Жалт еткен де жоқ болған немесе Асанқадыр Исабек пен Серікжан Қажи қайда жүр?

Жалт еткен де жоқ болған немесе Асанқадыр Исабек пен Серікжан Қажи қайда жүр?

Әдебиет – сан қырлы, тұңғиық әлем. Туындыгер бойындағы бар асылдың жарқырай төгілетін ұлы қамбасы. Бар махаббатыңды төкпесең, саған да қырын қарап, өзіңнің шынайы бағаңды береді. Дәуірлер көшінде талай шығармашылық иесі бұл жолда өртеніп те, жер теуіп те кеткен. Ғасыр мұнарына шөгетін ұлы туындыны жасау екінің біріне бұйырмас бақ. Дегенмен, Абайша айтсақ: «өнерге әркімнің-ақ бар таласы».

Әдебиет – сан қырлы, тұңғиық әлем. Туындыгер бойындағы бар асылдың жарқырай төгілетін ұлы қамбасы. Бар махаббатыңды төкпесең, саған да қырын қарап, өзіңнің шынайы бағаңды береді. Дәуірлер көшінде талай шығармашылық иесі бұл жолда өртеніп те, жер теуіп те кеткен. Ғасыр мұнарына шөгетін ұлы туындыны жасау екінің біріне бұйырмас бақ. Дегенмен, Абайша айтсақ: «өнерге әркімнің-ақ бар таласы». Шынайы дарын иесі болған қаламгердің бар бақыты – туындыларының халық жүрегіне қарлығаштай ұя салуы. Содан келіп «әркім өзі талпынар, басына қонар бағы үшін» деген тәмсіл туындайды. Әдебиет – ұлы өнер! Осы өнерде таңдамасы болу – құдай берер үлкен сый жазарман қауымға. Осы міндеті атан көтермес ауыр жолда үнемі толассыз нәріңді төгу — қиынның қиыны.
Енді негізгі қозғағалы отырған әңгімеміздің ауанына ауыссақ, қазақ әдебиеті өлкесінде әлдеқашан өз есімдерін танытып қойған Серікжан Қажи және Асанқадыр Исабек ағаларымыздың поэзия патшалығында соңғы кездері үнінің алыстан естіліп, оқырмандары жоғалта бастағанын шама шарқынша сөз етіп, іздеу салмақпыз. Бұл ағаларымызды үлкен сеңмен поэзия әлеміне қайта әкеледі деген сенім де жоқ емес. Және тағы бір ойға алғанымыз- шығармашылығына азды-көпті тоқталып, жан жадыратып, ой түзейтін әсем жырларына үңіліп көреміз.
Серікжан Қажидың өзі «тілім тиіп кетпесін деп, тілді тістеп тұрам үнсіз» деп жырламақшы, қос ақынның тілді тістеуіне қоғамға қарағыштауы себеп болды ма екен?! Әлде Асанқадыр ағамыздың «Автопортрет» өлеңіндегі «Құл қылған қайырсыз тиынға; Заманның зілі бар миымда. Көңілді жыр таппай қиналам; Қуаныш кернеген жиында…» деген жолдары сұрағымызға жауап боларлық сыр-толғамы ма екен?! Нақты жауабын дәп басып айта алмаспыз. Біздің айтпағымыз өлеңдеріндегі сезімді шалықтатып, көкірек көзіне нұр құятын жауһарлары.
Бір қараңғы,
Бір шуақ!..
Бірі олай, бірі бұлай жұлқылап;
Күйіп кетпей екі арада жан байғұс
Қалай ғана жүр шыдап?!

Асанқадыр Исабектің философиялық астарға құрылған өлеңінен терең ойды сезінеміз. Оның қоңыр жырлары арқылы көңілінде өзгеше мұң бар екенін байқаймыз. Нақтырақ айтсақ, «Көп жыл болды қара шұбар түтіктен; Қара қайғы емгелі…» деп бір соқтырып, «… Шаршадым ба Алматы, әлде… өмірден, Неге осынша қуыс тартты кең іргем?!» деп, бұл ойымызды дәлелдей түседі. «Жүрекпен сырласу» өлеңінде:
Тағы неге торықтың от жүрегім?
Тағы неге торықтың от жүрегім?
Ботасынан айырылған бозінгендей
Тағы неге күңіреніп шөкті демің?! —
деп, күйзелістің күрең бейнесін көрсетеді. Жалпы, Асанқадыр Исабек шығармашылығының да негізгі өзегі мұңға оранған терең ой ма деп қаласың?! Сол арқылы да поэзиясы жүректерге ұялаған сынды. «Өзімді өзім буындырып, өзімді өзім көмдім кеше» деген жолдар жалған қызығынан түңілушілікті көрсетеді. Бәлкім, поэзиядан да осы бір түңіліс алшақтатып әкетті ме?
Ал Серікжан Қажи шығармаларынан мөлдір лириканы аңғардық. «Сен мені ғашық етіп, табындырған; Сені ойласам, бөленер жаным нұрға» деп бастап, «Сенің мөлдір жаһұттай жанарыңнан, нұр сеземін, жүректен тарайды өлең» деп ақындық қуатына нәр берген жанды асқақтата түседі. Ақын қаламына сағыныш сезімі де едәуір қозғау салып, жыр төктірген. Мысалға: «Көз алдымда мөп-мөлдір тұр жанарың, сағыныштан мың лаулап, мың жанамын», «Сезімімді сағынышқа жеңдірген, сырласамын дәл өзіңдей мен кіммен?» һәм «Көз алдымда асыл бейнең сүйкімді; Сағыныштан жүрегіме мұң тұнды» деген жолдардан байқауға болады. Міне, осындай ерек туындыларды өмірге әкелген ақындардың тоқырап, өлең өлкесінен жоғалуына не себеп? Серікжан Қажидың «Бала күнгі бір досқа» өлеңіндегі «Бал күнімді іздеп, кетіп барамын, сонау кездер көз алдыма желбіреп» дегеніндегі «бал-күнінде» жазған балдай тәтті жырлары қайда?!
Нағыз ақынның жүрегіндегі жыр қуаты ешқашан сарқылмақ емес. Асанқадыр ақын «бәріңе біраз өлең арнасам да, бір өлең барлығыңа жазбай келем!..» деп айтқан екен. Сол жақсы өлеңді жаза алмаған соң қаламын қаңтарып қойды ма екен? Көңілде сұрау көп. Ал ақындардың жалт етіп жоқ болу себебін өздерінен білгіміз келеді!

Әли ЕРМЕКҰЛЫ

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа