың жүрекке. Сағындым өзіңді алтын құрбым. Бақытты бол.

    REPLY

Сонғы жазбалар

Мультимедиа