Қарлығаш Қабай. «Моңғолияға Әмірсана қайта келген кез»

Қарлығаш Қабай.  «Моңғолияға Әмірсана қайта келген кез»

Бір уақыт – бір оқиға – бір қасірет. Екі уақыт – екі шығарма – екі қолтаңба. Әңгіме өткен ғасырдың назардан тыс оқшау қалған ең қасіретті қолтаңбаларының бірін қалдырған жылдар жайлы болмақ. Ендігі ол оқиғаны көзбен көргендердің барлығы дерлік келместің құшағына мәңгіге құлаған шығар. Одан бері ғасырдан да ұзақ жыл өтті. Сол жылдар шеттегі қазақтың көкірегіндегі

Бір уақыт – бір оқиға – бір қасірет. Екі уақыт – екі шығарма – екі қолтаңба. Әңгіме өткен ғасырдың назардан тыс оқшау қалған ең қасіретті қолтаңбаларының бірін қалдырған жылдар жайлы болмақ. Ендігі ол оқиғаны көзбен көргендердің барлығы дерлік келместің құшағына мәңгіге құлаған шығар. Одан бері ғасырдан да ұзақ жыл өтті. Сол жылдар шеттегі қазақтың көкірегіндегі жұлым-жұлым қайғысын жұтып тына алды ма, жоқ па ол жағынан бейхабар болғанымыз өте өкінішті. Бәлкім Асқар Алтай мен сонау Қобда өзені көкірегіне қатқан шерді әлі күнге дейін еріте алмаған шығар. Рас… Сүйек бүтін, жара жазылады. Әйткенмен әуелгі тума кебімізді ешқашан ұмыта алмаймыз…
Елеусіз Мұқамәдиұлының «Өрікті көлінде» бұл уақиға сиыр жылы орын алғандығы айтылса, Мұхтар Мағауин «Кесік бас – тірі тұлұп» шығармасында оның шамамен 1891-1925 жылдар аралығында болғанын баяндаған. Мекенін Мұхтар атамыз Қазақ Алтайының шығысы, орталық Моңғолия дейді. Ал Елеусіз Мұқамәдиұлы көркем шығармада өрікті көл емес, өлікті көлдің жағасын көрген Дәурен қарттың әңгімесін әйгілеген. Қаламнан өзге тіршілігі жоқ екі жазушы да тың туындыларын өмірге әкелерде от кешкен халықтың жұтқан құсасын құсық қылып тұп-тұқианымен шығарып тастап, сол құсықтан өшпес ақиқат ескерткішін жасауды басты мақсат қылып алады. Әр жазушы оқиғаны өз қадарынша өрнектеген. Бұған уақыт, саясат және сол кездегі қоғамдық-әлеуметтік жағдайдың да әсер еткендігін шығармаларды оқу барысында байқай аламыз. 1974 жылы жарық көрген «Өрікті көлде» жазушы уақыт ауанына байланысты тарихи шындықты көркемдік сипатпен бүркемелей отырып берген деген болжам келтіргіміз келеді. Ал Мұхтар Мағауин 2005 жылы тәуелсіздіктің алтын тұғырына мініп, Алматы шаһарында дүниеге әкелген туындысын барынша тарихи шындық пен фактіге сүйене отырып жазып шыққан. Осынау өзекті һәм жүйкеге ауырлық түсіретін тақырыпқа қалам жүгірту үшін қос қаламгер орасан зор ішкі дайындыққа жүгінгені айқын. Тірі туынды тудыру, яғни оқиғаны көзбен көргендей етіп баяндау әрдайым жазушының басты міндеттерінің қатарында болмақ. Және халықтың бастан кешкен тарихын шашау шығармай шығармаға арқау қылу – жазушының ең алдымен ұлт мүддесін қаншалықты мақсат қып ұстайтындығының, халқының өмір жолындағы бастан кешкен қал-қадарына деген құрметінің, қала берді ел ертеңі мен ұрпақ ұлағатына алаңдаушылығының көрінісі. Осы орайда сөзімізді ең алдымен қос жазушыға ұрпақ атынан алғыс білдіруден бастағанымыз жөн деп санаймыз!!!
Елеусіз Мұқамәдиұлы – 1938 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағы, Баяннуур елдімекенінің Цамбагарит тауының қойнауында дүиеге келген қарымды қаламгер. Жазушы шеттегі Қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосты. Шығармаларының арасында кеңінен таралған «Қобда қойнында» атты романы 1976 жылы жарық көрген. Бұл роман Моңғолия қазақтарының тұңғыш роман жанрындағы туындысы аталуымен Елеусіздің шығармашылығының шоқтығы бола білді. Бұдан өзге, жазушының «Жоғалған қыз» дилогиясы да Моңғолияға өндірістің алғаш келуіндегі шикіліктер мен артықшылықтарды астыртын шебер суреттеушілігімен біршама жоғарғы дәрежеде оқырман махаббатына бөленген болатын. «Жердегі жұлдыздар», «Өрікті көл» повесттері де өз кезегінде халықтың басынан кешкен оқиғаларынан сыр шертеді, тұнған тарих. Бұл жазушының Кейіпкерлері қарапайым қайшылықты тағдыр кешкен адамдар, күнделікті күйбең тіршілікке шомылып жүріп бір туындыға арқау боларлық ерлік жасаған қаһармандар. Олардың бойына мейірім мен махаббат, іңкәрлік пен сүйіспеншілік дарығанын іс-әрекеттер арқылы бейнелеген жазушы осы арқылы белгілі бір күллі адамзатқа ортақ қарапайым ізгілік формуласын жасайды. Әрине жиырмасыншы ғасырда бұл кез-келген шебер жазушының алдына қояр басты мақсаты һәм міндетіне айналғандықтан таңырқаудың түк те қажеті жоқ. Дегенмен басты ойымыз Елеусіздің туындыларындағы тәрбиелік, гуманизмдік элементтердің мол екендігін, сол бағытта қалам сілтегендігін айта кету болатын.
Автор шығармаларын оқу барысында тағы бір байқағанымыз Алтай өңірінде өскен жазушы сол жақтың құнарлы тілдік қолданыстарын сүт бетіндегі қаймақтай сүзіп беруі, қал-қадарынша қолдануы. Бұл қазақ тілінің келешек ұрпаққа таза һәм тұнық қалпында берілуіне, өз дәмін жоғалтпауына үлкен септігін тигізбек. Онымен қоса «Өрікті көлде» кейбір диалектілік сипаттағы моңғол сөздерінің де енгендігін ескердік. Бұл жазушының кемшілігі деуге келмейтіндіктен, әрі түркі тілдеріне Шыңғысхан шапқыншылығынан бері көптеген моңғол тіліндегі сөздердің енгендігін ескере келе мұны қалыпты даму процесі деп қабылдаймыз.
Елеусіз Мұқамәдиұлы шығарманың бастауында бас кейіпкер Дәуреннің қартайған шағында радиодағы Сейтжанның күйі арқылы өткенін еске алғанын бейнелейді. Күй қазақ өнерінің ерекше бір түрі болғандықтан ұлттық колоритті көрсететін ерекше элемент арқылы шығарманың кіріспесі мен қорытындысын жасап отырған автордың шеберлігіне таң қалмасқа болмас. Күйдің алпыс екі тамырды шымырлатып, бойдағы қанайналымын реттеу қабілеті де кейіннен танылуда. Түптің түбінде әуен – күллі адамзатқа ортақ жалғыз тіл емес пе? Бұл жерде жазушы күллі оқиғаны кейіпкер жадында жаңғыртар бір әуеннің образын керемет жасаған. Ал Мұхтар Мағауин өз шығармасын тамаша жинақылықпен, ерекше бір нақтылықпен бастайды. Бірақ өзгелерге істегені алдынан шыққан Жа-ламаның өз терісінің сыпырылуын бейнелеу арқылы оқиғаны әрі қарай өрбітіп қорытындыны кіріспе орнына берген жазушы өзіндік стиль ерекшелігін көрсеткен. Бұл шығарманы басынан аяғына дейін бірізді оқыса да, бөлімдерін алмастырып оқыса да оқырманның өз еркі екендігін автордың ескертуі де оқиғаның ерекше стильде жазылуынан деп білеміз. Бұны кемшілік емес, тың дүниеге жол бастау ретінде есептеген жөн деп ойладық. Сол себепті оқырман Жа-ламаның терісінің не себепті сыпырылуының, оның жүрегін суырып алып Нанзыттың не себепті батылдығын берсін деп ырымдап жеуінің себебін шығарма желісінің соңында бір-ақ түсінеді. Бұл автордың оқырман көңіліне «Неге?» деген сұрақты орнату арқылы оқып білуге деген асқан ынта мен аш қасқырдай ұмтылатын қызығушылық орнату үшін жасалған деп жорамалдадық. Ал қазақ ежелден «Батылдық – жүректе» деп есептеп, ұлдарын «Ержүрек» деп мақтауы жайлы ерекше ұлттық танымды осы жердегі Нанзыт Жа-ламаның жүрегін жегенінен байқауға болады. Бұл жерде Мағауин ерекше элемент ретінде жүректі алып тұрғандығы – шеберлік деп білеміз. Екі шығармаға да арқау болған бас кейіпкер Жа-ламаның шын аты Дамбийжанцан. Оны көптеген деректерде Моңғолдың батыс шекарасының ұлт-азаттық қозғалысының көсемдерінің бірі әрі Моңғолды тәуелсіз қылуды мақсат тұтқан тұлға ретінде көрсетеді. «Моңғолға ӘМІРСАНА қайта келді» деген ұранмен танылған Жа-лама Далай-ламадан бата алған, сары дінді терең меңгерген сиқыршы, дуа жасаушы ретінде де өз бейнесін аша түседі. «Өрікті көлде» қазақтарға ең алдымен оның сиқыршылығы жайлы дақпырты жеткендігі жайлы ғана айтылса, Мағауин оның сиқыршылығын Қытайлардың алдында қолынан кісеннің өзінен-өзі түсіп қалуын ашық бейнелеу арқылы фэнтези жанрындағы шығармалармен ұқсас образ жасайды. Бұл Жа-ламаның шындығында саяси идеологиясы асқан қулыққа негізделген болуы керек. Оның өз ұлтына деген махаббаты фашизмдік деңгейден де асып түсерлік қатігездікке негізделген. Ол орыс үкіметін пайдаланып қытай үстемдігінен арылуды, моңғол жерін басып алған деп айыптап қазақтарды түп-тұқианымен қыруды мақсат тұтты. Одан соң орыс үкіметінің де бетіне түкіріп біртұтас Қалмақияны қайта қалпына келтіруді армандаған. Бізге дейінгі дерек көздеріне сүйене отырып осылай жорамалдадық. «Кесік бас – тірі тұлұпта» да бұл шындық расталады. Ал кей деректерде Жа-ламаның арғы тегі кезіндегі Еділ қалмақтарынан екені айтылған. Бұған сүйенсек Жа-лама зауалы кешегі жазықсыздан жазықсыз қырылған Еділ қалмақтарының өтемі іспетті көрініп кетеді… Анығын ешкім дөп басып айта алмас. Көзбен көрмеген соң тарих беттеріндегі жабулы қазан боп жата бермек.
Екі шығармаға да ортақ тағы бір сюжет Жа-ламаның ерекше сәнделген ақ түйе мініп ел аралауы. «Кесік бас-тірі тұлұпта» ол түйені Ақымбет шалдан ұрлап кеткендігі айтылған. Оқиға желісінде Ақымбеттің Жа-ламаны ажал аузынан алып қалғанына қарамастан, ол өлшеусіз жақсылыққа жамандықпен жауап қайтарады. Ел арасына ылаң салған Жа-лама «Өрікті көлдегі» оқиға желісі бойынша халықты сағат сайын дүрелеп, бір жұтым су таттырмастан аштан қалдырып қинағаны айтылса, екінші шығармада оның асқан қатігездікпен тірі адамдарды құрбандыққа шалу үрдісін жүргізгені баяндалған. Елеусіздің шығармасының тағы бір құндылығы қазақ рулары, қазақ ауылының тіршілігі жайлы кеңінен сөз қозғауы. Той-томалақтарда басқосу, ойын-сауық, айтыс сынды ұлттық үрдістердің бәз қалпында берілуі шығарманың бояуын қанықт қыла түскендей. Айтыста ақындардың қазақ руларын, ата-тектерін ширата тарқатуы кешеден бүгінге дейінгі ғасырлар арасында әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан дүниелер. Жеті атасын білмеген жетесіз ұлдан жасқанған қазақ осындай айтыстарды ұл-қызымен отырып тамашалаған. Ал бұл жайлы кеңінен сипаттаған «Өрікті көл» хикаясының ұлттық-көркемдік құндылығы басты назарға алынады.
Қос шығармада да терісі тірідей сыпырылған қазақтың шырқыраған сәті өте шынайы һәм аянышты болып бейнеленген. Жанының шығып бара жатқанын тірідей тамашалаған пенденің сонда да соңғы демі осындай тағдырға тап қылған құдайға қарғыс емес, ата діннің беріктігіне сәйкес кәлимә келтіруімен аяқталады. Бұл кейіпкердің есімі бірінші шығармада Ақылбек деп берілсе, екінші шығармада Ақымбет ретінде алынған. Уранхайлардың соққысына ұшыраған Ақылбек ел шетіне жете «Жау шапты» деп аттандап жығылады. Айықпас дертке шалдығады. Ал Жа-лама ауылын басып алған соң науқастың да, асқа халықтың да аузына ір тамшы су себілмеуін қатаң талап еткендіктен ауру баласына су іздеп, «Олар да адам ғой. Олардың да анасы бар шығар» деген ішкі алданышпен рұқсатсыз өзен бетін жуықтай бере оққа ұшқан. Ең соңғы рет анасының жан ұшырған даусын естіген Ақылбек сойылын алып жауға қарсы ұмтыла бере соққы алады. Ал қолға түскен дәрменсіздің денесін тірідей сойып, терісінен кеп жасау жайлы Жа-ламаның бұйрығы сол сәтте саңқ етеді.
Ал екінші шығармадағы Ақымбет шалдың ауылының қолға түсуін жазушы тіптен керемет суреттейді. Бұл қазақтың «Өлі риза болмай, тірі байымас» дейтін аруаққа деген құрметінің алдында өз басын өлімге таңудан да тайынбайтындығының бір ұлттық көрінісі бола білді. Жеңгедей алған үлкен бәйбішесі, яғни әмеңгерлікпен жесірін жылатпаған қазақ салты бойынша қосылған әйелі көз жұмғандықтан, Ақымбет ауылын көшірмей сол тұста бір күн аялдатуына тура келеді. Мәйітті жерлеп болған соң орнынан жылжыған көш қашып бара жатыр делінген ныспымен қолға түскен соң еш аяусыз қырылған. Ал Ақымбеттің өзіне қол ұшын тигізбей сақтап, күтіп, тірі кеп қылуға дайындығына көшеді. Осы тұстағы «Сенің теріңді тірідей сыпырып басыңның құйқасымен қоса үнемі өзіммен бірге алып жүретін болам . Бұл менің саған деген сүйіспеншілігімнің белгісі»,-деген Жа-лама сөздерінен оның аномалиялық қояншық ауруымен ауыратын қанішерлер секілді екендігін аңғаруға болады.
Шығармадағы ерекше образдардың бірі Цэнд атты моңғол шаруасы. Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш оқиғасындағы Бақтығұлға қол ұшын беріп үйіне паналатып, қонақ қылып, қаруландырып, ақыл қосып жіберетін орыс мұжығы іспетті, бұл кезде де моңғол жерінде қазақтарға жанашыр бола білген, өзге ұлт өкілі болса да,өз ұлтындай көріп алыс-жұлысына араласып, сол жолда ауыр жараланған Цэнд бейнесі ерекше берілген. Бұл – ұлттық санадан әлдеқайда жоғары күллі адамзаттық санада ойлай алатын адамның ғана, ізгілік жолындағы адамның ғана қолынан келер іс. Ұлтты сүю – ізгілік формуласы деп білген қазақ, кейде Абайдың «Адамзаттың әрін сүй бауырым деп, және хақ жолы деп біл әділетті», — деген осынау биік сөзін ескере білмейміз, ал ескерген күннің өзінде ұлттық таным-тәрбиеге деген, бойдағы қазақ қанына деген ерекше мейірім мен махаббатымыз мүмкіндік бермей жатады. Кейде тіпті түптің-түбінде ең алдымен ғаламшарда өмір сүріп жатқанымызды ұмытып, әр нәрсені өз шекарамыздың өлшемімен ғана бағалағымыз келеді. Ал тікелей көзқараспен бағамдасақ өз кезінде қоңыздардың бәрі қоңыз, құмырсқалардың әрі құмырысқа деп аталғаны іспетті, адамзаттың бәрі бір ғана «Адам» атауымен аталатын күн келуі керек емес пе?! Бұл өте әділетті шешім болар еді. Ал бұл мәселелерді бір ғана Цэнд образымен беруінен Елеусіз Мұқамәдиұлының сәтті шыққан идеясын осылайша қорыта аламыз.
Келесі бір келелі бейне өз кезегінде Жа-ламаның халқыңды айдауға салып берсең, сені оларға басшы, өзіме серіктес қыламын деген ұсынысынан бас тартып, ел мүддесі жолында қара басын ойлаудан ада болған Бардам образы. Ол асқан жанқиярлықпен өз-өзін өлтіреді. Жа-ламаның қолынан өлгенше өзіме лайықты өлімді өзім таңдайын, батырша көз жұмайын деген шешімге келді де, ең соңғы айтар өсиеті атадан қалған жалғыз мүлкін, яғни белбеуін ұлы Ақтышқанға табыстауды өтінді. Ал жаны шығар сәтте «Аллам мені шейттер қатарына қосатын шығар. Амалсыздан бұл іске барып жатқанымды ұғынса керек»,-деген ішкі ой арпалысы Құдай мен адам өлімі жайлы бір құпияның шетін шығарып тұрғандай әсер қалдырады. Ал Бардамға қарама-қарсы образ Бақат ауылдарынан шыққан ел азаматы Қылаң жанын сауғалағысы келгендіктен Жа-ламаның ұсынысына келісімін берген. Елді Алтайдан асыра ішкері айдауға жағдай жасайтынын, барын салатынын білдірді. Ал Жалама оған қазақ пен моңғолды біріктіріп біртұтас ел жасап, тізгінін өзі алатындай емеурін танытады. Шын мәнінде ол халықты тұп-тұқианымен қырмақ ниетін жасырып қалған.
«Өрікті көлдегі» Қарагөз атты кейіпкер, сұлулығымен, ақылдылығымен, ақындылығымен әрі тектілігімен көзге түседі. Ол – бас кейіпкерлердің бірі Дәуреннің ғашығы. Дәуреннің досы Тоқының туған қарындасы. Жа-лама бір топ қазақ қыздарын тұтқында ұстап отқан жерінен азат етуге Дәурен мен Цэнд барғанда жау қимылын өлең шығарып әндеткен болып сыртқа жеткізген Қарагөздің тапқырлығы бұрынғы қыз Құртқалардың ерлігін еріксіз еске оралтады. Ал Тоқы жау қолынан асқан ерлікпен қаза тапқан алғашқы кейіпкер. Ол шығарма басында досы Дәуреннің Қарагөзге деген асқан махаббатын байқап әрі әйелі арқылы Қарагөздің де кетәрі емес екенін білген соң, екеуін қосуға қарсылық танытпайды. Әрі сонау қазақ ауылдарынан Қарагөзге лайық Дәуреннен асқан батыр, білімді азамат таылмасына кәміл сенімді еді. Бірге жортқан досы екеуі қашып ьара жатып, қапияда атына оқ тиіп Тоқы құлап түседі. Ал Дәурен қара басының қамымен қашып кетпей Тоқыны мінгестіре алмақ ниетпен кері бұрылуы оның ержүректігінің тағы бір дәлелі болмақ. Тым құрыса екеуміздің біреуіміз елге аман-есен жетейік деген ниетпен Тоқы өз басын бәйгеге байлап, Дәуренде қашырып жібереді. Ал өзі тектен тек қаза таппай жаудың қаншама адамын алыса жүріп мерт қылып барып көз жұмды. Дос алдындағы өз жауапкершілігін сезінген Дәурен таң қылаң бере кері оралып, мән-жайды білмек емеурінме келсе, Тоқы қаза болғанын көріп қатты қамыққан еді. Өз кезегінде Тоқы жасаған ерлік пен ол тұрғызған досқа адалдық пирамидасы оқырман көңілін ержіретуі – автор көздеген басты мақсаттардың бірі деп білеміз. Әрі бұл шынымен де сәтті орындалған сюжет бола білді.
Шығарманың өн бойында жылы леп пен салқын леп қатар есіп отырады. Бірде дән риза болып марқаямыз, бірде аяныш сезімінен жыларман күйге түсеміз. Көркем шығарманың бұл қасиеті оқырман көңіліне әртүрлі күй сыйлағандығымен құнды болмақ.
Осынау екі шығармадағы бірдей берілетін сюжеттер – тұлыптың тірідей сыпырылуы. Мұны екі автордың әртүрлі сыйпаттауын алып қараған жөн болар деп ойладық.
Елеусіз Мұқамәдиұлы «Өрікті көл»:
«…Тірідей бітеу сойып, терісін кеп жасасын депті. Айтақтаған арландай жемтікке бөккен шеріктерге Жаламаның бұйрығы тым қызық көрінеді. Байлаулы жатқан Ақылбекті шалқасынан жатқызып бірнешеуі басып отырып, басқалары ірей бастады. Өткір пышақтың оры тыз ете қалады да, қуысталып сойылы бастаған ет пен терінің арасын жел кеулеп, кеңейте береді. Тері тым жұқа екен. Пышақпен союға жыртылады, қолға жылпылдап ұсталмайды, ұсталса сыпырылмайды. Алғашында қинала бастаған Ақылбек терісі сыдырылған сайын ауырсынуда қалды. Анда-санда рахатқа батқандай мызғып оянғандай болады. бірақ ол мызғып жатқан жоқ. Ет пен терінің арасындағы үзілген тамырлардың талаурағын көтере алмай талықсып кетіп жатқан. Соғысы баяулаған асау жүрек те қызу қанды тарата алмай бөгелдіре береді. Барған сайын жалаңаштанған денесі қара тастай ауырлап барады. Осы кезде аузынан лықсып шыққан демі оның ең ақырғы тынысы еді. сол күні-ақ кеп жасалған оның терісі жан түршігер сұмдық сырын паш еткендей болып қора шетінде серейіп тұрды…».
Мұхтар Мағауин «Кесік бас – тірі тұлұп»:
«…Ақымбет өзінің қадай құрметке бағышталғанын естіген сәтте қалтырап кетті.
— Иә, алла! Тезірек ала гөр. Жа-лама! Қарғыс атсын сені! Етіңді ит жесін! Екі жалғанда тыным таппа! Тұрағың тозақтың төрінен болсын!
Сол сәтте тозақ оты өзінің желкесін шым еткізген. Шыжғыра күйдіріп, оң жақ жауырынға қарай созылды. Йық үстіне жетіп, желкеден қайта солға қарай. Ақымбет ішін тартып өкіре ышқынды. Үсті төртбұрыш, асты үшкіл, бүкіл жон-арқаны қамтыған отты сызық тұтаса ұштасып, он екі мүше, алпыс екі тамыр, — бүкіл жер әлемді қаптай басқан қызыл жалын өртке айналды. Айқай да, аттан да, Алла да сөндіре алмайтын ғаламат өрт, жер-дүние жаралғалы бері тірі пенденің басына түспеген кенеусіз азап. Есінен танбады, ақылынан адаспады, еңіреп жылады, өкіріп ышқынды, бірде шырқырап, бірде ышқынып тынымсыз айқайлап жатты. Өткір кездіктің арқа терісін жалбырата сыпырып жатқанын біледі. Тірідей.
— Тамаша тері, — деді, құрбандығының қақыраған даусынан күш алып, қасапшының айрықша шеберлігіне риза болып, мерейі көтеріліп тұрған Жа-лама. – Арық та емес, семіз де емес. Тамаша тері.
Арқа тері түгелдей сыпырылып түскен кезде Ақымбет өзінің кім екенін ұмытқан. Дүниеге неге келгенін, не үшін ғұмыр кешкенін білмейді. Қалайша осыншама азапқа кесілгенін сұрамақ емес, адамның еркінен, алланың дәргейінен тыс, қызыл қошқыл, ауыр тұманға тұншығып ессіз жатқан. Хұтұх-ламаның ғибадат тұлұны мінсіз болуға тиіс. Ол тірідей тері сыпырудың екінші кезегі басталғанда ес жиған. Құры жан. Азапты тән. Қымыз ішеді. Қышқыл емес, қоймалжың, тәтті. Қанша ішсе де қанбайды. Бақса, қымыздың түрі ақсары емес, қызыл күрең. Алда – суылдаған салқын самал. Арқасы – жалындаған от. Оттан қашып, өрттен қашып келеді. Тағы да түнек. Бір заматта тағы да көктеңбіл жарық. Көкбауыр таудың кең дарасындағы қасқа бұлақ. Қураған жалғыз ағаш. Бұлақ емес, тау емес, тар асу. Жалғыз –Ағаш асуы. Кенет кім екені, не болғаны, сондай кепке жеткені…түгел есіне түсті. Сол сәтте манадан бері өзінен тыс, бәлкім, мүлдем тынған, тынған емес, шырқырай бере үзіліп өз заһарына өзі тұншығып, дымы құрыған, өткір кездік ұшында ғана қалған ауыр азап жер сілкіндіре, жалғады тітірете қайта көтерілді. «А-А-А!..» — Ақымбет ішек-қарны аузына кептеле ышқынды. Лоқсып, демі тартып, лықыта жаздап, қайтадан суыра тартып тыныс алып, тұншыға күңіренді. «У-У-У!..» тағы айқайлады. Тағы да өкси өкірді. Жиырыла бұлқынды. Қол керулі, аяқ байлаулы – дене өзінікі емес, қыбыр ете алмаған. Тек көмейі ғана бостан. Одан да әл кете бастапты. Аңырған даусы қырылға ұласты. Тағы да естен танды. Бұл ретте біржола».
Міне, екі автордың тұтас шығарманың арқауы болып тұрған қасіретті оқиғаны суреттеуі осылайша өте әсерлі әрі шебер шыққан. Шығармадағы шынайы болмыс пен шынайы тағдыр болмаса және ол шынайы тілде берілмесе – автор өзіне артылған жүкті абыроймен орындап шыға алмайды. Оқырман көңілінің қылын шертіп, жүрегіне жеткізе де алмас еді. күллі әлемді күңіренте алар қасіретті шығармалар ғаламдағ тілдердің арлығына қаз-қалпында аударылса, әр мемлекеттен өз оқырмандарын табарына сеніміміз мол. Әттең тонның келтесі… әйтпегенде күллі әлем жауыздықтан жиіркеніп, оның зардаптарынан аласталған болар еді. Сәл болса да жүректерде мейірім орнап, шын бақыттың сүйіспеншілік екенін қатып қалған жүректердің кейбірі ұғынар ма еді, бәлкім…
Ал Мұхтар Мағауин шығарма бастауында Орталық Еуропаның қоңыржай кең тынысты Алтын Прагасы мен Санкт-Петербург арасында бір-бірімен байланысты ерекше екі мүсіннің тұрғанын баян қылады. Бірақ әуелгісі – кәдімгі музей, кейінгісі – өзгеше мүрдехана. Петр Бірінші патшаның сырқат қиялынан туындаған мүрдехана екендігін атап өтті. Әрине, ол атақты әрі атауының өзі үрей тудыратын Кунсткамера жайлы айтып отыр. Кунсткамерада Нанзыт батыр мен Дашы кесіп алған атақты қанішер Жа-ламаның басы тұр. Ал Прага музейінде нендей кінәсі үшін мұнша азапқа кесілгенін өзі де білмей көз жұмған Ақымбеттің тірідей сойылған кебі орналасқан.
Ал бұл екі шығарманың негізіне айналған атақты Жа-лама өз кезінде Батыс Моңғолия өңірінде аңызға айналған тұлға екені сол кездегі деректерден байқалады. Ресей Шығыстану институтының тұңғыш директоры, буддизмзерттеуші ғалым Алексей Матвеевич Позднеев (1851-1920) оның шынымен де Әмірсананың ұрпағы болғанын атап өткен. Яғни Жа-лама (Шын есімі Дамбижанцан) Әмірсананың немересі Төмөрсанадан туған дейді. Сонымен қатар Мұхтар Мағауинның туындысында мынадай бір үзінді бар : «…- Уа, халайық! Қара нор халха, батыр байыт, балуан дүрбіт, темірдей торғауыт – қорлықтағы, езгідегі бүкіл моңғол ұлысы.сөзіме құлақ сал! Бұрын кім едің?Бай едің, бағлан едің. Елің ерен, жұртың жұмақ еді, халқың жауынгер еді. ел ұстаған хан болды, дін ұстаған пір болды, жасақ ұстаған батыр болды. Енді кімсің?не болдың, қандай кепке жеттің? Жерің талан-таражға түсті, халқың басыбайлы құлға айналды. Айдың жарығынан айырылдық – қараңғы түн. Күннің шуағынан айрылдық – суық ызғар. Бұл бар пәленің басы ғана. Уа, халқым алда не күтіп тұрғанын білемісің?
— Әмірсана… –деген тұншығыңқы үн естілді топ ортасынан.
— Әмірсана… Әмірсана… – десті тағы бір дауыстар.
Дауысқа дабыр қосылды., дабыр – гуілге, гуіл – жаппай ұранға айналды.
— Әмірсана! Әмірсана! Әмірсана!
Әп-сәтте ақ түйені қамалай топырлаған жұрт алақандарын беттестіре қол қусырып, жүрелей тізе бүгісті.
— Әмірсана… Әмірсана қайта туған екен ғой ақыры. Уа қасиетті бодисатва!..
Біреулер еңіреп жылап, біреулер жаратқанның киелі рухына жалбарынып, көпшілік жұрт естері шығып, қуана жапырлап, бүкіл базар ақ түйенің бауырына құлаған.
— Уа, халқым! – деген , күмбірлеген үн естілді биіктен. – Дәл таптыңдар. Сонымен қатар, нақпа-нақ емес. Әмірсана қайтып оралды. Ол рас. Бірақ өзі емес. Жаңғырып жаралған тірі кейпі. Құбұлған! Мен – Жа-лама, Тибетте, Лхасадағы Далай-ламаның өзінен бата алған, Мәңгілік өмір дарағының қасиетті жапырағын жеген Жа-лама, сол Әмірсананың туған шөбересі болам. Иә, мен – құбылған Әмірсана! Әуелгі Әмірсана сендерді жат жұрттың езгісінен құтқару үшін күресті. Еліміздің еркіндігі, жұртымыздың дербестігі жолындағы күрес жолында мерт болды. Бірақ бірдола өлген жоқ. Қайта туам, қайта келем деп кетті. Міне, мен оралдым. Мен – хұтұхты Жа-лама. Мен – азаттық жаршысы, жаңалық хабаршысы. Жай ғана жаршы, қатардағы хабаршы емес. Мен – құтқарушы, мен – бастаушы. Өзінің ұлы моңғол жқртымды еркіндікке жеткізем. Қуамыз қаптаған қара қатайды. Жұртымызды бостан қыламыз! Қайдан күш табамыз деп сұрасаңдар – екі тарап уатты қозғаушы бар. Біріншісі – кқкіректегі кәміл сенім – шары шәжін – ізгі дініміз, құдіретті бұрхан! Әуелі еңсемізді көтереді, содан соң құдіретті күш құяды. Яғни ең үлкен құдірет – мына өздерің. Екінші, көлденең, шешуші көмек – Орыстың ақ патшасы!бірақ әуелі өзіміз көтерілуіміз керек!..»
— міне осы тұста елдің Әмірсанаға деген асқан махаббаты мен көсемге деген құрметінің деңгей-дәрежесін анық байқауға болады. Ал Жа-лама сөздерінен кезінде елді тәуелсіз бостан болуға шақырған, ұлттық ұранды ту еткен алаш азамматтарының сөздерін ойға оралта аламыз. Ол бұл ісіне асқан фашизммен кіріспегенінде, бұл күні Моңғол халқының ұлттық мүдделерін сақтап қалуды көксеген ең ұлы тұлғалардың біріне айналар ма еді деген болжамға келуге де болады. ал Мұхтар Мағауин осы тұста Жа-ламаның тарихи деректер бойынша бет-әлпетінің Әмірсанаға қатты ұқсайтынын халықтың оны көрген бетте Әмірсана деп ойлап қалуын сипаттап көрсету арқылы нақты һәм таза айшықтап тұр. Қос шығармадағы Жа-ламаның түр сипаты жазылған үзінділерді осы орайда назарға ұсынғымыз келеді:
Мұхтар Мағауин «Кесік бас – тірі тұлұп»:
«…Өзгеше тұрпат, айрықша еңселі, көрікті, аппақ түйе, әрине, бірден көзге түскен. Ал ақ түйе үстінде отырған кісі… қымбат көк делі шапанының белін жалпақ сары құшақпен қабаттай орап байлаған, серек құлақ, шошақ төбе бөрік киген, жалпақ бетті, дембелше кісінің көзі – қатарынан кезелген қос найзадай өткір екен. Аңтарылған жұрттың төбесінен аса қарап, көмейден шыққан қоғыр дауыспен күңгірлете сөйлеп кетті…»
Елеусіз Мұқамәдиұлы «Өрікті көл»:
«… Үнемі қанталап тұратын шүңірек көзі қара сұр өңіне қатігездік бітіргендей. Бүкіл бет терісін додалаған қорасын дағының шұңқыры оның ішкі сырын барынша далдалаған сұмдық пердесіндей еді. арланның аузындай сойдиған орсақ тістері үнін тішкертіп, сығымдап шығатын шіңкілдек дауысты болдырып тұратын. Екі танауы қауыстырылған, қолапайсыз мұрнының орта тұсы ойылып төмен түсіп кеткен. Сондықтан демалысы мұрын жолымен емес, арандай ашылып отырған аузымен жалғасатын…».
Міне бұл Жа-ламаның қос жазушының көзіне елестеген бейнесі. Екеуі де оның көзіндегі өткірліктен зұлымдық гышанын байқағаныны баяндайды. Көз – адамның айнасы деген ұстанымды берік тұтқан қазақы түсініктен шығып отыруы да ғажап емес әрине. Дегенмен өте айқын әрі көрнекі берілген сипаттау бола білді. Оқырманның көз алдына сырлы сурет, сұлба болып жабысып алатынын сөзсіз. Демек авторлар өз мұраттарына жете білді.
Жа-ламаның қайшылықты тағдырды көп кешкен тұлға екендігі белгілі. Содан да болар «Өрікті көл» мен «Кесік бас – тірі тұлұпта» қайшылықты образдық тұрғылардан берілді. Ол бірде құтырған аурумен ауыратын есерсоқтық кейіпте болса, бірде моңғол ұлтының жанашыры болып, бірде тек өз мүддесі үшін, шексіз билік жасау үшін ғана эгоистік тұрғыдан іс әрекет жасаған жеркенішті эскизде көрініп отырды. Рахметұлы С. өзінің «Жа-лама: аңыз бен ақиқат» атты ізденушілік мақаласында: «Осы бір күрделі тұлға жайлы өте көп тұжырым жасалды. Ғылыми тұжрымдар да жақсы жазылды. Әсіресе замананың ұлы жазушысы Мұхтар Мағауиннің «Кесік бас – тірі тұлұп» хикаясында Жа-ламаны тарихи айнадан бірақ көрсетеді. Жа-ламаны аңыз қылып көрсетушілік те басым»,-дейді. Осы орайда бізге аңызға тек ұнамды кейіпкерлер емес, ұнамсыз кейіпкерлердің де адамзат санасында бұрын соңды болмаған, естілмеген іс-әрекеттерді жасау арқылы айналғаны жайлы тұжырым орнайды. Жарнама мен пиар жайлаған бұл заманда жан түршігерлік жауыздықтың халық санасын қызықтыра түсетіні өте өкінішті әрине. Дегенмен, біз ұрпақ алдындағы тірі тарихтың атқарар тәрбиелік қызметіне сенеміз.
Әдебиет арнасы түрлі-түрлі тағдырлар мен сезім, көңіл-күй, тебіреністер тоғысы секілді дүниелерден құралады. Осынау бай арнада қашан да махаббат пен сүйіспеншілік сезімдеріне орын табылары һәм осынау сезімдердің арқау яки талғажау болары қалыпты жағдай. «Өрікті көлдегі» басты мақсат тарихи шындықтың сюжетін жасау болғанымен, автор бұл жерде ең алдымен бір-бірінің теңіндей жаратылған өнерлі жастар Дәурен мен Қарагөздің махаббатын сөз қылады. Кешегі Дәуреннің Тоқын аттан құлаған сәтте «Сені қалдырып Қарагөзге не бетімді айтам» деуінің өзінен махаббаттың адамшылыққа, ізгілік пен адалдыққа жол бастап тұрғанын көреміз. Түптің түбінде Дәуреннің Цэндтен көмек сұрап, адам жинап ең алдымен қамаудағы Қарагөз бастаған бір топ қызды азат етуінің өзі сүйгенінің қиналысына қамығып маза бермеген махаббаттың салдарынан емес пе? Автор шығарманың өн бойында салқынқандылық ұстап, мұны ашып айтпаған болса да, кейіпкердің іс-әрекетінен оны анық байқауға болады. Ал «Кесік бас – тірі тұлұп» толық тарихи фактылермен, нақты жағдаяттарға сүйене отырып жазылғандықтан автор махаббатқа ми шірітіп жатқысы келмеген болуы керек шамасы. Әрі екі шығармада да бас кейіпкер Жа-ламаның аса бір сезімге берілгіш, әйелқұмарлық қасиеті аңғарылмайды. Оның жүрегі сонау қатігездіктердің салдарынан тасқа айналған шығар яки тасжүрек боп туған ол осынша қатігездікке барған болар деген қорытындылар жасауымыз бек мүмкін. Дегенмен, адамды алла мейірім мен махаббаттан ада қылып жаратуы мүмкін емес қой. Бәлкім, туабітті адам бойында ұйықтап жататын бұл қасиеттерді ояту үшін белгілі бір кезеңдер мен кездердегі сыртқы ортадағы факторлар әсер етуі керек шығар. Ал Жа-лама бойындағы бұл құндылықтарды оятарлық ешқандай фактор орын алмағанына ол кінәлі ме? Хош! Сонымен екі шығармадағы жағдайлар осылайша орын алды. Біз өз мақаламызда қос туындыны салыстыра келе тарихи шындықпен ара-жігін ашып беруге барынша тырыстық. Себебін біліп қана қоймай, салдарын анықтай келе оқырманға түсіндіруге талпыныс жасағымыз келді. Бір уақыт – бір оқиға – бір қасірет. Екі уақыт – екі шығарма – екі қолтаңба. Қымбатты оқырман қай шығарманы қалай бағалағысы келсе де өз еркі, тек біз айтқан жағдайлар мен ойларды сәл де болса ескерсе екен дейміз. Хош! Сонымен бәрі дұрыс! Тек кей кезде ғана әуелгі кебімізді аңсайтынымыз болмаса… Тағдырдың тар өткелектерінде тірідей сыпырылған ең алғашқы кебімізді… Сол кебімізді тапқанда бұл күні «Өмір» атты шығарманың кіріспесін білер ма едік… Бәлкім ол кеп сыпырылмаған болар. Күн өткен сайын адамдар ара-қатынасында бетімізге біткен жаңа тері алғашқы терімді ғасырлар айрығында жасырып, жауып кеткен болса ше? Әйткенмен жасандылықсыз, табиғи жаратылған алғашқы кебімді қатты сағынамын…

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа