Айтуған ШӘЙІМҰЛЫ. Бір жүрген сәттер жоқ жоқ бүгін

Айтуған ШӘЙІМҰЛЫ.  Бір жүрген сәттер жоқ жоқ бүгін

Айтуған Шәйімұлы дарынды ақын еді. Айтыс өнері қайта қолға алынған тұста қолындағы қаламын домбыраға айырбастап алды да, ұзақ уақыт кітап шығаруға құлшыныс жасаған жоқ. Ақынның жалғыз кітабы ғана жарық көріпті. Кешелі-бүгін фейсбук бетінде оның өлеңдерін іздеген ағайындардың пікіріне көзім қайта-қайта түсіп отырды. Содан соң Ақерке Айтуғаннан (Айтекеңнің перзенті) сұрап алған ақынның махаббат тақырыбындағы бір топ

Айтуған Шәйімұлы дарынды ақын еді. Айтыс өнері қайта қолға алынған тұста қолындағы қаламын домбыраға айырбастап алды да, ұзақ уақыт кітап шығаруға құлшыныс жасаған жоқ. Ақынның жалғыз кітабы ғана жарық көріпті. Кешелі-бүгін фейсбук бетінде оның өлеңдерін іздеген ағайындардың пікіріне көзім қайта-қайта түсіп отырды. Содан соң Ақерке Айтуғаннан (Айтекеңнің перзенті) сұрап алған ақынның махаббат тақырыбындағы бір топ өлеңін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын. Айтуған Шәйімұлы есімі мен жырлары біздің жадымызда.

Байбота ҚошымНоғай  

(1947–2004)

БІР ЖАН БАР

Бір жан бар, сағынбасам тұра алмаймын,
Сол жаққа құлағымды түрем дәйім.
Сезімді сағынышым сыздатқанда,
Қалқамның хат арқылы білем жайын.

Жоғалтып алғандаймын сағынбасам.
Келгін деп шақырғандай дамылдасам.
Ой оты өзегімді өртегенде.
Моншақтай көз жасыммен жалын басам.

Мәз болам хабар келсе айнашымнан,
Құлпырғам қызғалдақтай сайда ашылған.
Алдымнан арай болып арайлайды,
Білегі ақ сазандай айға асылған.

Бұрымы Жетібайдың мұңайындай,
Ажары атқан таңның шырайындай.
Мен басқан Маңғыстаудың ақ тайлағын.
Шіркін-ай,сағындым ғой Гүлайымды-ай.

Шоқ тастап жүрегіме бір көргеннен,
Тотыдай тоқсан тарау түрленген ең.
Бейнеңді оймен өріп жасаушы едім.
Өзіңе арнап терген гүлдерменен..

Көз салып Атыраудың айдынына,
Алақан тосушы едің Ай нұрына.
Еліктей еліктеген мінезіңді,
Ұқсатқам құлдыраған тай-құлынға.

Үстірттің самалындай әнің қандай?!
Елтідім назды үніңе жаным қалмай.
Деміңмен шарпып өтсең өң бойымды,
Мәз болдым жоғалғаным табылғандай..

Сол жақта сом алтындай бар сынығым,
Көк өндір өзек жарған тал шыбығым.
Ақынға жалған айту жараса ма,
Суретін оның дағы салшы, күнім!

Өмірдің аязына сенде үсінбей,
Ол сенен қуат алып ел күшіндей,
Өссе деп армандаймын Алатаумен
Қауышқан Атыраудың белгісіндей.

КҮНДЕР-АЙ, КҮНДЕР…

Есімде бірге гүл теріп,
Асқанбыз екі-үш қыратты.
Аспаннан мерген күн төніп.
Нұрымен атып құлатты.

Жамбасқа төсеп жұп-жұмсақ,
Даланың көгал диванын,
Қауышып қызу қос құшақ.
Тіліңнен шәрбат сыйладың.

Сіміріп ләззат шарабын,
Бақытқа баттық мас болып
Балбырап кетіп барамын,
Жанарға мөлдір жас қонып…

Жалындай құшқан «Жаным!» деп,
Қызық шақ естен кетер ме.
Жанымды өртеп жалын боп,
Сүйіпсің сонда бекерге.

Күндер-ай, күндер, от күндер,
Күнәға мені батырдың.
Жұлдыздай ағып өттің де,
Адасып қалдым, ақылдым…

Кездестік бүгін тағы да,
Мұңлысың өткен күн үшін.
Ұяттымысың жарыңа.
Қайда сол әсем күлісің,

Ғаламат екен қарасың.
Жия алмай қалдым есімді.
Жанымның тырнап жарасын,
Жанармен алдың өшіңді..

* * *

Сағынышыңмен сырласып,
Самалмен қырды бірге асып,
Жүрмісің алып мені еске,
Кеттің деп қайда шын ғашық.

Қол бұлғап ұшқан қыранға,
Баладың ба екен сәулеңе.
Аумаған менен ұланға,
Ашпа сыр,түспе әуреге.

Қадалып аспан төсіне,
Әнімен тербеп ауаны..
Салды ма бұлбұл есіңе,
Алшақтап кеткен араны.

Түсті ме ойға түнеген
Жуалы сайда қызық түн,
Тұйғындай алғыр түлеген
Қылығы қымбат «бұзықтың».

Арманға дәйім асығып,
Жығардай тауды екпінің,
Күлкіңмен мұңды қашырып,
Бір жүрген сәттер жоқ бүгін.

Орамал байлап ақ бұлттан.
Өстің бе шыңмен теңдесе.
Өртеніп өсек дақпырттан,
Қалдың ба шөгіп немесе.

Оралмай көптен өзіңе.
Оқимын мұңды арнап жыр.
Ақ моншақ етіп көзімді,
Мың батпан бойда салмақ жүр.

Көбелек қанат сезімдер,
Отына ойдың өртеніп,
Сендер де енді сезіңдер,
Өлгенін өндір еркелік.

Сен жайлы, жаным, ән қылып
Айтатын арман көп, тегі.
Сүйген жүректе мәңгілік
Орын жоқ ойға өтпелі.

* * *

Сәулем, саған сан мәрте жыр арнадым,
Бағышталған өзіңе ұлы арманым.
Табиғаттай тап-таза мөлдірлігі,
Көңілімді неге сен құп алмадың.

Гүл ұсынсам күлмедің, қуанбадың,
Шын сырыңды тереңнен ұға алмадым.
Қашан біздер қауышар күн болады,
Толқынындай тоғысып бір арнаның.

* * *

Есімде бұйра бұрымың,
Қарлығаш қанат қастарың.
Тәнті етіп тәтті қылығың
Нұрлатқан көңіл аспанын.

Бұрала бассаң, екпінің
Өтетін самал естіріп.
Наздана күлсең, ерке үнің
Тербейтін мені кешкілік .

Жамылып бақша саясын,
Санаушы ек аспан жұлдызын.
Баладай құшақ жаясың,
Бал тілдім,базар қырмызым.

Бір толқын ойнап кеудемде,
Күй шертіп жүрек тұратын.
Балқушы ем бақыт — нұр демге,
Хасыл боп үміт, мұратым.

Ақ қанат қарлығаш-ай,
Көз жазып қалдым қапыда.
Көгімде туған асыл Ай,
Болмады хабар, хатың да.

Шошытты екен кім неге
Қарлығаш махаббаттымды?
Құлыптас саған — кеудемде,
Арман деп жаздым атыңды.

 

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа