Қызырбек ДҮРГІНБАЙҰЛЫ. Қол бұлғайды бір үміт мұндалаған

Қызырбек ДҮРГІНБАЙҰЛЫ. Қол бұлғайды бір үміт мұндалаған

 Дүргінбайұлы Қызырбек 1989 жылы Баян-Өлгей аймағының Цэнгэл ауылында дүниеге келген. Халықаралық өнер фестивалінің поэзия аталымы бойынша лауреаты. Халықаралық, Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Өскемен қаласындағы «Шабыт» жас ақындар мектебінің жетекшісі. Филология ғылымдарының магистрі.   Бала шақтың сұлбасы   I Алтын Алтай,  қасиетіңе бас ұрдым. Куәгері болдың қанша ғасырдың?! Қойлы ауылға айқара ашып құшақты, Қойнауыңа қаншама сыр

 Дүргінбайұлы Қызырбек 1989 жылы Баян-Өлгей аймағының Цэнгэл ауылында дүниеге келген. Халықаралық өнер фестивалінің поэзия аталымы бойынша лауреаты. Халықаралық, Республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері. Өскемен қаласындағы «Шабыт» жас ақындар мектебінің жетекшісі. Филология ғылымдарының магистрі.

 

Бала шақтың сұлбасы

 

I

Алтын Алтай,  қасиетіңе бас ұрдым.

Куәгері болдың қанша ғасырдың?!

Қойлы ауылға айқара ашып құшақты,

Қойнауыңа қаншама сыр жасырдың.

 

Ақ бұлтыңмен келер ме деп жыр көшіп,

Аспаныңмен жүрем ылғи тілдесіп.

Келем әлі бағыт бар да, бағдар жоқ,

Өзің жаққа қарай-қарай күн кешіп.

 

Қаз қаңқылы қайталаса сырлы әнін,

Сыбызғыдан  төгіледі сырларым.

Сағынышқа айналарын кім білген,

Саз-батпағын кешіп өскен Сырғалым.

 

Көкірекке себезгі мұң септі өмір,

Ошақ отын сағынып жүр от-көңіл.

Жылылықтың сенде екенін білмепті,

Жыл құсындай жылу іздеп кеткен ұл.

 

Қонар, бәлкім, басымызға бақ талай,

Атқан таңмен қауыштырса батқан Ай.

Қолын бұлғап қозы баққан бөктерге,

«Заманымның өтіп бара жатқаны-ай!»

 

II

ҚОЗЫКӨЛ

 

Сағынысып жүргеннен соң жырақта,

Туған жерің айналады жұмаққа.

Қозы баққан барып қайттым бөктерге,

Қозы-лақпен ойнамадым бірақ та.

 

Ойнау қайда енді бізге, әй, бірақ?!

Қозыкөлге көп қарадым айдыны ақ.

Сылқ-сылқ еткен күлкісіне елітіп,

Балалықты ап қашты екен қай бұлақ?

 

Қашқан бұлақ, кеттің қайда құйылып?

Аңсап келген ақыныңның күйін ұқ!

Бозаң қырдың боз жусанын сағындым,

Бөрі-мұңым жүрегімде жиі ұлып.

 

Қоңырлатып сыр ақтаршы, Қозыкөл,

Мәжнүн болып келгенім жоқ, кезіп ел.

Жабағымен барайын ба жағаңа,

Бәлкім, менің балалығым кезігер.

 

Қозыкөл-ау, қоңырыңда мұң басым.

Айдыныңа үңілейін, сырласым.

Болашақтың көрінбесін білем ғой,

Бала шақтың көрсем болды сұлбасын.

 

III

ШАҒАЛАКӨЛ

 

Шағалакөл, тарихың тым астарлы, ә,

Айналдырып жіберсем ғой дастанға.

Қарт Алтайдың шар айнасы секілді,

Шағылысып жатырсың сен аспанға.

 

Мұңға бөлеп, ойға орадың әртүрлі,

Неге сенің ақ шағалаң шарқ ұрды.

Өзіңе һәм шағымым бар өмірге,

Өмір, бірақ, орындамас шартымды.

 

Шағалакөл, шартым осы құлақ түр,

Шарасыздық деп ойлама бірақ бұл.

Тілерсегі тілім-тілім шағымды,

Іздейінші, айдыныңа лақтыр!

 

Сені аңсаймын қай өлкеде жүрсем де,

Бақытты шақ қап қойғандай бір сенде.

Толқыныңа тоғытылып шығайын,

Іздегенім табылмасын білсем де.

 

Ер жігітті елден өмір шеттетер,

Кінәлама келмей кеттің деп бекер.

Менен гөрі ақ шағалаң бақытты,

Мекеніне мезгілімен кеп-кетер.

 

IV

ҚОСКӨЛ

 

Қойлы ауылға қоныс болған, қос көлім,

Қойнауыңда кіндігімді кесті елім.

Өмір, әттең, еш мүмкіндік бермейді,

Тағдырымның кері есуге ескегін.

 

Кеп тұрғаны жоқ бірақта кер(і)  кеткім,

Қайсыбірі сендей болсын жер-көктің?!

Жусан иісі аңқығанмен әр тауда,

Иісі аңқымас жылан жылғы жөргектің.

 

Ойсыз-қамсыз өтті сенде қанша ай, күн,

Сағасында әр бұлақтың, әр сайдың.

Таяғының астына алса тағдырым,

Жерден таяқ жеген жұртты аңсаймын.

 

Болғанымен әр қадамым жемісті,

Бір уайым көп мүжиді мені ішкі.

Тартады екен туып өскен топырақ,

Болса да ортақ аспан асты, жер үсті.

 

Күрсінумен өткізгенде кей түнін.

Білмеппіз ғой неге уайым жейтінін.

Ұқтым енді үһілеген ақсақал,

Топырағың бұйырса екен дейтінін.

 

***

Құлазытып құла таң қыр алабын.

Қанатынан құстардың құлаған мұң,

Қар астынан гүл ашса көктем болып,

Қырат үнсіз тыңдайтын бұлақ әнін.

 

Жылылықтың дегендей сырын ұқтыр.

Көктем келсе көңілге жылынып бір.

Қаһарынан құтылып қатты қыстың,

Сора-сора жылайтын жылымық қыр.

 

Томағалы қырандай тұғырдағы.

Құс ұйқылы келетін қыр ұлдары.

Алқын- жұлқын алысып, асыр салып,

Жүруші еді желпілдеп тұлымдары.

 

Арман сағым бұлдырап алты қырда.

Су кешуші ек Ақбұлақ алқымында.

Анам сонда  жағатын кілегейді,

Тілім-тілім су жеген балтырыма.

 

Қала келіп жегілдім жалқы мұңға,

Тірлік қолын тіреді алқымыма.

Тағдырымның төбеті жаралаған,

Кілегей жоқ жағатын балтырыма.

Әттееең!!!

 

тобылғы меңді күз

Ғаламшарлық ғаламат біздің ұғым.

Көк тәңірдің төгілтіп ізгі нұрын.

Жылап тұрып сипайды жұлдыз біткен,

Сап-салқын саусағымен күз бұрымын.

 

Батамыз-ау ойға көп сіз де, мен де,

Не ойлайды адамдар бізден өңге.

Құс қанаты күп-күрең мезгіл мұңын,

Төгілтіп бара жатыр күзгі өлеңге.

 

Сіз өте мұңаймаңыз, қылықты қыз.

Жанардан біздің қандай сыр ұқтыңыз.

Үркерге қараңызшы, үкілі ару,

Ат басын біздің жаққа бұрыпты  күз.

 

Мына күз сіз бен бізге тылсым әлі.

Сыбдыр-сыбдыр сыр айтар сыңсып әні.

Жел келіп шешіндіріп кеткен қайың,

Ай сәулесі шашылса, қымсынады.

 

Ақын дейтін мұң сыйлап ақымаққа.

Шаша салып шашуын атырапқа.

Көк аспанның көз жасын сүртіп алып,

Күз келіп құлай салды жапыраққа.

 

БІЗДІҢ АСПАН

 

Бабалардан байырғы бізге ұласқан,

Ғалам сыры әу бастан ізгі дастан.

Кемерленген таулармен көкжиегі,

Менмұндалап тұратын біздің аспан.

 

Біздің аспан бізге алыс тауға жақын.

Күн ошағын шапақта тау жағатын.

Атар таңның райын болжаймыз деп,

Күн артынан кешкілік дау болатын.

 

Аспан жайлы аңыз көп ел білетін.

Жаттап өстік жұлдыздың белгі ретін.

Біздер едік байлаулы ақбоз аты,

Темірқазық қайда деп телміретін.

 

Аспан жаққа кешкісін аңсар ауып,

Бар сырына деуші едік болса қанық.

Ертегінің ес кетіп желісіне,

Жетіқарақшыны да жау санадық.

 

Әуел баста алсын ба бала тыным,

Сырын іздеп баққанбыз дала түнін.

Біздер бірақ сол кездер ойламаппыз,

Жұлдызымыз бір күні жанатынын.

 

ҚАРИЯ

 

Тау аршасын өртеп ап отқа барып,

Насыбайын иледі жоққа налып.

Жүген түйіп өрмелі қария отыр,

Тірлігіне байлаусыз  ноқталанып.

 

Балғаны ұстап қолына шын ерленіп.

Көмір салды көрікке  жігерленіп.

Шідер соғып қара тер қария отыр,

Тұрмысына тұсалып  шідерленіп.

 

Тақиясын қисайтып киіп алып.

Дөңгелентіп теріні  қиып алып,

Арқан тіліп талстан отыр тағы,

Болмағандай тірліктің  иі қанып.

 

Қатпар-қатпар әжімі  кермектеліп.

О құдірет, отыр тағы ермек көріп.

Айыл өріп тастапты сегіз таспа,

Өткеніндей  өмірі өрнектеліп.

 

Әй, тірлік-ай, бұралаң нұсқауы бір.

Тауып алып қайысты қыстағы бір.

Қамшы өріпті қарашы бітер, бәлкім,

Сол қамшының сабындай қысқа ғұмыр.

Біле ме екен, қария?…

 

Үзеңгіден үзілген рух

 

Жыртылып парақ жыршы лебізі.

Үзіліп рух, жылқы мінезі.

Байталға сатып бақытын біреу,

Қанымдап алған құлқынын өзі.

 

Күйбең тірлігін күйттеген қысқа.

Бұйрық болып бүйт деген нұсқа.

Шөліңді бастың жайдақ сулардан,

Жалаған жаппай итпенен құс та.

 

Сынаққа салып қас түрен дүбір.

Жігітке көкжал қасқыр өңді бір,

Итаяғынан құсық жалатты,

Иттігін жасап маскүнем ғұмыр.

 

Өлеңге етіп қаламды құрбан,

Даламды мынау харамдық ұрған,

Жер шарын сілкіп тастасам ба екен,

Арылтып бір сәт арамдығынан.

 

Мен жөн бір қайсы бақ тапты деп ең.

Сол бір сүрлеуді таптап бір келем.

Қаламым ащы запыран құсты,

Жазайын деп ем тәп-тәтті өлең.

 

ҮМІТ

 

Жортуылға жетелеп үміт мені,

Арман алдап, қиялым үгіттеді.

Мен аңсаған бақыттың бірі де жоқ,

Қос өкпемді қабады күдік демі.

 

Жолдас болып алғанды мұңда маған.

Тағдыр қайбір бақ-сорын бұлдамаған.

Қол сілтегің келгенмен барлығына,

Қол бұлғайды бір үміт мұндалаған.

 

Қатыгездеу секілді ғасырымыз,

Иіліңіз дейді ылғи бас ұрыңыз.

Алақанында өмірдің шыр айналдық,

Алшы түсер деп бір күн асығымыз

 

Күндер өтіп өзіне ғашық еткен,

Жылдар келіп жайғасты қасыма еппен.

Бұрылмады артына өмір қайта,

Бұрылыста жол қалды басып өткен.

 

Не сыйлайды деп маған болашағым,

Оңашада ойланып бал ашамын,

Ең бақытты сәттерім екен менің,

Қалып қойған Ауылда бала шағым.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа