Иран-ҒАЙЫП. Мыңмен, жалғыз – алыстың…

Иран-ҒАЙЫП.   Мыңмен, жалғыз – алыстың…

*  *  * Абай десем –есіме ер түседі, Қалың елім – құнарым – жер түседі. Абай десем – есіме қазақ түсер – күрмелген ғажап түсер, күңіренген азап түсер – Абай десем!   Абай десем – есіме тегім түсер, Есем кеткен ескіге кегім түсер. Абай десем – қараңғы халық деймін, қайғылы алып деймін, қамаулы жарық деймін

*  *  *

Абай десем –есіме ер түседі,

Қалың елім – құнарым – жер түседі.

Абай десем – есіме қазақ түсер –

күрмелген ғажап түсер,

күңіренген азап түсер –

Абай десем!

 

Абай десем – есіме тегім түсер,

Есем кеткен ескіге кегім түсер.

Абай десем – қараңғы халық деймін,

қайғылы алып деймін,

қамаулы жарық деймін –

Абай десем!

 

Абай десем – есіме жар түседі,

Жүрек қаны – көз жасы – зар түседі.

Абай десем – қаралы дала дедім,

қасіретті нала дедім,

жандағы жара дедім –

Абай десем!

 

Абай десем –сарғайған сана деймін,

Абай десем – данышпан дана деймін.

Абай десем – осылай күй дегенім,

есіңді жи дегенім,

еліңді сүй дегенім –

Абай десем!..

 

 

*   *   *

(ҚҰНАНБАЙДЫҢ  МОНОЛОГЫ)

 

 

Ей, Оразбай!..

Қарға баласын «аппағым»,

Кірпі баласын «жұмсағым» дейді.

Болар ел болмас ерінің

Бұзақы қылығын да қылмас айып,

Бас жарылса – бөрік ішінде,

Қол сынса – жең ішінде.

Жүрегі – жалын, сөзі – мұз

Абай сынды да бір арыс

Жүре бермеуші ме еді ел ішінде?!

…Аласымыздың орнына

«Алла-Тағала берген Аса Таяқпен»

Артымызға тыным алғызбай

Түртінектей беретін – өзіміз!

Қарыны тоқтың – қайғысы жоқ,

Ашқарақ бала – жылауық –

Тірлігімізді көшкен бұлтқа беріп,

Бірлігімізді басым ұлтқа беріп,

Ірілігімізді пасық қыртқа беріп,

Басты сыйламай, ұяттымызды бұтқа беріп,

Жанды қинамай, тұяқтымызды жұтқа беріп,

Асылды жасықтан жасқантып,

Пысыққа дүйім елді басқартып,

Өсек теріп, сөз аңдып,

Ертелі-кеш етек пен ерсі қисайған ауыз бағып,

Әуемен байланып, мақтамен бауыздалып,

Адамилықтан шығып, хайуанилыққа айналып,

Өліміз – ақыреттігімізді,

Тіріміз – киер киімімізді жаттан алып,

Сарттың егіні шықпаса, жемісі өнбесе –

Жігеріміз құм боп,

Аштан қатып, Хаққа налып,

Кемел толғанып келешегімізбен тілдеспей,

Келелі елдің құлы, күңі құрлы да күн кешпей,

Жиған малын әкесі баласына қимай,

Қатыны байынан айылын жимай,

Һадалды айырбастап, һарам аттап,

Кішісі үлкенін балағаттап,

Тоқал қатындай өр,

Кеселді кісідей ер,

Кедей кісідей кер келіп,

Іркіттей іріп, сүттей ұйымай,

Өлі қойдың тірі етіндей

Өз терімізге өзіміз сыймай,

Құр күпініп, бос мақтанып,

Сұйылып, сиырқұйымшақтанып,

Соры қайнағанды жақын тұтып,

Бағы асқанды жек көріп,

Кірпідей жиырылып, жылқыкөттеніп –

Ел болып не оңар екенбіз!!

 

 

*  *  *

 

Даңғаза әуен дал қылған дархан досым,

Ақын болсаң – аруағың, арқаң болсын.

Қара нардай қасқиып алысқа тарт –

Поэзия ауылының шаңқан көшін.

 

 

Етек-жеңін жимасын бел-белең дүр,

Құлан жортпас құла дүз шөлменен жүр.

Ізім-қайым желге ұшып жоғалады –

Игілік илеуіне көнбеген жыр.

 

Шөл асып ұлан-ғайыр теңізге жет,

Дертке дауа отты ырғақ – ем іздеп өт.

Теңізге жет – толқынмен тәнін шайсын,

Болдырып болған жандар сені іздемек…

 

…Сайын мұрат сомданып сайлан, досым,

Ақын болсаң – айбының, айлаң болсын.

Бірақ, «Мыңмен алысқан…» Абайды енді

Құнанбайсыз қазағым қайдан көрсін!..

 

 

*  *  *

(АБАЙДЫҢ МОНОЛОГЫ)

 

Өліміздің жаманы жоқ,

Тіріміздің жаманнан аманы жоқ.

Шынға нанбаймыз,

Өтірікке есесі кеткен жандаймыз.

Жеке қалғанда демімізге нан піседі,

Топқа түскенде мұрнымыздан қан күседі.

Аспанға ұшқанды аяқтан тартамыз,

Топырақ құшқаннан өлердей қорқамыз.

Алыстан дорбалаймыз,

Жақыннан арбалаймыз,

Түйекіндіктенеміз – кері сиеміз,

Қорынамыз, қорғалаймыз –

Сыйынғанымыздың алдында қосаяқ қағамыз,

Сүйенгеніміздің алдында сиырша жорғалаймыз.

Шенге келгенде – жемқор, жебір шығамыз,

Өнерге келгенде – құнарсыз, кебір шығамыз.

Қомағаймыз, түйені түгімен жұтамыз,

Қашқанды қумаймыз, қуса – зытамыз.

Езді ерлікке үйретеміз,

Кещеге ел билетеміз,

Сосын ер-тоқымымызды бауырымызға алып тулаймыз,

Шырық бұзамыз, шылбыр сүйретеміз…

Нәпсісін тыйғанды – қор дейміз,

Нәпсісі билегенді – зор дейміз.

Шыбық тимей шыңқ етіп,

Үйде – батырмыз,

Түзде – қатынбыз!..

Несін айта берейін!..

 

 

*   *   *

(КЕР-ТОЛҒАУ)

 

Тейі қатты төзімім неткен темір еді,

О, ғажап, түсімде ылғи өңім семіреді:

Өкпеге айналып жүрегім күліп, еңіреді.

Есек кісінеп, сиыр боздап, жылқы ақырып,

Ит маңырап, қой ұлып, түйе мөңіреді –

Теріс тірлік…

Бірі жеңеді…

Бірі жеңіледі…

 

 

*   *   *

Абай-Дана,

Мен өзіңді сезіндім –

Тасыр-тағдыр табанында езілдім:

Сұмдығы артып,

Бірі өтетін бірінен –

«Дұшпаннан» да,

«Достан» дағы безіндім!

 

Алғы – әрсіз,

Артқы – нәрсіз –

Кісі емес:

Қорқақ,

Жалтақ,

Бүрсіз қарын,

Ыс өңеш…

«Бетін басқан»,

«Қатты сасқан» қашқынмын –

Өмірім бейне

Өңде көрген түс-елес!

 

Ұлықтықтың ұлғаймайды саясы,

Кішіктіктің кеңеймейді аясы:

«Қалың елің» –

«Қайран жұртың» –

Қазақтың

«Бүршік» жарып,

«Гүл» атты жан жарасы!

 

Өлдім,

Өштім деу де,

Бәлкім,

Асылық?!

Күн кеше алман

Хас наданға бас ұрып!

Тентектігім –

Тектілігім емес пе,

Тұщы шыққан

Тау суындай тасынып?!

 

Тәңір-тұлға –

Табиғатыңа қанықтым,

Адамзаттың арда қалпын таныттың:

Жанып бітпес жан-білтесі өзіңсің –

Опасыз

Һәм

Жалған Дүниежарықтың!

 

Шерге бөгіп,

Шегіп ауыр азапты –

Ұжмақсыз,

Мекен еттің Тозақты –

Қайтсем жұрттың қатарына қосам деп,

Соқыр сана,

Хайуан кейіп Қазақты!

 

Құдіреті күшті

Тылсымыңа қайранмын,

Жетегіңе жіпсіз еріп,

Байландым:

«Сырты – дүрдей»,

«Іші толған у мен өрт» –

Абай-Нала,

Мен өзіңе айналдым!

 

Құдай қарғап,

Жүзге,

Руға бөлінген –

Көз алмадым,

Безе алмадым елімнен?!

Алты Алаштың басын қосып,

Ұлы Арман –

Жеміт қылмау

Ит пен құсқа жемінген!

 

Анаған да,

Мынаған да «туысқан»,

Зәрем қалмас қорқау арты қуыстан…

Көшке ере алмау өзіңе тән жүрекпен –

Ақындықты шығармай тұр уыстан?!

 

Кілең көсем,

Өңкей шешен,

Ыңғай көк –

Көз бояйды ыққан қызыл құмдай боп.

Бесік жырын естімей ел басқарып,

Ана тілден мақұрым қалған сұмырай көп!

 

Шүкір!

Әзір тірі жүрмін – ұтқаным.

Маңдайға ұрды –

Бүгілмедім,

Бұқпадым.

Сөздің құны бөздің құны ғұрлы жоқ,

Қоғам тозды,

Адам азды – ұққаным!

 

НарТәуекел?!

Бәріне өзің үйреттің,

Қасіретімді қамшы астында билеттім.

Кебін таппай

Кенін жатқа жария етпес

Керн таспын –

Меңіреу безбүйрекпін!

 

Жапырағын желге алдырған қуаңмын,

Көңіл шөлін көз жасымен суардым –

Бұ Дүниеден баз кешумен өтермін,

Зарын толғап

Әбіш,

Мағыш,

Мұнардың…

 

Дұғамды оқып,

Таусап құран тәпсірін,

Аруағыңа бас ұрам да,

Тақсырым,

Мәңгүрттікке майдан ашып ғарасат,

Шығам «жалғыз моласынан бақсының»!

 

Алшаң басып сен боламын демеймін,

Алтын тонға жең боламын демеймін.

Рухани азғындықпен мәңгі араз –

Қара есекке теріс мінген кедеймін!

 

Кермін,

Қияс,

Кембағалмын,

Кежірмін –

Айыр тілді шаяны бар сөзімнің.

Сорым қайнап,

Соқа басым сорайып,

Өз түбіме жетіп тынар –

Өзіммін!

 

…Халқым үшін қапалымын,

Құсамын –

Құлақкесті құл боп құрақ ұшамын –

Жын жайлаған зұлмат заманақырдың

Құлқын бағып,

Қыл аяғын құшамын!

 

«Науайы Қазақ –

Нар өркеші тіктелсе?!

Лағнет қомы –

Қайғы-мұңы үптелсе?!

Ақ ордама

Қызыр дарып,

Бақ қонса…» –

Деп тілеймін

Ақтық демім біткенше!

 

Жан шыққанша жалбарынам,

Жылаймын –

Кеңшілігін,

Кемелдігін сұраймын –

«Мен ішпеген у бар ма?!»

Деп сарнатқан,

Бар қолынан

Жоғын алам Құдайдың!..

 

 

*   *   *

Абайға.

 

Мыңмен,

Жалғыз –

Алыстың,

Кінә қойман!

Мұңың бар,

Арманың жоқ– мұны да ойлан!

Шарқ ұрды шыбын жанын шырқыратып,

Ұрпағың күні майдан, түні майдан.

 

Шаң қаптым көшіңе ұлы ілесем деп,

Түтіктім түрленсем деп, түлесем деп.

Қалам тартқан қазақтың бәрі мықты,

Майрылдым мықтылармен тіресем деп,

 

Жанға сая іздеген, ая – басқа,

Епшіл ие көбейді даяр асқа.

Қалам тартқан қазақтың бәрі де ақын,

Ақынды ақын айналды аямасқа!..

 

Үнім – өшті!

Жағым да қарысып жүр,

Жүдеді –

Жабылықпен жарысып жыр!!

Мыңмен,

Жалғыз –

Алыссаң,

Арманың –

Не…

Меніменен,

«Өңкей Ноль» –

Алысып жүр!!!

 

 

*   *   *

Жан жарасы асқынды

(Жазылар тән жарасы) –

Дүниені қара бастырды

Адамзаттың баласы.

 

Түтініне ыстаған

Бәрі шала тірліктің.

Қыңыр басқан күс табан

Күні қараң Бірліктің.

 

Іште – төртеу – шалағай,

Сыртта – алтау – алауыз.

Өлетұғын баладай

Қайда… лағып барамыз?!

 

Шонтық, шолақ белсенді

Шала құдай әлі күн –

Көтертпейді еңсеңді

Үптеп көңіл жарығын.

 

Жалпасынан өседі,

Желкесінен қиылып –

Атқамінер кешегі

Бүгін де қамшы үйіріп.

 

Тағы ұрады – жылама,

Жағыңды ашпа, үндеме?!

Ертеңіңді сұрама –

Айналғандай мүрдеге!

 

Күннің соқыр-кереңі,

Жер мылқауы – досым-ау.

Қайталана береді

Қасіретің осынау!

 

Күшін қозға миыңның

Қор болғанша омалып –

Басқа түскен қиынның

Бір амалын табалық?!

 

Артымызға байланған

Құтылалық шаладан –

Құртуға әбден айналған

Арылалық наладан!

 

Шала таным-сананың

Тіккен туын құлатып –

Ашты ажал-аранын

Шалажансар Уақыт.

 

Түбімізге жетеді

Шалапісті шикілер.

Іс қылар ма жетелі

Шалажүйке күйкілер?!–

 

Дүмше жалған даналар,

Шикі, шала көсемдер,

Жартыкеш ой-шалалар,

Бүтіндіктен есендер!

 

Жылмаңдайды не түрлі

Шала майлы қалақша.

Пайым парқын кетірді

Шартық сауда, шала акша.

 

Шала сауат-білімді

Жез жекініп темірге –

Шала орта бүлінді

Шала-шарпы өмірде.

 

 

 

Шала сұрақ-жауапты

Шала пиғыл жарамас –

Шала обал-сауапты,

Шала ұйқылы, шала мас.

 

Өлі ұйқыдан оянды

Құныс күдік қаншама?!

Жалған өмірбаянды

Шошынтады шал шала.

 

Ұшырады үрейді

Надандықтың таласы.

Теспей теріңді ірейді

Қам жігіттің шала ісі.

 

Бастауыңды шегендеп,

Тұнығыңды ылайлар –

Бас-еркіңді көгендеп,

Құдайдан да былайлар.

 

Сезсе осал жеріңді

Селебесін сұғады –

Шала қазып көріңді,

Жарға итеріп жығады.

 

Сау қалмайсың сұқтанса,

Қиылады өркенің –

Құйтұрқысын ұққанша

Қой бастаған серкенің.

 

Әдетіне басады,

Арандатып бітіріп –

Қайқы пышақ қасабы

Қақпа артында күтініп…

 

Шынайы аз да, шала көп –

Ақыретті, азапты.

Шалғайынан ала кет,

Көрсең – шала қазақты!

 

Шала естінің мазасы

Кетсін – көзі алайып.

Иттің де адал, тазасы –

Жақсы емес пе, халайық?!

 

Шала күйден жерінген

Шала күйек – төл кеміп,

Қалай шала сеніммен

Күнелтеміз ел болып?!

 

Туды шала толғақтан –

Кемтар – ғарып сәбилер.

Шайқалды зор салмақтан –

Қызыл үйлер, ақ үйлер…

 

 

 

Тарих – шала, тіл – шала,

Ділсіз Адам – Адам ба?!

Не көрінді мұншама,

Заң да – шала, заман да!

 

Аспан – шала, бұлт – шала,

Жер де көктей солмасын?!

Халық – шала, ұлт – шала,

Қоғам шала болғасын!..

 

 

*   *   *

       («ҚҰЛ-САУАЛ»)

 

«Келдім».

«Көрдім…»…

Инш-Алла!

…«Өлдім»:

Адам –

Ба…

Мал –

Ма…

Раббым,

«Иран-Ғайып» –

Кім,

Сонда?!

 

 

*   *   *

«Бекер босқа езе-дүр…» –

                                Абай.

 

Бекер босқа езбеймін,

Езілгеннен – еземін:

Құм құйылмас Көздеймін,

Келгенде өз Кезегім!

 

Ақылым –

Толық,

Қиялым –

Құдіреттің Өзіндей:

Шектім соның зиянын –

Кері сиген Кежірдей!

 

Есім –

Бүтін,

Ардамын –

Уызында жарыған:

Тарттым соның зардабын,

Аз Ғұмырда молынан!

 

Санам –

Сара!

Сүйсіндім!

Мейлің,

Құшын,

Құшынба?!

Хақым жоғын түйсіндім –

Малша ішіп-тышуға?

 

Мәз болып Жер басқанға,

Не ғып жүрмін құрайып:

Менің Орным –

Аспанда –

Жан-Дүниеме лайық?!

 

Тергеп Арғы затымды,

Түпкі Тегін ұғынып…

Қайтем?!

Адам Атымды –

Өзгертем бе құбылып?!

 

Болмысымды –

Бұзам ба,

Өртеп Жасыл Орманын?!

…Ойым жеткен Құзарға,

Бойым жетпей сорладым!

 

Әрі-сәрі күй кештім,

Ғалам шарлап Сезімім:

Нағыз Құрық тиместің –

Өзімін Мен!

Өзімін!

 

Қордай қайғы кемірмен,

Қайтпас Қара Тастаймын:

Қорықпаймын –

Өмірден,

Өліміңнен –

Қашпаймын!

 

Қанат қаққан Сенімім –

Екі аяқты Өң-Елес:

Мен –

Өмірдің Теңімін,

Өлім –

Маған Тең емес!

 

Теңім емес…

Күмәнді

Күдігімнің қарыны – аш:

Осы тұста

Ылаңды

Бір Кәкірдің

Бары – рас!

 

… Қырнап Мишық-Жұлынды,

Қазынбаушы ем еш бұлай:

Құлақкесті Құлыңды,

Кешіре алсаң,

Кеш, Құдай?!

 

 

*   *   *

…Аңдасаң Пушкинде де алалық бар,

Таңдасаң Абайда да шалалық бар.

Әуелде әлдекімнің ауқымында,

Аяғын шалыс басқан дана Мұхтар!

 

Тірліктің тайғанақтап ылайында,

Жаза бассам –

Қайтейін –

Құлайын ба?!

Қателіксіз пенде жоқ ұдайында!

Бірді екіге бөлерін бөліп алып,

Қобалжуда Құдірет Құдайың да!

 

Даңқ атты дертті уға болып масаң,

Жортқан жабы шашады халыққа шаң –

Аяғын Европа мен Азияға

Қатар салар туады Алып қашан?!

 

Қателесу – зандылық!

Бағынайын!

Қателіксіз күндерді сағынайын?!

Ақын күткен дүние арса-арса боп

Ыңыранады…

Япыр-ау, не қылайын?!

 

 

*   *   *

Бір Күндік Жарық,

Табына алмаймын саған мен,

Табиғаттаспын –

Бүткіл-Болмыс –

Күллі Ғаламмен.

Тарыға да алман –

Кеудемде жанған шырағым

Сөнеді екен деп,

Таусылады екен – деп, алар дем?!

 

Бір Күндік Жарық,

Кең жаймақ даңқ-құлашын

Бұлбұл мен дүлдүл

Сұрасын хайыр –

Жыласын?!

Жүдесін сайрап,

Жадасын ойлап, жабығып…

Мен сенен рахым

Тілемен күтіп – расым!

 

Бір Күндік Жарық,

Сенімен менің бағам бір,

Сәулеңе сәттік –

Қалайша сонда болам құл?!

«Ақын дегенім –

Жақын дегенім Қүдайға?!» –

Дүниежарықтың

Түн-кеудесінде алаң жүр…

 

Бір Күндік Жарық,

Жанымды тербеп нұрларың –

Ғажаптығыңды,

Азаттығыңды жырладым.

Өмір мен Өлім –

Тірліктің тылсым егізі –

Екеуін де сүйдім,

Бірін де нала қылмадым.

 

Мен де – ғажаппын,

Мен де – азатпын –

Жарығым

Түскен түнекті

Қып-қызыл шоқтай қарыдым.

Өлшем көрмеңдер –

Өзегі өртті Ақынға –

Көрдің бесігін

Пенденің табыт-қалыбын!

 

Күйін кешумен

Бір Күндік Жарық-Ғаріптің

Батқан соң қайта

Шықпай ма күліп алып Күн?!

Ақын өлмейді,

Өлмейді Ақын ешуақыт –

Жүрегіндегі

Жарық-сәулесі ол Халықтың!

 

Халық дегенім –

Күн емей енді немене,

Күн сөнбегенде –

Жарық-сәулесі сөне ме?!

Бір Күндік Жарық,

Әмісе әңгүдік Ажалдың

Әңгіртаяғын

Ойнатпа ұдай төбеме?!

 

Ойнатқаныңмен

Ажалыңнан мен қорықпан,

Қорқа да қорқа

Жаным мен тәнім зорыққан.

Жазатайымда

Жалғыз ұлымнан айырып,

Көмекейіме

Қорғасынын құйып, қорытқан.

 

Тіршілік жайлы

Өзгерген түптен ұғымым,

Кешегім менің,

Ертеңім менің –

Бүгінім.

Өз орнымдамын –

Әз ортамдамын қашанда –

Ұзын бола ма,

Қысқа бола ма – ғұмырым!

 

Бүгін өлем бе,

Ертең өлем бе –

Тартулы

Нар көтере алмас

Тағдырдың жүгі артулы.

Бір Күндік Жарық,

Бір жасап қалу үшін мен

Жарамсақтанып,

Жалайын қалай артыңды?!

 

Есім – жиюлы,

Ақылым – толық,

Тоқ – санам,

Азғындауға да,

Тозғындауға да жоқ шамам!

Бір Күндік Жарық,

Өзіңді өзің жарылқа,

Жалына алмаймын

Жанымды қалдыр деп саған?!

 

Құдіреті Күштінің

Ғаламатына қанықпыз,

Екеуміз бірдей

Күн-Анадан қуат алыппыз.

Сен – Аспан аруы,

Мен – Жердің зәруі –

Қос Мұңлық –

Бір Сәттік Сәуле,

Бір Күндік ғана Жарықпыз.

 

Нұр-шуағың бар

Жан шуақты өлең-жырымда,

Дәйімі асықпын,

Менен қашық бол,

Бұрылма?!

Өліп қалар деп

Сен маған аяп қарама,

Өшіп қалар деп

Саған бәйекпін,

Шынында…

 

Бір Күндік Жарық,

Жоқ сынды сенен еш кемім,

Өліп көрмедім,

Әзірге сен де өшпедің.

Сен өшсең егер –

Менің де мәңгі өлгенім,

Мен өлсем егер –

Сенің де мәңгі өшкенің!!!

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа