Жабайыл Бейсенов. «Кіндігімнің жас қаны, тамған жерім — ауылым»

Жабайыл Бейсенов.  «Кіндігімнің жас қаны, тамған жерім  — ауылым»

«…Бүлдіршіндей бір қызға сыңар қылған ауылым» Айтулы әннің осы бір жолы айтылса-ақ күллі қазақтың есіне «Ауылым» әні түсері сөзсіз. Бұл жәй ғана ән емес, бұл барша қазақ ауылдарының әнұраны десек артық айтпаған болармыз. Жабайыл Бейсенов 1935 жылы 9 қарашада Қытай Халық Республикасы Тарбағатай аймағы Толы ауданы Жайыр тауының етегінде дүниеге келген.Жайыртаудың жеті ақынының бірі. Жабайыл

«…Бүлдіршіндей бір қызға сыңар қылған ауылым»

Айтулы әннің осы бір жолы айтылса-ақ күллі қазақтың есіне «Ауылым» әні түсері сөзсіз. Бұл жәй ғана ән емес, бұл барша қазақ ауылдарының әнұраны десек артық айтпаған болармыз. Жабайыл Бейсенов 1935 жылы 9 қарашада Қытай Халық Республикасы Тарбағатай аймағы Толы ауданы Жайыр тауының етегінде дүниеге келген.Жайыртаудың жеті ақынының бірі. Жабайыл Бейсенов жеті өлеңдер жинағының авторы. «Ауыл әуендері», «Алтын бесік ауылым», «Алакөлім аяулым», «Күнгейім менің» , «Балалық қызық, бал күндер», «Тасадағы тұма» мемлекеттік тапсырыс бойынша, «Жырлайды жылдар». Ақын жұртқа танымал 10-нан астам әндердің мәтінін жазды. Олар «Достық толғауы», «Үржар вальсі», «Үржарым құтты мекен», «Жас ұлғайып», «Батыр баба», «Шапанай сазы», «Күнгейім менің», «Ауылым».
Ұстаз болып, шәкірт тәрбиелеу ісіне баса көңіл бөлді. «Баспалдақ» атты әдебиет үйірмені құрып, көптеген жас таланттардың көзін ашты. Бұл еңбегі жеміссіз қалған жоқ. Танымал ақындар Айжарық Абылқасымов, Алмахан Омарова, Дәулетхан Тастанбеков, белді журналист Айдархан Мұхамедкәрім де сол үйірмеден түлеп ұшқан шәкірттер.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып, тоқсанның табалдырығына таяғымен тоқылдатып келе жатқан абыз ақынға қажымас қайрат тілейміз. Өлеңге адал болған ғұмырының көптеген жас ақындарға үлгі екенін айта кеткенімізде жөн – ақ. Ақ жүректі ақсақал ақынның өлеңдерін сізге ұсынамыз,алдияр оқырман.

Ауылым

Кіндігімнің жас қаны,

Тамған жерім ауылым.

Шабытымның асқары,

Самғаушы еді ауылым.

Жастығымның күәсі,

Шұрқыраған ауылым.

Жусаны мен жуасы,

Бұрқыраған ауылым.

Биік-биік шың, құзға,

Құмар қылған ауылым.

Бүлдіршіндей бір қызға,

Сыңар қылған ауылым.

Әнмен таңды атырып,

Ән салдырған ауылым.

Сары қымыз сапырып,

Тамсандырған ауылым

Көк түтінді шұбатып,

Желек созған ауылым.

Ай көрмесем құмартып,

Жүрек қозған ауылым.

Көк торғындай көктемде,

Сағым қуған ауылым.

Алыс сапар шеккенде,

Сағындырған ауылым.

Жайлау түні

Іргесін қоңыр кештің іңір қымтап,
Көк жайлау сұлап үнсіз тұрды бір шақ.
Қалбиып қараңғыда тұрған жартас,
Қағып ап қатайтады үнді жұмсақ.

Жаңбырдан соңғы бір сәт ауа тұнық,
Тұрғандай дүние қайта жаратылып.
Алыста заңғар шыңдар түн-теңіздің
Қарайды қиырынан дара тұрып.

Жоқ бүгін үрген ит те аласұрып,
Түн қойнында дөң-жыра дала сұлық.
Үркеді оқыс жарқ еткен найзағайдан,
Байлаған ат белдеуге таң асырып.

Әр дыбысқа елеңдеп сыртылдаған,
Бұлаққа да құлақ сап сылқылдаған.
Қой шетінде күзетші отыр жалғыз,
Шекарашы сияқты тың тыңдаған.

Жарқ еткенде найзағай, шығады анық,
Түн қойнынан әр сурет дараланып.
Қолмен тізіп, өреге жайған құрттай,
Қорым бетте қой жатыр қораланып.

Достарым менің

Балапан құстай ұядан,
Қанатты қатар сермеген.
Көз алмай асқар қиядан
Арманға биік өрлеген.

Қашанда, қайда бірге боп,
Қатарын, жұбын жазбаған.
Сендердің жөнің бір бөлек,
Достарым менің аздаған.

Өмірдің ағыс еркімен,
Жүрсек те бөлек жырақтап.
Баяғы бала күлкімен
Елжіреп көңіл тұр аппақ.

Сағыныш билеп кеткенде,
Желіндей есіп даланың,
Зымырап жермен, көкпен де
Сендерге жетіп барамын.

Табамын жанға жұбаныш,
Тағатсыз сол бір күндерден,
Көрісу қандай қуаныш,
Сағынып барып сендермен.

Тарбағатай

Кербез тау, кереге тас, кер бетеге,
Өзіңе, Тарбағатай, жер жете ме?
Еркімді ерке самал билеп алып,
Қайтеді, мына ауаң тербете ме?

Секілді хош иісі дертке дауа,
Кеңіткен жан сарайын неткен ауа,
Көңілді көсілтіп алам десең,
Көк жасыл мөлдіреген бетке қара.

Шіркін-ау, көз тойғысыз жасыл қандай,
Әр сурет көзіңе оттай басылғандай.
Шалқимын ақ бұлтыңмен бой таласып,
Алдымнан кең бір әлем ашылғандай.

Нұрланып әр күнгі алтын таңмен атқан,
Сен де бір ел ырысы шалқып жатқан.
Жоныңды жолбарыстай бұлттар сипап,
Ерте-кеш салқындатып жаңбырлатқан.

Су анау құлап құзар шатқалыңнан,
Арқырап атой сала ақтарылған.
Иісі бүлдірген мен қарақаттың
Аңқиды қойнау, жыра, қатпарыңнан.

Барасың күннен-күнге ырқымды алып,
Тамырдай тас бұлағың бүлкіл қағып.
Жаңғыртып жайлау әнін шырқар ма еді,
Қасында шопаныңның бір түн қалып.

Күнгейім менің
(әні бар)

Шуаққа тосып сауырын,
Сіміріп жаздың жауынын.
Алып жатқан созылып,
Барқытбелдің бауырын.
Күнгейім менің, күнгейім.

Шалқытып көңіл қиялын,
Қырандар кезген қияның.
Бүлдіргені қып-қызыл,
Бояған аттың тұяғын.
Күнгейім менің, күнгейім.

Бал сорған ара гүлінен,
Май аққан майда түгінен.
Кекілік пен шіл өрген,
Бұтасының түбінен.
Күнгейім менің, күнгейім.

Төскейден төмен құлдырап,
Жарыса аққан мың бұлақ.
Сағымға жасыл оралып,
Белдері жатқан бұлдырап.
Күнгейім менің, күнгейім.

Танытып асқақ айбынын,
Асырған елдің байлығын.
Алқа қып таққан алдына
Алакөлдің айдынын.
Күнгейім менің, күнгейім.

Қарағай

Ала-құла өзге түсті жек көріп,
Киген шымқай найза төбе көк бөрік.
Әр қарағай бір-бір батыр секілді,
Сыннан өткен жорықтарда көп болып.

Тасқа терең бойлаған соң тамыры,
Желдің де оған жүре алмайды әмірі.
Шың үстінде көкке қарап тұрады,
Секілденіп ағаштардың тәңірі.

Найзағай

Қара бұлтты сұр бұлтқа қосып айдап,
Мыс шыбықпен құйрықтан осып айдап.
Жарқ еткенде найзағай құйып нөсер,
Бақ, ырысты алады тосып аймақ.

Оқ жыландай кейде ыршып, батып кетіп,
Ауық-ауық зеңбірек атып кетіп.
Шатырлайды найзағай алсын дей ме,
Жас көктемнің буыны қатып, бекіп.

Жылдар өтіп

Жылдар өтіп жалынды қарыштаған,
Жастық қалай жылдам, тез алсытаған.
Кемпір болып кемиек қарайды үнсіз
Келіншектер кешегі таныс маған.

Қалмағандай тырбанар өзге амалым,
Қипалақтап орнымда қозғаламын.
Бұзылады қу көңіл көзім түссе,
Уылжыған жүзіне боз баланың.

Шауып жүрген ат қылып көк шыбықты,
Ұлдарға да кешегі мұрт шығыпты,
Көрінгенмен жас болып өзіме — өзім
Шамам жетпес алдауға жұртшылықты.

Лапылдасын жүректің оты қайдан,
Өшкеннен соң жастықтың аты да ойдан,
Құрдасымды көріп ем көріспеген
Шал болыпты ол дағы опырайған.

Таранатын бір кезде әр күн барып,
Айнаға да таяп ем бөркімді алып,
Басымды аппақ, бетімді әжім қылып
Есіл жылдар тайыпты көркімді алып.

Білдім – білдім бәрі де алыстаған,
Қайта келмес жастық та қарыштаған,
Қарт болу да қадірлі керек шығар
Өзін құдай жолына бағыштаған.

 

дайындаған Серікжан Қажытай

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа