Қасымхан Бегманов — «Тауға қарап өзiңдi ойлап тұрдым мен…»

Қасымхан  Бегманов — «Тауға қарап өзiңдi ойлап тұрдым мен…»

Қасымхан Бегманов – Қазақстан Жастар Одағы және халықаралық Алаш сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының, Халықаралық жазушылар мен публицисттер қауымдастығының, Бас редакторлар клубының мүшесі және ҚР Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Қасым Аманжоловтың 90 жылдығына орай өткізілген республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдегері, Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған халықаралық жыр мүшәйрасының бірінші орын иегері, Т.Айбергенов атындағы республикалық

Қасымхан Бегманов – Қазақстан Жастар Одағы және халықаралық Алаш сыйлықтарының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының, Халықаралық жазушылар мен публицисттер қауымдастығының, Бас редакторлар клубының мүшесі және ҚР Жазушылар одағының басқарма мүшесі, Қасым Аманжоловтың 90 жылдығына орай өткізілген республикалық жыр мүшәйрасының бас жүлдегері, Түркістан қаласының 1500 жылдығына арналған халықаралық жыр мүшәйрасының бірінші орын иегері, Т.Айбергенов атындағы республикалық әдеби сыйлықтың лауреаты, Түркістан, Кентау қалаларының құрметті азаматы, Тәуелсіз халықаралық «Ильхам» сыйлығының, «Құрмет» орденінің иегері.

 

ҚОҢЫР

Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім.

Жұмекен

Қоңыр ұл ем, қоңыр үйде ержеткен,

Қоңыр ырғақ жүрегімді тербеткен.

Қыратында гүл теретін қоңыр қыз,

Қалды артымда қоңыр ауыл, қоңыр күз.

Түсіме еніп қоңыр күз бен қоңыр қыз,

Өмір өтті сол бір қоңыр өңірсіз,

Сырқыратты сай-сүйекті қоңыр сыз,

Өмір өтті қоңыр қызсыз, көңілсіз.

Қоңыр жолдар алып кетті жыраққа,

Жауап бермей мұңлы қоңыр сұраққа.

Үнсіз қарап аққан қоңыр бұлаққа,

Қоңыр кеште қоңырайсам… жұбатпа.

Қоңыр өлең, қоңыр ауыл, қоңыр ән,

Қоңыр бала табиғатын қорыған.

Қарапайым қоңыр ақын үлгі боп,

Салқын самал көзін сүрткен сүлгі боп.

Қарай-қарай кеткен қоңыр далаға,

Қоңыр таулы сол бір қоңыр қалаға.

Бойымызда жылуы ескі күпінің,

Құдыретімен ананың ақ сүтінің.

Майын пісіп ескі қоңыр күбінің,

Қоңыр жырдың тереңдігін түбінің.

Қоңыр кеште қызыл гүлге жусаны ық,

Қара кемпір қарап тұрған күн салып.

Сырт айналған қоңыр шалы көз сүртіп,

Қоңыр бала алыс кетті сөз түртіп.

Қоңыр қойлар қыркүйекте күйектеп,

Жылдар өтті қоңыр мұңдар иектеп.

Қайран шешем жатқан қоңыр молаға,

Қарай жүрсін айтшы қоңыр балаға.

Түсінгені, ұға алғаны қай кісің,

Оралмаған қоңыр бала қайғысын.

 

КӨРШІ

Қора жақта ескі күбі, орақ тұр,

Қаңқу сөздер бұл ауылда борап тұр.

Ыстық күнде тұт ағаштың қалғыған

Түбінде отыр мысық тышқан аңдыған.

Әріректеу кескен кеше тал жатыр,

Сәкі үстінде шәйін ішіп шал жатыр.

Жүгені мен ер-тоқымы артта тұр,

Бар әңгіме міне осы қартта тұр.

Болмай қалған уайымдайды ол астықты,

Көлеңкеде шынтақтап ап жастықты.

– Сәл ертерек су салғанда бидайға,

Тыңдағанда ұрынбас ек мұндайға.

«Бала бастық бүйте берсе оңбайды,

Көріп жүрміз үйіне көп қонбайды».

Деген сөзді айтып салды кемпірі,

Көп жуғаннан оңып кеткен жемпірі.

Қалыңдау ғып салдырып ап төсегін,

Кемпірінің тыңдамайды ол өсегін.

Мал да қайтты, ауылға кеп кеш кірді,

Көрші үй жақтан матор үні естілді.

Бұрқ етіп шаң, машина кеп тоқтаған,

Түсе бере келіншегін боқтаған.

«Қызу екен бастық бала бүгін де,

Әй оңбайды, оңбайды бұл түбінде.

Келін жақсы,келіншегі жақсы адам».

«Тыныш», – деді кемпіріне қақсаған.

Естіп қалды  тұсап жатып есегін:

«Дұрыс шықса осы жолғы есебім.

Кетем болды, қала жаққа көшемін»,

Қарт қысылды айналшақтап есегін.

Бұ сөздерді сұраған жоқ ешкімнен,

Ашық тұрған терезеден естілген.

«Тағы ішіпті-ау», – деген оймен бұрылды,

Көрші үйдің перделері сырылды.

Қысылды қарт аңдығандай  күй кешті,

Кіре бере жәпірейген үйге ескі.

 

* * *

Ана арудың бойында балам кетіп барады,

Жанарында әкемнің заман кетіп барады.

Алысуға дұшпанмен күннен күнге, бауырым,

Шамам кетіп барады.

Толқын, толқын, толқын боп  қазақ өтіп барады,

Қазағымды қорлаған мазақ өтіп барады.

Жұмақ емес даламды тозақ етіп барады.

Өлгеніңде көзіңе құмы тұрып қалады.

Дәстүрім мен салттарым ұмытылып барады,

Күннен күнге қайтейін,төзім бітіп барады,

Жетесізге айтуға сөзім бітіп барады.

Сұлулыққа лап етер сезім бітіп барады,

Ойнап күлер бал дәурен кезім бітіп барады.

Жүрегінде шалдардың ғалам кетіп барады,

Мойнымда, ескі дос, жалаң кетіп барады.

Осылай да осылай дәурен өтіп барады,

Қадекеңдей асылым – әулием өтіп барады.

Ойлап тұрсаң жаныңнан бәрі кетіп қалады.

Сондықтан да көңілім қаралы ғой қаралы.

Ұғар менің мұңымды елді ойлаған саналы,

Қайран менің жүрегім жаралы ғой, жаралы.

 

ТӨРТ МЕЗГIЛ

Мына жолдар барады алып көктемге,

Ешқашан да оралмайды ол өткенге.

Жете сала өте шығар жазды iздеп,

Мұратына бiздей ол да жеткен бе?

Құлақ түрiп бұлақтардың назына,

Құлақ түрiп аққулар мен қазына.

Күзге қарай басталады сапары,

Жеткеннен соң қызығы көп жазына.

Күзге жетер жапырағы сарғайған,

Сағыныштан үзiлердей талмайды ән.

Ары қарай , қысты iздеп жан-жақтан,

Тарау-тарау жол шығады шалғайдан.

Аппақ қарға оранғандай шартарап,

Көктемдегi аманатты арқалап.

Қысқа жетер сақылдаған аязы,

Күзден қашқан қара жолдар анталап.

Қыстан кейiн көктемдi iздеп жол шығар,

Ырыздығы жолаушының мол шығар.

Төрт мезгiлден тұратұғын, аяулым,

Бұл өмiрдiң бар қызығы сол шығар.

 

 

АЛҒАШ  РЕТ

Алғаш рет

қараған сәт ұрлана,

Қолын бұлғап қоштасқанда қыз бала.

Самал ескен әдемі бір көктемде,

Көз тастаған сыртынан ол өткенде.

Гүл терген кез бір белеңде жап-жазық,

Содан кейін жіберген сәт хат жазып.

Алғаш рет

ғашық болып бір қызға,

Қараған сәт аспандағы жұлдызға.

Алғаш рет

сүйіскен сәт еріннен,

Мына дүние сондай сұлу көрінген.

Алғаш рет

дос болған кез өзгемен,

Үлкен болып көрінгенмен көзге мен.

Алғаш рет

өлең жазған түнімде,

Періштедей таза мөлдір күнімде.

Қайран менің, арманым-ай, арманым,

Бәрі сонда, бала кезде қалғанын.

Оларменен бір-ақ рет кез кеппін,

Соның бәрін қалай сонда сезбеппін.

Бәрін бірде

айтамын деп жүр едім,

Соғып тұрса менің мұңлы жүрегім.

Сырласыңдай

сыр айтайын мен саған,

Ей, адамдар, бала кезді аңсаған.

Біліп тұрып

бір нәрсені білмеппіз,

Бала кездей алаңсыз бір күлмеппіз.

Бала кездей

алаңсыз бір жүрмеппіз,

Дабырлаған, дуылдаған дүрмекпіз.

Бірінші рет

түйіскендей болмайды,

Бірінші рет рет сүйіскендей болмайды.

Бірінші рет

достасқандай болмайды,

Бірінші рет қоштасқандай болмайды.

Барлық нәрсе,

осылай ғой қорланба,

Қызық-ау тек бірінші рет болғанда.

 

 

ШҮБЕРЕК

Тым алыста қалған сол үмiтi едiм солардың,

Адам көркi шүберек, шүберекке орандым.

Бақ пен тақтан сен түгiлпатшалар да жеңiлген,

Үш-төрт кездей шүберек әкетерiң өмiрден.

Байлық жақсы-ау,бiрақ та,ойлан-ойлан жас ұрпақ,

Өнерiне елiңнiң қарамашы тосырқап.

Көңiлiңде не барын бiле бермен сенiң мен,

Бiзден бұрын өткеннiң бәрi ажалдан жеңiлген.

Бар өмiрi адамның  шүберекке тәуелдi,

Шүберектен тiгiлген портфелiм де әуелгi.

Неге, неге ұзадым  бұлыңғырлау бүгiннен,

Шүберектен алғашқы иткөйлегiм тiгiлген.

Адам көркi шүберек, шүберекке орандым,

Жанарыңнан үзiлер бiр тамшы жас болармын.

Екi-ақ сөзбен бағалар,  қайран асыл ағалар,

Шүберекке оранып талай жайсаң жоғалар.

Кетiп жатыр ар жаққа, толқын-толқын қайық боп,

Үш-төрт кездей сұрыппен жайсаңдарым ғайып боп.

Кетiп жатыр,кетедi үш-төрт кездей сұрыппен,

Қазақ дейтiн ұлы жұрт тастап кеткен ғұрыппен.

Парығына жете алдым,  лақаттың ба ненiң мен,

Кетедi адам үш-төрт кез аппақ түстi кебiнмен.

Мұзды шайна, отты жұт,шыдамасаң шоқты аса,

Ел деп соққан бейкүнәм талып барып тоқтаса.

Естiлмесе кеудемнен жүрегiмнiң дүрсiлi,

Шүберекке оранып кетiп қалсам бiр күнi.

Кешiрiңдер қайран ел,қардай аппақ арым бар,

Шүберектi көргенде менi де еске алыңдар.

 

ОЛ КӨКТЕМ ОРАЛМАЙДЫ

I

Кеудемде сан арман,

Оятты-ау көз iлсем.

Үзiлген жанардан,

Сағыныш едiң сен.

Жасырған сырларым,

Ұйқымды ұрладың.

Қайда алып барасың,

Жылдарым.

Боталап көздерiм,

Қарадым сезбедiң.

Қиналдым қия алмай,

Аяулы кездерiм.

Көңiлдi шайқаған,

Қайыңдар айтады ән,

Ол көктем оралмайды қайтадан.

Есiмде сол күзгi,

Айырған жол бiздi.

Сен қалай ұмыттың,

Қара көз сол қызды.

Қоштастық мәңгiлiк,

Атқанда таң күлiп,

Кеттiк-ау бақытты бiз қалдырып.

 

II

Кездескен белесiңмен,

Шықпайсың сен есiмнен.

Уақыт та жылжып жатыр,

Аяулы елесiңмен.

Аялап гүлдерiмдi,

Бақытты күндерiмдi.

Есiме жиi аламын,

Үздiккен түндерiмдi.

Гүлiм сезем,

Сол бiр өзен,

Арнасына тола  алмайды.

Өткен күндер,

Айлы түндер,

Көңiлдерден жоғалмайды.

Бұл жалғанда ешбiр ару,

Дәл өзiңдей бола алмайды

Құстар қайтар,

Әнiмдi айтар,

Ол көктем оралмайды.

Кезгенде бұлақ қырды,

Көңiлде сұрақ тұрды.

Бiзбенен жаңбырлы кеш,

Қосылып жылап тұрды.

Еркелеп күлiмдеген,

Жайнаған гүлiм деп ем.

Екеумiз қоштасарда,

Саусағың дiрiлдеген.

 

 

* * *

Балдай тәттi әлдилеген бiр мұңмен,

Елес қуып жер бетiнде жүрдiм мен.

Қайта оралмас он сегiзбен,алтыным,

Тауға қарап өзiңді ойлап тұрдым мен.

Уақыт айтар бақытты кiм, мұңлы кiм,

Күреңбелде сүйiп өстiң қыр гүлiн.

Сенсiз өткен жиырма жылым өтiрiк,

Сенсiз менiң өткен емес бiр күнiм.

Ақша бұлттар iздеп бiрге жыласын,

Мейлi көктен найзағайлар құласын.

Асылым-ау,  қайда барсам алдымда,

Елес боп кеп, күлiмсiреп тұрасың.

Бала бейнең шықпай қойған тегi естен,

Ойлай-ойлай жұлдыздармен теңескем.

Бiр адамға айналдым мен бүгiнде,

Бiрте-бiрте сол аяулы елеспен.

Үзiлерде жанарымда жатар мұң,

Қамығармын,қайғылы ойға батармын.

Ең соңғы сөз айта алатын хал болса,

Жаным, сенiң есiмiңдi атармын.

 

 

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа