Жарас СӘРСЕК. «Жастық өтті… Қазіргім – бірсыдырғы ән»

Жарас СӘРСЕК. «Жастық өтті…  Қазіргім – бірсыдырғы ән»

Шекара Тағдыр шығар, Маңайдың бәрі сызық ойласаң, Сол сызықтар есіңе түсер қамсыз тойласаң. Сызығыңды «бұзығың» бұзып кеткен кез қанша, Күдік-күмән көп әлі, Сыммен нықтап қоймасаң.   Шығыс жақта бір сызық, Батыс жақта бір сызық, Оңтүстік пен Солтүстік – Олар да тұр сызылып. Дөңгелене қаусырған сол сызықтар ішінде ғұмыр кешіп келеміз бір суынып, бір қызып.  

Шекара

Тағдыр шығар,
Маңайдың
бәрі сызық ойласаң,
Сол сызықтар есіңе
түсер қамсыз тойласаң.

Сызығыңды «бұзығың»

бұзып кеткен кез қанша,

Күдік-күмән көп әлі,

Сыммен нықтап қоймасаң.

 

Шығыс жақта бір сызық,

Батыс жақта бір сызық,

Оңтүстік пен Солтүстік –

Олар да тұр сызылып.

Дөңгелене қаусырған

сол сызықтар ішінде

ғұмыр кешіп келеміз

бір суынып, бір қызып.

 

Сырт жағында сызықтың,

Жылмыңы бар,

Мықты бар,

Ұйықтап кетсең болғаны,

Улы инесін сұққылар.

Өзің – кәрі,

Ұлың – жас,

Бірің – мақау,

Бірің – мас,

Ал, соларды кімің бар,

Ұран салып ықтырар.

 

Құрышпын деп жүргенің

құрып кетсе – қайтесің?

Қылышпын деп жүргенің

сынып кетсе – қайтесің?

Көзге ілмесең көп болып,

Көздегені көк болып,

Көкжал болып кенеттен

ұлып кетсе – қайтесің?

 

Не болмақшы содан соң,

Нөл болмай ма көлемің,

Құрып болып дейсің бе,

Тұрып қайта келемін?

Қайта келіп ғайыптан

қайрат бере қоя ма,

Өзіңменен бірге өлген

өнерің мен өлеңің?!

 

Дөңгеленген дүниенің

дөң-айбат көп ісінде,

Сені есіркей қоймайды,

Түсін, мейлі түсінбе.

Мақсат,

Мұрат,

Арман боп,

Желбіресең желбіре

дөңгелене сызылған

көп сызықтың ішінде.

 

Біреу,

Екеу,

Үшеуге қызық та көп қиырда,

Шамам бар деп шалқайсаң,

Ал, қиырға шиырла…

Саған байлық, бақ берген,

Қазақшалап ат берген,

Алмағайып күндерде –

Елің тұрсын миыңда,

Жерің тұрсын миыңда.

 

Сызығына екі елдің

баған қорған бола ма,

Баған басын күзеткен

балам қорған болады, ә?!

Сол бағанның түбіне

бабаң сенің жерленген.

Ертең мен де…

Ешкімді жолатпаңдар молама.

Леп

Ол жақта менде туыс жоқ,

Бөтенсің дейтін жоқ бірі.

Аттанам сосын туыс боп,

Көңілімнің мұзы, жоқ кірі.

 

Ол жақта менде жоқ дос та,

Дос болып қайтам бәрімен.

Апталап жатып қол боста,

Қоштаспай кетем тағы мен.

 

Ол жоқта менде үй бар ма,

Отырған орным төр ғана.

Сенбесең – ілес, қиналма,

Көзіңмен өзің көр бала.

 

Дауыл ма,

Жауын,

Ақ қар ма?

Ырғаққа толы өмірім!

Асығам солар жақтарға

аңсаған шақта көңілін.

 

Қасымда қалмай бір досым,

Қажығам бір кез мұң қажап.

Рахмет саған, мың досым,

Рахмет саған, Бір Қазақ!

***

«Күреңбай сыншы болмаса,

Құлагеріммен бір ем ғой!..»

Депті-мыс Ақан қайғылым,

Қайғырсаң-дағы ірі ең ғой.

Жүйрікті жүйрік тап басып

таныған жанда жазық жоқ.

Құланы қиған-қызғаныш,

Қызғаныш – лаң, сүрең ғой!

 

Жүйрікті тану – қасиет,

Жүгіртпей қою – қасырет,

Қасиетке туыс болғанмен,

Қасырет – қызға ғашық ек…

Құрығы ұзын, Құдайым,

Құлың боп тағы сұрайын:

«Қасыретіңнен қашық ет,

Қасиет жағын басым ет».

 

Бірімен-бірі тістесіп,

Тіресіп әлі келеді,

Қызғаныш дейтін қызыл ит,

Өз-өзін құдай көреді.

Қашанғы мынау далада

қара көзіме жас бүркіп,

Құлагер құлай береді,

Ақандар жылай береді?!.

***

Бұл өңірде қанша тарих

жатыр екен көміліп,

Анда-санда қалатыны

болмаса тек көрініп.

Аршып алар азаматын

заман желі илейді,

Ал ақыны өлең жазар

қара кеште егіліп.

 

Тарихымды жауым жазған

заман өткен десем де,

«Нақақ көзден тамшылаған

жас тұнады кесемде».

Еркін елдің езуінде

еркін сөзге тыйым көп,

Қалтылдаған қайығым бар,

Ескегім жоқ есерге.

 

Бұл өңірде мен тәу етер,

Сен тәу етер мекен көп,

Мекенімді менмендер мен

жеңгендер жүр мекендеп.

Далам жазған дастанымды

тым құрыса өз балам,

Өз тілінде айтса деумен

келем әлі тепеңдеп.

 

Бұл өңірде қалалар көп –

Жер астынан тіл қатар,

Әлі бізге кез келер сол

қалалармен бір жатар.

Сонда бізді кім іздемек,

Біз кімдерді іздеп ек,

Соны ойласаң кеуде астында

жердей ауыр зіл жатар.

 

Таусыларға шақ қалғанда

Тәңір – Ием қолдады,

Басымызға армандаған

Жаңа заман орнады.

Неге ендеше жанарымда

жарқ-жұрқ еткен жарқыл жоқ,

Жарқын жүзді жатым ғана,

Болмады ғой… болмады…

 

Алалайтын ештеңе жоқ,

Басқалармен бірдеймін,

Баяғыдай шаттығым жоқ,

Ойнамаймын, күлмеймін.

Білетінім – бір-ақ тоғыз,

Тоқсан тоғыз бұлдыр бар,

Ту астында желбіреген

Жер кімдікі?!.

Білмеймін…

Қимастық жыры

(Диалог)

  • Үп еткен желдей үлбіреп өскен, қарағым,

Мөлт ете қалды неліктен нәркес жанарың?!

Жүрегімдегі бір дүрсіл мыңға ұласып,

Өзіме сыймай,

Көзіме сыймай барамын.

 

Ақ қанат құсым,

Ақ тамақ құсым қолдағы,

Балапан құсым бақ іздеп шыққан жолдағы,

Аққуы ұшқан айдын-көл болып толқимын,

Айдыныңды аңсап қайырылып тұрсаң болғаны.

 

  • Суланбай қайтсін,

Дымданбай қайтсін жанарым,

Оң-солын танып болмаған әлі баламын.

Менің де, әке, лүпілдеп үркек-жүрегім,

Өзіме сыймай,

Көзіме сыймай барамын.

 

Ұмыту оңай демеңдер маған сендерді,

Осылай шештім жасырған өмір – теңдеуді.

Қарай да қарай қарайған қара жұртыма

Барамын ұшып бағыт қып басқа белдеуді.

 

  • Жар болсын Алла жаныңа жарың сай болса,

Тағдырға қандай өкпе бар солай сайланса?!

Күзетіп өтем,

Күзетіп өтем сендерді,

Маңдайымдағы көзімнің нұры тайғанша.

 

  • Қағылды қанат бақыттың іздеп аралын,

Қамыға көрме мөлт ете қалса жанарым.

Өзіңнен, әке, өзімді ұрлап барамын,

Өзіммен бірге сөзіңді ұрлап барамын…

 Сабындыкөл

Бір қапталың байқасам – тау болатын,

Бір қапталың байқасам – бау болатын.

Бұлдыратпай көрсетер бұ дүниені,

Біздегі көз ол кезде сау болатын.

 

Одан бері ай аунап,

Жыл жылжыған,

Жастық өтті…

Қазіргім – бірсыдырғы ән.

Сенің жеңіл көбігің секілденіп,

Ырқыменен мезгілдің бір сырғығам.

 

Жұмсақ шашын жел қағып желбіреген,

Бір жас ақын жағаңда елжіреген.

Не сиқырың бар еді, Сабындыкөл,

Мөлт еткізер көздерді мөлдіреген?!.

 

Бір ай ару бірер жыл көлемінде

Жүзік сыйлап мәз қылған өлеңіме.

Күмістелген сол жүзік қолдан сусып,

Бойлап кеткен болатын тереңіңе.

 

Сезімімді ешкімге бұрылмаған,

Су түбіне кетті деп ырымдағам.

Соны ойласам әлі күн су түбіне

бойлап кеткен жүзік боп діріл қағам.

 

Асылымды өпкендей біреу тартып,

Ғашығымды кеткендей біреу қарпып,

Қайтқам солай жағаңнан жатағыма,

Жүзік таққан саусағым жүдеу тартып.

 

Сабындыкөл,

Көлімсің жүзік жүзген,

Иесінен күдерін үзіп жүзген.

«Жүзікжүзген» – бір атың бұдан былай,

Бір сақина қарызсың, «Жүзікжүзген»!..

 Сұлтанмахмұт

(монолог)

 

Алысып,

Битпен,

Бүргемен,

Жаным мен тәнім кірлеген.

Өшіп бір жанған өмірді

өзегім өрт боп үрлегем.

 

Кезім жоқ тіптен жасыған,

Тартқанмын алға асыға.

Басқалар жүрген жолдарды

бастағам таудың басына.

 

Бір  жылап алып, бір күлдім,

Бір құлап алып, бір тұрдым.

Қолсозым ғана жерде еді,

Құлпырған гүлі бір қырдың…

 

Құлпырған күйі қалдырдым,

Құшып та сүйіп жандырғым

келмеді…

Келте ғұмырға,

Ол емес,

Өзім тағдырмын.

 

Отыздан озып кетпедім,

Ой болды ойға еккенім.

Қағазым – қамбам болғанда,

Қаламым еді кетпенім.

 

Барым сол еді қолдағы,

Арманым көп-тін, болмады.

«Алаштың барша баласын

артыңда қалған тұяқ» – де,

Болғаны!..

***

Бір Бұқар бізге керек деп,

Айтамыз кейде сөз ептеп.

Табамыз,

Сосын танамыз,

Біз күткен Бұқар бөлек деп.

 

Оны іздеп сіз де жүрсеңіз,

Ымдап бір қойшы білсеңіз.

Біз тапқан Бұқар тым жылтыр,

Немесе онда жыр семіз.

 

Түпнұсқа Бұқар қайда бар?

Көкте бар,

Анау айда бар.

Көшір-ме-лер-ден қаптаған

Әйтпесе қандай пайда бар?

 

Шаршатты бізді Ол да бір…

Тағы бір «Бұқар» жолда жүр.

Кеңессек дейміз, келмейді,

Түсерсің түбі қолға бір…

 

«Бұқар жоқ,

Жоқ-жоқ», – деп кеттік,

«Табылса,

Соқ-соқ», – деп кеттік.

Жан-жақтан атын шулатып,

Бәріміз «Бұқар» боп кеттік.

 

Абылай қайда?..

 

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа