Бағдат Мүбарак. «Шаһарға сыймас шайырлар»

Бағдат Мүбарак. «Шаһарға сыймас шайырлар»

ӨМІР Жаншып — таптап кетсе де кім — көрінген, Бәрібір бүршік жарып гүлдедім мен. Сөйтпесең, айналайын, бұл өмірді, Сүрмегенің жақсы ғой, сүргеніңнен. Қысқасын айтар болса, сөздің басы, Мен едім ердің — досы, ездің — қасы. Ақтарыла алмаймын ақ қағазға, Алғаш болып тамбаса көздің жасы. Талай бұғып қалғанын күнә санар, (Қылмысын мына мендей кім аша алар?)

ӨМІР

Жаншып — таптап кетсе де кім — көрінген,
Бәрібір бүршік жарып гүлдедім мен.
Сөйтпесең, айналайын, бұл өмірді,
Сүрмегенің жақсы ғой, сүргеніңнен.

Қысқасын айтар болса, сөздің басы,
Мен едім ердің — досы, ездің — қасы.
Ақтарыла алмаймын ақ қағазға,
Алғаш болып тамбаса көздің жасы.

Талай бұғып қалғанын күнә санар,
(Қылмысын мына мендей кім аша алар?)
Қай бетіммен қараймын болашаққа,
Мені көрген жоқсыңдар, сұраса, олар!

Бұл байғұс, сезеді ғой, бәрін көрген,
Өмірде өлең үшін жанын берген.
Жігіттер, мен сендерді түсінемін,
Жалындап жыр жазатын шағында өлген.

Шошыса сұмдық екен құлқын безі,
Топыраққа ғана тойған шіркін, көзі.
Дүниеге адам болып жаралған соң,
Нәпсіні мүлде тыю мүмкін бе, өзі?

Қонды қылып, қоғалы жерде өскенім,
Кермесін үзіп кеткен кербесті едім.
Құдайға ғашықпын ғой жан — тәніммен.
Құдайдан қорқатындай мен не істедім?

Қиялыңмен жалғанды мүсіндесең,
Бағландардың жүрмейсің ішінде сен.
Өмір деген жақсы ғой, өмір ғажап,
Егер өлең жазбасаң, түсінбесең.

 

БАЛҚАШ

Серілік құрып, сауыққан жерім,
Алаң да, алаң балаң жүр.
Көресінімді зауыттан көрдім,
Әйтпесе, менің қалам бұл.

Желмая мінген абадан жырау,
Тамсанып айтқан текті өлең.
Желпініп өскен қаладан мынау,
Жетіскенімнен кетпеп ем.

Мұржаңнан шыққан жаңбырсыз бұлт-
Көшірмесіндей тамұқтың.
Аққудың бәрін тағдырсыз қылып,
Жаратпағанын жаңа ұқтым!

Ажары тайып, солған гүл жылап,
Ғазалыма көрші ал, шыдап!
Өзімше күткен сол жаңбыр бірақ,
Көзімнен шықты тамшылап

Меселім қайтып, мысым басылды,
Баз кешіп қайда беземін?
Көкше теңізім құсын жасырды,
Көкшетау жақта, сеземін

Бөктерде емес, көкте гүлдеген,
Шынарға біздей қайыр бар,
Шапанға сыйып кеткеніменен,
Шаһарға сыймас шайырлар.

Сорпадай қылып сорыңды ішкенде,
Қайғымды мен де ұлғайтам.
Көңіл айтармын жолым түскенде,
Көліңе айтам ба, кімге айтам?!

 

ҚАРШАДАЙ ҚЫЗ

 

Қаршадай қыз,

Жиі баққа барамыз, шаршамаймыз.

Бірімізге айта алмай сырымызды,

Түк таппаған адамдай тал санаймыз.

 

Есте қалар күніміз бүгіндейміз,

Бәденді едің бәйшешек, бүріндей қыз.

Бір қоштассақ айрылып қалатындай,

Таң рауандап атқанша гүл іздейміз.

 

Иран бағым,

Қалай сонда кеудеме сиған жаным?

Иман жүзің ып-ыстық сүйген кезде,

Ибалылық белгісі қиналғаның.

 

Мамықтай маужыратып жасыл желек,

Кеудеме кеп төсенді басың кенет.

Жұбатуға сөзім жоқ кемсеңдейсің,

Қаршадай қыз, не деген жасың көп ед?

 

Сосын түк те айтпаймыз ақтарылып,

Өше берсе қайтеміз жаққан үміт.

Маңайыңа қарайсың мұңға батып,

Бақыт тауып алардай бақта жүріп.

 

Айдыныңда алаңсыз тәуір сырғып,

Қанатыңды алмашы қауырсын ғып.

Өріктей өңің сынып отырғаның,

Құдай-ау, жүрегіме ауыр сұмдық.

 

Шықпай жүрсің шерменде боп түсімнен,

Сонда бізді табиғат тек түсінген.

Күрт құлазып қаңғыбас бұлт жылады,

Найзағай да суретке көп түсірген.

 

Ғашықтар мен тағдырдың арбасқанын,

Аңғардың да түсіндің алғаш жаным.

Жаңбыр емес, көз жасы ол періштенің,

Сол ғой саған күйзелген, ал басқа кім?

 

Жаратқаным жар болшы жандарға әсем,

Қаршадай қыз, аман бол жалғанда сен.

Жұбатуға өзіңді бір-ақ жол бар:

Мені ұмыт, көрсең де аңғарма сен,

…таңқалмас ем.

ӨЗІМЕ ЭПИГРАММА

 

Қанша тыраштансаң да тағдыр шымыр,
Ей, менің құрсүлдерім шандыр-сіңір.
Қарағанды қаласы – қаңғыбастың,
Қаңғыра алмай жүр едің қаңғыршы бір.

Ел сияқты болмасаң есепке дүр,
Дәлізге сан түнерсің, көшетке бір.
«Көмір болса, өмір бар» — деп отырар,
Шешеңнің үйі емес қой шешек келгір.

Сұрағым көп… Ал, қайдан жауап табам?
Өз обалым өзіме сауап маған.
Көшелерді кеземін кездесер деп,
Пешенемді түзейтін сауатты адам.

Күлтөбенің басында күпірлік көп,
Ол да бізге, біз де оған түкірдік деп.
Тағдырымның кім қояр леп белгісін,
Бұ не қылған бітпейті нүтір, нүкте ед.

Қолдан «жұмақ» жасаған жұмбақ елі,
Тірі жан түсінбеді мұнда мені.
Ақшам ауса күндегі уайымым —
Бүгін қайда қонамын?
Кім бар еді?

 

ЕСІЛ ӨМІР 

 

(ақын бауырларыма)

 

Ауылдан алғаш келген құлыншақтар,
Құлыншақтар, дәл мендей ұрыншақтар.
Есіл өмір Ертістің ағысындай,
Ертең жоқ қып жіберед!
Бүгін сақтар.

Жастық шақта жауқазын жыр көп еді,
Қазыр мазаламайды күнде мені.
Ақыл айтқан адамды кім жақтырсын,
Ақын айтса біледі ол бірдеңені.

Қаңғыдым,
Қалжырадым,
Қалғыдым да,
Вокзалда,
Бұқар жырау даңғылында.
Талай сығып алғанмын көз жасымды,
Арқаның аспан тұтас жаңбырында.

Есерсоқ кездер түсіп есіме дүр,
Таусыла берген екем, несіне құр?
Сөйлегің-ақ келеді шешіле бір,
Сөйлесуге тұрмайды есіл өмір!

Қалғаның қандай жақсы жұмбағым боп,
Жылы сөздер естіді жырлырым көп.
Менде биік боламын әттең, бірақ,
Біздің жұлдыз жанғанша,
Кім бар?
Кім жоқ?

Сағымға айналған соң сәулемдей қыз,
Қатынның қабағына тәуменді үйміз.
Ақылдың бәрін ішіп тастасақ та,
Біз байғұс, сол бір кезді «дәурен» — дейміз.

Тірлігің құрсын мынау шәрідегі,
Сандалып жүру екен әрі-бері.
Аузыңа өлдім десең су тамызбайд,
Көбісі сондай… (әлде, бәрі ме еді?).

Құрдай жорғалауды да білмей барам,
Кейде осы тірлігіңді күндейді адам.
Тарыдай ойдан жасап таудай қайғы,
Зәредей мұңның өзі зілдей маған.

Сеземін көп ішінде ит өлгенін,
Жалған сөзден жұқарды жүйкем менің.
Батпандай шер өлеңге сыймайды екен,
Дос жоқ қой…
Досым болса, бүйтер ме едім.

P.S. Күз келді күлім қаққан жастар міне,
Махаббаттың маусымы басталды де.
Тек қана қыз-қырқынның орны бөлек,
Ол енді…
Басқа әңгіме…

МҰҚАҒАЛИ БАСЫНДА

Жаның ашымасыншы Құдай үшін,
Сенімен шайылмайды назым-жаңбыр.
Қырық баспа табақтан шынайысың,
Құлпытасқа қашалып жазылған жыр.

Жападан жалғыз қалсам жанарымда –
Шықты да жасырмады-ау мөлдіреген.
Досқа күлкі, дұшпанға таба қылма,
Соңғы дем,
Соңғы сапар,
Соңғы өлең.

Өмірден мен де үздім күдерімді,
Әділдіктің төркіні–сияқты әзіл.
Соған бола ауырған жүрегімді,
Біреуге сыйлайын десем ұят қазір.

Ақ дидарлы Алатау, жағасы кір,
Көгендеп қозы қарын бұлттың бәрін.
Кеңсай менен кеңсенің бағасы бір,
Жұмаққа апарардай жұрттың жанын.

 

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа