Жамбыл АРТЫҚБАЕВ. Елорда туралы тың деректер табылды

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ.  Елорда туралы тың деректер табылды

Ежелгі заманда  Қараөткел, қазіргі уақытта Nur-Sultan атанған астана шаһарының тарихы мыңжылдықтардың қойнауына баратыны тарихшылар үшін құпия емес. Кезінде Бозоқ қалашығына археологиялық қазбалар жүргізіп, елге танытқан Кемел Ақышев ағамыз негізінде қала осы астананың астында қалды, ал Бозоқ ғұрыптық ескерткіш деуші еді. Мен де осы пікірге қосыламын.   БОЗОҚ ҚАЛАШЫҒЫ Бозоқ қалашығы Nur-Sultan қаласынан бес шақырымдай оңтүстік-батысқа

Ежелгі заманда  Қараөткел, қазіргі уақытта Nur-Sultan атанған астана шаһарының тарихы мыңжылдықтардың қойнауына баратыны тарихшылар үшін құпия емес.

Кезінде Бозоқ қалашығына археологиялық қазбалар жүргізіп, елге танытқан Кемел Ақышев ағамыз негізінде қала осы астананың астында қалды, ал Бозоқ ғұрыптық ескерткіш деуші еді. Мен де осы пікірге қосыламын.

 

БОЗОҚ ҚАЛАШЫҒЫ

Бозоқ қалашығы Nur-Sultan қаласынан бес шақырымдай оңтүстік-батысқа қарай, бұрыңғы Ильинка, қазіргі Қараөткел ауылы маңында, Нұра мен Есіл арасында орналасқан отырықшы қоныстардың ішінде белгілісі. Қалашық туралы  ғылымға алғаш хабар берген  Л.Ф. Семенов сияқты өлкетанушылар (Бозоқ қалашығын ол 1928  жылы тапқан) оның  әрқайсысы  жеке-жеке қоршалған үш  алаңқайдан тұратынын жазады (Семенов Л.Ф. Материалы к характеристике памятников материальной культуры Акмолинского округа//ВЦМК,1930,№1.с.77-48).

Бозоқ қалашығы туралы айтқанда академик Ә.Х.Марғұлан аты ауызға оралады. Әлекең Есіл бойындағы Ормамбет, Өркөшегі, Көрпеш бұлақ сияқты ортағасырлық қалашықтарды тізе келе Бозоқ  атын да атайды. Осылайша осыған дейін тек «Бұзоқты көлі жағасындағы қалашық» атанып келген ортағасырлық ескерткіш енді Бозоқ қаласы атанды. Бозоқ қалашығында 1999 жылдан бастап бірнеше жылдар қазба жұмыстарын жүргізген, шын мәнінде осы қалашықты елге танытқан  қазақтың атақты ғалымы Кемал Ақышев ағамыз оны ортағасырлық  қөсемдердің  әкімшілік- саяси ордасы (ставка)  есебінде бағалады. Ағамыздың қазба жұмыстарының кейбір нәтижелеріне қарап  қалашықтың салынған уақыты V11-Х ғасырлар болуы мүмкін деген жорамалы да есімізде.

Менің ойымша  қалашықтың салына бастауы оғыз заманынан. Бұл  тек Орталық Қазақстан емес, сонымен бірге бүкіл Түркістан өңірінің қалаларының оғыз қалалары аталатын уақыты. Шығыс деректерінде далалық өлке алдымен «Музаффат әл-гузия», яғни оғыз даласы атанып, кейін қыпшақтардың оғыздарды оңтүстік-батысқа ығыстыруы нәтижесінде «Дәшт – и Қыпшақ» атын алды. Оғыздың үстем заманында қазіргі Бетпақ дала – Оғыз шөлі деп аталады. ХІ ғасырдың басында өмір сүрген Махмұт Қашқари Сауран, Қарашық (Фараб), Сығнақ, Қарнақ сияқты Сыр бойындағы қалалардың бәрін де оғыз шаһарлары дейді. әл-Идриси ХІІ ғасырда оғыздардың қалаларына өзінің «Нұзхат ал-муштак фи ихтират ал афак» кітабының бір тарауын арнаған, олардың ішінде далалық өңірдің қалалары ерекше сипатталады. Шығыс географының оғыздар туралы «Они владеют  превосходными пастбищами и проточной водой, но в их стране чрезвычайный холод» дегені Есіл-Нұра бойының суығын еске түсіреді. Бұл жерлерде Дармах, Нуджах, Бадагах, Джанджан, Маркашан, Дарку, Даранд, Гарбан, Горгуз, Хиам т.б. қалашықтардың аты аталады. Даранда Даркуден батысқа қарай, арасы үш күндік жол. Араб географының айтуынша «осы үш қаланың өздерінің базары, қолөнер орталықтары, тамаша тауарлары бар. Олар аса берік қорғаныс жүйесімен бекітілген, жау жолай алмайды».  Қорғаныс жүйесі дегенде Бозоқ қаласының бір жағынан Қозыкөшпен, бір жағынан Бозоқты көлімен, Бір жағынан Есіл өзенімен қорғанып тұрғанын еске түсіру  керек. Оның үстіне қалашықты айнала терең ор, орды жағалай топырақтан жал үйілген. Мүмкін әл-Идрисидің жазып отырғаны осы Бұзоқ қаласы болар ?

«Бозоқ» атауы оғыз  қауымдарының «Үш  оқ» және «Бұзоқ» болып бөліну дәстүрімен байланысты екенін тарихтан хабары бар әрбір адам біледі. Сөз жоқ шаһар меридиандық жолдағы сауда бекеті, ұлыс сұлтанының ту тіккен ордасы, егіншілікті кәсіп қылған отырықшы елдің қонысы ретінде Алтын Орданың соңына дейін толық қанды өмір сүріп келді.

Сонымен Бозоқ  шағын қалашық, негізінен ғұрыптық ескерткіш болса, сонда үлкен қала қайда болды екен ?

ХІХ ғасырда қазақтың орталық аймағын, соның ішінде көне керуен және көш жолдарын зертеген Ю. Шмидт өзінің «Очерки киргизской степи к югу от Арало-Иртышского водораздела в Акмолинской области» кітабында Есілден өтетін негізгі өткел Қараөткел туралы «Карауткульский брод. Шириною 35 сажен (1 сажын-2,1336 м-Ж.А.), глубиною по спаде воды 1 аршин (1 аршын-71,12 см), дно твердое» деп сипаттама жасайды (Шмидт Ю. Очерки киргизской степи к югу от Арало-Иртышского водораздела, в Акмолинской области // Записки Западно-Сибирского отдела ИРГО. Кн. XVII, Вып II. Омск, 1894.  с.128). Бұл сипаттама сауда керуендері үшін ең басты қажеттілік, себебі бірнеше мың түйемен сапар шегетін саудагерлерге табаны берік өткел, керуендегі жүк көлігі жайылатын шұрайлы алқап керек. Оның екеуі де Есілдің осы тұсында бар, сол себепті ерте  замандардан бері Қараөткел  Ұлы даланың ірі сауда орталықтарының бірі болған жер. Әрине, бұл жерде егер салмақты зерттеу жұмыстары жүргізілсе керуен сарайлар мен егінші, қолөнерші, саудагер  қауымдардың  отырықшы қоныстары табылатыны сөзсіз. Соның бір дәлелі  Nur-Sultan-ға іргелес Күйгенжардағы Әз Тәуке ханның жазғы ордасы.

 

КҮЙГЕНЖАРДАҒЫ ХАН ОРДАСЫ

 

Әз Тәуке ханның жазғы ордасын  2012 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Археология және этнология» кафедрасының профессор Ж.О.Артықбаев бастаған ғалымдары Күйгенжар маңында этноархеологиялық іздестіру жұмыстарын  жүргізу барысында анықтаған. Орда Есілдің Күйгенжар ауылынан аса беріп оңға қарай шұғыл бұрылатын жерінде, өзеннің оң жағалауына орналасқан. Егер Астана-Қарағанды тас жолымен жүретін болсақ орда оның оң жағында, яғни Күйгенжар  ауылы мен тас жол арасында.

Әз Тәуке ханның жазғы ордасын жағалай төрт бұрышты биік қорған соғылған. Қорғанның оңтүстік жағы 60 метрдей, солтүстік жағы 40 метр, яғни қорған тік төрт бұрыш емес, бір жағының ені аздау. Қорғанның ұзындығы 100 метр. Бекініс қорғанның сыртынан да, ішінен де терең ор қазылған және ол орлар Есілмен арық арқылы жалғасады. Ендеше Есілден не шығыр арқылы, не атпамен жоғарыға қарай су жіберіліп тұрды деп есептеуге болады. Себебі бекініс-қорған орналасқан жердің деңгейі өзеннен жоғарырақ. Өзен мен бекіністің оңтүстік-батыс мұртының  арасы 50 метрдей.

Әз Тәуке ханның жазғы ордасына кіретін қақпа екеу болған сияқты, оның бірі шығыс жақтан, яғни негізгі дарбаза және екіншісі батыс жақтан қосалқы қақпаның орыны көрінеді.  Қорғанның ішінде ескілікті саман мен шымнан салынған құрылыстардың орыны аңғарылады, бірақ олардың не зират, не қоныс-жай екенін арнайы қазба жұмыстарын жүргізбей тұрып анықтау қиын.  Біз Әз Тәуке бекініс-қорғанның ішінде он екі қанат кигіз үй тігіп отырды деген жормал ұсынамыз.  Бүгінгі күні қорғанның бүкіл периметрі бойынша ХХ ғасырдың басынан бастап салынған зираттар  қоршап тұр. Бірнеше құрылыс, соның ішінде христиан бейіттері, қорғанның ішіне де еніп кеткен.

Әз Тәуке ханның жазғы ордасы қауіпсіздік мәселесін жақсы ескеріп салынғаны анық көрінеді. Біріншіден, бекініс-қорғанның іргесі биік көтерілген, бұрыштары қарауыл мұнара сияқты жасалған. Екіншіден, бекініс-қорғанның ішіне де, сыртынан да терең ор қазылған және құрылысшылар оған су жіберуді қамтамасыз еткен. Үшіншіден, жазғы орданы батысынан және оңтүстігінен Есілдің өзені қорғап тұр десек те болады. Жазғы орданың негізгі қақпасы Есілден өтетін қазақтың байырғы өткеліне бағытталған, яғни өзге елмен байланыс осы өткел арқылы жасалғаны сөзсіз. Бұл өткелді жергілікті ел Күйгенжардың өткелі деп атайды. Жазғы орданың шығыс және солтүстік жақтарынан алыстан орағытқан ор кездеседі ме, оны анықтау қазіргі уақытта қиын.  Бекініс-қорғанның екі жағынан да тас жол өтеді және соған байланысты жер бедері қатты өзгерген.

Күйгенжарда хан ордасының болуына қандай дәлелдер бар ?

-Біріншіден, жазғы жайлауда көшпелі жауынгер елмен бірге болу Еуразия кеңістігін билеген басшылардың ерте замандардан бергі дәстүрі. Қазақта «хан жайлауы» деген ұғым бекер өмір сүрмесе керек. Мәселен Қытайдың «Ханнама» жылнамасында Қаңлы елінің хандары туралы «Қаңлы елінің ханы қыста Логатнұқта тұрады да, жазда Бетен даласына көшеді» дейді. Екі арасы біраз жер, себебі Чаң-әннан (Қытайдың сол кездегі астанасы) қаңлының қысқы жұрты 21300 ли болса, жазғы жайлауы 9104 ли. Екі аралық шамамен 8000 ли деп алсақ,  қыстау мен жайлаудың арасы 2-3 мың шақырым болмақ. Зерттеушілер Лоғатнұқты Шыршық өзенінің бойындағы Қанға қаласымен, ал Бетенді Балқаш пен Арал арасындағы өлкемен байланыстырады. Біздің пікірімізше Бетен Өлеңтінің Ақкөлге құяр жерінде орналасқан қалашық. Қазақтың ұғымында Ақкөл-Жайылма аталатын құт мекенде біз бірталай зерттеу жұмыстарын жүргіздік.

Жазғы орда ұстау дәстүрі өз кезегінде Қазақ ордасында жалғасын  тапқаны сөзсіз. Әз Тәукеге дейінгі қазақ хандарының өмір тарихына қатысты деректерден де осы көшіп -қонуды аңғарамыз. Мырза Хайдар «Тарихи-и Рашиди» кітабында Моғолстан билеушісі Саид ханның Қасым ханмен кездесуін баяндай отырып «Жаздың соңы еді. Қасым ханның бұйрығымен қазақтар қыстауларына қарай бағыт алды. Қасым хан (Саид ханға) «Қазіргі уақытта Шайбанға қарсы елді көтеру қиын шаруа. Ел қысқа дайындықты жасауы керек. Бұл кезде әскер жинау мүмкін емес» деді. Осылайша сыпайы түрде жорыққа шығудан бас тартты. Қасым хан ханды (Саид)  үлкен құрметпен шығарып салып, өздерінің ата қыстауларына қарай жылжыды» дейді. Осы сияқты деректерді қазақтың әр ханына қатысты ондап-жүздеп келтіруге болады.

-Екіншіден, Күйгенжар, Сарыоба, Ақмола арасын Әз Тәукенің ұлы, 1729-1737 жылдар қазақтың үлкен ханы болған Сәмеке ханның тұқымдары мекендеді. Ақмола дуаны 1832 жылы ашылғанда алғашқы аға сұлтан болған да Сәмеке немересі Қоңырқұлжа сұлтан.

-Үшіншіден, Күйгенжар Әз Тәукеге аталық болған Барқы батырдың қонысы.  Аталық Барқы батыр белгілі ел басыларының бірі, оның тұқым-жұрағаттары әлі де Күйгенжар маңында қоныстанған.

Дегенмен Әз Тәуке ханның Күйгенжарда жазғы ордасын салуына басты себеп осы жерден өтетін меридианалды сауда жолы  және  Қараөткел қаласы деп есептейміз.

 

ҰЛЫ ЖОЛ ТУРАЛЫ

Меридианалды сауда жолын, яғни ежелгі заманан бері солтүстік пен оңтүстік арасын қосатын күре жолды, қазақ «Ұлы жол» деп атайды. Неге олай атайтынына үлкен себептер бар, бұл жолды біз Ұлы дала елі үшін өмір жолы десек те болады.

Ғылыми ортада қазақ даласы ежелден-ақ қуатты металлургия орталығы және сол дәуірге тән транспорттық байланыстар дамыған ел болғаны мәлім. Көптеген археологиялық және этнографиялық материалдар Қазақстан халқының адамзат өркениетінің алғашқы талпыныстарына, жетістіктеріне белсенді қатысқанын дәлелдейді.

Біз осы мәселеге байланысты үш- төрт сұрақтың жауабын нақтылай түсу керек деп есептейміз. Олар:

— қалыптасқан пікірлерге қарамастан, ғылымда, солтүстік аймақтарда,  соның ішінде Сібірде де қоса алғанда, жоғары палеолитте (30 мың жыл бүрын) халықтың тығыздығы Еуропадан көбірек болғаны дәлелденеді;

— этникалық жағынан Евразиялық дала түрғындары ертедегі үндіевропалық, үндіарийлік, алтай және орал тілдік қауымдастықтар ерте субстраттарын танытатын ностратикалық тайпалар конгломераты түрінде болды. Бұл тілдердің бір-бірінен алшақтау процесі далалық өңірден Еуразияның шет аймақтарына көшу барысында пайда болды;

тас дәуірі бойы көптеген адамдар тобы меридионалды бағыттар бойымен жүрген (солтүстік-оңтүстік). 25 мың жыл бүрын меридионалды жүріп өтушілер (осыған дейін бос жатқан) Америка жерлерін ашқан. Екі Американы игеруге де Орталық Азия халықтары, соның ішінде қазіргі түркі-монғол этностарының ата-бабалары белсенді қатысқан деп болжай аламыз;

белгілі зерттеуші И.Л. Кызласов өзінің «Закономерности Евразийских степей с древности до нового времени» деген мақаласында «Сібір кеңістігінде оңтүстік өркениетімен меридианалдық байланыс ертеден басталған және ол үнемі болып түрған табиғи байланыстар болды» -дейді  (Кызласов И.Л. закономерности Евразийских  степей  с древности  до нового времени // Степной край Евразии. Материалы ІІІ –го  международного Евразийского форума. Астана,2003, с. 8-10 ).

Неолит дәуірінде меридионалдық жол оңтүстік пен солтүстіктіктің арасындағы белсенді сауда магистраліне айналды. Бүл кезде Сібір қымбат  бағалы  аң терісін басқа  елдерге шығарушы болды. Ал  оңтүстіктен сауда керуендері Шығыстың түрлі тәтті тағамдарын, қолөнер  бұйымдарын, сәнді  әшекейлер мен маталарды т.б. жеткізді. Б.э.д. Ү мыңжылдықтың соңында Батыс Сібірдің түрғындары өздерінің байлықтарын қорғау ниетімен ағаш қабырғалы қорғанды бекіністер сала бастады. Сол кезде Қазақстанның даласында, Үлы  меридионалдық жол бойында неолит   дәуірінің   ірі   мәдени   ошақтарына айналған алғашқы қорғанды бекіністер, жеке қарауыл   мұналары, ирригациялық  жүйелер  кремнийлік   индустрия орталықтары — шағын қалалар пайда бола бастады.

Ұлы меридионалдық жол бойын қола дәуірінде арийлік-түркілік тайпалар жайлады. Бұл тайпалардың өмір сүрген жерлері «Арианам-Вайджа», яғни «Ариан Байтағы»  аталатыны «Авестада» көрсетілген.  Ол заманда Ұлы даланың орталық мәдени кіндігі Торғай және Ырғыз өзендері құятын Ақсақал Барбы көлі болатын, бұл Авеста жырларындағы «Барукаша» көлі.  «Авестаның   суреттеулеріне   Шығыс   және   Солтүстік-Шығыс Арал  маңының  табиғатымен ауа-райы сәйкес келеді”- дейді Б. И. Вайнберг (Вайнберг Б.Г. Этногеография Турана в древности. YII в. до н.э. – YIII  в. н.э. М., 1999, с. 198).

Ұлы мериональдық жолдың  күре стратегиялық бағыты Сібірден Мауреннахрға қарай созылып жатыр. Тобыл /Ескер/ мен Бұхараны  байланыстырған осы  бағыттың  түрлі  салалары Солтүстік және Орталық Қазақстанды басып Сарыарқа және Бетпақ даласы арқылы өтеді. Сондықтан ертеде бұл  бағытпен түсті металды, бағалы теріні  артқан, табын-табын жылқыны айдаған керуендер өтетін болған.

Шығыс  жазбаларының көбінде көпестер арасында түсті  металл үлкен  сұранысқа ие  болғаны жазылады. Орталық Қазақстанның  қазақтары ХІХ ғасырдың  басына   дейін кезде  өз  жерлерінен өткен керуендерге және  дипломатиялық  миссияларға мыс ұсынатын болған: “ Близ реки Сарысу нашли мы кочующих Ченгар-Каракерсецкую волость,  из коей Киргизы вывозят на тракт к проходящим караванам выработанный свинец в слитках, который они достают поблизости гор сих в большом количестве ” (Записки о некоторых народах и землях средней части Азии  Ф.  Назарова … посыланного в Кокант в 1813 “1814 годах”. СПб., 1821. с. 29) Бұл  бағыттың  ең  киын   да қауіпті тұсы  Сарысу өзені бойымен өтетіндіктен /Бетпак дала арқылы/,  әдебиеттерде бұл жолды Сарысу жолы деп атайды. Бұл аңыздармен өрілген жол.

Мәселен, Орталық Қазақстанның даласында қасиетті Талмас ата  туралы аңыз  кең  тараған /осы атты кесененің қалдығы Жезқазғаннан 50 км  қашықтықта орналасқан/. Аңызда Талмас ата  құстар пен жануарлардың  тілін  білген  екен дейді:  Оның үш  әйелі болған. Бәйбешесі – Болған  ана Сарысудың  жоғары  ағысында /яғни Кеңгір өзені мен Сарысу  өзендерінің  қыйылысатын  жері/, екінші  әйелі, тоқалы – Белең ана Сарысудың төменгі ағысында /Телекөл-Таты  маңында/, ал кіші әйелі Ақбикеш Қаратаудың етегінде / яғни Қазақстанның  оңтүстігіндегі көне Созақ  қаласына  жақын/ тұрыпты.

Қасиетті  Талмастың таңертең кіші тоқалы Ақбикештен шығып, түсте ортаншы тоқалында түстеніп, кешке бәйбішесіне келіп қонатын әдеті  болған  екен. Бірде ол осы әдетін бұзып,  ортаншы әйелінде  қонып  қалыпты. Осыған  қатты ашуланған бәйбішесі, Талмас әулие арам сумен  дәрет алып,  күнәға батсын деп  өзенге кіші дәретке отырыпты. Осыдан өзен  суы сарғайып кетіп Сарысу атанған екен-мыс.

Бұл аңыз Ұлы меридиональдық  жолдың ең  ауыр бөлігіндегі негізгі  бағытты анықтауға себі тиеді. Бүгінгі  күні  біз  осы  топонимикалық  нысаналарда  қалалар мен ірі сәулет ғимараттарынын қалдықтары бар екенін білеміз. Бұл  бағыттың бойы  тұтас құмды-шөлді ландшафтты  құрайды/ Бетпақ  дала  т.б./ сәулет өнерінің  қалдықтары / кірпіш, ою т.б./  олардың   ерте  уақыттың мұралары екенін  көрсетеді. Сондықтан  жоғарыда айтылған аңыз Ұлы  меридионалдық жол тарихының  ерте  дәуірінің куәсі  дей  аламыз.

Қола дәуірінде  Қазақстаннан шығарылатын тауарлардың  негізін  мыс,  алтын, қорғасын  құймалары мен қола сияқты түсті   металдардың  қоспалары түрлі металл  бұйымдар  құраған. Қ. И. Сәтбаев атап  көрсеткендей, металл өндіретін ірі металлургиялық  орталықтармен қатар,  ежелгі  Жезқазғанда 1 млн. тонна, Успен-Нілдіде 200000 тонна, Кенқазғанда  800000 тонна мыс рудасы  өндірілген, сонымен бірге  Шығыс (Риддер, Зырян) және Солтүстік Қазақстан (Имантау) территорияларында да  металл осыдан кем  өндірілген, сонымен қоса  өңдеу орталықтары да  (атасу т.б.) болған.

Ұлы  меридионалдық жолдың бағыты бойында  тығыз  мәдени және  саяси байланыстар жасалды, ауыс-түйістер мен  сауда  жанданды, өркениет құндылықтарының  дамуы мен технологиялардың дендеп енуі байқалды деп  болжай аламыз. Оның  тарихтың түрлі  кезеңдеріндегі ерекшеліктерін анықтап,  солтүстік пен оңтүстік арасындағы ауыс-түйіс артериясы екені дәлелді қажет етпейді. Біз  аталған  меридионалдық  бағыт бойында  қалалардың пайда болуының басты себебі сауда деп  қараймыз. Біріншіден, қала сауда орны ретінде, екіншіден, қолөнер орталығы  ретінде,  үшіншіден, әкімшілік орталығы ретінде өседі. Міне, осы меридианалды жол Қараөткел қаласының өмірге келуіне себеп. Біз тым әріге бармай-ақ ХІХ ғасырдың басындағы жазба деректерді қарастырып көрейік. Оның үстіне бірталай уақыт бұрын өлкетанушылар Есілге жақын маңайдан кәріз жүйесіне тән қыштан жасалған құбырдың сынықтарын тауып алғаны да есте жүрген ақпарат. Ал дәл қазіргі күні көне астанадан Nur-Sultan заманына дейін қандай ескерткіш сақталды деген сұрақ болса мен ескі қаланың дәл ортасындағы, Кенесары мен Бейбітшілік көшелеренің қиылысындағы Сине Темпорені айтар едім. Неге деген сауал болатыны заңды, әрине.

 

АҚМОЛА БЕКІНІСІ ТУРАЛЫ

 

ХІХ ғасырдың басында Ресей қазақ даласына сұғына кіре бастады, алдымен көздегені саяси орталықтарға, стратегиялық маңызды  биіктерге бекіну болды. Осылайша алдымен Көкшетау мен Қарқаралыда, одан кейін Қараөткелде бекініс салуға дайындық жүрді. Осы мақсатпен қазақ жеріне ішінде ғалым адамдары бар әскер экспедициялар аттанды, солардың бірін басқарған Подполковник Шубиннің Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант де Сент-Лоранға Ақмола  сыртқы округін ашу туралы 1830-шы жылғы рапортынан:  «Место сие состоит над самой рекою Ишима, и оно безопасно от наводнения во время весны, где весьма можно свободно расположить построение казенных зданий и подле онаго пролегает караванная дорога, по которой из всех мест как то –Бухарии, Ташкении, Кокании, с Семи рек и прочих азиатских владений проходят торговцы с караванами на Петропавловск и из оного в те владения. Караваны сии  имеют стечение всегда при урочище Карауткуль, которое отстоит от предпологаемого места только в  4 верстах. Они находятся тут по одному месяцу, а иногда и с половиною, разменивают один другому свои товары и напоследок так случается, что некоторые сбыв избыток свой или товар возвращаются в свои отечества» де  йді.

Подполковник Шубин орыс бекінісін алдымен Қараөткелге салмақ болды. Филип Назаров сияқты елшілердің деректеріне қарап ХІХ ғасырдың басында Қараөткел маңында Құдайменді сұлтан, кейіннен оның ұлы Қоңырқұлжа сұлтан сияқты Шыңғыс тұқымының өкілдері жайлағанын білеміз. Қазақтың ауызша айтылатын шежіре аңыздары  бұл кезең туралы тамаша мәліметтерді сақтаған. Ол кезде қазақ төрелерінің мықты әулеттері, соның ішінде Сәмеке хан ұрпақтары, әлі де Түркістанмен байланысын үзбеген.  Белгілі дәрежеде Мәуреннахр мен Түркістан-Тәшкент аймақтарынан Қараөткел арқылы солтүстікке өтетін сауда керуендері де Сәмеке және Әбілмәмбет хандардың ұрпақтарының бақылауында және қамқорлығында болуы керек. Біздің есебімізше  подполковник Шубиннің ұсынысына қарамастан Қараөткелдің орнына Ақмоланы округ орталығына, яғни  бұйрыққа (приказ), қазақтың бұрыңғы ұғымымен айтсақ дуанға (диван) арнап  таңдаған Сәмеке ханның тұқымы Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы. Негізгі себеп қазақтың Сарыарқа аймағына шеңгелін сала бастаған орыстарды меридианалдық саудаға араластырмау, Қараөткелден түсетін пайдаға ортақтастырмау  болуы тиіс.

Бірақ екі жыл өтпей-ақ Ресейлік командирлер  дуан орталығын Ақмоладан Қараөткелге көшірді, бірақ ол туралы әңгіме кейінірек. Астана тарихын білеміз дейтін зерттеушілердің көпшілігі  осы көшу-қонуларды  дұрыс айыра алмайды. Қараөткелде дуан орталығына арнап үйлер салына бастады, дуан хатшысы Чириковтың ағаш үйі де сол 1834 жылы салынды. 1835 жылы округтік дуанда тілмаш болып қызмет істейтін князь А.Чанышев өзіне үй салып алды. Өзге де қызметкерлердің ішінде ағаштан қиып үй сала бастау осы кезеңде басталады.  Үй салуға қажетті құрылысқа жарамды ағашты үй саламын деген ақмолалықтар Көшектен тасып отырды. Барлығына бірдей ағаш үй салу мүмкін болмағандықтан алғашқы қоныстанушылардың көпшілігі жер үйлерде тұрды. Әскерлер мекендеген казарма да біршама уақыт жер үй сияқты жартылай жерден қазып салынған ұзын барақта орналасты. Ресей отаршылдық жүйесі қай жерде болмасын абақтыны (гауптвахта) бірінші салатыны белгілі дерек. Қараөткелде де алғашқы үш бөлмелі абақты 1835 жылы, яғни қаланың алғашқы құрылыстарымен бірге көтерілді. Маңайдағы қазақтың өзі орыс билігімен осы абақтыдан бастап танысты деп айтуға да болады.  1836 жылғы құжаттарда басқа да қазыналық құрылыстардың ішінде әскери лазарет болғаны айтылады. 1822 жылғы Жаңа низам заңы (Устав о Сибирских киргизах) бойынша әр округте емхана ашылып олар жергілікті қазақтарға жәрдем көрсетуі керек еді. Емханаларға арнайы қаржы, екі дәрігер бөлінген, бірақ Қоңырқұлжа сұлтанның жазба есебіне қарағанда Ақмолада лазаретке емделемін деп келген қазақтар болмаған.

1840-шы жылдары Батыс Сібір генерал-губернаторлығының әкімшілігі Ақмоланың халқын өз жақтастары есебінен көбейту мақсатында 2-ші Сібір линиялық батальоны солдаттарын осында жіберді. Солдат отбасылары  бекіністен батықа қарай қоныстанып, кейін ол қоныс «Солдатская слободка» атанып кетті. Казачья слабодка қазіргі «Самал» мөлтекауданы жақ, кейін келе қаланың өз ішіне қосылды. 1846 жылы «Сібір казак-орыс әскері туралы» жаңа ереженің қабылдануына байланысты отаршылдық әкімшілік  казак-орыс отбасыларын күштеп қоныс аударуға мүмкіндік алды. Осылайша Горькая линиядан (Солтүстік Қазақстан өңіріндегі тұзды көлдер) казак-орыстың 100 ден аса отбасысы Ақмолаға келді. Бекініс ішіндегі жер шамалы болғандықтан жаңа қоныстанушылар бекіністің маңынан, Есілді бойлай орын алды. 1847 жылы біз деректерден «Солдат слободкасымен» қатар «Казачья станица» дегенді көретініміз осы себепті.

Ақмола бекінісінде «Солдат слободкасымен» бірге іргесі көтеріле бастаған слабодканың бірі «Татар слободакасы». Оның бастауында 1838 жылы Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының бастамасымен бекіністің қас бетіне жақын, қазіргі Иманов көшесіне қарай салынған екі қабатты мешіт үйі тұр. Иманов көшесі патша заманында Мешіт көшесі аталатын себебі осы алғашқы мешіттің салынуына байланысты. Осы көшеден шығысқа және солтүстікке қарай салынған қазақ және татар үйлерінің негізінде кейін қала пайда болды.  Ақмоланың алғашқы аға сұлтаны дін ісін жүргізуге арнайы Бурабай деген молда шақырады. Бұл кезең қазақтың бүкіл далалық өңірінде аға сұлтандардың бастамасымен мешіт құрылыстарының жүре бастағаны белгілі. Ең алдымен Бөкей хандығында Жәңгір хан өзінің Жасқұстағы ордасында мешіт ашып, бала оқытып, дін жүйесін жасаса, кейін осы бастама қазақ даласының өзге де орталықтарынан жалғасын тапты. Соның алғашқыларының бірі 1738 жылы Ақмола қорғанының сыртынан көтерілген мешіт болатын. Біз Nur-Sultan қаласының тарихы турпалы айтқанда көбінесе Ақмола бекінісі мен Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы салғызған мешіттен бастаймыз. Бұл қай жағынан болса да дұрыс емес.

КЕРУЕН САРАЙ — ЕҢ КӨНЕ ҒИМАРАТ

Біз  Nur-Sultan қаласының тарихын ежелгі Қараөткелден қалған жалғыз құрылыс Керуен сарайдан бастауымыз керек. Себебі патша заманындағы қүрылыстардың барлығы да ерте заманнан бері осы жерде тұрған ескі үй-жайлардың орнына көтерілді. Себебі неде ? Себебі Есілден өткен керуендер ертеден -ақ өздерінің көштерін  қазіргі Кенесары көшесі бойында доғарып,  саудасын жасай бастайтын. Жағдайы бар саударегрердің ортасынан қаржы жинап слаған Керуен сарайы бір жағынан қонақ үй, екінші жағынан сауда орыны, үшінші жағынан қойма қызметін атқарды. Қараөткелдің алғашқы көшесі Ресей патшалығы заманында Үлкен Базар көшесі атанды.  Патша үкіметі құлаған соң 1922 жылы Үлкен Базар көшесін Қараөткелдің зиялы қауымы Кенесары-Наурызбай көшесі деп атағанын біз өткен бір мақаламызда жаздық, бірақ Совет үкіметі күшіне кірген соң большевиктер ол көшені Кенесарыдан тартып алып Карл Маркске берді. Қазақстан тәуелсіздігін алып Астана Қараөткелге келген соң бұл көшенің бағы жанып  Кенесары  өз атауын қайтарып алды. Қарап отырсаңыз тарих деген ғажап бір құбылыс, шыр айналған замана көші Архимедтің  спиралі сияқты, дәл орнына келмегенімен қайталап өзінің ізін шиырлап отырады.

Қараөткел тарихында өзіндік тарихы бар екінші көше Кіші Базар алаңы. Бұл алаң Үлкен Базар көшесіне қанаттас алаң десек те болады. Қазіргі күні де бір жағынан Бейбітшілік  көшесі кесіп өтетін өте әдемі алаңдардың бірі осы Кіші Базар. Егер құрылыс есебімен айтсақ Конгресс-холлдан бастап ескі Парламет үйіне, қазір Қазақстанның мемлекеттік басқару академиясы, спорт және туризм агенттігі т.б.  орналасқан ғимаратқа дейінгі жер. Совет үкіметі жеңгеннен кейін Кіші Базар алаңын Луначарский атына беріп, сол жерден басталатын көшені Пролетарская, кейін бір уақыт Мир деп атады, қазіргі уақытта бұл көше Бейбітшілік көшесі деп аталады. Астананың үлкен көшелерінің бірі осы Бейбітшілік.

Осыға байланысты тағы бір ескрте кететін мәселе бар. Патша заманындағы әдебиетте Кіші Базар алаңының екі қапталы болғаны айтылады, оның бір қапталы Керуен Сарай (Гостинодворская) аталғаны белгілі, екіншісінің Совет заманында  Пролетарская көшесі атанғанын есте сақтаған дұрыс. Пролетарская көшесі кейін Мир көшесі болып, ал тәуелсіздік тұсында Бейбітшілік деген атауға ие болды. Соныменен Қараөткел көшелерінің тарихы осы аталған екі көшеден басталады, ал көне Керуен сарай дәл осы екі көшенің қиылысында, ескі қаланың дәл ортасында   тұр. Осы Керуен сарайдан Есілге дейінгі жердің бәрінде ескі құрылыстардың ізі бар, оның ішінде шағын мешіт, қолөнершілер қызмет жасайтын орталықтар, жатақтар мекен еткен, егін еккен алқаптар. Бұл астана тарихының мыңдаған жылдардың тарихына қойнына бүккен алаң әлі де зерттелеген жоқ.

1890 жылы Қараөткелдің тура ортасындағы заманнан заман өтіп, әбден тозығы жеткен Керуен сарай қазына қаржысына қайта жөнделді де орысша «Гостиный двор»  атала бастады. Бір қабатты екі корпустан құралаған сауда ғимараты әп әдемі болып қалаға көрік беріп тұрды. Егер салыстыра қарасақ елге әсері қазіргі «Хан шатыры» сияқты болса керек. Керуен сарайда 72 ірі дүкен және 10 ұсақ сауда лавкалары ашылды, бұл кезде қала саудасының ішкі айналымы  1,5 миллион рубльге жеткен еді. Керуен сарайдың алдында аттар мен түйелерді байлайтын  керме орнатылды. Шойын  бағаналарға сүйенген күнқағарлар, кириллица мен араб жазуымен жазылған дүкен атаулары, жарнамалар Керуен сарайдың кіре берісіне көрік беріп тұрды. Керуен сарай алдындағы жарнамалардың ішінде Қосшығұлов аты ерекше көзге шалынады, себебі осы құрылысты жөндеудің де инициаторы қазақтың ішінен шыққан осы кәсіпкер әулет еді.

Кейін орыс большевиктері билікке келді, Қосшығұлов сияқты қазақ кәсіпкерлерінен бір адам да қалмады. Сонымен Керуен сарайдың тарихы да ұмытыла бастады. Совет заманында бұл ғимарат ЦУМ аталды, қазір тәуелсіздік кезеңінде «Сине Темпоре».

Тамыры тереңге кеткен, тағдырдың талай талқысына түскен Қараөткел- қасиетті астанам менің, сенің тарихыңды мыңжылдықтардан әрі іздеу керек !

Басқада

Пікір қалдырыныз

Сіздің электрондық поштаныз жарияланбайды.

Сонғы жазбалар

Мультимедиа