Мехриддин Өтегенов. Келеді тағдырыма тік қарағым!

Мехриддин Өтегенов. Келеді тағдырыма тік қарағым!

Ақпанды ерте шығарып салу. Ақпан. Ақпан,ақ боран ақпан да өттің, Жалғыздықты жазмышқа жаттанды еттің. Құмдай шашып басымды қайда ұрайын, Бір жанашыр жаныма тапқан жоқпын. Алақанда ериді жауған аққар, Жалғыздығым көшеңде қаңбалақтар. Семей саған кім айтты бақытты деп? Сенбе оларға барлығы жалған ақпар! Ойларымды бөледі қар дауысы, Тұншығады ішімде жан дауысым. Сұлу қыздың қараймын көздеріне, Сұлулықтан

Ақпанды ерте шығарып салу.
Ақпан. Ақпан,ақ боран ақпан да өттің,
Жалғыздықты жазмышқа жаттанды еттің.
Құмдай шашып басымды қайда ұрайын,
Бір жанашыр жаныма тапқан жоқпын.
Алақанда ериді жауған аққар,
Жалғыздығым көшеңде қаңбалақтар.
Семей саған кім айтты бақытты деп?
Сенбе оларға барлығы жалған ақпар!
Ойларымды бөледі қар дауысы,
Тұншығады ішімде жан дауысым.
Сұлу қыздың қараймын көздеріне,
Сұлулықтан көз жазып қалмау үшін!
Сұлулар өлеңсіңдер әр бірлерің,
Жұлар ем сендерге арнап жан гүлдерін,
Мен жайлы ештеңе де білмейсіңдер!
Мен сендерге ғашықпын бар білгенім.
Ей, жігіттер келіңдер дос болайық!
Ашыңдар құшақтарды досқа лайық,
Шаттықта бір адамдай бақыт тауып,
Қайғыда бір жыласар жас табайық!
Қайдам, мені ұға ма қала мына?
Жармаса берем неге балағына?
АҚЫН деген жалғыздық, жарым жүрек,
Жас толтырып жүретін жанарына!
Көше,
Жолдар,
Адамдар танымайтын.
Таныстыққа болдым ғой жарымайтын.
Кенеттен біреу маған дей қалса ғой,
«Жара салған, жалғызым, жаныңа-ай кім?»
Десе біреу!?
Демейді! Кім аясын.
Көше бойлап көп жүріп,мұңаясың.
Өксік келіп тұрады өрттей қарып,
Жылап алғың келеді! Тыңаясың!.
Жалғыздық осы екен ғой, жырық табан,
жанына жан бар ма екен жуытпаған?
Шәкәрім даңғылында даңғырлатып,
Барабан қып басымды ұрып барам!
…ояныңдар!

***
Ол, жұлдыздарды санады,
Санады тастарды ,
Санады үйлерді мұржасыз.
Санады өртелген бақтарды,
Санады құстарды, қанаты жаралы құстарды.
Санады атылған оқтарды. Санады оқтарға ұшқанды.
Санады денесіз бастарды,
Санады баласыз әкені, баласыз ананы санады.
Санады санағы басталды,
Санаған ұнайтын секілді!
Онға дейін санауды біледі ол.

***
Ботам,
Мен кіммін,
Адасқан пенде ме екем?
Қу басымды қай тұсқа дөңгелетем.
Жарығым-ау жалғанға жарты күндік,
Менде бөтен, Ботам -ау сенде бөтен.
Ботам…
Не білесің?
Не білем?
Не білеміз?
Өзі жұмбақ өмірге көнігеміз.
Өткеннің өрттей ыстық өкінішін,
Еміс-еміс еске алып егілеміз.
Ботам…
Бесігінде даланың тербетілмей,
Қиял кешіп жүрсің бе сенде түнде. Ой…
Басымның аяқ асты ауырғаны-ай,
Кешкілік бөлмем іші желдетілмей.
Оны қойшы!
Келмейді шерден өлгім,
Бір адамдай шатыққа шөлдегенмін.
Өзіміз дәл осылай өтеміз — ау,
Тілеуін тілеп жүріп өлмегеннің.
Ботам…
Телміреміз неліктен түнгі аспанға?
Түн қойнында не жетсін сырласқанға.
Дәл сендей сенеді екен кім құрбыға?
Дәл мендей сенеді екен кім достарға?.
Ботам…
Тағдыр деген шимай ғой!
Маңдай-дәптер!
Сол үшінде санаңда сарнайды, «әттең! »
Сәтінен сол жазмыштың бақыт таппай,
Дәл өзіңдей дерттенер жанды ойлап пе ең?
Ботам…
Жаза басып жазықсыз жылайды арым,
Кімге керек түн іші мұңайғаның(м).
Алданышы көп екен адамазаттың.
Ұмытып кете берем құдай барын.
Ботам түс көрдім мен,
Өлеңдерім бүктеулі қалтаңызда!
Өлең қайдан түскені қалтаңызға?
Жағалауда біз тұрмыз тас лақтырып.
Ертіс ағып барады ортамызда.
«Ботам…
Ботам…
Ботакөз,
Көзі мөлдір.»

***
Құрбың куә ынтықпын, ынтызармын,
Сені көріп ұмыттым мұңды, зарды.
Өзіңді ойлап жатамын түн ішінде,
Өзіңді ойлап тағы да күн қызарды.
Жүрмін бүгін құрбыңа сырымды ашып,
Сөз аңдиды жұлдыздар жымыңдасып.
Айғада айтқам айғайлап, бәрін-бәрін,
Демеді ме, «өзіңе бір ұл ғашық»?!
Көңіліңді шіркін-ай тапсам, қане?
Сыр айтпаған қасымда дос қалмады.
Самала жел сырымды ала қашып,
Саған жетпей болдырды, ақсаңдады.
Кінәліме ұқпадым бала басым,
Келмейтін-ай айтуға шамам осы.
Тілін жұтып, Тәңір-ай мен секілді,
Сені көрсе бәрі үнсіз қалады осы…

***

Еншімде не бар дейсің шерден басқа?
Көлеңкелі өмір бұл, көнген басқа.
Көзінен көз ала алмай сұлу сүйіп,
Өзімнен артық қойып сенгем досқа.

Сенгем досқа,
Сейілді сенім бүгін,
Өзгеге салмақ болмас менің жүгім.
Бас біткенді тағдыр тұр иілдіріп,
Өз бетінше сүрді екен өмірді кім?

Сүйгем сұлу,
түгеді сезім бүгін,
кереметтей қайтарар кезімді кім?
Жалғай алмай араны кетті алыстап,
Арнай алмай «сүйем»,-деп сөзін күнім.

Еншімде не бар дейсің жырдан басқа,
Тағдыр маған не берді мұңнан басқа?
Жүрегімді жұлып ал сұлуға деп,
Шыбын жаным әлі де құрбан досқа,

Сәулем…

***

Тілдесерге жан таппай, тыңдасарға,
Түсінісер, жыласар, мұңдасарға.
Кетіп қалғың келеді ешкімге айтпай,
Күтеді дейсің мені кім қашанға?!
Мынау, маңғаз қалаға симағаным,
Құлын шақты қырда өскен,
Қимағаным!
Қабағына қараймын жан досымның,
Қабақ шытса сол досым қиналамын.
Құшағы тарлық етіп көп таныстың,
Сезініп салқындығын,
Отқа түстім.
Шат-шадыман шақтарға ілесе алмай,
Шерімді тарқатам деп шет қалыстым,
Күңіреніп келемін кең көшеде,
Жарым жүрек, жалқы мұң, сор пешене.
Жаныма батқанын-ай, еңсемді езіп,
Бұлт көше ме, аспанда шер көше ме?
Неліктен бұл көктемнің бұлттары ауыр?
Бал емес, у болды ғой ұрттағаным.
Жетімдей жанарымды жәудіретпей,
Келеді тағдырыма тік қарағым!

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

1 Comment

Сонғы жазбалар

Мультимедиа