Абай Ораз.  Өлең жазам күйдіріп іштегі аптап…

Абай Ораз.  Өлең жазам күйдіріп іштегі аптап…

  ҚАРАША ТУҒАНДА   Әжем шашы секілді түскен аппақ, Тереземнің алдына шық қонақтап. Қара суды жағалап қаз кеткенде, Өлең жазам күйдіріп іштегі аптап.   Қарындас жұрт қалбаңдар қарашада, Қазан-ошақ жанында бала-шаға. Етек жиып елеңдеп ертеңшіл ел, Қауқылдасып жатады оңашада.   Қараша қаз қаңқылдап көш түзеді, Қара судың күркірі – өксігені. «Қарашада өмір тұр» — қараша

 

ҚАРАША ТУҒАНДА

 

Әжем шашы секілді түскен аппақ,

Тереземнің алдына шық қонақтап.

Қара суды жағалап қаз кеткенде,

Өлең жазам күйдіріп іштегі аптап.

 

Қарындас жұрт қалбаңдар қарашада,

Қазан-ошақ жанында бала-шаға.

Етек жиып елеңдеп ертеңшіл ел,

Қауқылдасып жатады оңашада.

 

Қараша қаз қаңқылдап көш түзеді,

Қара судың күркірі – өксігені.

«Қарашада өмір тұр» — қараша үйде,

Біздің шалдың даусы естіледі.

 

Қалмасын деп кеудемнен үміт сөніп,

күлік мінем алшайған жігіт болып.

Жұртқа жат боп кетерміз ұртта — малта,

Мұрт та шығып келеді түбіттеніп.

 

Тұл тірліктен талғажау тоят тауып,

Тоқмейілсіп жүр едік, ой ақтарып.

Түзде түтін түтеткен түндік керіп,

Біз де кеткен екенбіз саяқтанып.

 

Күз келгенде қаз даусы құмық шығып,

Қызығымды барады  ұмыттырып.

Қараша айы, қарайла қараша үйге,

Қараша үйде біз жүрміз шыбық мініп.

 

         ҚҰДЫҚ БАСЫНДА

Ер жігіттің ширығар тұсы егес пе?

Елге барсам «Шыңырау» түседі еске.

Әңгіме етіп айтатын көкем менің,

Күйбең тірлік даурыға біте кешке.

 

Қара кемпір емшегін қақтап емген,

Қара сирақ ұл едік қаптап өрген.

Ошақ басы ойнаймыз қоңыр кеште,

Тандырына таласып отқа көмген.

 

Қоңыр үйде домбыра қолға алынар.

Қоңыр шанақ құйқылжыр – сам жамырар.

Басындағы жаулыққа қол жүгіртіп,

Күйіп-пісер кемпірлер зарға құмар.

 

Шеген тастай құдыққа қиып салған,

Сол әңгіме жадымда ұйып қалған.

Үйірілген үркер топ үлкенге айттым,

Үр қызға айттым жырдай қып сүйіп қалған.

 

Көк дөнендей көсіле шауып келген,

Көк жүзінде жұлдыз көп ағып-сөнген.

Көнелердің көзіндей көкем де жоқ,

Әңгіме айтқан қамзолдай әдіптелген.

 

Құлақ күйдей баяулап майда қоңыр,

Жел толқыса желпінер айға көңіл.

Терең тартып барасың шыңыраулап,

Қайда барып тоқтайсың, қайран өмір?

 

Боз қаулаған құмдауыт жазықта өстім,

Түйе қомдап, ат мініп сауық кештім.

Атажұртқа барғанда арқан тастап,

Ат суарар бір құдық қазып кеттім.

 

Қарашаш түн демігіп шықты еліріп.

Тіс жармадым тұрсам да іштен ұғып.

Қара қошқыл қабарды өңім сонда,

Құлаш-құлаш қыл арқан түске кіріп.

 

      БІЗДІҢ ҮЙ

 

Өмірім – жүген, тартпа, айыл дедім.

Өлеңім дұғагөйім жайында еді –

әуелде ине-жібі ұшығы екем,

әуенге өзі салған қайырма едім.

 

Бесіні – күл бықсыған, іңір – шаңдақ,

Мен де өстім сол мекенде құлынша аунап.

Бір төлді бір биеге теліп өстім,

Біздің үй таныған-ды ұлын сонда-ақ.

 

Жүлгеге желі тартқан уақыт көшіп,

Асыл деп өткен өмір, ақық десіп.

Байлаған құлын қалды өз жайына,

Қайнаған қазанымнан қашық кетіп.

 

Қондырып тізесіне шелегін көк,

Жеңешем бие сауды – өнерім деп.

Жетегін ұстап тұрған құлыншақтың,

Кетерін мен білгем жоқ өлеңім боп.

 

Ішімде жұпары аңқып балалықтың.

Түсімде – үйге жетер жол алыс-ты.

Татпаған дәм-тұзымның белгісі ме –

Аттаған жоқ сияқты ем ала жіпті.

 

Сағымдай тау басына қайта көшкен,

Сағыздай созып әнді айтам еппен.

Соқпағым ирелеңдеп қалды артымда,

Сағыныш сәуіріндей шайқап ескен.

 

                     ШӨЛ

 

Құдық басын кептірген шілде қақтап.

  • Мына келген қай аптап?
  • Күндегі аптап!

Қос басында кепкен мал тырп еткен жоқ,

Әлдеқашан өретін қырға қаптап.

Қосқа қожа екі адам – шал мен жалшы.

Екеуінің жайылған әлден даңқы.

  • Тірісің бе?
  • Көміп пе ең? (жалшы есінеп)

Екі қыңыр өреді сөзден қамшы.

 

Ащы суға лықсиып тойып алып

бірде жалшы

өрісте қойы қалып.

Өлдім-талдым дегенде қосқа жеткен

Көбігі атып аузынаншайыры ағып.

 

Сыбайды кеп шатақ шал бұрқылдайды,

Шілде келсе астауда су тұрмайды.

Есін жиып алған соң жалшы шалдың,

Шашын алып берем деп қутыңдайды.

 

   М.ӘУЕЗОВ  «КӨКСЕРЕК»

 

Қыс дегенің – мал-жанға сынақ ауыр,

Есік алды қар күреп кіл аға жүр.

Ауызғы үйде шошайып екеу қалдық,

Мен және апам еститін құлағы ауыр.

 

Апам кітап оқы деп:

  • Өмір сенің –

көрер жарық дүниең!

менің сөзім

іске алғысыз қалады ертең кетсем.

  • Олай неге айтасың, көңілшегім?!

 

Ұқпасақ та тереңдеп ештеңені,

Қолға алынар Мұқаңның «Көксерегі».

  • Құрмаш бала бөлтірік асырапты!

Не болды екен, – дейді апам,– көксегені?

 

Кәріге ермек қайғыға қайғы жамай

күн өткізу, көңілден жай құлады-ай.

Кемсең қағып иегіжылайды апам:

  • Сенім бар ма ит-құсқа әй, құдай-ай!

 

                      ***

Жаным ақық,

Хат алысқан кездердің бәрі – бақыт.

Қол ұстаса жүгірдік аспан асты,

Жұлдыздарды жып-жылы жамыратып.

 

Дарияның бойында лайланбаған

сені күттім, шақ еді ол – қайғы алмаған.

Есіңде ме сол күндер, еңлік қыз,

жағаласып шешеңе шай қамдаған.

 

Арқандалған аттай боп сені айналам,

Сені ұмыту дейсің-ау оңай маған.

Өзімді емес, әуелі сені көрем,

Өзің ұмыт қалдырған қолайнадан.

 

Ғашық жігіт сүйгенге гүл үзеді,

Кеш жолыға беремізбіз үнемі.

Дария-көл лайланды көп ұзамай,

Көңіліміз лайланды, тұнық еді.

 

             ЕКЕУАРА ӘҢГІМЕ

 

— Махаббат күйе ме екен от-жалын боп?

— Сен үшін өртке оранған шақтарым көп!

 

— Махаббат жағаны ұрар теңіз бе екен?

— Ынтық зар ыршып түсер көзіңде екен!

 

— Махаббат жылай ма екен егіліп шын?

— Тырс еттім терезеңе, сені күттім!

 

— Махаббат күле ме екен сақ-сақ етіп?

— Келесің көңілімді асқақ етіп!

 

— Махаббат ұйықтауды біле ме екен?

— Түсімде саған бәрін тілеп өтем!

 

— Махаббат ояна ма таң атқанда?

— Көргенше сені, қалқа, тағат бар ма?!

 

 

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа