Абай Ораздың «Бебеу» жыр жинағы таныстырылды

Абай Ораздың «Бебеу» жыр жинағы таныстырылды

Қазақ қараөлеңінің қара нары Қасым шыққан Қарағандының құнарлы топырағы, Кәкімбек Салықов жырға бөлеген Жезқазғанның құтты өлкесі таланттарға кенде емес. Шайыр жырлағандай «жер сарайын жаңғыртқан» үкілі үміттер желкілдеп өсіп келеді. Сондай талантты да талапты ақынның бірі Абай Ораз.

Бірнеше республикалық мүшәйралардың жүлдегері атанған жас талап иесінің жуырда «Бебеу» атты тырнақалы кітабы жарық көрді. Қарағандының самалы мен Жезқазғанның жаңбырын ала келген ақын елордалық жұртшылықпен кездесу өткізіп, жаңа жыр жинағын таныстырды. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Жазушылар үйінде» өткен шырайлы кешке жас Абайдың аға-әпкелері мен замандастары жиналды. Кештің шымылдығын ашқан қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы бұл басқосудың Дана Абайдың мерейтойымен тұспа-тұс келуін жақсылыққа балағанын жеткізді. Алдыңғы буынның атынан жаңа толқын өкіліне сәттілік тілеген ағасы өлеңнің негізгі өзегі – тіл екенін айтып, Абай ақынның құнарлы тілмен сусындап өскенін, бағзыдан жеткен бабатанымды бойына сіңіре білгендігіне айрықша тоқталды. Осы кітаптың баспадан шығуына септігін тигізген Абайдың рухани ағасы, «Кәусар» баспасының директоры Қуан Құрмансейіт соңынан ерген «қағылез қара баланың» әлі талай белесті бағындыратынына сенім білдірді. Жезқазған өңірінен Елордаға келіп кеш өткізген ақын некен-саяғын айтып, үлкен ортаға араласа бастаған ақынның болашағына үмітпен қарайтынын ұқтырды. Мазмұны бөлек басқосуда жас қаламгердің замандастары да сөз алып, ақын шығармашылығын әр қырынан талдап, өрісті өлеңдерге келісті бағасын берді. Қаламгерлердің өлең тойына Сәтбаев қаласы әкімдігінің өкілі де қатысып, сәт-сапар тіледі. Айтулы шарада кеш иесі Абай Ораз жүрекжарды жырларын оқып, шабыт дариясын шалқытты. Кеш соңында Қарағанды, Жезқазған аймағынан келген қонақтар «Жазушылар үйіне» құнды кітаптарын тарту етті.

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа